Аудармашылықпен айналысып жүрген баспагердің айтуынша, көптеген адамдар кітапты оқымай жатып, тақырыбы мен мұқабасына бола дау көтерген. Оның сөзінше, кітаптың атауын өзі ойлап таппаған. Ол тек бар болғаны 1734 жылғы мұрағат құжаттарында жазылған сөзді тақырып қылып алған. Меломан кітап дүкендерінде бір айдан аса уақыт салтылымда тұрғанда ешқандай қоғамдық резонанс тудырмаған. Тек блогерлердің жазбасынан соң қоғамда кітаптың авторына қарсы наразылық туындаған.
«Бала-шағаңмен бірге бауыздап кетеміз деген жазабалар көп болды. Біреулер ерігіп жазды ма, әлде шын жазды ма? Ол жағын білмеймін. Сосын мен амалсыз видео түсіріп жарияладым. Алматы қалалық ПД үйіме полиция патрулін жіберді. Біз тұратын үйді күзетті. Үркітіп-қорқытулар көп болды. Ашулы адамдар жанар-жағармай бекетіне көп келді. «Бақытжан Бұқарбай деген мен, кітаптың авторы менмін» деп, олармен кездесіп, жеке-жеке түсіндірдім. Көбі кітаптың мазмұнын оқымаған. Тек естіген», – деді Бақытжан Бұқарбай.
Айтуынша ол 2021 жылдан бастап тарихи кітаптарды шығарып келеді. Бұған дейін ол тарихи теректер бойынша 10 түрлі кітапты шығарған. Олардың ешқайсысы қоғамда қарсылық пікір тудырмаған.
«Мақсатым қазаққа ағартушылық қызмет жасау. Кітап шығару өте қиын. Иә, табыс табу бар, бірақ ол бірінші орында емес. Иван Кириллдің 1734 жылғы жазбасын зерттеп, қазақтарды қалай басқару керектігі туралы зерттеулерін шығардық. Бұл кітапты зерттеу барысында көп еңбектендім. Мұқабасын таңдауда шалыс басып қойғанымызды мойындадық, сынды қабылдадық. Сатылымнан бірден алып тастадық. Енді қазір мұқабасын өзгертіп қайта ұсынамыз. Бұл қазіргі саяси ахуалды сипаттап тұрған жоқ қой. Үш жүз жыл бұрын жасалған әдістеме, сол кездегі жағдайға арналған. Сондықтан біз тарихты танып білуге құқылымыз. Патшайымға қазақты қалай басқару керектігін Иван Кириллдің өзі ұсынған, патшайым бекіткен. тағыда айтам, қазіргі жағдайға оның ешқандай қатысы жоқ», — деді кітаптың авторы.
Бақытжан Бұқарбай алдағы уақытта өзіне, отбасына қоқан-лоқы жасаған адамдар туралы заңгермен сөйлескен соң шешім қабылдамақ.