– Бала кезден әнші болуды армандаған Гүлмира қалай биология факультетінің студенті атанды...
“Оңай ақша табуға болатын болса, несіне жұмыс істеймін?”. Құмар ойыннан опық жеген Алматылық бойжеткен оқиғасын бөлісті
Фото: dalanews.kz
Құмар ойынның қызығына түсіп, опық жеген Алматылық Аяла Молдабаева бастан кешкенін баяндап берді, деп хабарлайды madeniportal.kz el.kz тілшісіне сілтеме жасап.
Онлайн казиномен екі жыл әуестенген 31 жасар Алматы қаласының тумасы Аяла Молдабаева құмар ойынның құрығына түсіп, қарызға белшесінен батқан жанның бірі. Басында жеңіске жетіп, аз уақытта қомақты қаржы ұтып, артынша барлық ақшасынан айрылып, мойнына 36 миллион теңге қарыз арқалаған Аяла өзінің басынан өткен оқиғаны ешкімнің қайталамағанын қалайды.
Онлайн казиноны құрбым көрсетті
Жұмыста отырғам. Құрбым келіп онлайн казино арқылы ақша табуға болатынын көрсетті. Алғашында, «бұл не болды екен» деген қызығушылықпен ойнап көрдім. Басында салған 2-3 мың теңгемнен ұтылып қалдым. Сосын ойнамай кеткенмін. Кейін жұмысымда өзгерістер болып, басқа жұмысқа орналасқаннан кейін бос уақытым көбейді. Жұмыс аз болғандықтан ермек ретінде онлайн казиноға қайтадан кіре бастадым. Бірер апта өткеннен кейін он мың теңге салып едім, 200 мың теңге шамасына ұтысқа ие болдым. Сол сәтте осылай оңай ақша табуға болатын болса, несіне жұмыс істеймін деген ой басыма сап ете қалды. Бәрі солай басталды.
Өз-өзімді тоқтата алмадым
Жұмыста болсын, үйде болсын онлайн казиноны ойнаудан жалықпадым. Мың теңгеден басталған ақшаның көлемі 10 мыңға, артынша 50 мың, 100 мың деп өсе берді. Негізі қаржылық сауаттылығым жақсы болатын. Сол уақытта менің жинап жүрген 7 миллиондай қаражатым бар еді. Күн санап өсе берген бәстің көлемі бәрін құртты. Жұмыста отырып айналасы бір сағаттың ішінте 300-400 мың теңгеден айырылып қалатынмын. Бұндай ойындарда азартқа кіріп кетуің мүмкін екенін өзім де түсінетінмін. Бірақ сол сәтте өз-өзімді тоқтата алмадым. Ойын ойнау менің әдетіме айналып кеткендей болды. Қай кезде болмасын ойымнан шықпады. Тек соны ойлай беретін болдым. Тіпті ұйықтағанда түсіме кіретін. Ақшам қалмаған кезде таныстарымнан қарыз алдым. Микрокредиттердің де бәрін алдым. Ломбардқа барып ноутбугімді де өткіздім. Бірде 100 мың теңге салып, 1,5 миллион теңге ұттым. Бірақ соның бәрін қайтадан ойынға салып жоқ қылдым.
Құмар ойыннан құтылу үшін тұрмысқа шықтым
Осыдан бір жыл бұрын сүймеген адамыма тұрмысқа шықтым. Неге дейсіз бе? Осы ойыннан құтылу үшін. Онлайн казинода отырып қарызға бата бастадым. Менің ойынға деген құмарлығым да артты. Өз-өзімді жұбату үшін спиртті ішімдіктермен де достасып кеттім. Осылай уақыт өте берді. Маған әлеуметтік желіден жазатын бір жігіт болған. Онымен сөйлесіп отырып бәлкім тұрмыс құрып, үй тірлігімен айналыссам, балалы болсам ойынға деген әуестігім басылар деген ой келді. Сөйтіп оны отбасыммен таныстырдым. Екі аптадан кейін мен де оның да ата-анасымен таныстым. Екі жақ келісіп, үйленетін болып шештік. Негізі қыздардың барлығы ақ көйлек киюді, той жасап, ұзатылғанды армандайды ғой. Ал мен ешқандай тойдың болғанын қаламадым. Себебі, есіл-дертім ойында еді. Бірақ той бәрі-бір болатын болды. Ал мен дүкендерге бардым да көзіме көрінген алғашқы ақ көйлекті кидім де кеттім. Осылай той да өтті. Бастапқыда бәрі жақсы басталды. Шамамен үш аптадай ойынды ойнамай кеттім. Үй тірлігі, келіндік өмір бәрін алмастырғандай еді. Алайда, бұл ұзаққа бармады. Қарыз қайтаратын уақыт жетіп, жағадан алғанда бір рет ойнасам ұтысқа жетіп қалармын деген арам ой мені ойынның құшағына қайтадан итеріп жіберді. Ойынға деген әуестіктен үй шаруасын да ұмыттым. Күні-түні телефонда отырдым. Күйеуім маған ашулана бастады. Тіпті, телефон арқылы басқа біреумен сөйлесесің дегенді шығарды. Ал менің көкейімде тек ойын. Қалай ақша тауып, оны казиноға салып көбейту ғана. Күнім осылай өте берді. Бірде мен ойынқұмармын, тәуелді болған адаммын, тұрмысқа неге шықтым, біреудің өмірін құрттым, ол кімді әйелдікке алғанын білмейді ғой деген ойлар жегідей жей бастады. Ақыры оған бар шындығымды айттым. Ол өзінің көзіне шөп салмағанымды білгеніне қуанды. Ойын ештеңе етпейді, әлі-ақ қойып кетесің деді. Бірақ олай болмай шықты. Оның үстіне әлгіндегі ойлар көкейімді тесе бастаған соң, күйеуіммен бірге тұра алмайтынымды түсіндім. Күйеуімнің отбасы, ата-анасы өте жақсы кісілер еді. Мен үшін бәрін жасайтын, бәрі мені сыйлайтын. Ал мен болсам сондай қайырсыз болғаныма налыдым. Сөйтіп, ол шаңырақтан кетуге шешім қабылдадым.
Өз-өзіме қол салғым келді
Ойынның жетегінде жүріп құрдымға кеттім. Жақыным санап жүрген жандардың барлығы көз алдымда менен теріс айнала бастады. Не істерімді білмедім. Тіпті психолог мамандарға да бардым. Ештеңе шықпады. Бірде Лондонда тұратын құрбыма хабарластым. Сырластық. Ішімдегінің барлығын айтып бердім. Сол сәтте өз-өзіме қол салып, мына дүниеге қолымды бір-ақ сілтесем бе екен деген ойлар мазалап жүрген болатын. Көшеге шықсам біреу келіп көлікпен қағып кетсе ғой деп жүретін едім. Құрбым мені ойымнан айнытып, жақсы психолог маман тауып берді. Оның курсына жазылып кеңес алып, емделе бастадым. Курсқа әлі барып жүрмін. Құмарына кірген ойынды бірден тастап кету қиынның қиыны екен. Ойыннан алшақтағанда менің ішімдегі сезімді айтып жеткізу қиын. Құдды бір ауа жетпей бара жатқандай сезінетінмін. Алайда оның барлығын жеңдім. Құмарлық дертімен күресте маған шынайы жақындарымның қолдауы қатты көмектесті. Әкем, ағам, ағамның отбасы, балалары мені құмарлық құрасуынан суырып алғандай. Психолог маманның да сабағына барып, ішімдегінің барлығын босатамын. Қазір онлайн казинодан қол үзгеніме үш айдан асып кетті. Өмір салтым өзгеріп, қалыпты тірлікке қайта қосылғандаймын.
Құмар ойынан қарызға баттым
Казиномен жолдас болған екі жыл ішінде шамамен 36 миллион құрттым. Қазір сол қарыздардың барлығын біртіндеп жауып жатырмын. Туған ағам көмектесіп жүр. Мойнымда әлі 9 миллиондай берешегім бар. Микрокредиттер мен банктен алған ақшам сол күйі тұр, тек таныстардан алғандарымды қайтарып жатырмын. Олар да түсіністікпен қарады. «Күтеміз, шамаңа қарай қайтарасың» деген бір ауыз сөздің өзі адамға жігер сыйлайды екен. Шынымды айтсам, бар сырымды жайып салғалы арқамнан ауыр жүк түскендей сезінемін. Ең бастысы өмірім өтірікпен өріліп жатқан жоқ.
Шындықты айтудан қорықпау керек
Әлеуметтік желіде өзімнің бастан өткенімді айта бастадым. Шыны керек, құмар ойынға әуестер тек ер адамдар болатын шығар деп ойлайтынмын. Алайда менімен тағдырлас әйелдер қауымы да жетерлік екен. Тіпті, жасы елуді еңсерген апаларымыз да менен кеңес сұрап, не істесем болады деп хабарласады. Оларға айтарым тек біреу. Шындықты айтудан қорықпаңыздар. Көмек сұраудан ұялмаңыздар. Себебі, құмарлықтың құрығынан үн-түнсіз шығып кетемін деу үлкен қателік. Жақындарыңыз сіздің шындығыңызды қабыл алуға әрдайым дайын жандар. Ет жақындарыңыз сізден ешқашан теріс айналмайды. Адам болған соң бәрі қателеседі. Ал сол қателікті түзетіп, өмір соқпағын қайта табу – міне нағыз ерлік.
Қазақты қазақ орға жығып жүр
Қазір онлайн казиноны, букмекерлерді жарнамалайтын блогерлер көбейіп кетті. Қарап отырсаңыз барлығының өмірі керемет. Оңай жолмен ақша тауып, шалқып өмір сүріп жүрген адамның рөліне кірген. Ал оларды аңдитын аудитория өте үлкен. Тіпті миллиондаған оқырмандары барлар да құмар ойынға жарнама жасап жүр. Кейбіреулері онлайн казино ойнай алмайтындарға телеграм арқылы үйретеміз деп те жүр екен. Әрине оларға жарнама үшін қомақты қаржы төленеді. Шын мәніне келгенде олардың өздері ойнамайды да ғой. Ақшаға құныққанша, арты не боларын ойламай ма солар? Соның кесірінен талай адам құмарлықтың құрсауына түсіп жатыр. Былай қарап тұрсаң қазақты қазақ орға жығуда. Маған жазатындардың арасында қарызы 5 миллионнан асып кеткендері де бар. Ауылдың қарапайым адамдары. Сол блогерлердің жарнамасына сеніп, олардың өміріне қызығып ойнап кеткен. Әлеуметтік желіде өз оқиғамды айтқанда оны көргендер сол алдамшы дүниеге сенбей айналып өтіп кетсе екен деймін.
Психологияға деген қызығушылығым артты
Құмар ойыннан алыстағаныма 105 күн болыпты. Осы уақыт арасында өмірім қатты өзгерді. Оны жақындарым да байқады. Сол үш ай бұрынғы өмірім түсім сияқты. Сізге айтып отырған әңгімем де менің емес, басқа біреудің өмірі сияқты сезіледі. Дегенмен, қазір бәрі жақсы. Иә, қарызым шаш етектен. Бірақ, сәтін салса одан да құтылатын кез келер. Ал менің алдыға қойған мақсатым оқу болып тұр. Қазір психологияға қызығушылығым оянды. Келесі жылы осы мамандық бойынша оқуға тапсырып көруді жоспарлап жүрмін. Құмар ойындардың жетегінде кеткен жандарға қол ұшын беріп, жалғыз еместіктерін ұғындырып, бояусыз, шынайы өмірге қайта әкеле алсам мен үшін үлкен жетістік болар еді.