«Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып Күн болған...» Республикалық онлайн-мүшайрасы қорытындыланды

ӘДЕБИЕТ
3520

 «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасы аясында Баянауыл аудандық әкімдігі мен «Мәдениет порталы» ақын, ағартушы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығына арналған мәдени іс-шаралар шеңберінде «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып Күн болған...» атты республикалық ақындар мүшәйрасын жариялаған болатын. Ақын бейнесін жырмен сомдап, қысқа ғұмырында қараңғылықтың көгіне күн болып сәуле шашқан кемеңгер тұлғаның ерен істерін дәріптеу, рухани ұлттық мұрамыз бен елдік-өрлік құндылықтарымызды ұлықтап, жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында өткен онлайн-мүшайраға еліміздің түкпір-түкпірінен 36 ақын қатысты, 108 шығарма ұсынылды. Әр қатысушының өлеңдері «Мәдениет порталында» жарияланып отырды.

Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Сұлтанмахмұт Торайғыров ауылында ашық аспан астында құрылған этноауылдағы сахна төрінде осынау республикалық онлайн-мүшәйраның жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Онлайн-мүшайраның ең жоғарғы марапатын қазылар алқасының төрағасы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек табыстады. Шығыс Қазақстан облысынан келген Рауан Қабидолдин бір айға созылған жыр байқауының Бас жүлде иегері атанды. Ал, шымкенттік шайыр Батырхан Сәрсенхан бірінші орынмен мәртебеленді.

 Екінші орын иегерлерінің жүлдесін ақын, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының директоры Бауыржан Қарағызұлы табыстады. Аталмыш жүлдеге астаналық қос ақын Қарлығаш Қабай мен Ұмтыл Зарыққанұлы иелік етті. 

Жыр бәйгесінің үшінші жүлдегері атанған алматылық Айдана Қайсарбекқызын, көкшетаулық Қайрат Сейтқазинді және павлодарлық Жарқынбек Амантайұлын ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры Арман Қани марапаттады.

«Мәдениет порталы» ұлы мәртебелі өлеңге, ақынға, Баянауыл жұршылығына қолдау һәм құрмет білдіріп, «Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы» арнайы жүлде тағайындады. Сонымен бірге Павлодар қаласындағы «Aser Engineering» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы» бәйге тіккен болатын. Аталмыш жүлделерді Ұлттық Академиялық кітапхана директорының кеңесшісі, «Мәдениет порталының» шығарушы редакторы, жазушы Нұрлан Қабдайұлы табыстады. «Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы» жүлдеге баянауылдық Жоламан Әйткен ие болса, павлодарлық Қуанышбек Шарманов «Мүшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы» сыйлықты қанжығалады. Бұдан бөлек Сәтбаев қаласының ақыны Абай Ораз, Түркістан облысының шайыры Нұркен Нұрғазы, қарағандылық ұзан Аян Мейраш онлайн-мүшәйраның арнайы жүлде иегері атанды.

Бас жүлде Рауан Қабидолдин


Бірінші орын Батырхан Сәрсенхан

Екінші орын Қарлығаш Қабай

Екінші орын Ұмтыл Зарыққан

Үшінші орын Айдана Қайсарбекқызы

Үшінші орын Қайрат Сейтқазин

Үшінші орын Жарқынбек Амантайұлы

Арнайы жүлде Абай Ораз

«Мүшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы» сыйлық Қуанышбек Шарманов

 «Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы» сыйлық Жоламан Әйткен

Ақберен ЕЛГЕЗЕК:

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары,

Қазылар алқасының төрағасы:

Қазақ поэзиясына қадам басқан кез-келген жас екі ақынды ерекше жақсы көреді. Біріншісі – Мағжан болса, екіншісі – Сұлтанмахмұт. Сол себепті Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығына орай жарияланған мүшәйраға жас ақындардың барлығы қатысты. Оның ішінде қазіргі әдеби ортада аты белгілі танымал болып қалған, мойындалған ақындардың барлығы болды. Өлеңдердің көркемдік деңгейі өте жоғары. Бұдан жас ақындардың Сұлтанмахмұттың рухының алдында үлкен жауапкершілікті сезінгені көрініп тұр. Барлық өлеңдер біздің қойған талаптарға сай болды. Біз үш тақырып бердік. Біріншісі, Сұлтанмахмұтқа арнау, екіншісі, Баянауыл жеріне арнау, үшіншісі еркін тақырыпта. Ақындар берілген негізгі екі тақырыпты өте жақсы алып шықты. Шыны керек, жеңімпаздарды анықтау бізге өте қиын болды. Үміткер шығармалар бірінен-бірі өтеді. Ең бірінші ой айта алуы ескерілді.

Сұлтанмахмұт Торайғыров қазақтың бойындағы бар қасиетін бір шумақ жырмен түйіндеген әулие ақын. «Жақсылық көрсем – өзімнен, жамандық көрсем – өзімнен. Біреу қылды дегенді, шығарамын сөзімнен» деген ақынды қалайша әулие демессіз?!


madeniportal.kz

author

Ақберен Елгезек

АҚЫН

Шоу-бизнес

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова жаңа жылдық әннің әуезімен әуежай алдында биледі, деп хабарлады madenipo...

Жаңалықтар

Жетісу облысында Алакөл аудандық сотымен Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығ...