ДОҢЫЗ (ҚАРАКИІК) ЖЫЛЫ ТУРАЛЫ...

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ
16690

Менің нағашы шешем Бибігүл Қалмағанбетқызы доңызды қаракиік деуші еді. Өзін ылғи қаракиік жылы туғанмын деп отырушы еді. Сол уақытта баламын, қаракиік деген не дегенде, доңыз дейтін. 
Апам марқұм ұзақ жасап (1911 -2002) 92-ге қараған шағында дүниеден өтті.
Нағашы шешем қаракиікті халыққа жайлы жыл деп үнемі мақтап отыратын. Қазаққа ең жайсыз жыл деп мешін мен қоянды айтушы еді. Апамның айтуынша мешіннің түрлері бар еді. Ұмытыппын. Ал қоян жылының ақ қоян, көкше қоян дейтіндері есімде қалыпты. Ең жайсызы аққоян дейтін. Аққоянның жұты аса қатты болатын көрінеді. Дегенмен ол кісі мешін жылынан қатты қорқатын. Мешін жылы келгенде кəдімгідей əбігерленіп, ертерек отын-суын қамдап, шөбін молдау түсіріп, қысқа қапысыз əзірленетін. Сосын, сыртта боран ұлып тұрған ұзақ түндері жылы пеш түбінде маған 1932 жылғы мешіннің қорқынышты əңгімелерін айтар еді. Шынында да ашаршылық туралы ол əңгімелер өте қорқынышты болатын. Қорқыныштылығы сондай, арасында өзі де терезеге жалтақ-жалтақ қарап қоятын. - Апа, неге қарай бересіз терезеге, - дегенімде, - Інкібіді (НКВД) талайды өстіп терезенің түбінен тыңдап тұрып ұстап əкеткен, - дейтін. Əйтеуір апамның көңіл түкпірінде сейілмеген бір үрей болушы еді. Арасында кемсеңдеп жылап алатын. Сосын көзін бір нүктеге қадап алып, ұзақ уақыт үнсіз қалатын. Мұндайда мен де өзімше қилы-қилы ой кешер едім. Сөйтіп екеуден екеу дүрілдеп жанып жатқан пеш түбінде қыстың ұзақ түндерінде шошайып отырушы едік. Сыртта ішін тартып қасқырша ұлыған долы боран тынбай соғып тұрады. Оған жанымда жатқан қарала мысығымның бейбіт пырылы қосылар еді. Пеш үстінде суы орта көк шəйнек əнтек ызылдайды... Сол күндер қазір көрген түстей...
Санаулы сағаттан соң əлем жұртшылығы доңыз жылын қарсы алмақ. Баршаңызға құтты, берекелі жыл болсын! Сол қарсаңда балалық шақтың көңілде күңгірт тарта бастаған əңгімелері есіме түскені... доңызды қаракиік дейтін...


Ерлан Төлеутай фейсбук парақшасынан алынды

Жаңалықтар

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жуырда ғана қайырымдылыққа аударған қазақстандықтардың қаржысын жымқы...

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...