«Жаңа Қазақстанда» жиған-тергенінен  айрылған жалғыз олигарх

Сурет: freelance.ru

Оқиға
278

Іnbusiness.kz сайты кезінде еліміздегі ең беделді бизнесменнің қазіргі мүскін жағдайы жайлы жазды.

Қанды қаңтардан кейін дәл Қайрат Сатыбалдыдай "зұлмат" қыспаққа түскен басқа кәсіпкерді табу қиындау. Бәлкім, оның жолы арамқол басқа олигархтарға "жұғысты" болар, әзірге "Жаңа Қазақстанның" "жойқын" соққысының бүкіл қуаты Қайрат Сатыбалдыұлына бағытталғандай көрінеді.

Ол дәуірлеп тұрғанда, бизнеске бағдарланған, жарнамалық-пиарлық жылтырақ журналдар оны мақтауда жарысып, аяғын жер-көкке тигізбей мақтайтын. "Forbes Лидер" Қ.Сатыбалдыны "Қазақстанның ең беделді бизнесмендері" қатарына қосып келді, ал, оның компанияларын "Қазақстанның ең қарқынды өсуші компаниялары" деп атады.

Ақпарат құралдары Қайрат Сатыбалдыұлы – Қазақстанның тұңғыш Президентінің туған інісі Сатыбалды Назарбаевтың ұлы екенін еске салады. Сатыбалды Назарбаев 1981 жылы жол апатынан қайғылы қазаға ұшырады. Сөйтіп, Қайрат он жасында жетім қалған.

Қайраттың дәуірлеуінің шырқау шегі ХХІ ғасырдың екінші жартысына тұспа-тұс келді. Оған дейін ол:

  • 1991-1998 жылдары Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) органдарында офицерлік лауазымдарды атқарды.
  • 1998-2000 жылдары Астана әкімінің орынбасары болды.
  • 2000-2003 жылдары "Kazakh Oil" вице-президенті болды.
  • 2003-2005 жылдары ҰҚК-да басшылық лауазымдарда қызмет етті.
  • 2005-2006 жылдары "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының бірінші вице-президенті,
  • 2006-2010 жылдары сол кездегі билікпен тығыз байланысты "Дүние" корпорациясының директорлар кеңесінің төрағасы болды.
  • 2010 жылдың мамырынан 2015 жылдың желтоқсанына дейін "Нұр Отан" партиясының хатшысы болды.

Forbes дерегінше, 2016 жылы Қазақстанның ең беделді, бай бизнесмендерінің жиырмалығына еркін кірген 46 жасар Қайрат Сатыбалдыұлының иелігінде ашық ақпараттар бойынша "Kaspi Bank"-тің 29,12 %-ы, сондай-ақ "Амир LTD" ЖШС, "Дүние-Агро" ЖШС, "Дүние" Корпорациясы" ЖШС, "Дүние-Кузет" ЖШС, "Алатау Капитал Инвест", "Қайрат" халықаралық қайырымдылық қоры болған. "Аллюр" компаниялар тобы арқылы елімізде көлік құрастыру саласына қатысқан. Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрметті Президенті болды.

Сол 2016 жылғы ақпанда Alatau Capital Invest басқарушы серіктесі Қайрат Сатыбалдыұлы мен Baring Vostok халықаралық инвестициялық компаниясының тең басқарушы серіктесі Майкл Калви Қазақстанға, соның ішінде ақпараттық технологиялар, қаржы және тұтынушылық секторларға инвестиция тартатын бірлескен компания құрды. Оның жұмыс қорытындысы белгісіз.

Қайрат Сатыбалдыұлы сондай-ақ қазақстандық автоөндіріске 3,7 миллиард теңге салған. Ол қаржы Қостанайда түрлі көлік түрлерін құрастыратын "СарыарқаАвтоӨнеркәсіп" және "АгромашХолдинг" сияқты зауыттары бар AllurGroup арқылы игерілген. Алайда, утильалымға қатысты дау-жанжалдар аясында қоғам белсенділері Қазақстанда көлік жасау дегеннің көзбояу екенін дәлелдеп жүр.  

2016 жылғы қарашада Қайрат Сатыбалдыұлы төл Alatau Capital Invest компаниясы арқылы жартысы мемлекетке тиесілі "Қазақтелеком" АҚ-ының 3,4% акцияларын сатып алып, миноритарлық акционеріне айналды. Бұл ретте ол ұлттық телекоммуникациялық алпауыттың осынша акциясына 5,8 млрд теңге ғана төлеген. Сарапшылардың байламынша, бұл бағада ірі телеком операторының құны баланстық құнының 44%-ының ғана құрап, төмендетілген. Өйткені 2016 жылғы қазанда "Қазақтелекомның" төл капиталы 351 миллиард теңгеге жеткен болатын. Демек, 1 пайызының өзі 3,5 млрд болатын еді. Осыны біле тұра Үкімет те, құзырлы органдар да үнсіз қалды. Сол кезде олардың неге тілі байланғаны түсінікті.

Осылай ешкімнен қаймықпай, талтаң басқан Қайрат Сатыбалды қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін, 2022 жылы наурызда ұсталып, абақтыға қамалды. Ол "Қазақтелеком" және "Көлік сервис орталығы" компанияларынан ақша жымқырды деген айыппен 6 жылға сотталып, түрмеге қамалды. Артынша оған тағы бір айып – "қылмыстық жолмен алынған ірі көлемдегі ақшаны заңдастыру" айыбы тағылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2022 жылғы 13 наурызда әдеттегідей, "Қ.С." деп инициалмен бүркемелемей-ақ, "Қайрат Сатыбалдыұлы ұсталып, Нұр-Сұлтан қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамалды" деп жариялады. Осыдан оның енді тергеу және сот төрелігі уысынан құтылмайтыны мәлім болды.

Бастапқыда оның үстінен "лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және "Қазақтелеком" АҚ-ның қаражатын аса ірі көлемде ұрлау фактілері бойынша қылмыстық іс" қозғалғаны ашық айтылды. Бірақ Қ.Сатыбалдыұлының "мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа да қылмыстарға қатыстылығы" тексерілетініне екпін түсірілді.

Сол жылғы 17 наурызда Антикор "Қайрат Сатыбалдыұлына, оның бұрынғы жұбайы Гүлмира Сатыбалдыға және басқа да тұлғаларға қатысты бизнесті рейдерлік басып алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастағанын" жария етті. Сот ақыры Қайраттың әйелін 8 жылға бас бостандығынан айырды.

2022 жылғы 4 сәуірде тергеушілердің Қайраттың бақылауында болған теміржолдарға жеткені анықталды.

"Тергеу барысында Қ.Сатыбалдыұлының бақылауындағы кәсіпорындардың-кірме теміржол желілері (соңғы шақырым) иелерінің ұрлығының қосымша фактілері анықталды. Аталған тұлғалар мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының көмегімен елдің қала құраушы кәсіпорындарына кірме жолдардың қызметтеріне тарифті негізсіз көтеру арқылы көп миллиардтық пайда тапқан. Бұл өз кезегінде азаматтар үшін тіршілікті қамтамасыз ету қызметтерінің бағаларының артуына бағытталған", – деп түсініктеме берді антикоррупциялық орган.

Кейін кірме теміржол желілері мемлекеттің меншігіне қайтарылған.

2022 жылғы 24 тамызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа да тұлғаларға қатысты "Қазақтелеком" АҚ мен "Көліктік сервис орталығы" АҚ қаражатын аса ірі көлемде ұрлау фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.

"Тергеу барысында айыпталушылардың жалпы сомасы 240 миллиард теңгеден астам немесе 500 миллион доллардан астам ақшасы, заңсыз сатып алынған активтері мемлекетке қайтарылды", – деп хабарлаған ведомство Сатыбалдыұлының мұнымен құтылмайтынын, оған қатысты "салық пен кедендік төлемдерді төлеуден жалтару, қылмыстық кірістерді заңдастыру фактілері бойынша қылмыстық істер қосымша тергеу" басталғанын жеткізді.

Сондай-ақ олигархтың елде және шетелде тыққан басқа да заңсыз активтерін іздеу белсенді түрде қолға алынды. Соның аясында Қазақстанда және шетелде орналасқан қосымша жылжымайтын мүліктері, автомобильдері және жалпы сомасы 400 миллиард теңгеден астам немесе 900 миллион доллардан көп қаражаты анықталды.

Жалпы, ескі Қазақстанның бір ғана осы олигархының тірлігіне терең үңілген адам аузын ашып, көзін жұмып, қайран қалады, тіпті естен тана жаздар еді. Мысалы, Антикор тергеушілерінің мәліметінше, Қ.Сатыбалдыұлы қаржы жылыстатудың шебері, бірқатар коммерциялық кәсіпорындардың құрылтайшысы және директоры, 1983 жылы туған Қазақстан азаматы Кемаль Эфендиді жалдайды. Сарапшылар тілімен айтқанда "фиксер" Эфендиге кеден саласында туындаған проблемаларды шешу, қылмыстық жолмен алынған ақшаны және басқа да мүлікті заңдастыру, шетелге шығару жүктелген.

Эфенди қожайынның сенімхатымен 2018 жылдың шілдесі мен тамыз айының 3 күні ішінде ғана Қ.Сатыбалдыұлының жеке шотынан 37 миллиард теңгеден астам қаржыны банктен қолма-қол шешіп алған. Шылқыған бай, наркобарон, немесе инкассатор, банк қызметкері болмаса, Қазақстан халқының 99 пайызы миллиард теңгенің қанша қапшық болатынын білмейтін де шығар. Оның үстіне бұл – Эфенди мырзаның қатысы бар 1 ғана эпизод.

2022 жылғы 2 қарашада тергеушілердің Қ.Сатыбалдыға және оның сыбайластарына тиесілі, құны 230 миллион доллардан асатын эксклюзивті асыл тастар мен зергерлік бұйымдарды тауып, елге қайтара алғаны жария болды. Олардың "мемлекет кірісіне айналдырылғаны" айтылды. Басқа жай-жапсары жарияланбады.

Құзырлы орган 2024 жылғы ақпанда Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты қылмыстық істерді тергеу шеңберінде мемлекетке тағы да 44,6 миллиард теңге қаражатын алып қойды.

Енді міне, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қ.Сатыбалдыұлының ісі бойынша қайтарған активтері бойынша толыққанды есебін ұсынды. Онда айтылғандай, Қайрат Сатыбалдының 1,6 миллиард доллардай дүние-мүлкін мемлекет тәркіледі.

"2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қ.Сатыбалдыұлы және онымен байланысты тұлғалардан 732,8 миллиард теңге немесе 1,6 миллиард доллардан астам сомаға заңсыз сатып алынған мүліктік активтер мен ақша мемлекетке қайтарылды. Оның ішінде 661,5 млн доллары шетелде табылды және қысқа мерзімде Қазақстанға қайтарылды. Қ.Сатыбалдыұлының белсенді ынтымақтастығы нәтижесінде активтер Австрия, Лихтенштейн, БАӘ, Түркия және басқа елдерден қайтарылды", – деп мәлімдеді Антикор.

Мемлекеттің меншігіне жалпы құны 158 миллиард теңгеден асатын 115 қазақстандық объект берілді. Арасында, 73 жылжымайтын мүлік объектісі:

  • 13 үй,
  • 10 ғимарат,
  • 13 жер учаскесі,
  • 4 пәтер,
  • 3 ғимарат,
  • 2 медресе ғимараты,
  • 2 автотұрақ орны,
  • 25 үй-жай (помещение),
  • 1 аяқталмаған құрылыс объектісі бар.

Астана және Алматы қалаларында мемлекетке берілген әкімшілік ғимараттардың жалпы ауданының өзі 180 мың шаршы метрден асады.

Сондай-ақ 29 автомашина, 5 арнайы техника, 3 квадроцикл және өзге де мүліктер алып қойылды. Бұл дүние-мүліктің бір бөлігі оның жақын туыстарынан, аффилиирленген тұлғаларынан және бақылаудағы компаниялардан тәркіленген.

Қайтарылған активтерге әкімшілік ғимараттар, эксклюзивті зергерлік бұйымдар, люкс үйлер, сән-салтанатты пәтерлер мен қымбат автомобильдер, акциялар мен компаниялардың үлестері, теміржолдар мен ақша кіреді. Олар шетелде де орналасқан.

Қ.Сатыбалдыұлына қатысты қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында қайтарылған активтердің жалпы сомасы 732,8 миллиард теңгені құрады, оларға:

1. "Қазақтелеком" АҚ акцияларының 28,8% – 93,8 млрд тг.

2. "КСО" АҚ – 30,2 млрд тг.

3. 4 компаниядағы қатысу үлесі – 10,3 млрд тг.

4. Қазақстандағы мүліктік активтер – 158,5 млрд тг.

5. Эксклюзивті зергерлік бұйымдар – 105,39 млрд тг. (230 млн.$)

6. Қазақстандық шоттардағы ақша – 36,8 млрд тг.

7. Австриядан келген ақша – 36,8 млрд тг. (82,1 млн.$)

8. Лихтенштейннен түскен ақша – 116,7 млрд тг. (260,5 млн.$)

9. БАӘ-нен келген ақша – 6,3 млрд тг. (14 млн.$);

10. Түркиядан келген ақша – 2,2 млрд тг. (4,92 млн.$);

11. Бағалы қағаздарды сату – 135,8 млрд тг. (300 млн доллар) жатады.

Жылжымайтын мүліктер, мысалы, базар, сауда орындары, бизнес орталық, павильон, әкімшілік нысандар мен тұрғын үйлер арендаға беріліп, қожайынына жыл сайын миллиардтаған табыс әкелген екен. Антикор енді ол жалдау ақысын мемлекет алып жатыр деп сендірді. Тек басқа жемқор шенділердің талан-таражына түспесе болғаны.  

Люкс нысандарының бірі – Ақмола облысының Барап ауылында жалпы ауданы 1,5 мың шаршы метр болатын және 135 гектар жер учаскесі бар бұрынғы Қ.Сатыбалдыұлы резиденциясы шенеуніктерге, Астана қаласының Білім басқармасына берілді.

Алты жылдық жазасын өтеп жатқан Қайрат Сатыбалды 2024 жылғы сәуірде қайтадан сотқа жеткізілді. Бұл жолы оған қылмыстық жолмен табылған қаражатты заңдастыру, жылыстату туралы айып тағылды. Сатыбалдыұлы кінәсін толық мойындап, тергеумен мәміле бекітті. Содан кейін, биылғы маусымда Қайрат Сатыбалды мәміле аясында басқа активтерін де мемлекетке табыстауға дайын екені жария болды.  

Қ.Сатыбалдының мемлекетке берген коммерциялық жылжымайтын мүліктері арасында Алматы орталығындағы Kaisar Plaza сауда-кеңсе орталығы (құны 33,5 миллиард теңге), оның қарама-қарсысындағы Kaisar Towers бизнес орталығы (7,9 миллиард теңгеге бағаланды), DoubleTree by Hilton қонақүйі (6,49 миллиард теңге), "АрСат" бизнес орталығы (8,9 миллиард теңге), Maisat бизнес орталығы (5,2 миллиард теңге), "Мегатау" сауда үйі (8,9 миллиард теңге) "Байсат" базары (15,9 миллиард теңге) және басқасы бар.

"Әділетті Қазақстан" басқа олигархтарды да осылай сілкілей ме, әзірге белгісіз.

 

Жаңалықтар

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі алтын, күміс, қорғасын, мырыш және басқа да қатты пайдалы қазба қ...

Спорт

Қазақстандық Шавкат Рахмонов пен ирландиялық Иан Гэрри арасындағы айқасқа екі аптадан сәл-ақ астам у...