Гүлмира АҚҮРПЕКОВА, әнші: Қазіргі әншілер дайын фонограммаға әбден үйреніп алған

Жаңалықтар
805

– Бала кезден әнші болуды армандаған Гүлмира қалай биология факультетінің сту­денті атанды?

– Үйдегілер мені Алматыға жібергісі келмеді. Содан ата-анам «Жамбыл пединс­ти­тутының орыс тілі мұғалімі бөліміне барасың немесе бухгалтер боласың» деп екі жыл қатарынан «сүйреді». Емтихан­нан құ­лап қалдым, жұрт жылап жүр­се, мен қуанып жүрмін. Өйткені арманым – ару Алматы! Содан ауыл­дас бір қыздың Абай атындағы ҚазПИ-де оқитынын естіп, үйде­гілерге «ҚазПИ-ге барам» деп әлек салдым. Ойым – қайткенде Алма­тыға жету. Содан «био­факқа студент аз тапсырып жатыр» дегенді естіп, құжатымды сол бөлімге тапсырдым. Емтиханнан өте жақсы баға алдым. Жарықтық әкем мен емтихан тап­сырып жатқанда аудитория есігінің саңылауынан әлсін-әлсін сығалап, қатты қобалжып тұрыпты. Мұны кейін курстас қыздар айтқан-ды. Студенттік өмір басталып, универ­ситет қабырғасында алғаш рет «Сту­дент көктемі» фестиваліне қа­тыс­тым. Курстас қыздар куратор апайымызға «Гүлмира ән айтады» деп айтқан екен де, апайым фес­ти­вальге қатысуға қолқа салды. Содан ұялып, әрең шыққаным әлі есімде. Сөйтіп, жылда жетінші орынды иеленетін біздің биофак бұл жолы екінші орынды жеңіп алды. Осылай факультетте әнші ретінде есімім айтыла бастап, сахнадағы жолымды ҚазПИ-ден бастадым десем бола­ды.

– Бүгінде өнердегі серігіңiзге ай­нал­ған гитараңыз қай уақыттан өзіңiз­бен бірге?
– Гитарада ойнауды 7-сыныпта үйрендім. Алдымен туған ағам інім Нұрланға (Баркер кубогының ие­гері, боксшы Бақтияр Артаевтың жаттықтырушысы) гитара үйретті. Сол ініме қарап жүріп мен де үй­реніп алдым. Бастапқыда қиналға­ным соншалық, гитараның сым ішек­терінен саусақтарым қанап ке­теді. Ағам саусақтарымды дәкемен орап беріп: «Гүлмира, енді бір-екі күн гитара тартпай қоя тұр» дейді. Бірақ оған шыдай алам ба? Дыбыс қабылдау қасиетімнің күштілігінен болса керек, гитараның даусын кел­тіруді өзім үйреніп алдым. Кейде қолым ұйып қалады, қақсайды. Гитараға деген қызығушылығым, құштарлығым осылай басталды.

– Сахнада жүрген жылдарыңызда өзіңiздi арқаңыздан қағып, қана­тың­ыз­дың қатаюына ықпал еткен ал­дыңғы буын аға-апаларыңыз болды ма? Болса, кімдер?
– Үлкен өнерде жастарға ақыл-кеңесін айтудан жалықпайтын мар­құм Лұқпан ағаның бірде маған: «Сен жас әншісің ғой, халық сенен екінші ән сұрауы мүмкін. Оған да дайын болуың керек» деген аға­лық ескертуі әлі есімде. Бірде маған Қазақ радиосындағы журналистер Әсет аға Бейсеуовтың телефон нө­мерін беріп, осы кісіге жолық деді. Сөйтіп, хабарласып, ағаның үйіне бардым. Әсет аға «Қане, даусың қан­­дай, бір ән орындашы» деген соң, әйгілі «Сырласу вальсін» орын­дап бердім. Сонда Әсет ағаның қуанғанын көрсеңіз! «Замзура, бері кел! Менің әнімді орындап жүрген мына қыз екен. Радиодан тыңдап, кім деп таппай жүр едім» деп ба­лаша қуанып, алып ұшты. Содан ноталарын шашып тастап, әндерін көрсетті. Сол жолы мен композитор ағаның «Сені іздеймін» деген әнін алып қайттым. «Сол жылдары еңбегім еш кетпей, жұлдызды ша­ғым болды» десем артық айтқаным емес. Әсет ағамыздан бастап, Ис­раил Сапарбай, Марат Омаров, Ибрагим Исаев, Мұхтар Шаханов ағаларымыз өз әндерін ұсынды. Сөйтіп, әнші-композиторлардың шығармашылық концерттеріне жиі шақырылып, өнер көрсетіп жүрдім. Осылай үлкен сахнаға, өнерге жо­лым ашылды. Әлі есімде, мен бірде ақын әрі композитор Гүлнәр Шәм­шиева арқылы Фариза Оңғарсынова апайдан ол кісінің сөзіне жазылған «Әйел монологы» өлеңін «Қыз мо­но­логы» деп шығарайыншы» деп арнайы рұқсат сұрадым. Менің орындауымдағы «Қыз монологы» әнін ақын Фариза апамыз өте жылы қабылдады. Гүлнәр бір күні ол кісі­нің мені шақырғанын айтты. Мен ұялып, бір жағынан қорқып барма­дым. Бір күні редакцияның алдында Тұманбай, Қадір ағалар үшеуі тұр екен. Мен «апай мені көрмей қалса екен» деген оймен байқамаған сыңай танытып өтіп бара жатыр едім. Апай: «Гүлмирамысың?.. Неге мен шақырғанда келмедің? Мен «өлеңдерім айдалада өскен тікен сияқты, әнге илікпейді ғой» деп ойлаушы едім. Соны сен жайқалған гүлдей әдемі орындап шықтың. Мен кез келген адамды үйге шақыра бермеймін. Келіп тұр» деп бата бер­гендей болды. Содан кейін Фа­риза апай мені өзінің кездесулеріне, шы­ғармашылық кештеріне үнемі қал­дырмай ертіп жүрді. Жалпы, мен Фариза апайды өнердегі анам деп қабылдағам. 2004 жылы Астанада шығармашылық концерт бердім. Фариза апай ол кезде Мәжіліс де­путаты. Билет апарсам, «тағы кімге жаздың?» дейді. «Сізден басқа еш­кімге жазған жоқпын» десем, «қазір мыналарға жаз» деді. Содан не ке­рек, менің концертіме көрнекті жазу­шы Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев және Қуаныш Айтаханов сынды ағаларымызды ертіп келді.

– Гүлмира, ең алғаш рет сахнаға қашан және қай әнмен шықтыңыз?
– Тұңғыш үлкен сахнаға 1984 жылы шықтым. Ал 1991 жылдары халыққа «әнші Гүлмира Ақүр­пекова» болып танылдым. Сонда мен жеті жыл тек қана атымды та­ныту үшін еңбектеніппін. Мына сұ­рақ сол жылдары болған бір оқи­ғаны есіме түсіріп отыр. Даусымды университеттегі бір кездесуде есті­ген болуы керек, бірде мені ақын әрі композитор Гүлнәр Шәмшиева жатақханама іздеп келді. «Осындай ән бар, орындасаң қайтеді, даусың маған ұнап қалды» дейді. Гитарама салсам, ән тіпті керемет екен. Бірақ әннің сөзін жеткізе алмай қалам ба деп қорықтым. Қараңызшы, «Сенің от құшағыңда дүниені ұмытып талықсыдым, Дүниені өртеді жан ыстығың, Мынау байтақ әлемде тек екеуміз, тек екеуміз, жүргендейміз айналып ғарышты мың» деген әйелдің басынан өткерген алапат сезімі бар бұл өлеңде. Ал мен бол­сам, әлі «қайдасың нұрлы арман?» деп жүрген кезім. Солай болса да әлгі әнді алдым. Бір күні мені «Қы­мызхана» хабарына ән айтуға ша­қырды. Сонда продюсерлерге «Қыз монологын» орындап отырғанымды Лұқпан Есенов ағамыз естіп қойып­ты. «Мынауың өте жақсы ән ғой. Сен қыз «Тамашаның» 8 наурыздағы концертінде ән айтасың» деді. Ол кезде «Тамашаға» шығу әншілерге ғарышқа ұшып келгенмен пара-пар еді. Сондықтан Лұқпан ағаның өтінішін қуанышпен қабылдадым. Содан «Тамашаға» шығып, халыққа атым таныла бастады. Менің әлі күнге дейін есімде ұмытылмастай болып қалған концертім де осы болды.

– Сіз атаққа қалай қарайсыз, қандай атағыңыз бар?
– Менің өмірден түйгенім, атақ оңай келмейді. «Өнерін халық ба­ғалай білген әншілердің еңбегі не­ліктен ресми түрде баға­ланбайды?» деп кейде ойланамын. Сөйтсем, оның құйтұрқылығы көп екен. Әдетте әншілер «осындай атақ­ты ала алмадым, құжаттарымды өткіз­бепті» деп көңіл күйсіз жүр­генде «оның не керегі бар?» деп ой­лайтынмын. Мысалы, Жастар сый­лығының лауреаты атағын алуға қатарынан екі рет құжат тапсырға­нымда, сонда біреулердің «басқа саланың адамы ғой» деп құжатымды ысырып тастағанын да естідім. Со­дан орта жасқа келгенде «жығылсаң нардан жығыл» дегендей тағы бір рет құжатымды өткіздім. Сонда Тұң­ғышбай ағамның: «Саған ұялға­нымыздан бердік. Мына қыздың еңбегі баяғыда сіңген, алсын деп шештік» деп күлгені бар. Басында сенбедім, бірақ «Мәдениет қайрат­кері» деген атақ берілді. Шынымды айтсам, ол атақты маған алып бер­ген Фариза апай Оңғарсыно­ваның сөзіне жазылған Гүлнар Шәм­шиева­ның «Қыз монологы» әні еді.

– Әлі есімізде, бір жылдары ги­та­ралы арулар қосылып үлкен кон­церт ұйымдастырып едіңіздер. Сол игі іс-шара неліктен жалғасын тап­пай, аяқсыз қалды?
– Ол концертті ұйымдастырған әнші Нұрлан Албан болатын. Сол жолы маған «көшбасшы сіз бол­саңыз» дегесін келісімімді бердім. Ол сол жолы маған «сіз көп ақша сұ­рай­тын шығар деп қорқып келіп едім» деп қуанып кетті. Концерт өте жақсы, сәтті болды. Бірақ Нұрлан­ның басқа жобалары қолбайлау болды ма, содан кейін гитарашы әнші-арулардың концерті жалғас­пай қалды. Бүгінде әркім өз шығар­машылығымен айна­лысып, өнер жо­лындағы ізденістерін жалғас­тыруда.

– Шәкірт тәрбиелеу ойыңызда бар ма?
– Жалпы, шәкірт тәрбиелеу жауапкершілігі көп жұмыс. Негізі, шәкіртті ән өнерінде тәжірибесі мол мұғалім тәрбиелеуі керек. Ол нота үйретеді, вокалға қатысты­рады, яғни музыкалық сауатын аша­ды. Сондықтан қазіргі әншілер­дің шәкірт тәрбиелеуін дайын жас әншіге жол ашып, бағыт-бағдар бе­ріп, үлкен сахналарда өнер көрсе­туіне көмектесу деп ойлаймын. Әсілінде, әншілер шәкірт тәрбие­лейтін мұғалім, яғни ұстаз бола ал­мағанымен, жақсы продюсер бола алады. Қазір шыны керек, өздігі­нен қалыптасқан әншіні ұстап алып, «мынау менің шәкіртім» деп жетек­теп жүргендер көп. Өкініш­тісі, әлгі адамдар мұны бизнес көзіне ай­нал­дырып алған. Менің ой­ымша, әр­кім өзіне тиісті жұ­­мы­с­пен айна­лы­суы керек.

– Өзіңіздің де «апай қасыңызға ертіп жүріңізші» дейтін іні-сіңлі­ле­ріңіз бар ма?
– Бар. Мен ондай таланттарды бетінен қақпаймын. Облыс орта­лық­тарында өтетін концерттеріме алып жүріп, сахнаға шығарамын. Мұндағы мақсатым – оларды сах­наға үйрету. «Қарлығаштың қана­ты­мен су сепкендей» көмегім қажет болса, қолымнан келгенді аямай­мын. Әйтпесе «мынау менің шә­кір­тім» деп айтпаймын.

– Өзіңіздің жеке продюсеріңіз бар ма, болса, ол кім?
– Бәлендей продюсерім жоқ. Өйткені 2009 жылдан бастап мен өзіме-өзім продюсер болдым. Сол жылдан бастап «барлық өңірлерге концерт қоямын» дедім де, белді бекем буып, кірісіп кеттім. Кассаға билетті өзім өткізем, облыс орта­лықтарындағы концерт залдарына өзім барып, жалға алам. Бұлай етуім­нің себебі бұған дейін продю­серлік орталықтардың менің атым­ды пайдаланып ақша жинап алып, мені де, тыңдарманды да алдап кеткен сәттері болды. Сөйтсем, бұл жұмыс өзімнің де қолымнан келеді екен. Әлде ол кезде жас болдым ба (күліп), білмеймін?!. Бұған қоса, қайсыбіреулер сияқты «концерттен түскен қаламақыны кім қолыма ұстатады екен?» деп бас қатыру, «менің ставкамды беріңдер» деп қиғылық салу менің табиғатыма жат дүние. Одан да өзің би, өзің қожа болғаның жақсы емес пе?!.

– Менің білетінім, сіздің анау-мынау жерге бармайтын, кез келген бағдарламаға түсе бермейтін тал­ғам­паздығыңыз бар. Мұндай мінез өзің­із­ді тыңдармандарыңыздан алыста­тып жібермей ме?
– Шынымды айтайын, мен есік­ті жауып қойса, терезеден кіре­тін әншілердің қатарынан емеспін. Әдетте өзімді мәні мен мазмұны жоқ, тек жастарға арналған дүрмек-шоулардан алыс ұстаймын. Бірақ сүйікті тыңдармандарым мені жаз­бай таниды, әндерімді тыңдайды. Осы жерде айта кететін бір жайт, жақында бір сұхбатымда «қазіргі буын мені тани ма, жоқ па?» деп айтып едім. Кейін әлеуметтік желі­лерде іні-сіңлілерім «Гүлмира апай, сіз неге олай деп айтасыз? Біз сіздің әндеріңізді сүйіп тыңдаймыз, жақ­сы көреміз. Сіздің ана әніңіз, мына әніңізді сүйіп тыңдаймыз» деп жа­зып жіберіпті. Мұндай жылы пікірді естіп, қуанып қалдым. Өйт­кені жылы сөз бен ыстық ықылас өнер адамдарын марқайтады.

– Қалай ойлайсыз, бүгінгі күні біздің әншілеріміз күнделікті күн­көріс қамымен өнерді құнсыздан­ды­рып жіберген жоқ па?
– Бұл сөздің жаны бар. Анығын айтсам, бұған әншілерді кіналаудың қажеті жоқ. Себебі бұл бүгінгі за­манның талабы. Бұрын біз әнші­лікті жаңа бастағанда тойға бару деген ұят болатын. Ал қазір тойға бармасаң наныңды тауып жей ал­майсың. Сондықтан қазір той биз­неске айналды. Солай екен деп, тойға ән жаздырып, той үшін жүгіріп жүргенім жоқ. Сондықтан тойға барғаннан өнер құнсызданады деу дұрыс емес. Керісінше, ұлттық ән өнерімізді құнсыздандырып жат­қан – қазіргі қаптап кеткен жалған әншілер. Тіпті солардың арасында кім шынайы әнші, кім жалған әнші екенін жұрт ажырата алмай да қалды. Сондай жалған ән­шілердің кесірінен нағыз таланттар көрінбей, тасада қала ма деп қор­қамын. Ол жастарға біз ақыл айта алмаймыз. Тыңдамайды да. Біз жас кезімізде сахнаға шығар алдында әннің сөзін қайталап, даусымыз шық­пай қала ма деп қорқып тұру­шы едік. Қазіргі әншілерде ондай үрей жоқ, тым еркін, қорқыныш көрмейсің. Дайын фонограммаға әбден үйреніп алған. Селфиге түсіп, әзілдесіп тұрып сахнаға шыға береді.

– Бәлкім, бұған тыңдарманның талғампазсыздығы кінәлі шығар?
– Жоқ, тыңдарман қашанда талғампаз. Қазір жұрт концертке аз барады деп жатамыз. Неге? Себебі ешкім алтын уақытын ұттырып, фонограммалы әншіні тыңдағысы келмейді. Әлі есімде, тоқсаныншы жылдары Атырауға концертпен бардық. Өзіміз кешігіп түнгі он бірлер шамасында барсақ, халық әлі күтіп отыр. Жарық өшіп қалған, зал суық. Залдың әр жерінен сығы­райған майшам көрінеді. Көліктен түсісімен боянбай-ақ, сол киіміміз­бен концерт қойғанымыз бар.

– Қызыңызды да өнер жолына қосасыз ба?
– Қызым Фаризаны бастауыш сыныпта оқып жүргенде домбыра үйірмесіне берген болатынмын. Сонда мұғалімдері «қызыңыздың таланты бар, тар шеңберде қалып қоймасын, дамыту қажет» деді. Ол қазір Чайковский атындағы өнер колледжінің соңғы курсында оқи­ды. Өзім өнердің ауыртпашылығын бір адамдай көрдім ғой, қызым да қиналып қала ма деп қорқамын. Де­­генмен, пианино, гитара мен дом­бырада өте сауатты әрі еркін ойнайды. Бәлкім, қосымша екінші мамандық оқитын болар. Қалай десем де Алланың қалауы бола жа­тар деген ойдамын.

Сұхбаттасқандар:
Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ,
Әзиза ТӨЛЕНБИ

 

Түпнұсқадағы тақырып:Өнер мені өзіне тартты

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...