Бала күнімде әкем марқұм «Тәкең эстет жазушы ғой» деп суреткер Әлімқұловтың жазу мәнерін...
Ермахан Шайхыұлы. Баянғали Әлімжанов туралы әзілдер
Ұшақтағы құшақ
1995 жылы Манас эпосының мың жылдығында біраз мемлекеттік делегациялар Бішкектен Таласқа арнайы «ЯК-40» ұшағымен шығады. Мол денелі Әбіш Кекілбаев қатар отырып қалған Баянғалиға:
Қолымды былай… сенің орындығыңның арқасына салып отырсам бола ма? Әйтпесе, мына орындық тарлау екен! – депті.
Сонда Баянғали:
– Жұрт сіздің қолтығыңызға қалай кірерін білмей жүргенде, өзіңіз ағалық құшағыңызды жайып жатсаңыз, одан қашып мен жынды болыппын ба?! – деген екен.
Қара көзілдірік
Ордабасыдағы жиында қара көзілдірік тағып алған ақын Ерік Асқаров Баянғалиға:
– Кеше шырқап кетіппіз! Қара көзілдірік тақсам басым айналады! Сіз ішіп жүргенде қара көзілдірік тақсаңыз, басыңыз айналушы ма еді?! – депті.
Сонда Баянғали:
– Білмеймін! Мен ішіп жүргенде қара көзілдірік тақпайтынмын! Қара көзілдірікті жұртқа таққызатынмын! – деген екен.
«Ң»
Ақын Ақылбек Шаяхметовтың Қостанайда өткен 50 жылдығында Әлфия Орманшинамен айтысып отырып, той иесін жезде деп әзілдейтін Баянғали:
Ақылбектің жырымен
Аналар бесік тербейді.
Өлеңін жаттап балалар,
Қазақша жатық сөйлейді.
Баланың тілін ұштаған
Сол Ақаңның өзінің
«Ң»-ға тілі келмейді!
Балдарды қорғаймын деп
тіл шұбардан,
Үлгілі, өнегелі жыр шығарған.
Ақаңның «Ң»-ға тілі келмейтіні,
Тілінің ұшын апам қыршып алған! – деген екен.
Ақылбектің әйелі Бақыт – керейдің қызы, бес баланың анасы.
Шындық пен мақтан
– Баянғалидың мақтанғаны да өзгеше, ешкімге тиіспейді, таласпайды, өз бетінше мақтана береді, – депті ғалым Тұрсын Жұртбаев.
– Жоға, мен мақтанбаймын ғой, бар болғаны шындықты айтамын! Ал егер мен туралы шындықтың өзі мақтан сияқты болып жатса, шынымен осал болмағаным ғой! – деген екен ақын.
Айтыстан кейiнгi айтыс
1984 жылы Кенен Әзірбаевтың жүз жылдығына арналған республикалық айтыста Алматы қаласының атынан айтысқа тұңғыш рет шыққан Баянғали шымкенттік Әселхан Қалыбековамен айтысады. «Сен Көкшетаудан келіп, Алматыны меншіктеп алыпсың ғой!» – деп қалжыңдаған Әселханға Баянғали:
Адамбеков Садықбек,
Бақбергенов Сәуірбек,
Найманбаев Қалдарбек,
Тұрсынқұлов Қалаубек,
О да келген Шымкенттен!
Әлімқұлов Тәкен мен
Сүлейменов Асқар да,
Исабеков Дулат пен
Талай мықты басқаң да,
О да келген Шымкенттен!
Әмірбеков Көпенің
Одан басқа бөтенің,
Ергөбеков Құлбегің
Одан басқа сан бегің,
О да келген Шымкенттен,
Мықты болса қалаңыз
Неге келген Шымкенттен! – деген екен.
Содан, айтыстан кейін жазушы Тұтқабай Иманбеков, аудармашы Қайсар Жорабеков, сыншылар Сайлаубек Жұмабеков, Әуез Бейсебаев, фототілшілер Сайлаубек Пернебаев, Берсінбек Сәрсенов, Баянғалидың курстасы, аудармашы Лесбек Нұрымбетов, журналист Қалыбек Атжанов, сатирик Базарбек Түкібаев, тағы да біраз шымкенттік жолдастары өкпесін білдіріпті.
– Шымкенттік мықтыларды айтқанда, бізді неге айтпай кеттің?! – деседі.
Сонда Баянғали:
– Сендер анау сан бектердің ішіндесіңдер ғой! – деген екен.
Нағашы мен жиен
Жазушылар одағының үйінде ақын Иранбек Оразбаев жанынан сәлем беріп өте берген Баянғалиға:
– Өй, жаман жиен! – депті.
– Нағашыма тартқам! – деп кете беріпті Баянғали.
Иранбек оны тосып тұрып, қайта өте бергенінде:
– Өй, жақсы жиен! – депті.
– Әкеме тартқам! – депті Баянғали.
Ирекең күліп:
– Әй, мен сені бұдан былай әкесіне де, шешесіне де тартқан жақсы жиен деймін! – деген екен. Олай дейтіні, Иранбек Оразбаев – қылды қарауыл, заманында аталары Кенесары қолымен бірге аттанып, Сыр бойын мекендеп қалыпты.
Бір өлең
Бір ақын ағасы Баянғалидың «Аңыз бен аспан» деген кітабын оқып, телефон соғыпты:
– Кітабыңда керемет бір өлең бар екен… Қалғандары жай ғана жақсы дүниелер, – депті.
Сонда Баянғали:
– Рақмет, аға! Сізде ол да жоқ қой! – деген екен.
Баспа бас
Иранбек Оразбаев Қызылордада «Қорқыт ата және Ұлы дала сазы» атты түрік халықтары жыршы-жырауларының фестивалінде Баянғалиға он үш томдық шығармалар жинағын сыйға тартыпты. Баянғали оған 64 беттік жұп-жұқа «Деген екен» кітабын сыйлап тұрып:
– Нағашы, мына кітабым бұрын да абыройсыз емес еді, енді жұртқа Иранбек Оразбаевтың он үш томына баспа-бас айырбастадым деп айтамын! – деген екен.
Өлеңнің жаңғырығы
Баянғалидың «Сен ешқашан өзгерме» деген өлеңіне фейсбукта біраз жақсы пікірлер айтылыпты. «Керемет! Өлеңнің төресі» (Сұңғат Әліпбаев), «Ой,пәлі! Сіз де ешқашан өзгермеңіз!» (Ақмарал Ноғайбаева) деп сүйсінген қауыммен бірге, Ақ Жайықтан айтыс ақыны Шолпан Қыдырниязова да өзінің ризашылығын: «Байекең білә-ә!» деп білдіріпті. Сонда Баянғали:
Самалдай соққан теңізден,
Жыр жазып мөлдір сезіммен,
Қыздардың жанын толқытып,
Шолпанға « білә-ә!» дегізген!
Ай, да, Байеке! – деген екен.
«№5 жатақхананың» коменданты – Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ