Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды. Қаламгерге осындай атақ бер...
«Адамның бір қызығы бала деген...»
Фотосурет ұсынылды
Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаев өткен екі жылды қатарынан «Балалар кітабының жылы»-деп жариялағаны есімізде. Президент балалар кітабына неге ерекше назар аударып отыр? Қазақ Балалар әдебиеті – мемлекетіміздің атын алып жүрген қазақ елінің, қазақ ұлтының бүгінгі баласын, ертеңгі данасын тәрбиелейтін әдебиет! Ұрпақ тәрбиесі ұрпаққа арналған рухани қазына арқылы жүзеге асады. Балалар әдебиеті - бүгінгі баланы отанын, ұлтын сүюге бастайтын, ертеңгі ұрпақты бесіктен мәпелейтін рухани уыз. Осы тұрғыдан алғанда балалар әдебиеті – болашақтың әдебиеті деуге болады. Президенттің игі бастамасы да, сол бастаманы бетке ала жазылып, жарық көрген маман сыншы Құлбек Ергөбектің «Адамның бір қызығы бала деген..» сын кітабы да осындай ұлт алдындағы ұлы мұраттан туындаған қадірлі әдеби сын кітабы дер едік.
Құлбек Ергөбек балалар әдебиетіне балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың алқалауымен келген. Сыншының саладағы тырнақалды туындыларын сүйсініп қабылдаған классик жазушы Бердібек Соқпақбаев оны Жазушылар одағына Балалар әдебиеті Советіне, өзіне орынбасарлыққа шақырыпты. Әдеби жыл қорытындысында балалар әдебиеті жайында баяндама жасатып баптапты. Сол жылдары «СССР Жазушылар одағына мүшелікке» өтуге өзі бас болып, кепілдеме беріпті. Сыйлас, қанаттас ақын Қалижан Бекхожин, Мырзабек Дүйсеновке айтып кепілдеме алып беріпті. Берген «Кепілдемесі» сақталып қалыпты:«Құлбек Ергөбеков – қазақ әдебиеті актуальды мәселелері жайында жазылған ойлы, әділ сын мақалаларымен танылған талантты жас
Жас сыншының «Жан жылуы» /1981/ сын кітабымен, құрастырып шығарған «Сөзстан» /1983/, «Кәдімгі Сәбит Мұқанов» /1984/ /С.Шаймерденовпен бірге/ т.б. еңбектерімен таныспын. Әрқайсысының да өзіндік салмағы бар.Құлбектің бірсыпыра еңбегінің ішінен мен әсіресе қазақ совет балалар әдебиеті жайындағы сыншылық ізденісін бөлектеп айтамын. Өйткені – қазақ балалар әдебиеті – іздеушісі жоқ, проблемесы көп әдебиет. Жас сыншы өз сын мақалаларымен осы әдебиеттің көптеген проблемаларын көтерісіп келеді.
Одақтық «Детская литература» /7,1982/ журналынан бастап, сын мақалалары жарық көрді. Қазақ балалар әдебиетінің жай-күйін қарастыратын «Сөзстан» /1983/, «Қазақ совет балалар жазушылары» /1985/ аталатын қызықты мақалалар жинағын құрастырды. Өзінің кезекті, (биыл шығуға тиісті) «Мейірім шуағы» /1985/ кітабы да бірыңғай қазақ совет балалар әдебиеті проблемасына арналып отыр. Қолында тап осы тақырыпта аяқталған көлемді «Парыз» атты сын – мақалалар жинағының қолжазбасы дайын. Ол – Қазақстан Жазушылар Одағы балалар әдебиеті Советі мүшесі. Қазақстан Жазушылар Одағы тапсыруымен әдеби жыл қорытындысына 1982, 1985 жылдары екі мәрте балалар әдебиеті бойынша ойлы баяндама жасап берді.Қ.Ергөбеков – балалар әдебиеті мәселелерін біліп, түйсініп, терең талдап жазатын сыншы.
Балалар әдебиетінің жолы ауыр. Ал әдебиеттің сынының жүгі екі есе ауыр. Жүгі ауыр жанрға маманданған Құлбек Ергөбеков СССР Жазушылар Одағына мүше болуға лайықты. Ол сенімге – творчестволық еңбекпен жауап береді. Бердібек Соқпақбаев. 1984ж.»-деп қол қойыпты Балалар әдебиетінің классигі.
Содан ұзақ жылдар бойы Жазушылар Одағының Балалар әдебиеті Кеңесінде – мүше, Кеңес төрағасының орынбасары болыпты. Жазушылар Одағының сала бойынша консультанттары Б.Мұқай, К.Тоқаевпен ынтымақтаса жұмыс жасапты.
Әдеби жыл қорытындысында жас сыншы белсенді баяндама жасайды. Жас адам максималист болады. Артық сілтеп, ащы айтып та жібереді. Ащы сынға ашуланған балалар жазушыларына Бердібек ағамыз «Жазушы заманнан қалып қоймауы керек. Тіпті замананың алдында отыруы керек. Заманға ілесіп, жазушы болмайды кісі. Өздеріңе өздерің сын көзбен қарай білсеңдерші. Оның үстіне Құлбек жас қой. Балалар әдебиетіне маманданып келеді. Сыншының Балалар әдебиетіне ықыласына құл болуымыз керек. Қандай әдебиетті де сын өсіреді»-деп, жас сыншыны арашалап алады екен.
Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып талқыға түсіп отырған «Адамның бір қызығы бала деген...» әдеби сын кітабы Жазушылар Одағында жазыла бастап, Түркістандағы Құлбектің өзі тірнектеп алуан тілдегі кітаптарды жинап, теріп қолдан құраған «Түрік тілдес халықтар кітапханасында» туған толымды еңбек деуге болады.
Жазушылар Одағында іздене жүріп, қазақ балалар әдебиетінің ұңғыл-шұңғылына шейін таразылап қараса, бойға жиған білім қорын, ой нәрін Түркістандағы 24 түрік тілінде, 61 мың кітап жинақталған «Түрік тілдес халықтар кітапханасында» отырып жазғандай әсер қалдырады. М.Әуезов, С.Мұқанов, Бердібек Соқпақбаев, А.Байтанаев, С.Омаров сынды аға буын қазақ жазушыларының балаларға арналған шығармаларын әлгі кітапханаға қотарылған қырғыз Ш.Бейшенәлиев пен Ш.Айтматов, өзбек Ғ.Ғұлам мен Н.Фазылов, түрікпен К.Таныгуркулов пен Б.Кербабаев секілді проза жанрының айтулы абадандарының балаларға арналған шығармаларымен, әйтпесе өмірін балалар әдебиетіне бағыштаған классиктері туындыларымен салыстыра саралайды. Ертеректе «Көксеректің» бүкіл түрік халықтары балалар әдебиетіне ықпалын, кейінгі кезеңде Ш.Айтматовтың «Ақ кеме» повесінің түрік халықтары балалар әдебиетіне ықпалын ұтымды әңгімелейді. Бердібек Соқпақбаевтың бала мінезіне, іс әрекетіне құрылған «Менің атым Қожа» хикаясының тіпті литва балалар әдебиетіне дейін қалай әсер еткенін әдемі талдаумен жеткізіп айтады.
Өлеңде ше? Балалар поэзиясында қазақ ақындары Ө.Тұрманжанов, М.Әлімбаев, Ә.Дүйсембиев, Ж.Смақов, М.Жаманбалинов, Ж.Кәрібозин, Қ.Баянбаев, Е.Өтетілеуов, С.Қалиев, Ө.Ақыпбеков, Ж.Сәрсеков, К.Ыбыраев, Е.Ерботин, Б.Серікбаевтың балаларға арнаған өлең-жырын саралай келе жеңістің көк жалауын Жақан Смақовтың қолына ұстатады. Ортаңғы буында Б.Серікбаев, Ө.Ақыпбеков, Ж.Сәрсеков, К.Ыбыраев жетістігіне сүйсінеді. Түрік халықтары ақындары поэзиясына барғанда Ә.Дүйсембиевтің «Шірік алма», «Автобуста», «Не деп барып жеу керек?» секілді өлеңдерінің қырғыз балалар ақындарына ықпалын нақты талдаулармен көзге көрсетіп береді. Бұлардың бәрі де шығармашылық ықпалдастық әрине.
Сыншы балалар поэзиясы «Бесік жырынан» бастау алса керек»-дейді. Қазақтан бастап Алтай, Қырғыз, Түрікпен, Өзбек фольклорындағы «Бесік жыры» нұсқаларын алға салып, бүгінгі түрік халықтары балалар ақындарының солардан үйренісі қалай?-деген сұраудың өзегімен ойланады.
Үздік ақынымыз Сәкен Иманасовтың «Бесік жыры» аталатын өлеңін талдайды. Жетістігіне сүйсінеді. Кемшілігін былай көрсетеді: «Асылы, ақын сөздік қорды молынан пайдаланғысы келген. Содан да қайталауға бармай, сәби жанын байыту үшін «тың» сөздер қолданады. Бірақ, ақын балалар поэзиясы, әсіресе бесік жыры сәби санасына үйлесімді санаулы сөзге салмақ салып, сол сөзді жиі қолдану, ұйқасты да соған құру арқылы жазылатынын, қайталаудың өлеңге ойнақылық дарытатынын ескермеген. Бұл балалар психологиясын, қабылдау ерекшелігін білмеуден. Балалардың көркем дүниені қабылдау ерекшелігін аңғармаудан кеткен кемшілік.»-дейді, - Ақындар жанр таңдамағанымен, жанр ақындық талғайды. Үлкендер поэзиясында аса үздік танылған ақынымыз С.Имансовтың «Бесік жырының» олпы-солпы шығуы осыны көрсетеді.»
Осы ойдың жосығын әрі қарай жалғай түседі сыншы.
«Фариза Оңғарсынова – аса үздік ақынымыз. Тақырыпқа барған Фариза Оңғарсынова «Бөбегім» аталатын өлең жазыпты. Біршама сәтті.
Күнім де сен, бөбегім,
гүлім де сен, бөбегім.
Әлдилеген анаңн
күлімде сен, бөбегім!
Айналайын, бөбегім,
аймалайын, бөбегім.
Анашыңның гүлі боп
жайна дәйім, бөбегім!
«Бөбегім» де бесік жыры! Табиғатынан көрініп тұр. Әр жол «бөбегім» сөзімен келеді. Ол өлең арналған сәбиді өзіне қарата сөйлеу. Ішкі ұйқасының өзі бірыңғай «Сен»-ге құрылып отыр. Бұл дә бесіктегі сәбиді өзіне қарату, бесік жырын тыңдату амалы. Қарапайым «айналайын», «аймалайын» ананың мейірім-шапағатына құрылған, әрі өлеңді мейірімді ете түскен. Аз сөзден әдемі бесік жыры туған. Есесіне, біздің аса үздік ақынымыз келесі шумақта:
Бал түндерім, бөбегім,
даңқым-жерім, бөбегім!
Арман тауым, асқарым –
халқым менің, бөбегім!-
балалар психологиясынан әнтек ауысып, есепсіз есейіп кетеді. Бала психологиясын ұстаған ақын осы шумаққа келгенде тәспісінен жаңылып, жайдақтап кетеді.Әрине, саха зерттеушісі Г.У.Эргис айтқандай, бала өлеңі (Бесік жыры) баланы алдандырып қана қоймай, оған айналадағы заттар, құбылыстарды таныстыру, солай танытуы да керек. ( Г.Э.Эргис «Очерки по якутскому фольклору» М., 1974. С.326.) Айналадғы өмір, көріністен танытарымыз Ф.Оңғарсынова жырлағандай Отаннан басталуы да мүмкін. Алайда, оны бала тіліне айналдырып, бала тілімен жырлап бере білуіміз керек. Өйтпеген жағдайда, өлең жалған патетикаға айналып, бала психологиясына сіңбей, сырттап кетеді. Егер, балалар ақынына тән ақындық шеберлікті меңгерсе, Отан сынды ұлы ұғымды да бала, тіпті бәлекей сәби санасына сіңіре жырлауға болады. Айталық, ауылда тұратын Көмек Ыбыраевтың мына бір өлеңін оқып көрелікші.
Төбедей боп құзар шың (?)
Айға да ертең ұшарсың.
Күндей ыстық көңілмен
Мені келіпқұшарсың.
Әлди-әлди-әлди-ай!
Сан жылдарды өткердім,
Қиыншылық көп көрдім.
Мені ұйқтамай бағарсың,
Түн ұйқымды төрт бөлдім.
Әлди-әлди-әлди-ай!
Басқалардан бөлексің,
Осы күннен зерексің.
Менен гөрі, құлыным,
Отаныңа керексің...
Әлди-әлди-әлди-ай! (К.Ыбыраев «Ана әлдиі» «Көжек». Жалын 1982 ж. 6 бет)
Өздеріңіз ойлаңыздар, Отан, Отанға керек болу ұғымын (ұлы ұғымдар) сәби санасына сіңіру оңай емес. Көмек ақын мына өлеңінде сол қиынға барған, ең бастысы бара алған. Сәбиге айтыла бастап балаға ойысса, бесік басынан емізіп отырып ана әлдилей айта бастаса осындай өлеңдер ұлы ұғымды да бала санасына сіңіреді. Әрине, алғашқы жол «Төбедей боп құзар шың» ұғымды ауырлатып, өлеңнің пәтін қашырып тұр деп ойлаймыз. Әйтпесе, әлеуметтік сарындағы, патриоттық тақырыптағы өлең сәтті.»-дейді балалар әдебиетінің сыншысы.
Қазақ балалар әдебиетінің «Өлең», «Тақпақ», «Жұмбақ» жанрларының бүгінгі жетістік, кемшілігін түрік халықтары ақын-жазушылары шығармаларымен салыстыра саралайтын сыншы Құлбек Ергөбектің «Адамның бір қызығы бала деген...» әдеби сын кітабы осындай сүйіп жазған, біліп жазған мақалалардан бас құраған сындарлы еңбек. Ол Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа лайықты.
Айткүл Досыбаева,
филология ғылымдарының кандидаты,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі