Ақбеттау баурайындағы ақын тойы

Жаңалықтар
2771

Баянауылдықтар екі күн бойы ақын, ағартушы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығына арналған мәдени, спорттық іс-шараларға куә болды. Ауқымды шаралардың бірінші күнінде ақын мерейтойына арналған дәстүрлі әншілердің бірінші республикалық ән байқауы ұйымдастырылды. Ән байқауында еліміздің әр өңірінен келген он қатысушы бақ сынады.

Дүлдүлдер мен бұлбұлдар бәйгесіне Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының әншісі Жанат Айтпаев, Павлодар облыстық филармониясының басшысы Амангелді Қожанов, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткерлері Рымбек Баязитов пен Жәнібек Мәліков қазылық етті. Торайғыр ауылының тұрғындарына ән-тарту жасаған өнерпаздар халық әндері мен халық композиторларының әндерін шырқады. Екі кезең қорытындысы бойынша «Мен – қазақпын» мега-жобасының финалисі астаналық Өзгеріс Шерікбай І республикалық дәстүрлі әншілер байқауының Гран-при жүлдесін жеңіп алды. Ал, көкшетаулық Назира Бейсенова бірінші, шығыс қазақстандық Диас Мұратхан екінші, қостанайлық Еркебұлан Қасымов үшінші орын жүлдегері атанды.

Баянауыл ауылында «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып Күн болған...» республикалық онлайн-мүшайрасының жеңімпаздарының қатысуымен жыр кештері өтті. Жырсүйер қауым алдымен аудандық орталықтандырылған кітапханаға жиналды. Рухтар мүлгіген ортада қонақ ақындар баянауылдық қаламгерлермен жүздесті. Кітапханада ақын өмірі мен шығармашылығына арналған «Қазақ әдебиетінің жарқ еткен жарық жұлдызы» көрмесі мерейтойлық жүздесудің шырайын кіргізді. Өңірімізге танымал айтыскер ақындар Жұмкен Сейітов, Асығат Тұрғанбеков, Жазушылар одағының мүшесі Жанаргүл Қадырова жас қаламгерлерге ізгі ниеттерін жеткізді. Кездесудің алғашқы бөлімінде «Жыр-тұма» поэзия клубының және Жаяу Мұса атындағы Баянауыл балалар өнер мектебіндегі «Ақындар сыныбының» оқушылары өнерлерін ортаға салды. Раушан Амангелдіқызы, Азамат Базарбай, Айсұлу Ниязбек, Жалғас Рамазан, Санжар Ынтықбай өлеңдерін арнаса, Айбар Пәзіл мен Мирас Қапаш домбыраларын қолға алып, сөз қағыстырды. Сонымен бірге Жаңатілек ауылынан келген Тотия Кәукен, Торайғыр ауылынан келген Қарақат Айбаран Сұлтанмахмұттың сұлу жырларын мәнерледі. Ал, Шоманкөл ауылының кітапханашысы Марал Омарова ақынға арнау жырын тарту етті. Кездесудің екінші бөлігінде қонақ-қаламгерлер жыр оқыды. Кездесудің соңында орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Сәуле Рахимова жүлдегер ақындарға шығармашылық табыс тілеп, зор алғысын білдірді.

Жыр кеші Жаяу Мұса атындағы балалар өнер мектебінде жалғасын тапты. Аудандық білім бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Асылхан Мүбарак қонақтарды қарсы алып, аудан әкімі Оразгелді Қайыргелдиновтың құттықтауын жеткізді. «Жыр мүшәйрасының өтуіне қолдау көрсеткен Қазақстан Жазушылар одағы мен «Мәдениет порталына» баянауылдықтар атынан шексіз алғысымды білдіремін. Жазушылар одағы басқармасының жаңа төрағасы Ұлықбек Есдәулет ағамыз келгелі өңір-өңірде жас буынға көптеп көңіл бөлінуде. Сондай жанашырлық һәм жауапкершіліктің көрінісіне біз бүгін тағы куә болып отырмыз», - деді Асылхан Манарбекұлы.

Жыр кешінде өлең мен оқырман ғана сырласып, Баянауыл басында жыр қалқыды, көңіл шалқыды, жүрек толқыды. Мүшайра жүлдегерлерімен қатар, жыр-додасына қатыспаса да, өлең іздеп келген павлодарлық Өзгеріс Қуанар, қарағандылық Сұлтан Мұстафин және шығыс қазақстандық Ермек Нұрлан сахна төріне көтеріліп, жан сырын жырмен ақтарды. Баянауылдық қаламгерлер Жеңісбек Пәзіл мен Мұсабек Сейсенбекұлы да ауылдың алты ауызындай асыл моншақ жырларын тарту етті.

Жыр кешінің соңында Павлодар және Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Қорабай Шәкіров сөз сөйлеп, тура 11 жыл бұрын өткен тұңғыш жас қаламгерлер форумынан естеліктермен бөлісті. «Ол кезде Баянауылға келген өздеріңдей жастар қазір еліміздің белгілі ақын-жазушыларына айналды. Сендер де сол биіктен көрініңдер. Тәуелсіздік таңымен нұрланып, қазақ әдебиетіне қосылған жас буынның талабы мен талантына разымын. Бүгін сендердің мөлдір жырларыңа куә болып, қазақ поэзиясының болашағы жарқын екенін аңғарып тұрмын», - деді Қорабай Шәкірұлы. Өнер жанашыры сонымен бірге Сұлтанмахмұт ақынның «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып Күн болам» деген айтулы жырынан бөлек, «Алаш туы астында Күн сөнгенше сөнбейміз» деген сөзі ұранға айналып, өлмес рухты көрсететін жолдар екенін айтты.

Баянауылды жырмен көмкерген жас ақындар Жасыбай демалыс аймағы арқылы Торайғыр ауылына жол тартты. Сұлу табиғат ақындарға тамаша әсер сыйлағандай болды. 

Торайғыр ауылында жалғасын тапқан Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралардың екінші күні Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Қабиден Әубәкіров бюстінің ашылуымен басталды. Мүсін Торайғыр ауылдық әкімдігінің алдына орнатылды. 1965-1984 жылдары С.Торайғыров атындағы кеңшардың директоры болған Қабиден Әубәкіров ауылға ақын есімін беруге бастамашы болған, әрі ауылдың өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан.


Мүсіннің ашылуында облыс әкімі Болат Бақауов құттықтау сөз сөйлеп, «Ер Қаба» атанған асыл азаматтың жарқын бейнесін, асқақ есімін ұлықтаған қауымға алғыс білдірді. Көзкөргендер Қайрат Рахметов, академик Зайролла Дүйсенбеков, қызы Қарлығаш Қабиденқызы Қабиден Әубәкіровтың өнегелі өмірі мен елеулі еңбегінен сыр шертті. Мүсін жамылғысын Қайрат Рахметов пен жұбайы Бақыт Батырқызы ашты. Жиналғандар марқұм рухына құрмет білдіріп, гүл шоқтарын қойды. 

Сонымен қатар, ауылдық әкімдіктің ғимаратында Қабиден Әубәкіровке арналған кабинет ашылды. Қабиден Әубәкіровтің кабинет-музейін құрудағы басты мақсат Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген «Туған жер» бағдарламасы аясында атажұрттың тарихы мен мәдениетін, өткені мен бүгінін, қалыптасуы мен дамуын таныстыру. Бұл кабинет-музей Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы орта мектеп жанындағы ғылыми-танымдық, оқыту-шеберлік, әрі көрнекілік орталықтың бірі болып табылады. Туған жердің тарихы мен танымал тұлғаларын танып білуге, ұлттық құндылықтар мен өлкесіне деген жастардың сүйіспеншілігін арттырып, әлемнің әр түкпірінен келген қонақтарға сол өңірді танытуға өте қажетті мәдени ошақ, ізденіс орталығы болады. Музей-кабинет «Танымал тұлғалар тақтасы», «Кеңестік кезең келбеті» және «Қ.Әубәкіров мұрасы» атты үш тақырыптық бөлімнен тұрады. Соңғы аталған бөлімде Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы совхоздың өсіп-өркендеуіне зор еңбек сіңірген Қабиден Әубәкіровтің жеке мұрағаттары қойылған. Кабинеттің төрдегі қабырғасына Қабиден Әубәкіровтің үлкен портреті ілінген. Оның алдында Қ.Әубәкіровтің жұмыс үстелі және орындығы орналасқан. Жұмыс үстелінің үстінде телефондар, қаламсауыт, күнтізбелік және өзге де заттар қойылған. Бұл бөлім де іштей 3 тарауға бөлінеді. Келушілер «Әубәкіровтер әулеті», «Қызмет жолы мен замандастары» және «Еліне қорған болған «Ер Қаба» тарауларымен таныса алады. Кабинет-музейдің лентасын Қайрат Рахметов пен Қабиден Әубәкіровтің інісі Бақыт Паванов қиды.

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мерейтойына арнайы келген қонақтар қатарында Павлодар облысы мен Баянауыл ауданының өркендеуіне үлес қосқан белгілі азаматтар, ғалымдар, қаламгерлер болды. Облыс әкімі Болат Жұмабекұлы мен алыс-жақыннан келген құрметті қонақтар ақын мазарына барып құран бағыштады, ақын мұражайымен танысты.

Тойға келген қауым Торайғыр ауылының жанындағы этноауылда жиналды. Көшпелілер мәдениетінің тыныс-тіршілігін көрсеткен ауылда әр ауданның жеке-жеке киіз үйлері тігілді. Биылғы жылы мерйтойлары аталып өтілмек жерлестеріміз Бұхар жырау Қалқаманұлының, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Мұса мырза Шормановтың атымен аталған ауылдар және «Қазақ ауылы» қонақтарды құшақ жайып қарсы алды.

Сұлтанмахмұт шығармалары – ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамының шындығын, ондағы жаңашыл ой-пікірдің дамуын танытатын үлкен белес. Оның ізденістері «шындықтың ауылын іздеумен» байланысты, оның реализмі бұлтақсыз, жалтақсыз айтылған шындыққа, әлеуметтік тіршіліктің шынайы суреттеріне негізделген. Оның тенденциясы да сыншыл. Өмірі мен өлеңі жаңа ғасырға үлгі-өнеге болған ақын мерейтойын атап өту арқылы – оның мәңгілік мұрасын насихаттай аламыз, ұрпаққа ұлағат ете аламыз. Осы мақсатта ашық аспан астына сахна құрылып, табиғи амфитеатр өнерсүйер, өлеңсүйер қауымның басын қосты. Табиғат аясында өткен салтанатты жиында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов мерейтойлық шараларды салтанатты түрде ашып берді. 


«Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасы аясында Баянауыл аудандық әкімдігі мен «Мәдениет порталы» ақын, ағартушы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығына арналған мәдени іс-шаралар шеңберінде «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып Күн болған...» атты республикалық ақындар мүшәйрасын жариялаған болатын. Ақын бейнесін жырмен сомдап, қысқа ғұмырында қараңғылықтың кегіне күн болып сәуле шашқан кемеңгер тұлғаның ерен істерін дәріптеу, рухани ұлттық мұрамыз бен елдік-өрлік құндылықтарымызды ұлықтап, жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында өткен онлайн-мүшайраға еліміздің түкпір-түкпірінен 36 ақын қатысты, 108 шығарма ұсынылды. Әр қатысушының өлеңдері «Мәдениет порталында» жарияланып отырды. Бұл – жыр мүшайрасының әділ, әрі ашық өтуіне мүмкіндік берді.

Ашық аспан астында құрылған сахна төрінде осынау республикалық онлайн-мүшәйраның жеңімпаздарын марапттау рәсімі өтті. Онлайн-мүшайраның ең жоғарғы марапатын табыстаған қазылар алқасының төрағасы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек: «Сұлтанмахмұт Торайғыров қазақтың бойындағы бар қасиетін бір шумақ жырмен түйіндеген әулие ақын. «Жақсылық көрсем – өзімнен, жамандық көрсем – өзімнен. Біреу қылды дегенді, шығарамын сөзімнен» деген ақынды қалайша әулие демессіз?!», - деді. Шығыс Қазақстан облысынан келген Рауан Қабидолдин бір айға созылған жыр байқауының Бас жүлде иегері атанды. Ал, шымкенттік шайыр Батырхан Сәрсенхан бірінші орынмен мәртебеленді. Екінші орын иегерлерінің жүлдесін ақын, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының директоры Бауыржан Қарағызұлы табыстады. Аталмыш жүлдеге астаналық қос ақын Қарлығаш Қабай мен Ұмтыл Зарыққанұлы иелік етті. Жыр бәйгесінің үшінші жүлдегері атанған алматылық Айдана Қайсарбекқызын, көкшетаулық Қайрат Сейтқазинді және павлодарлық Жарқынбек Амантайұлын ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры Арман Қани марапаттады.

«Мәдениет порталы» ұлы мәртебелі өлеңге, ақынға, Баянауыл жұршылығына қолдау һәм құрмет білдіріп, «Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы» арнайы жүлде тағайындады. Сонымен бірге Павлодар қаласындағы «Aser Engineering» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы» бәйге тіккен болатын. Аталмыш жүлделерді Ұлттық Академиялық кітапхана директорының кеңесшісі, «Мәдениет порталының» шығарушы редакторы, жазушы Нұрлан Қабдайұлы табыстады. «Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы» жүлдеге жерлесіміз Жоламан Әйткен ие болса, павлодардық Қуанышбек Шарманов «Мүшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы» сыйлықты қанжығалады. Бұдан бөлек Сәтбаев қаласының ақыны Абай Ораз, Түркістан облысының шайыры Нұркен Нұрғазы, қарағандылық ұзан Аян Мейраш онлайн-мүшәйраның арнайы жүлде иегері атанды.


Спорттық шаралар аясында 30 шақырымдық дуатлон жарысы өтті. Павлодар облысы мен өзге де аймақтардан 100-ден астам спортшы қатысқан жарыс Торайғыр ауылындағы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығына орай құрылған этноауылдан басталды. Қатысушылар бес шақырым қашықтықты жаяу жүгіріп, 25 шақырымды велосипедпен жүріп өтті. Баянауылдың әсем тауларын, Торайғыр ауылы мен Жасыбай көлін жағалап жүгірген спортшылардың алды болып мәре сызығын бірінші Руслан Шакратов кесіп өтті. Барлық жеңімпаз желаяқтарды әлем рекордын бірнеше мәрте жаңартқан танымал марафоншы Марат Жыланбаев марапаттады.

Той барысында қазақ күресінен «Түйе палуан» атағы үшін белдесулер өтті. Тартысты өткен белдесулерде қарсылас шыдатпаған Ербол Адабеков жеңіс тұғырынан көрінді. Қалған орындарды Олжабай Жаскен мен Айдын Мәжитов бөлісті. Одан бөлек қазақтың ұлттық ойындары асық ату және тоғызқұмалақ өз жеңімпаздарын анықтады. 

Дүбірлі тойға үш мыңға жуық адам жиналыпты. Бұл ақпаратты «Рavlodarnews.kz» сайты сүйіншілей бөлісті. Қонақтарға ауданның белсенді жастарынан ұйымдастырылған еріктілер тобы қызмет көрсетті. Той қонақтарына арналып алтыбақан орнатылды, мерекелік сауда ұйымдастырылды. Спорттық жарыстардан бөлек, суретшілер де табиғат аясында қылқаламдарын кенепке сүйкеп, той көріністерін бейнелеп жатты.

Ақын тойының дүбірі еліміздің әр түкпіріне жетіп жатты. Әлеуметтік желілерде баянауылдықтарды құттықтаған хабарламалар, жерлестеріміздің қуанышымен бөліскен хаттар мол болды. Бұның барлығы да Сұлтанмахмұт Торайғыровтың қазақтың көгіне Күн болып, сәуле шашқанының көрінісі.


Еламан ҚАБДІЛӘШІМ,

Баянауыл.


Жаңалықтар

Түркістан облысы Келес ауданындағы N8 Т.Бегманова атындағы жалпы білім беретін мектебінің өзбек тілі...

Жаңалықтар

Қостанай облысында зауыт жұмысшысы зауыттағы бетон араластырғышқа құлап, қайтыс болды, деп хабарла...