Ақылман абыз

ӘДЕБИЕТ
1441

(Жазушы Әдіһам Шілтерхановтың рухымен сырласу)

Қанша қашықтасам да көңілден өшпейтін, жұмсара жалынсам да естеліктердің елес елінен бермен қарай көшпейтін жақсы күндерімді, жасыл жылдарымды сағындым. Бір түндіктің астында түтін түтетпесек те, ол кезде қасымда сегіз қырлы, сексен сырлы сіз барсыз. Жаратушы Жаббар Ием өзіңізді тоқсан төрт жасыңызда жалғанның жүрдек пойызынан Мәңгілік бекетіне түсірген соң, қайғымның қара тұманы қалыңдады. Тауқыметтің темір тегеуріні төсімді тепкілеп, жүрегім жалтаңкөзденіп, жадыраңқылығым жабырқаңқылыққа ұласып, жаным жадағайланып, жадау тарттым. Тақсыреттің тақастығымен тайталасқан ойларымның төрі талқандалып, қатты қарайып қалдым. Қаралы жұрттың қайран жүрегі қақ айырылып, тәніңізді табыттан тоңазыған топыраққа тапсырдық. Сіз абыз едіңіз. Ана сүтін ақтадыңыз, сабырлылықпен ел сенімінен шықтыңыз. Адамгершілігіңізге, ар-ұятыңызға қылау қондырмадыңыз. Мазар басындағы тас керең тыныштық еңсемді езіп, Қасым Аманжоловтың «Күзетіп екі дүние босағасын, Мүлгіген мылқау, меңіреу тұрар бейіт» дегенін іштей қайталадым. Содан соң Нәмет Сүлейменовтің «Туған жер» өлеңінің төрт тармағы жадымда жаңғырықты: «Таңым да сенде атады, Күнім де сенде батады. Өлсем де мені жер-анам, Құшақтап сүйіп жатады».

Ұлы Отан соғысы басталғанда бозым екенсіз. Боздақтарды бордай етпекке бораған оқтан бетіңіз қайтпапты. Қырмызы қызыл жібектей бозбалалығыңыз қан кешіп, майданда мертігіпті. Кітаптарыңыздан көз жеткізгенмін. Қиян-кескі ұрыстың қиянатты шетін жолдарындағы алмағайып қатерлермен қыспақтасқан, оттай орақшы, жаудай қарақшы, қабағы қатыңқы, түсі суық уақыттағы буыны бекімей шығынға шыққан жастық шағыңыз туралы айта бермейтінсіз. Қазбалап сұрап ем: – Сол соғысқа біз ғана қатысыппыз ба? Майдан даласында жылқының жылағанын, аш өгіздің қару тиелген арбаны сүйрей алмай діңкелей құлағанын, беліне мина байлаған иттердің танк астында ажал құшқанын, аң-құстардың да оққа ұшқанын көрдім. Өзіңнің өкіл әкең Сырбай Мәуленов сондай көріністердің бірін былай бейнелеген:

«Шаршаған жол батып,

Волховтың батпағында,

Жатыр бие толғатып,

Зеңбіректің арт жағында.

Фугас бомбасы

Жерді өртеген қиын күнде

Тіршілік бүлкілдейді биенің бүйірінде.

Адамдай жапа шегіп құса-мұңнан,

Сәби бір үн сағынған,

Жалын тарап, көңіліне үнсіз қарап,

Солдат оның сипайды құрсағынан.

Шашыраған көк жалынды бүркіп темір,

Орман іші үрейлі,

Ал оттың ортасында шіркін өмір

Құлын боп кісінейді».

Кімнің басы кімнің қанжығасында кетпеді дейсің, – деп құтылдыңыз. Ұзақ үнсіздігіңіз маған көшеге сыймай көстеңдейтіндердің, пешенесіне бұйырмаған ерлікпен ерекшелене тегін мәшине мінуді армандайтындардың қара жортуыл пендешілігінен көш артық көрінген. Дарақылықты дарға асқандай, «басқа салды, біз көндік», – деп қабағыңыздан қырау қыламытып, кірпігіңізден мұз тоңазып отырдыңыз. Дана кісі айтқандай, бір күндік қасірет бес жылдық өмірді қысқартатыны рас шығар. Ойлап қарасам, жақсылығын жалпақ жұртқа жарияламайтын, даң қылмайтын, жаратылысы жартымды жауынгерлердің жиынтық бейнесі іспетті екенсіз. Ауыр жарақатыңыздан әскери госпитальда ұзақ емделгендігіңізден шығар, сізден йодталған мұңның демі, дені тетік даналық сезілетін.

Туған топырақты түлетуге майданнан оралған жылдарыңыздағы жоғары лауазымды қызметтерде елшілдігіңіз, жақсы мағынасындағы жершілдігіңіз (агрономсыз ғой), жұртшылдығыңыз, ұжыммен ұйқасымдылығыңыз көпшілікке ұнапты, көңілдерінің көлдеріне құс қондырыпсыз. Жағасы жайлау, төсі қыстау күмпейме күндеріңіз жоққа тән. Әр кезде көптің мүддесіне алаңдап, ойыңыз онға, санаңыз санға бөлініпті. Еңбегіңіз сіңбеген өлі сыбағаны ешкімнен дәметпепсіз. Ынта-талабы, қажыр-қайраты қожырағандардың жібін қайта ширатып, сергіте серпілтіп, өзіне-өзін келтіріпсіз. Көкірегі көзді әріптестеріңіз жаназаңыздың алдында осының бәрін құсадан қоңылтақтанып, болмыстары болдыра, жіліктері шағыла жаздап айтқан. Бір кәдеге жаратуға үміттеніп, түйсігіме түйіп қойғанмын.

Енді өзім байқаған жәйттердің басын қайырайын. Кейбіреулердің сүреңсалғыштығы, білгішсымақтардың жұттан шыққан жұрындай білгірсуі біртоға мінезіңіздің, ұлағатты ұстанымыңыздың уысында сығымдала сұйылып, сүт пісірімге жетпей-ақ сүмеңдейтін. Суырыла сөйлеген сәттеріңізде сужұқпастар қанын ішіне тарта сұрғылттанатын. Алатаудай айбыныңызбен жүгенсіз жұлымырлардың, айтқанға көнбейтін, жөнге жүрмейтіндердің талайын жұлындай ұшырдыңыз. Орынсыз жерде желімдей жабысатындардың желігін ерніңіздің емеурінімен бастыңыз. Бұлғақ құйрыққа салынатын алдамыштардың алқымынан алмасаңыз да, орағыта омыраулаған әңгімелеріңізбен апшысын қуырып, тәубесіне түсіретінсіз. Кез келгеннің керегесін кертуге даяр кердең мойын есірікті талға таңбасаңыз да, кесімді сөзіңізбен сүйегі терісіне жабысқан кесік құлақ құлға айналдырғандай майрылтып, өз есінің есігінде тірідей өлтіргеніңіз де есімде. Өңеш соза өзеурегеніңізді, дауыс көтергеніңізді байқамаппын. Қарапайым сөздің өзін ішкі қуатыңызбен нұрландырып жіберетінсіз.

Рухыңыздың желі оңынан тұрып, мен санамалаған өміршең өнегелеріңіз өзгелерге де жұғысса, дайынға тап беретін, өлексеге үйірсек күшігендей тойғанына ғана мәзденетін арамтамақтар азаяр ма еді. Амал қанша, жемқорлықпен жал жинағандар жамиғатқа жең ұшымен сәлемдесіп, тапыр-тұпыр жантылсымға тақалатындарын, күндердің күнінде аспанына бұлт айналатынын, бастарына шырмау шалынатынын тайыздықпен түйсінбеуде. Бір інін ішіне бүккен арам ойлылары шетелге қашып, басқаның босағасын паналап, бөгденің отына жылына алмай, жүрерге жер, кірерге көр таппай тәлкектелсе де, тілімен бидай қуыратындарын қайтерсіз. Құрысыншы, солардың амалдарын сөгуге, арзымайтын абыройсымақтарын төгуге жаралмаған шығармыз, ойымызды Бауыржан Момышұлының «Өз халқыңды жақсы көрмесең, басқа халықты сыйламайсың» деген дәйегімен түйіндеп, өзімізге оралайықшы.

Аулаңызды жұпарағаш көріктендіріп, жұпаргүлдер жап-жас тазалығымен майда майысатын. Сасық байлықтың қолқаны қабатын қолаңсасы үйіңізде мүлде сезілмейтін. Бізбен мұнтаздай күйіңізде бақұлдасып, Алланың алдына кеттіңіз. Шындыққа қиянат жасамауды, азаматқа әдептілік жарасатынын, өз мініңді әбден мінеп біткенше басқаға міншіл болмауды сізден үйреніп, қапелімде қапияға қапылып қала бердім. Ізгілікті істерімен, ғибадатымен сексен төрт жылдың, иәки мың айдың жүзін көрген кісі пейішке барады деуші еді, иіні жұмсақ, мейірімге меймілдеген меймандос зайыбыңыз Балдай әпкем екеуіңіз жұмақта жұп жазбай жүргендеріңізге сенімім кәміл. Өздеріңізбен өткізген күндерін жоқтайтын, нәр алған негізіне қапысыз тартқан ұл-қыздарыңызбен бұрынғыша сыйласпыз, аралас-құраласпыз. Тәжімшілдіктеріне тәнтіміз. Татулығымыздың тәжі солмасын, қызықтары қылғынбасын деп тілейміз Құдайдан.

Тіл үйірер тәттілігімен таңдай суырмаса да, тап-тұйнақтай татымдылығымен таланымызға тап келген несібедей мына сөйлемдеріңізді оқырман ортасына тастайықшы: «Құс сұлтаны қырғауыл жидеден өзге талға қонбайды. Жиде басқа ағаштардай не болса сонымен ауырмайды. Құрт-құмырсқа, басқа да зиянкестер жидені жағаламайды, өзі мейлінше таза да киелі. Қан қысымы көтеріңкі адамдарға жиде таптырмайтын дәрі. Аузы уылған балаларға да жиде жегізеді. Атамның ауылдасы Дүйсен дейтін қария жиде домбыраның үні ерекше әсем шығатынын, оның да емдік қасиеті молдығын, әсіресе, жүйкесі шаршағандар жиде домбыраны шертіп тартып, үніне ұйыса, демде тынығып қалатынын әңгімеледі». Осы жолдардың адамдарды табиғатты тануға талпынтатын қайырым-шапағатының молдығы сонша, өзіңіз ұнататын Сәрсенбек Сахабат ініңіз жуырда шыққан жап-жаңа кітабын «Қырғауыл қонған жиде тал» атапты. Менің 1978 жылы шыққан жинағым «Жиде жұпар шашқанда» екенін білесіз.

Сіз менің өмірбаянымда қатардағы ауыларалық кісі емес, топ-тобымен қиялда көшетін аңыз-әпсаналардан шыға сала ақ сөйлеген, алтын тілек тілеген, тірлігінде ақырет қамын қамдаған ақ етек адал адам, шешен шешілетін саңлақ жүйрік ретінде қалдыңыз. Өзіңізбен пікірлесу, ой бөлісу, әңгіме-дүкен құру ғибратты ғанибет еді. Ұлттық энциклопедиямыз тәрізденетінсіз.

Ескіден жеткен есті сөздерді қысқа, тұжырымды, әсерлі әңгімелейтінсіз. Қураған қу қабірлерде әлдеқашан қу сүйекке айналғандардың біз білмейтін өлеңдерін, қайсыбіреулердей екі иығыңызды жұлып жемей-ақ, құштарлықпен күйлі оқитынсыз. Қара жүріспен қателестім білем, дұрысы – қадім замандарда жарық дүниеден қарасын батырғандарды қайта тірілтіп, тәтті тіліне тамсандыратынсыз. Жадымда жатталғаны – естігендерімнің ұштығы мен пұштығы ғана. Соның бірі – әдеби ортаға белгісіз Керімбай ақынның «Жаныңа мен де келдім обадай қыз, Қыз жағдайын біршама жобалаймыз. Порымың да, шіркін-ай, келісті екен, Батпақтан мұндай қылып соға алмаймыз» деген шумағы. Қазіргі Ордабасы ауданының Төрткүл өңірінде ғұмыр кешкен азаматтың мәймөңкелемей, майдабикелікке салынбай тіке айтқан осы төрт жол туындысы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мысқыл-мінеуге толы «Бір сұлуға» өлеңін еске түсіреді. Майлы қолтық, салпаң етектінің қырпуын аңдыған, қимылын баққан, сыны қашқан кір-ластығын, сынық ине бермейтін сараңдығын сынаған басқа да шумақтары шарға ұстаған қара балтадай болатын. Кезінде соларды ақ қағаздың бетіне табан тірете қойсам ғой, өзекті өкінішімнің өкшесін өртке шалдырмас едім. Ұзын арқан, кең тұсауға салынуымнан соңғы, жайбарақаттықтың жайлылығына жайғасуымнан кейінгі опынуым бұл. Әйтеуір лепес қып, ішімдегі оттың обыр ойран-топырын сыртқа сүйретпелеймін. Өзге лаж таппадым, амал-шарғысызбын. Кешірілмес кемшілігім – жалаңаш жылдамдықпен зымырай зытқан күндерімдегі себепсіз салақтығымның салдары екен. Иә, өмірден озған адамдармен бірге көп нәрсе жоғалатыны қынжылтады.

Кеше «Шалқар» радиосының «Әлқисса» хабарынан дауысыңызды тыңдадым. Қысқаның қиырындағы, ұзынның үйіріндегі әңгімелерді көмейден бал тамыза, нақышына келтіре кестелепсіз. Үш күн пәниде үрдіс қимылдап үлгерген, өзіңізге таспа арқылы үн берген Ғалымжан Есенсариевке ырзаланғаным соншалық, тірі қызық болды, бақилығыңызды ұмытып, қара шаңырағыңызға іздеп бара жаздадым. Үрім-бұтағыңызға, үзеңгілестеріңізге, өкшелестеріңізге майдай жағып, сүйегіне сіңетін майда мақамыңызды мұраға сақтап қалған азаматқа Құдайым сауап жазсын, атыңыздан алғыс айттым.

Білімпаз едіңіз. Америка құрлығындағы мая тайпасы туралы тереңнен қозғап: «Осыдан жиырма-жиырма бес мың жыл бұрын Охот теңізі болмаған, Амур сағасы Сахалин мен Жапон аралдарымен, Камчаткамен тұтасып жатқан. Тіпті ол кездері Чукот, Шығыс Сібір теңіздерінің бірі де жоқ. Яғни Азия мен Американың арасы мыңдаған шақырымға созылған жер мойнағы арқылы жалғасқан» деп, қиянның қиырына қиял қыдыртып, ой жүгіртіп, тарихтың тармақ-тармақ тарауларын, түнектегі түкпірін ақтарғаныңыз әлі қаперімде. Бірде бүркіттің бітіміне байланысты өзім түсінбеген сөзді сұрап ем, бөгелмедіңіз: «Балсірі – сұңқардың үстіңгі тұмсығының түп жағында болатын қалыңдау терілі қатпар». Иә, өзіңіз барда сауалдарым жауапсыз жетімсіремейтін. Білімдарлығыңызбен ешкімнің еңсесін езбейтінсіз. Естігендеріңізді қағазға түртпектемей, жадыңызда жаттықтыратынсыз. Арада қанша кезең өтсе де, әңгіменің бояуын божыратпай, әсерін әлсіретпей қайта баяндайтынсыз.

Қазақ қызықшыл. Мыжыңдарға торқалы тойда тон кигізбесе де, жарыстырған. Қызыл сөзге қақпақ қоймай, еркін сөйлеткен. Тыңдаушылар ауыздарынан суы аға таңырқасқан деседі. Қызық қой, Әдіһам аға, өмірде бәрі де қызық. Сыр суыртпақтап ем, жүзіңіз жылып, жайдарылана жымиып былай дедіңіз: «Ілгеріде күнгейдің мыжыңы теріскейдегі салғыласын діттеп, жазғы шілденің шыжыған ыстығында сапарға шығыпты. Сыбай-салтаң жолаушыны қазіргі Созақ ауданындағы Аққолтықтың тұсында қарсыласы әдеттегіден басқашаланып, өзгеден өзгешеленіп, басына тымақ, үстіне тон киіп, томаға-тұйық күтіп тұрыпты. Жайшылықтағы қақсауықтың қырыстығына түсінбеген күнгейлік сөзуар мәселенің мәнісін меңзеуді өтінсе, анау адам: – Екеуміздің мылжыңдасуымыз қаңтардың қақаған қатты аяздарында да бітпейтінін біліп, әдейі дайындалдым, – депті. Қисықтық, қырсықтық дей алмайсыз. Даңқына тасынған жолаушымыз сапарынан мәз таппасын біліп, шекесіне тиген сөзден беті қайтып, зәресі ұша өз ауылына жалт бұрылып, аттай желіпті. Бүгінгінің мылжыңдарына бұл да сабақ».

– Өмірден озғандардың дамуы, ілгерілеуі тоқтамайды. Өлім өмірді ешқашан жеңген емес. Егер өмірді өлім жеңсе, тіршілік әлдеқашан тоқтар еді. Фәниден бақилыққа көшкен адам ұрпағы арқылы алға жылжиды. Ұлы Абайдың: «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» деуінде мәңгіліктің дәні бар. Әр ұрпақ өніп-өсіп, жеміс береді. Осының бәрін біле тұра, жерленгендердің жетісін, қырқын өткіземіз.

Неге? – дедім бірде.

– Сауалыңның жауабы екі нұсқалы, – дедіңіз. – Алла тағала Адам Атадан бұрын Қалам Атаны жаратыпты деседі. Қалам Ата – періште. Ана құрсағына алғашқы тамшы түсісімен, қырық періште оның алдағы тағдырын қырық күн бойы тынбай жазысады екен. Көретін азабыңыз, рақатыңыз, бақилыққа қай сәтте қандай жағдайда ауысатыныңыздың бәрі де тәптіштеледі. Сол жазулардан пенденің аяғы алысқа түсе алмайды. Марқұмның қырқын өткізу – маңдайына бұйырғанына шүкірлік етудің белгісі шығар.

Екінші нұсқа ғылымға жақын. Қараңғыдан жарыққа шыр етіп шыққан шарананың еті мен сүйегі бір-біріне бірікпеген, бөлек болады. Құдайдың құдіретімен олар жеті күнде өзара кірігеді. Осының құрметіне ұлтымыз жеті санын құрмет тұтып, тойын жеті күнге созып, беретін құдайысын жеті теңгемен мөлшерлеп, қымбат қазынасын 7 цифрымен шектепті. Бақилыққа беттеген адамның жетісін өткізу, оны әу баста саналы етіп жаратқан Жаратушыға ырзалықтың, шүкірліктің шүбәсіздігі.

Мәйіттің ет пен сүйегі қырық күнде бір-бірінен ажырай бастайды да, рух Алласына қайтады.

Бұл – өлім емес, қиындықтардан құтылудың, жер бетіндегі түрлі тәуелділіктен бостандыққа шығудың жалғыз жолы. Қаралы үйдің отбасы мүшелері қайғының құрсауында қалып қоймасын деп, көңілдеріне сүйеу, өздеріне тіреу болу үшін қырықкүндік асына жиналамыз, өлім – мәңгілік өмірдің кіріспесі, қабір – мәңгілікке бастайтын баспалдақ екенін еске саламыз. Марқұмға иман тілейміз. Тілектің де ыстық қуаты барын ұмытпаймыз. Ал, иман – адамзатты Алламен байланыстыратын ерекше құбылыс. Өкінішке қарай, жаһандану мінез-құлқымызды өзгертіп, ғұрпымызды жапырмаққа дінімізге тиісе бастады. Сақтық қажет. Дін көбейсе – халық азғындайды, – деп тоқтадыңыз.

Поэзия – прозаның қозғаушы күші. Анық-қанығы осы. Таланты тас жарған жазушы Мархабат Байғұт бауырымыз бұл пікірімізге ренжімес. «Туғанда дүние есігін ашады өлең» деп жазған біз емес, Абай. Халықтық поэзияның эпостық деңгейге тез өскенін, демократиялық бағытқа тән негізгі ерекшелік өлеңнің еншісінде екенін біледі ол. «Алпамыс», «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», т.б. дастандарымыз ұзақ-ұзақ толғатып, тұңғыш романымызды ХХ жүзжылдықтың ұлы сәскесінде ғана дүниеге әрең әкеліпті. Оған дейін жырауларымыз алыс-алыс жолдағы, асу-асу белдердегі қиыншылықтарымызды көрегендікпен түйсініп, келешек ұрпақтардың алдындағы міндеттерін өлең өрімімен өтепті. Елдің мұң-мұқтажын, арман-тілегін жырлапты. Соның бәрі прозашыларға әдемі әсер етті.

Шымкент педагогикалық институтының екінші курсында көрнекті жазушы Ғабдол Слановпен кездескенбіз. Әдебиетте кімді үлгі тұтатынын сұрағанмын. – «Қызбілек» романының туындыгерін» деп жауап берді. Содан «Қызбілекті» көп іздедім, таппадым. Ғабдол аға сталиндік зобалаңның құрбаны Жүсіпбек Аймауытовты, оның «Ақбілек» романын меңзегенін бертінде кеш түсіндім. Туындыларын салыстырып қарасам, екі қаламгер де қарасөзге поэзиялық қуат дарытып, өлеңдей төгілдіре жазыпты.

Әуелде сіз де өлеңмен әуестеніпсіз. Құны перен прозаңызға көшуіңізге болмашы оқиға белгі беріп, бостан-босқа еңбектенбейтін диқан қарт Қабылдың әңгелегінің ұрықтыққа ұйғарылған шопақтарын шымшық шағып кетуі шаң тастапты. Орыстың беделді ақыны Николай Тихоновтың прозаға бет бұруына қайнатылуға қарсыласа тырбаңдаған тасбақаның жанталасуы желі жүйелепті. Ебептен себеп осы. Біреуді қуартқан, біреуді қуантқан қу тіршілік-ай десеңші. Екеуіңіз де зейінін зең баспаған, оқиғаны ой көзімен тыңдаған, көресіні көрген, бастан өткерген азабы жетіп-артылатын мазасыз майдангерсіздер. Қырсық шалғандардың, бәлеге төтеннен тап болғандардың төзгісіз тағдырына жүрдім-бардым, немқұрайды қарамай, шығармаларыңызда оларды образбен суреттегендеріңіз сондықтан шығар.

Штраус өз тұстастары психологиясының ұңғыл-шұңғылына дейін зейіндеп, әр қалтарысындағы дегбірсіз демінің ыстығына күйіп, суығына тоңып, қиямет-қиындықтарда болашақ туындысының қирағатты дыбыстарын, құйындай құйғытқан бұлың-бұлың бунақтарын банкноттарға немесе кез келген қиындыларға жазып қояды екен. Солары соңыра бүтінделіп, тұтас ұлылыққа ұласыпты. Туындыгер мен тыңдарманның бір-біріне сайма-сайлығын, лайықтылығын қамтамасыз ететін, ілгерілететін осындай із кесулер ғана. Айына үш-төрт ән жазатындардың құлағына салып, әдейі ескерткеніміз артық емес шығар. Ән мен әнші, сахна мәдениеті туралы пікіріңізге құлақ түргенімде, былай дедіңіз: «Ертеректегі бозбала мен бойжеткеннің дәмелі ниетінде назшылдықтың нәрлі дәмі тұратын. Қызға ата-анасы ғана емес, қырық үй тыйым салатын. Ғашықтар бір-бірімен кездесуге апталап, айлап, тіпті жылдап ынтызарланатын. Ыстық ынтықтық жүректерге махаббат мекендететін. Балуан Шолақтың «Ғалиясы», Естайдың «Қорланы», Жаяу Мұсаның «Шәпибаяуы», басқа да халық әндері ынтықтықтан туған таңғажайып тебіреніс-тербелістердің інжу-маржандары. Тыңдаған сайын зауқыңды басып, құмарыңды қандырып, көңіл-күйіңді көтереді. Сегіз қырлы шартарапты шарлайтындарының себебі осында. Халық әндерінің кең тынысты ырғақтары кеңістікке, шетсіз-шексіз даланың таза ауасына қарай қанат қағады. Оларды үй ішінде емес, жайқын жазықта шырқағанымыз жарасатын сияқты.

Замана ағымымен адамдардың өзара қарым-қатынасы өзгерді. Бұрынғылар ұяттан аттауға именсе, бүгінгілердің біразы беттің арын белбеуге түйіп, адамилық қасиетін кірлейтін істерден шімірікпейді. Орағытуға орын жоқ тар орындарда қыз бен жігіт қисынсыз қылықтары үшін қымсынбай, сиырша сілекей жаласуы жігеріңді құм қылады. Солардан шыққан немесе соларға арналған әндер де сиырдың жорғасындай жорықсыз, лоқылдақ, селкілдек. Ән мәтіндері азыңқы, жүдеңкі, солыңқы. Қалай түзелеміз? Қалай түзетеміз?

Самарқанда Әмір Темірдің нақсүйері Бибіханымның атымен аталатын медресе бар-тұғын. Сұлулығы асқан кербез қатын албыраған алқымынан бас сәулетшіге бір өптіргенінің қайтарымына салынған құрылыс деседі. Өнер тудыратын қозғаушы күшке осындай нұрлы қуат қажет. Өңін алдырмайтын өндір туындылар жаратылуы үшін қыздың қылаусыз қылығы, әйелдің әдемі әдебі керек-ақ. «Мұңлық-Зарлық» дастанында «Саясы жоқ дараққа бұлбұл қонбас» делінетін.

Жұрт тірліктегі түрлі-түрлі шарттылықтардан шаршағандықтан, жеңіл-желпілікке, арзан ойын-күлкіге әуес. Онысы пайымдауға пайда емес, емес те емес. Әр нәрсенің шегі болғаны жөн. Ақылман Абай «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбатты» еріккеннен жазды деймісің. Көрермен мен тыңдарманды жалықтырмайтын, ойына салмақ қосатын орындаушыларға сүйсінеміз. Ал, жақсылықты көбейтуге, көркейтуге жұмсалмаған, не болса ол болсын, әйтеуір пұл болсынға жегілген өнер өледі. Сенің Штраус жайында айтқандарың өнерліге терең тәлім. Қазақша бағаласақ, іздегенге – сұраған». Ойыңыздың ұшығына шыға алмай, үн жоқ, түн жоқ, түйіле ұзақ түнердіңіз. Мақтанның құлына айналған құмжіліктілерді елестетіп, етім қызып қайтқанмын сол жолы.

Сіздің шығармаларыңыз да алдымен ақ қағазға емес, жадыңызға жазылыпты. Қазақы тәрбиеміз жұқара-жұқара жұқанасы қалған өткен ғасырдың төртінші ширегінде жұрағатыңызды жорықсыздықтан абайлатқан «Кейуана мен келін» әңгімеңіз жарияланды. Алыстан арып-ашып, шөлдеп жеткен жолаушыларға: – Үйде су жоқ еді, – деген кезінде кейуананың айтқанын қазір ойша оқып отырмын: «Ата көрмеген дейін десем – атаң бар, ана көрмеген дейін десем – анаң бар. Құдай қай жағынан ұрды сені? Абыройың бар екен, әйтеуір. Егер мен сыртта отырмағанда, меймандар сол бетімен аттың басын бұрып кетіп қалғанда, су бермейтін ауыл атанатын едік... Ауылды алғаш көрген, белдеуімізге ат басын бірінші рет тіреген жолаушы су сұрап іше алмағанда, бұл өтеннің моладан несі артық? Сенің көргенсіздігіңнің ұяты бүкіл ауылға келетінін неге ойламадың? Бір ауылды су бермейтін пес атандыруға қандай ақың бар? Жасы білмесе, үлкені бар емес пе? – деп, өлеріміздің шағында бізге кінәрат арқалататындай ала алмай жүрген өшің бар ма еді?» ...Кемпір келіншекті сөзбен төпеп, тықсыра жеп барады... Келіншек одан әрі тыңдай беруге шыдай алмады ма, бір мезгілде: – Кешіре көріңіз, әжетай, менен бір білместік өтті, – деп орнынан тұра жөнелді. Екі шелекті иінағашпен иығына салып, оқтын-оқтын көз жасын сүрткілеп бара жатқан келіншекке тесіктен есіркей қарап мен жаттым. Содан бері қырық жылдай уақыт өтті. Қаратау жонының күнгейінде қасиетті әженің қабақтан құйып берген ашытқан арпа көжесінің дәмі, келінге айтқан сөздері әлі күнге есімнен кетер емес». Ұлттық мінезіміздің байыптылығы, салауаттылығы осы үзіндіде ғана емес, сіздің барлық шығармаларыңызда менмұндалайды. Барлық туындыңыз оқитын көз таңдайды.

Сіз көпшіліктің алдына ең соңғы рет 93 жасқа толған шағыңызда, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ұжымы ұйымдастырған «Жақсылар, дастан айтайын» байқауына қатысушыларға бата беруге шықтыңыз. «Жаратқан ием, сауат берсең – салауатын қоса бер, байлық берсең – қанағатын қоса бер, билік берсең – парасатын қоса бер, бақ-дәулет берсең – елге тиер шарапатын қоса бер!

Күндерің күлімдеп шығып, таңдарың арайлап атсын, осы өнегелі істерің бүкіл қазақ даласына үлгі болып таралып жатсын!» деп бет сипадыңыз. Батаңыздың қабыл болғаны ғой деймін, бүгінде облыс әкімдері, министрлер де дастандардан үзінді оқи бастады. Дуалы ауыз екенсіз.

Нармахан БЕГАЛЫҰЛЫ, 

Константин Симонов атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың иегері.

ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН

Жаңалықтар

Әлеуметтік желіде қазақстандық трансгендердің соққыға жығылған видеосы  тарады, деп хабарлайды...

Жаңалықтар

Өскемен қаласының 27 жастағы тұрғыны ірі көлемдегі алаяқтықтың құрбаны болып, полицияға жүгінді, деп...