Маңғыстауда «Ауыл» Халықтық демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев өң...
Құлбек ЕРГӨБЕК. ӨР МІНЕЗДІ ӨЗБЕКӘЛІ
Жастарға көсем болған Өзбекәлі Жәнібектің еңбек жолы бұрын болған, бүгінде жоқ, Оңтүстік Қазақстан облысының Келес ауданынан басталған. Пионер жетекшісі, тарих пәнінің мұғалімі, сынып жетекшісі, мектептің бастауыш жастар ұйымының жетекшісі, аудандық жастар ұйымының хатшысы, екінші, бірінші хатшысы... Балаларға жақын болыпты, күй талғамапты, уақытын аямай, бала бақытын аялауға барын салған, сабақтан тыс уақытта тал тіктірген, мектеп айналасы, ауыл-аймақты жасыл желекке көмкерген. (Ол ағаштар күні бүгін «Жәнібеков теректері» деп аталады). Соғыстан кейінгі жылдардың аудан ағалары Ә.Жылқышиев, К.Ысқақов қинап көндіріп, оны аудан жастарына жетекші етіпті. Аудан аты облысқа жетті. Жастар жетекшісі облыстық жастар ұйымына хатшылыққа шақырылды. Облыстық комсомол комитетін басқаратын, жетім балалар үйінде тәрбиеленген хатшы Владимир Байжанов Өзбекәлі бойынан жалындаған жалын көреді. Жантартып жақсы көреді, білгенін айтып тәрбиелейді. Партия жұмысына ауысқанда орнына Өзбекәліні ұсынады. Аты бар да, заты болымсыз жастар ұйымы Өзбекәлідей жалын жүрек жетекші арқасында облыста жетелі күшке айналады. Жалындап шығып КИМ жетекшілігіне дейін жеткен Ғаниға облыста ескерткіш қойғысы келеді. Облыс басшысы қарсы. Қазақ жастарын мал бағуға шақырады партия. Жастар жетекшісі «Бабасының сорына біткен қой бағу – қазақтың баласының маңдайына жазылып па? Жақсы болса орыс нәсілді жастар неге қой бағуға бармайды? Қазақ жастарын оқу-білімге бағыттауымыз керек. Ең болмаса өндіріске жіберу шарт. Көзі ашылады. Өмір көрсін. Қалалық мәдениетті үйренсін!» деп қарсыласып бағады. Облыстың партия комитетінің бірінші хатшысы Макаров (М.Әуезовтің «Өскен өркен» романындағы Карповтың түп тұлғасы), кейіннен Ливенцов жастар жетекшісіне үрке қарайды. Жолына кедергі бола бастайды. Сонда да ол алған бетінен қайтпайды. Алматыға шақырылды. Алдымен Жастар ұйымының қатардағы хатшысы, сосын бірінші хатшы. Тағы да сол ұстаным. Қайтсек қазақ жастары рухын оятамыз? Олар неге қой бағуға тиісті? Олардың сыбағасына өнер-білімнің бұйырмағаны ма? Ең болмаса дүниеге көзін ашар, өзге ұлт жастарымен араластырар, шыңдар өндіріске жіберсек ше? Жастарды отансүйгіштік сезіміне қалай баулимыз? Білімсіз жастың отансүйгіштік сезімі орнықты бола ала ма? Қазақ жастарының есесі неге кете береді? Одаққа кең танылған Ғанидайын тұлғасы бар республика Жастар ұйымы жетекшісі неге Орталықта бюро мүшесі емес? Неге Мәскеуде Ғаниға ескерткіш жоқ? Ғанидың қайда жерленгенін білетін кісі бар ма, сірә? Ол дереу комсомолдың «Ардагерлер кеңесін» құрды. Оны Шәріп Өтеповке басқартты. Мәскеуге – Мильчаковқа хат жазды. «Сіз Ғанидың шәкіртісіз. Қалай ойлайсыз, КИМ жетекшісі болған Ғани Мұратбаев бүкілодақ деңгейінде неге аталмайды? Неге насихатталмайды? Ғанидың бүкілодақ деңгейінде насихатталмауы, оның тарихи еңбегі айтылмауы – КИМ (Коммунистік Жастар интернационалы) тарихына нұқсан емес пе? Республика Жастар ұйымының жаңа жетекшісінің бүкілодақтық комсомол ардагерлеріне қояр сауалы осылай-осылай шықты. «Ардагерлер кеңесі» арқылы Ғани шәкірті, профессор Бейсембай Кенжебаевтың архивінде сақталған екі суретті қолқалап сұрап алды. Бірінде КИМ жетекшісі Ғани Мұратбаевты ақырғы сапарға шығарып салу қаралы рәсімі. Қаралы жиынды қазақтан шыққан марқасқа, көп тіл білген білімпаз Нәзір Төреқұлов басқарып тұр. Ғанимен қоштасуға келген москвалықтар қалың нөпір. Екінші суретте Ғанидың топырағы кеппеген зираты. Көздеріне жас алып Жүсіпбек Арыстанов, Бейсембай Кенжебаев, Бақытжан Мұратбаева тұр. Бәрі де өрімдей жастар. Қос суретті қолына алған ол бүкілодақтық лениншіл жастар ұйымының жетекшісі Е.Тяжельниковқа телефон соқты. Мәскеуге келгенде кіріп шықты. Көлденең тартары бір сұрақ: «Кезінде КИМ жетекшісі болған қазақ Ғани Мұратбаев неге одақтық деңгейде айтылмайды? Қайда жерленгенін, зиратын неге білмейміз? Комсомол архивінен Ғани зиратын табуға көмектесіңіз!» Бұл жолда сарсыла ізденді. Ғани өмірінен мақалалар жазып жүрген журналист Сейілхан Асқаровты Мәскеуге аттандырды. Ұзақ жылдық саяси қуғын-сүргіннен жаны тоналып, сүдіні сүйретіліп жеткен Жүсіпбек Арыстановты, Шәріп Өтеповты, Бақытжан Мұратбаеваны ертіп, олармен өзі де бірге ұшты Мәскеуге. Ақыры Ғанидайын бозымның зиратын тапты. Вучетичке мүсінін құйғызды. Е.Тяжельников бастаған одақтас республика жастар ұйымының басшыларын қатыстырып, қаралы рәсімді өткізді. Оларды сөйлетті. Одақтық баспасөз шулап жазып жатты. Шумиловичқа құйғызған Ғани мүсінін облыстық партия комитетінің бірінші хатшысымен қидаласып жүріп ақыры Шымкентке – Пионерлер сарайының алдына қойдырды. Кіндік қаны тамған Қазалыда, қызмет еткен Ташкентте Ғани Мұратбаев музейін жасатты. Ғани арқылы – қазақ жастарының өшкен рухын қайта оятты. Республика Жастар ұйымына арнайы ғимарат салдырған, жастарды Ғани рухымен оятқан, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығын белгілеген (оның тұңғыш иегері мәңгі жастық жыршысы – Саттар Ерубаев), «Сазген», «Шертер», «Адырна» ансамбльдерін ұйымдастырған, кексе ақын-жазушыларды (С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев, М.Қаратаев) шақырып, талантты жастардың (Т.Молдағалиев, О.Сүлейменов, Қ.Мырзалиев, С.Жүнісов, С.Мұратбеков) шығармаларын талдатып жолын ашқан, Композиторлар одағына мүшелікке қабылдамаған Шәмші Қалдаяқовқа Жұбан ағасын (Молдағалиев) алға салып сөйлетіп, Жастар ұйымының сыйлығын алып берген, жастардың екпінді құрылысын ашқан, Көктөбеде ашық аспан астындағы музей бағдарлаған, сөйтіп жастарды рухани түлеткен Өзбекәлі Жәнібек! Жастар газеті – «Лениншіл жастың» сол жылдардағы тігіндісін парақтасаңыз, республика Жастар ұйымының жетекшісі Өзбекәлі Жәнібек бастап атқарған өскелең істердің күн санап атқарылып отырғанына куә боласыз, қайран қаласыз. Сондай материалды қайта оқыған жастар газетінің сол жылдардағы бас редакторы Шерхан Мұртаза: «...Кәдімгідей жаным жадырап, сағынып қалған ұстазымды қайта көргендей, әлгі бетті қайта-қайта оқыдым. Ол бізден сонда бір-ақ жас үлкен екен ғой» ( «Егемен Қазақстан» 21.ХІІ. 2006) деп ұстаз тұта, таңырқай сағына жазды Өзекең туралы. «Өзекеңнің шәкіртіміз» деген сөзді бір ғана жас кіші қайраткер Қаратай Тұрысов та қайталай-қайталай айтумен өтті. Өзбекәлі республика жастарын бастап шетелге шығарда «Халық әнін тыңдамайды. Домбыраны алмаңдар. Эстрадалық ән жетеді» депті Орталықтағы комитет хатшысы. Домбыра Москва түгілі Қазақстанда да қадірі қашып, «халық жауына» айналып тұрған бұл бір күйсіз кезең еді. «Егер біздің қазақ жастары шетелге домбыраны алып шығып, халық әнін айтпас болса, мен баспасөз конференциясын беремін де, лениндік ұлт саясатының бұрмаланғанын айтамын, сөйтемін де жастарымды алып қайтамын, өздерің барыңдар шет елге!» – дейді Өзекең тікіленіп. Амалсыз көнеді шарасыз Мәскеу... Дүниежүзі студент жастары фестиваліне қазақстандық делегацияны бастап барған Өзбекәлі Жәнібек: «Әрбір ел, әрбір республика жастары сол республика ұлттық дәстүр ерекшелігінде тәрбиеленсе, жан байлығы мол, жан-жақты дамыған кемел патриот болып өседі» деп биік мінберден Софияда ұлттық рухта сөз сөйлепті.
Түркістан
Kazakh-tv.kz