(Қарлығаш Қабай поэзиясындағы иірім)Қарлығаш Қабай – оның өлеңдерін оқыған сәтте: есіме жалғыз...
Набоковтың Лолитасы Далидің Дуллитасы ма?
Лолита! Лолита! Лолита! 1955 жылы Владимир Набоков атақты «Лолитасын» баспаханадан шығарған кезде, Гумберт Гумберттің өгей қызына деген азғындығы туралы әңгіме көзі қарақты оқырман қауымды есеңгіретіп тастағаны рас.
«Лолита, өмірімнің нұры, жұлдызкөзімнің оты. О, менің батпандай ауыр күнәм, жаным менің. Ло-ли-та» деп басталатын осы бір шығарманы оқып отырған адамның басым көпшілігі «Мұндай тақырыпта жазу үшін Набоковқа не ықпал еткен екен?» деп ойланатыны белгілі. Әрине, ештеңе ықпал етпеуі де мүмкін, ықпал етуі де мүмкін. Сол сынды Лолитаны алғаш жазған адам болмауы да мүмкін, құрметті оқырман. Сонда кім жазды дейсіз бе? Жауап: Сальвадор Дали.
1931 жылы Дали «Reverie: An Erotic Daydream» деп аталатын туындысын жарыққа шығарады. Қарт кісінің жас жеткіншекке деген құштарлығы туралы шығарма. Набоковтың Лолитасынан ерекшелігі Далидің басты кейіпкері - профессор емес, суретші және ол суретші Лолита есімді қыздың орнына қиялындағы Дуллитадан басқа ешкімді көрмейді. Бары осы ғана. Қос шығармадағы ерекшелік пен өзгешеліктер легі осымен тәмамдалады, құрметті оқырман.
Бір қызығы Набоков та оқырман қауымға білдірместей қылып, Далиның Дуллитасына сілтеме жасап кеткендей. Бәлкім, Далиге деген ыстық ықыласын осылай білдірді ме екен, кім білсін?
Набоковтың шығармасында Лолита Гумберт Гумбертке жартылай суға батқан мүсіннің қасында түсірілген сюрреалист суретшінің суретін көрсетеді. Бірақ оның есімі аталмайды. Далидің өмірі мен шығармасын зерттеушілер араға жылдар салып, Life журналында атақты суретшінің Лолита көрсеткен «жартылай суға батқан мүсіннің қасында түсірілген» суретін табады.
Әрине, Набоковтың атақты «Лолитасын» көшірме деуден аулақпыз. Алайда бұл жай ғана кездейсоқтық деу керек пе, әлде расында Дали Набоковқа ықпал еткен бе, оны таразылау сіздің еншіңізде, құрметті оқырман.