Психиатр-дәрігер: Адамға лудоманиядан арылу үшін эмоцияналды білім керек

Cурет жеке қорынан

Сұхбат
297

Батыржан Құндақбаев психотерапия мамандығы бойынша психиатр-дәрігер болып 20 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Бүгінде ол Қарағанды қаласындағы жоғары санатты дәрігер. Реті келген тұста білікті маманнан елімізде күн сайын өзекті мәселеге айналып бара жатқан лудомания төңірегінде әңгіме өрбіткенді жөн көрдік.

- Батыржан Қуанұлы, адамдар лудоманияға қалай тәуелді болып қалады?

-  Өзіңіз білесіз, қазіргі урбанизация кезінде жүйелер де жетілдіріле түсті. Егер бұрын лудоманияның көрінісі карта және казино ойындарынан ғана кезігетін болса, қазір бұл ойындар ұялы байланыс жүйесіне - смартфондарға енгізілді және оларды қолдану онлайн төлемдер арқылы әлдеқайда жеңілдетілген. Бұл іс жүзінде қандай да бір қызметке ақы төлеу, соның ішінде онлайн казино, бәс тігу және т.б. сияқты барлық онлайн ұйымдарға қосылуды, ойын ойнауды өте оңай етіп жіберді. Мұның бәрі адамдарды алдап-арбау мүмкіндіктерін тездетеді және жеңілдетеді. Шын мәнінде, лудоманияға тәуелді болатын негізгі контингент — бұл 18 бен 35 жас аралығындағы адамдар.

     Лудоманияның тамыры тереңде жатыр. Менің ойымша, лудоманияға адам саналы түрде бармайды, ол бұған бейсаналы түрде өзі тап болады. Мұны адамның өзі тәуелділікке ұшырағанын түсінбеген кезде анық аңғарасыз. Көп адам бейсаналық процестердің не екенін түсінбейтіндіктен, олар бұған қарсы тұра алмайды. Бұл біздің қоғамның эмоционалды сауатсыздығының байғағы. Өйткені эмоционалды заңдар еш жерде оқытылмайды. Тиісінше, осы онлайн ойындар мен бәс түгу жүйесін құрған ұйымдар адамдардың бейсаналық қабілеті мен эмоционалды сипаттарын ұғынуға негізделген. Шын мәнінде, олар бұл өнімдерді осы заңдар негізінде әзірлейді. Біздің халықтың 96%-ы эмоционалды сауатсыз және бейсаналық, психологиялық механизмдердің не екенін түсінбейді. Сондықтан да олар үнемі жеңілуге бейім. Яғни, бұл заңдарды түсінбейтін адам осы ұйымдардың алдында дәрменсіз және көбінесе  олар ақшаға мұқтаж.  Ал ақша мұндай адамдар үшін бақыт сияқты элементтің дәлелі іспетті болып тұрады. Тиісінше, біздің қоғамда егер сіз бақытты болғыңыз келсе, бай болуыңыз керек деген қасаң пікір қалыптасып қалған. Бейсаналы механизмдер туралы ештеңе түсінбейтін эмоционалды сауатсыз адам: «Мен қалай байыймын - бірден бақытты боламын!» деген формуланы қолданғыш келеді. Біздің адамдардың көпшілігі, егер тереңнен толғап айтар болақ, олар бақытсыз. Өйткені адамның психо-эмоционалды жағдайын нашарлататын және оны субдепрессиялық күйге келтіретін барлық әлеуметтік және отбасылық мәселелер оған бақыт дәруменін іздете түседі. Ол сол бақыттың кілті ретінде көп ақша табуға ұмтылады. Тиісінше, біз айтып отырған ұйымдар бірінші кезекте көп ақша уәде етеді. Яғни, сіз жай отырып-ақ ұтысқа кенелесіз. Бастапқыда сіз ештеңе салмайсыз және сіз үлкен ақша ұтасыз, сіз миллионер боласыз және олар мұны бірден көрсетеді. Олар негізінен жас ұрпақты азғырады, ал жас ұрпақ сол жерге кіреді. Олар жеңіске жетуге мүмкіндік береді, адам шынымен жеңуге болатындығын, олардың алдамайтындығы рас екенін түсінеді. Жастар осы рутина мен каббалаға үйреніп алады. Бір рет жеңіске жетеді, кейін одан да көп ұтылады. Олар одан сайын қайтадан ойнауға құлшынады және жоғалтқан ақшаларын қайтара бастайды. Олар қарызға батады және т.б. Бұл механизмдердің циклі жылжи береді және кей адамдар қазірдің өзінде осы кеңсеге психо-эмоционалды түрде байланған. Ол енді бақыт іздемей, жай ғана ойнай бастайды, кем дегенде жоғалтқан ақшасын қайтаруға тырысады. Бұл механизмдердің барлығы оны осы ұйымға өте айқын байланыстыратын психологиялық ілмектерге айналады.

            Ал сіз білесіз бе? Мұндай ұйымдардың бәрі психологиялық элементтер деңгейінде жақсы зерттеу жүргізген. Бұл ұйымдарды өте көп жалақы алатын жоғары деңгейлі психолог мамандарды әзірлеген. Өйткені бұл компаниялардың айналымы тек Қазақстанның өзінде миллиардтаған долларды құрайды. Сондықтан мұндай ұйымдар психология саласындағы ең жақсы мамандарды, маркетинг саласындағы үздіктерді өз мақсаттарына қолдануға қауқарлы. Сәйкесінше, біздің білімсіз және қорғалмаған жастар осы ұйымдардың ықтимал құрбандары болып келе жатыр.

- Лудоманның портретін қалай анықтауға болады?

- Жоғарыда 18-35 жастағы адамдар деп айттым ғой. Сырт-келбетке қарап лудоманның белгілерін анықтау өте қиын, өйткені олар қарапайым адамнан ерекшеленбейді. Мұндай адамды анықтауға болатын жалғыз тәсіл — оның мінез-құлқындағы өзгерістерді байқау. Яғни, егер ол бұрын ашық болса, жақсы қарым-қатынаста болса, коммуникативті болса, біраз уақыттан кейін бұл адам өзгеріске ұшырап, тұйықтала бастайды. Бұдан бөлек, айналасындағылардан қарыз алып, онысын қайтармайтынды шығарады. Міне, осы белгілер лудоман адамның кейпін келіңкірейді.  Шынында да, адам мұндай кезде депрессиялық күйге түседі, терісі бозғылт тартуы мүмкін, өзіне күтім жасауды доғарады, өйткені оның есіл-дерті үнемі қалай ойын ойнау туралы және қарызды қалай беру керектігінде болады. Ол үнемі мазасыз және уайымшыл болады, көздері бір орында тұрмайды, жұмысы да ақсай бастайды. Мұндай сигналдар басқа психологиялық мәселелерге де тән. Сондықтан лудомания проблемаларын тексеру және анықтау өте қиын шаруа. Олар негізінен үлкен қарыздар пайда болған кезде, барлық қаржы ұйымдары қоңырау шалғанда, туыстарына жан-жақтан қоңырау түсе бастағанда пайда болады. Сонысымен де бұл ішкі мәселеге жатады. Лудомандар негізінен осы мәселелердің барлығын жасырып бағады, қарыздарын өздері беруге тырысады, бірақ соңында бір жылдан кейін ұлғайады және осы кезеңде мәселе сыртқа шыға бастайды.

-  Құмар ойындарға тәуелді азаматтар қоғамға қаншалықты қауіп төндіреді? Егер олардың арасында әскерилер, мұғалімдер және дәрігерлер болса ше?

- Әрине, қауіп бар. Тіпті оны бірнеше деңгейде қарастырамыз: жеңіл, орташа, ауыр. Егер бұл жеңіл жағдайда болса адам жеңістке жете алады және жұмыс істеп, уақыт өте қарыздарын  қайтарады. Орташа деңгейдегі адам қарызға тәуелді болып, жағдайы шиеленісе түседі және оның бойын мазасыздық билейді. Қарыздары көп болғандықтан депрессияға ұшырайды. Мұның салдары отбасылық мәселелерге әкелуі мүмкін. Агрессивті мінез-құлыққа ие болады немесе керісінше, мазасыз және тұйық болып қалады. Бұлай жалғаса берсе әртүрлі психикалық ауруларға, суицидтік әрекеттерге және т.б. әкелуі мүмкін. Лудоманияның ауыр деңгейіндегі адам өміріндегі бағыт-бағдардан жаңылады. Ол өзіне түскен ауыртпалықтарды көтере алмайды. Бұл жағдайда адам кез келген заңсыз әрекеттерге бара алады, ол өз ойын іске асыру үшін ұрлық пен басқа қылмыстарға баруға бейім келеді.  Адамдарды алдауға маманданып алады. Қоғам үшін, әрине, мұндай адамдар қауіп төндіруі мүмкін.

- Аталған зиянды әрекеттерден қалай құтылуға болады?

- Лудомания проблемасынан құтылудың жалғыз жолы — бұл мәселе мемлекет деңгейінде, заң шығарушы органдар деңгейінде көтерілуі керек. Билік бұл тәуелділік жас ұрпаққа — біздің болашағымызға әсер ететінін түсінуі керек. Бүгінде жоғары білімі бар, жақсы интеллектке ие адамдардың өзі эмоционалды осалдығы салдарынан осындай тәуелділікке ұрынып жатыр. Сондықтан бұл ұйымдарды шектейтін заңнамалық жобалар болуы үшін мәселені мемлекет деңгейінде көтеру керек. Өйткені, олар біздің қоғамға зиян келтіріп отыр. Үкімет бірінші кезекте біздің жастарымызды — болашағымызды қорғауы тиіс. Сондай-ақ бұл мәселені шешу үшін, әрине, адамдарға эмоциялар саласында білім беруді үйрететін эмоционалды білім беру бағдарламаларын, терапевтік бағдарламаларды, психологиялық бағдарламаларды іске қосу қажет. Олар бейсаналы механизмдер туралы, адамның ішіндегі бейсаналықтың әсері мен функционалдығы туралы үйрететін болады. Яғни, бұл білім беру курстары адамға осындай ұйымның түрлі манипуляцияларынан аулақ болуға және өздерін осы жағымсыз әсерлерден  қорғауға мүмкіндік береді. Мен психотерапевт ретінде мұндай курстардың азаматтық және әскери ортадағы маман даярлау ісінде және медициналық білім беру сегменттерін іске қосуды қолданылғанын қалаймын. Бұл дабыл қағарлық жайт! Көп уақыт жоғалтып алмай тұрғанымызда мұнымен дер кезінде айналысуымыз керек. Қоғамның эмоционалды білімімен жетілдіру керек. Бұл үшін психотерапия және психология мамандарын тарта отырып, заңнамалық жобалармен айналысу керек деп ойлаймын. Осының нәтижесінде халықты тәуелділіктен заңның күшімен қорғай алмыз.

-  Қазақстандық жастардың моральдық-психологиялық жағдайына қандай баға берер едіңіз?

Менің ойымша, біздің жастарымыз парасатты. Бізде әдепті және білімді жастар көп. Заманауи технологиялар жастарымыздың дамуына, сапалы білім алуға, саяхаттауға жақсы жағдай жасайды. Яғни, қазіргі уақытта бұл біздің жастарымыз үшін көптеген мүмкіндіктер береді, бірақ осы мүмкіндіктермен қатар көптеген қауіп элементтері де сезіліп жатады. Өйткені лудомания біздің қорғалмаған, эмоционалды білімсіз жастарды өз жүйесіне тартуға күш салып жатыр. Бұл аға буынға да қатысты, өйткені олар да эмоционалды түрде білімсіз. Кейде осы аға буынның өзі эмоционалды сауатсыздықтың кесірінен жастарды осы тәуелділікке өздері жетелей түседі. Сондықтан лудоманияның ауру екенін және оны таблеткамен емес, эмоционалды біліммен емдеу керектігін нақты түсінуіміз керек. Бұл осы назоологияны емдеудің жалғыз әдісі. Тек психотерапия ғана лудоманияны емдей алады. Ешқандай дәрі-дәрмектер және басқа емдеу әдістері бұл адамды ретке келтіріп, жөнге сала алмайды. Өкінішке қарай, біздің аға буын мұның ауру екенін түсінбейді. Міне, осындай кеселден жастарымыз аулақ жүруі тиіс. Қысқаша айтқанда, жастардың болашағы — өз қолымызда.

-  Қоғамдағы күрделі мәселе турасында ой қаузап, пікір білдіргеніңіз үшін рахмет!  Азат ойлы, эмоцианалды тұрғыда сауатты жастарымыз көп болғай!

 

Әңгімелескен Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ

Жаңалықтар

Әлеуметтік желіде подполковник пен хуторлық Хасанның бірге түскен суреті тарады, деп хабарлайды made...

Жаңалықтар

Түркістан облысында тұрғын көршісінің үйіне екі рет ұрлыққа түскен, деп хабарлайды madeniportal.kz B...