1984 жыл, қаңтар айының 27-ші жұлдызы. Мәскеу төріндегі «Олимпийский» спорт кешені желді...
“Бір адамның ғана кінәсі емес": Данияр Елеусінов қазақстандық боксшылардың Париждегі сәтсіздігі туралы айтты
Данияр Елеусінов. Фото: instagram.com/yeleussinovdaniyar
Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов қазақстандық боксшылардың Париж Олимпиадасындағы сәтсіздігі туралы айтты.
Париж Олимпиадасына Қазақстан ерлер құрамасы сапынан 7 боксшы қатысқан еді. Оның ішінде тек Нұрбек Оралбай финалға дейін жетіп, күміс жүлде иеленді. Ал әйелдер арасында Назым Қызайбай қола жүлдеге қол жеткізді. Данияр Елеусінов "боксшылардың физикалық дайындығы нашар", "қолы қатып қалған" деп пікір айтып жатқан адамдарға жауап берді. "Әрине, спорт болғандықтан бәрі болып жатады. Бокс деген қазақтың дәстүрлі спортына айналып кеткен ғой. Бұған дейінгі олимпиадаларда күміс пен қоланы қоспағанда жеті "алтын" алғанымыз бар. Чемпион болып тұрып, жеңісі ұрланған Болат Жұмаділов, Василий Левит сияқты спортшыларымыз да бар. Қолдың қатып қалуы, өзін нашар сезіну сияқты жағдайлар болып жатады. Бірақ рингке шыққаннан кейін ол нәрселерді ойлап тұра алмайсың. Рингке шыққаннан кейін жеңіске жетудің амалын ғана іздейсің. Жігіттер барынша тырысты, амалдарын іздеген жоқ деп айта алмаймын. Мүмкін бары сол болған шығар. Мен бапкерді де, басқасын да сынай алмаймын. Бір адамның ғана кінәсі емес деп ойлаймын. Қазақ боксын жоғары деңгейге қайта шығарайық деген ниет, мүдде бокс саласына жауапты адамдардың бәрінің бойында болуы керек шығар. Ең бастысы, қабілетті, талантты боксшыларды тауып, өсіру керек. Ол қиын жұмыс. Жалпы өмірде оңай жұмыс жоқ қой негізі.", - деді боксшы.