· Адамдар өз шамасын асыра жоғары, не әсіре төмен бағалайды. Кемелдікке жетпейті...
Ғарифолла Әнес. Қазақ кітабы қолдауға мұқтаж
Халықаралық баспагерлер қауымдастығының мәліметі бойынша, дүние жүзінде кітап шығару ең табысты бизнестің бірі: оның көлемі – 151 млрд доллар болса, кино индустриясы – 133 млрд долларды құрайды екен. Яғни, шетелде кітап бизнесі кинодан қалысар емес. Бұл дерек кітап оқуға қызығушылық төмендеді деген әңгімелерді жоққа шығарады және қазақстандық баспалардың нарық талаптарына бейімделе алмай отырғанын, ескі көзқарастан арылмағанын көрсетеді. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау, керісінше, отандық баспа саласының нарық заңдарымен жұмыс істеуіне кедергі келтіруде. Мұндай жағдайда кітап нарығы қалай дамиды? Тендерге тәуелділіктен қалай құтыламыз? Осы мәселер жөнінде «Арыс» баспасының директоры, филология ғылымының докторы Ғарифолла Әнеспен сұхбаттасқан едік.
- Баспа саласының нарыққа бейімделмеу себебі неде? Кітап басу және тарату ісінің дамымай отырғанына мемлекеттік тапсырыс кедергі деген пікірге келісесіз бе?
- Қазір Қазақстанда кітапқа идеологиялық құрал ретінде де, тауар ретінде қарамайды. Кітап басу, тарату ісімен айналысатын арнайы жүйе жоқ. Баспаның барлығы 1990-шы жылдары жекешеленіп кеткен, олардың қызметін үкімет тарапынан реттейтін комитет тұрмақ, бөлім де жұмыс істемейді. Мемлекеттік тапсырыс бастапқы кезде газет-журналдар мен баспалардың жабылып қалмауы үшін керек болғаны рас. Ал экономика көтерілген соң, мемлекеттік тапсырыстың түкке керегі жоқ еді. Мысалы, кітап шығаруға жыл сайын мемлекеттік бюджеттен 2 млрд теңге бөлінеді, бірақ қай баспа қандай кітап шығарып жатыр,ол жағы белгісіз. Өйткені қаржы бөлуде ашықтық жоқ.Тендерді жариялаған кезде ешкім білмейтін баспалар пайда бола қалады, ондайлар көп. Сондықтан мемлекеттік тапсырыс бойынша соңғы 10 жылда қандай баспадан қандай кітаптар шықты, соның есебін жариялау керек. 2 миллиард деген аз ақша емес қой, бүкіл ақпарат неге министрліктің сайтында тұрмайды? Электронды сауда неге жүргізілмейді? Мысалы, біз Шәкәрімнің «Иманым» деген кітабын бірнеше рет шығардық, жақсы өтті. Енді оны мемлекеттік тапсырыспен шығару үшін ұсынсақ, өтпейді, қажетсіз деп табады. Ал сұранысқа ие емес кітаптар өтіп кетеді.
Қазір біздің «Арыс» баспасының қоймасында 300 млн теңгенің кітабы сақтаулы тұр. Біз үлкен таралыммен ғана шығарамыз. Оларды сатып өткізу оңай емес. Жекеменшігіңде дүкенің болмаса, сауда нүктесін ашу тиімсіз. Талғар мен Ұзынағаштан кітап дүкенін аша алмай отырып, Атыраудан қалай ашамын? Міне, сол кітаптарды тарататын жүйе жоқ бізде.
Тағы бір айта кететін жайт, Үкімет ауыл шаруашылығы сияқты көптеген салалар бойынша субсидия береді. Сол субсидияны неге баспаларға да бермеске? Бұл баспалардың сұранысқа ие кітап шығарып, нарыққа бейімделуіне ықпал етер еді.
- Кітап таралымы қанша болғанда өзін-өзі ақтайды?
- Жалпы, кез келген кітап таралымы 10 мың данадан асқанда ғана өзін-
өзі ақтайды. Ал 100 мыңмен шықса авторға да, баспаға да пайда әкеледі.
Қазақ кітабының болашағы, баспалардың жағдайы ешкімді ойландырмай отыр. Жылына бір рет, тендер өткізетін кезде ғана еске түседі. Баспаханаға қажетті бір де бір зат Қазақстанда шықпайды. Жарайды, қағаз сырттан келсін, ең болмаса желім, бояу, ине-жіп дегенді өз елімізде шығаруға болады ғой. Егер оқулық шықпаса, еліміздегі баспалар мен баспаханалардың барлығы жабылып қалар еді. Көркем әдебиет оқулықтың арқасында ғана шығып жатыр. Сондықтан бұл мәселеге кешенді көзқарас керек.
Кеңестік кезеңде кітап ең алдымен идеологиялық құрал болды. Ол кезде баспалар өзін-өзі ақтады, тіпті бір баспа бір ауданның бюджетін ұстап тұрған болатын. Атақты жазушылардың кітаптары 100 мың данамен шықты, авторларға керемет қаламақы төленді. Ілияс Есенберлин, Қадыр Мырзалиевтер сол заманның миллионерлері болды. Кейіннен баспа саласына да нарық келді, бірақ әлі күнге дейін кітапқа тауар ретінде көзқарас қалыптаспай отыр.
Негізінде мемлекеттік тапсырыс деген әлемдік тәжірибеде бар, бірақ оған мемлекеттік саясатқа қатысты кітаптар ғана шығарылуы керек. Қалғанының бәрі нарық заңына бағынуға тиісті. Сонда ғана нарық қалыптасады. Бұл бір жағынан тіл мәселесіне де қатысы бар. Мәселен, орыс тілді кітаптар жақсы өтеді, өйткені онда жүйе бар. Ал қазақ кітабына сұраныс төмен. Сондықтан оны сатуға кітап дүкендері де құлықсыз.
Кеңес заманында кітап оқудан бірінші орында алдына жан салмайтын ел қазір бұл мәселеде соңғы орындардың біріне түсіп қалды. Халық қазір тек оқу құралдары мен ЖОО-ға керек кітаптарды ғана сатып алады. Бұл тұтынушылардың сатып алу қабілетіне де байланысты.
Қаламақы мәселесі де шешімін таппай келеді. Келесі жылдан бастап жақсы қаламақы төленеді дегеннің өзінде ол қаражат мемлекеттік тапсырысқа бөлінетін 2 млрд ақшаның есебінен қарастырылмақ. Мәдениет министрлігі баспа табағына 150 мыңнан береміз деді. Неге 150 мың? Бәлкім менің кітабымның баспа табағы 150 мың емес, 150 миллион болуы керек шығар? Міне, сондықтан бұл мәселенің бәрі нарық заңдылығымен шешілуі керек.
Кезінде бүкіл баспаларды сала бойынша бөлуді ұсынған болатынбыз. Мәселен, «Өнер» баспасы тек өнер туралы кітаптарды, «Жазушы» көркем әдебиетті, келесі біреуі спорт, денсаулық, т.с.с. сияқты кітаптарды шығаруға маманданса кітаптың саны да, сапасы да жақсарар еді. Ал қазір біздің баспалардың бәрі әмбебап, кез келген кітапты шығарады.
Қазіргі заманда әр баспаның өз баспаханасы, дүкені, интернет-сайты, тіпті радиосы болуы керек. Әйтпесе, баспахана шығындары, қызметкерлердің жалақысы, ғимаратты жалдау ақысы, осының бәрі кітап бағасының шарықтауына әкеліп соғады.
- Санаулы таралыммен шыққан кітаптардың өзі қоймаларда жатыр. Мұны өзіңіз де айтып отырсыз. Ал шалғайдағы оқырмандар сол кітаптарға қол жеткізе алмай жүр.
- Бұрынғы жүйеде кітапханалық коллектор деген болған. Ол бүкіл республикаға кітап жеткізуді реттеп отыратын. Мысалы, маған Ә.Тәжібаев атындағы кітапханадан хат келді, олар Мұстафа Шоқай туралы кітаптың 3 данасын аламыз дейді. Бүтіндей бір облысқа 3 кітап не болады? Сол Қызылордада қаншама ауылдық кітапхана бар, соларды кітаппен қамтамасыз ететін, үйлестіретін жүйе жоқ. Содан барып әркім өзі жеке шығуға мәжбүр. Сондай-ақ кітапханаларға ескі кітаптарды есептен шығарып, арзан бағамен сатуға рұқсат беру керек. Түскен қаржыға жаңа кітапқа тапсырыс беруге болады, Міне, осының барлығын реттейтін жүйе керек. Атыраудың бір түкпіріндегі кітапханаға мемлекеттік тапсырысқа өтіп кеткен бір медицина докторының 10 кітабын жібереді, оны кім оқиды?
Кезінде марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы бірнеше рет акция ұйымдастырып, бүкіл қазақ баспаларындағы артық кітаптарды сатып алып, өз бағасына таратты. Ол баспаларға көп көмегін тигізді. Мысалы, бізде қазір 45 млн теңгені құрайтын 15 томдық қазақ тілінің сөздігі тұр. Сол кітаптар өтсе мен оның орнына талай кітап шығаратын едім. Баспалардың жағдайы қалай, олар неге кітап шығармай жатыр, бұл мәселе еш жерде талқыланып та жатқан жоқ, өйткені ешкімге керек емес.
- Баспа ісінің тоқырауының себептері көп. Соның ішінде кітап басуға қажетті шикізаттың шеттен тасылуы, оның кітап бағасынан көрініс табуы да қазақ кітабының нарықтан шеттетілуіне әкеп соғуда. Кітаптың өзіндік құны төмен болуы үшін не қажет?
- Қазақстанда баспаға қажетті бір де бір нәрсе шықпайды. Қағаз шығару еліміз үшін тиімсіз. Өйткені целлюлоза өндіретін бір фабрика тұтас бір көлді жойып жібереді. Сондықтан, қағаз сырттан келсін, жарайды. Ең болмағанда желім, бояу, дәке, ине-жіп және т.б. қажетті заттарды шығаруға болады ғой. Мұнайлы елде отырып химия өнімдерін шығара алмай отырмыз. Осыдан кейін баспа ісі қалай дамиды? Қазір қалың мұқабамен шыққан бір де бір кітап өзін-өзі ақтамайды, өйткені оған көп күш керек. Айталық, жай мұқабалы кітапты басу 4 процестен тұратын болса, қалың мұқабалы кітапты басу 20 процестен асып кетеді.
- Кітап палатасының рейтингіне қарасақ, кітап басу көлемі бойынша негізінен оқулық шығаратын «Қазақ университеті», «Атамұра», «Алматыкітап», «Мектеп» баспалары көш басында тұр. Статистика деректері көркем әдебиетті шығару көлемі жылдан жылға құлдырап бара жатқанын көрсетеді. Мәселен, 2013 жылы қазақ әдебиеті бойынша 915 кітап шықса, 2016 жылы бұл көрсеткіш екі есеге дерлік азайған (492). Бұл дабыл қағарлық жағдай емес пе?
- Егер оқулық шықпаса Қазақстанда баспалардың барлығы жабылады. Көркем әдебиет оқулықтың арқасында ғана өмір сүріп тұр. Біздің баспалар 10-20 жыл бұрын шыққан кітаптарын сақтап отыр. Жалпы баспалардың арасында ауызбіршілік жоқ, әркім өзінің қара басын ғана ойлайды. Мұның бәрі салаға бөлінбеудің кесірі. Біріміздің біріміз нанымызды тартып алғандай күй кешіп отырмыз. «Күл болмаса бүл болсын» деген осы.
- Қазақ кітабының көпшілігі сапасыз, қате деген өріп жүр. Сонда кітап редакторлары қайда қарайды?
- Бұрын әрбір баспада кәсіби редактор, одан соң кіші редактор, жай редактор, аға редактор, жауапты редактор деген болатын. Кітапты алдымен корректор оқиды, оның қасында «читка» отырады. Кеңес заманында кітаптардың сапалы болып шығуы осыншама қолдан өткендігінде. Ал қазір мамандар жоқ, баспалар корректор ұстамайды. Редакторлар бір күн математиканы, бір күн медицинаны оқи береді. Маман жоқ болса химияны кім оқиды, физикалық формуланы қалай жөндейді?
Осындай мәселелер еңбекті еш етіп отыр. Монополист баспалар болмаса, кітаптан керемет пайда таптым деген адам жоқ.
Қысқасы, бүгінгі күні қазақ кітабы өтімді емес. Тіпті қазақтың оқығандары да кітап сатып алмайды. Мұның бәрі ойланатын жағдай.
Әлі күнге дейін Әлішер Науаидің қазақша бір кітабы да шыққан жоқ. Махмұт Қашқари, Мұхаммед Хайдар Дулати қайда? Жақсы кітап шықса өзін-өзі ақтайды. Кітап деген тауар ретінде де, рухани өнім ретінде де өте пайдалы дүние. Егер 26 жылда мемлекеттік бюджеттің қаржысы әділ бөлінсе, қаншама қайтарымы болар еді. 20 млрд қаржы он есе қайтып келер еді. Жоспар, жүйе деген жоқ. Шүлен таратқандай таратып береді, ана депутаттың, мына шенеуніктің кітабын шығар дейді. Іріктеу механизмі дұрыс емес. Кітап жазу, басу, тарату, осының бәрі бірімен бірі байланысты. Сондықтан бұл салаға кешенді көзқарас қажет.
- Әңгімеңізге рақмет!