Қыдырбек Рысбек. Олимпиададағы алғашқы айқас

Жаңалықтар
3568

4-сәуір – бокстан қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың туған күні!


Енді он минуттан кейін Олимпиада дуына түседі. Алғашқы жекпе-жек. Он минут... Қандай ұзақ. Бекзаттың жаны жай табар емес. Қарсыласы – әлем чемпионатының қола жүлдегері, румын Овидиу Тиберу. Бойшаң. Орта қашықтықта айқасқанда жан шыдатпайды деседі. Алыстан аңдысып, талдыра ұратын көкжалдығы тағы бар. 

Бекзаттың жүрегі аузына тығылды. Қорыққаннан емес, Олимпиада рингінің бір сиқыры бар тәрізді. Қатты толқып тұр. 

– Бекзат! – Александар Апачинскийдің даусы жарықшақтанып шықты. Қабағы түксиіп, сақал-мұрты тікірейіп кетіпті. 

– Жүр! – деді аға жаттықтырушы білегінен қырандай бүре ұстап. – Жүр. 

Бекзат Апачинскийдің соңынан ерді. Бас бапкер Тұрсынғали Еділов пен рингке бастап шығатын жергілікті маман бұларға үнсіз қарап қалған. Апачинский оңаша бөлмеге кірген бойда:

– Сенің әкеңдей спортқа берілген адамды көрген емеспін, – деді бетіне төне қарап. – Дәл қазір әкең Сейілхан Аллаға сыйынып, саған жеңіс тілеп отырғанына бәс тігуге әзірмін! Түсінесің бе, сезінесің бе?! Әкеңнің жұқарған жүйкесі мен ағарған шашын бүгін бірінші жеңісіңмен ақтауың керек. Бүгін жеңсең, Сейілхан бес жылға жасарады. Жеңілсең, он жылға қартаяды. Түсінесің бе?!

Бекзат басын изеді. 

– Түсінсең, жеке қалып Аллаға сиын. Әке-шешеңді есіңе ал. Бес минуттан кейін рингке шығамыз.

Тізе бүккені сол еді, арқасын суық тер жауып кетті. О, құдірет! Жанарына қаймыжық жас үйірілді. Көзін сүртіп, Алладан медет тіледі. Өзі үшін жандарын шүберекке түйіп отырған әке-шешесін ойлады. Тұла бойы шиыршық атып, іште алапат дауыл тұрғандай күй кешкен.

– Е, Алла, өзің жар бола гөр! – Сақара ұлы кеудесіне қолын қойып, Жаратқанға жалбарынып отыр. – Пендеңнің тілеуін қабыл қыла гөр! Пендеңнің тілеуін қабыл қыла гөр! – Көзін жұмып, күбірлей сөйледі. Әлгіндегі тұла бойын құрсаған қорғасындай салмақтан жұрнақ та жоқ. Көзінде ұшқынды өткір сәуле бар. Осы кезде есік айқара ашылып, Апачинский кіріп келді. Жүзі жайдары.

– О-о, міне, жігіт! Міне, батыр! Румынды ұтасың. Овидиуды жеңген жігіттер сенен таяқ жегенін ұмытпа! Тек, асықпа, аптықпа. Алыстан ұр, Овидиу жұдырығын сілтеген сәтте қолының үстінен тартып-тартып жібер. Сен одан жылдамсың. Жеңесін, Бекзат!

Саттарханов екі иығын қомдап, дүр сілкінді. Әудем жерде Олимпиада рингі тұрғанын ұмытқан сыңайлы.

«Бисмилла!» деп шаршы алаңға беттеді. Бетін мол пішілген түкті орамалмен тұмшалап алған. Қос жұдырығы ауаны тынымсыз осқылайды. Әне, ринг! Табанында Олимпиада бойтұмары бейнеленген шаршы алаң Овидиу екеуін асыға күтіп тұрғандай. 

Овидиу Тиберу қызыл бұрыштан ішке қабыландай ырғыды. Тұла бойы сіңір, талдырмаш жігіт. Бекзат көпшілікке ізет білдіріп иілді де, оң қолын көкке біледі. Оң жақ қапталдан «Бекзат! Бекзат! Бекзат!» деген дауыстар естілді.

Бұлан-талан бір бұлағай басталды да кетті. Қазақ ұланы шабына басып, ұмтылған. Қас-қағымда оң жұдырығы Овидиудың тұмсығына дөп тиді. Бес төреші бір мезгілде ұпай жазды. 0:1.

Оң бүйірге ытқи ырғып, оң қолымен орай ұрған. Мүлт кеткен жоқ. Жұдырығы Тиберудің иегіне сақ ете қалды. 0:2. Бекзат өзінің бойшаңдығын, қолының ұзындығын сәтті пайдаланып, Овидиуды орта қашықтықта ұстап жүр. Қарсыласының үстінен төніп, шүу дегеннен үстемдік танытты.

Көзінен ашу ұшқындаған румын қарымта қайтаруға асыққан, қас-қағымда тастүлек Бекзаттың оң жұдырығы тура құлақ шекеден тиді. 0:3.

Сол қолымен тор құрып, оң қолымен солқылдатып ұруға көшкен Саттарханов Овидидудың жағын опырып жібере жаздады. 0:4!

Үзіліс аяқталған сәтте елден барған тілеулестер тұс-тұстан көк байрақты желпи көтеріп, «Қазақстан! Қазақстан!» деп, ұранға бастық. Арқаланып алған Бекзат ортаға орғи басып бұрын жетті. Көтермешілер тағы да ду ете түсті. «Қазақстан! Бекзат! Қазақстан! Бекзат!».

Беттескен бойда біздің жігіттің оң жұдырығы жарқ ете қалды. Овидидың көзінің алдын от орап кетті. Экрандағы 0:4 – 0:5-ке ұлғайды. Орнымыздан тұрып кеттік. 

Екі батырдың білектері семсердей жарқ-жұрқ етеді. Беті әлем-тапырық болып кеткен румын жұдырығын кезеп, тап-тап береді. Бір сәт Бекзат тағы да айласын асырды. 0:6.Әлемдік доданың олжасын алған әккі румын үш жарым минут дегенде бірінші ұпайға зорға жетті-ау.

Бекзат екінші раундты 8:2 есебімен аяқтады. Үшінші, төртінші раундта біздің жігіт тізгінді қолдан берген жоқ. Сәт сайын екпінге екпін қосып, Овидиудың алдын орап отырды. Төртінші раундта шәкіртінің жеңетініне күмәнсіз сенген Апачинский Бекзатты ашық айқастан іркіп, оған «шегіне, алдаусыратып ұрыс», деп кеңес беріп жатты.

Міне, Олимпиададағы тұсаукесті жекпе-жегі де аяқталды. Түркиядағы, Мәскеудегі... айқастардан айырмашылығы жоқ. Овидиудан кәдімгідей іш жиып еді. Сәтіне қарай, асығы алшысынан түсті. Рингтен түсіп бара жатып, бойда тағы бір жекпе-жекке еркін жететін күш-қуат барын сезінді.

Шаршы алаңнан қол созым жерде отырған біздің де көңіліміз шат. Жүзіміз жарқын.

– Інім, көрдің бе? – дейді осыдан үш жарым ай бұрын еліміздің ұлттық құрамалар дирекциясының тізгінін ұстаған Серік Төкеев жадырай сөйлеп. – Бекзат Овидиуды ойнап ұтты. Олимпиададағы тұңғыш жекпе-жегім деп сасып-салбыраған жоқ. Жүректі жігіт. Алла жазса, осы бауырымыз бір жерден шығады. 

– Аузыңызға май, аға! Кей жастарымыз мұндайда алдынан ор кезіккен жабыдай жалтаңдап, білгенінен жаңылып қалады. Бекзат жарады. Тіл-аузымыз тасқа!

Көк байрақты желбегей жамылған бойда алшаң басып сыртқа беттедік. Сидней аспаны шайдай ашық. Көңіл шіркін көк дөнендей жүйткіп тұр...

Мәдениет порталы

Жаңалықтар

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың қаңтарындағы демалыс күнін ауыстыруд...

Жаңалықтар

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы энергетик сусындарға қатысты пәтуа шығарды, деп хабарлайды ma...