Жолдау жауапкершілік жүгін еселей түсті – генерал Бекайдар Қазкеев

Дереккөзден

Жолдау жолы
236

2 қыркүйек күні Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті халыққа Жолдауын жария етті. Жолдауда әскердегі тәртіп мәселесі де сөз болған еді. Сондықтан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Бекайдар Қазкеевті сөзге тартып көрдік.

 - Бекайдар Маратұлы, Жолдауды «Батыс» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы да тыңдаған болар. Жолдаудан қандай ой түйдіңіздер?

 - Мемлекет басшысының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы дәстүрге айналып отыр. Мұны біздің де сарбаздар мен сардарлар тыңдады. Шынында да жыл сайын Мемлекет басшысы баршамызға нақты міндеттер мен тапсырмалар жүктейді. Бұл жолы да қазақ елінің Жолдауды үлкен үмітпен күткені рас. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылғы жолдауы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталды. Жолдауда Қазақстанның жаңа дәуірдегі даму жолдары айқындалуы тиіс еді. Солай болды да! Мемлекет басшысының осы жолғы жолдауындағы жаңа экономикалық бағыттарының мазмұны мен сипаты көптің көңілінен шықты деп ойлаймын.

- Жолдауда айтылған қандай мәселе сіздің көкейіңізде жүрген оймен ұштасты?

- Президентіміз өз жолдауында кейінгі бес жылда елімізде ауқымды реформалар жасалынғанын және қазақ халқы жаңа саяси жағдайда өмір сүріп жатқанын, еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгергені жөнінде тілге тиек етті.    Жолдаудағы негізгі бастамаларының басым бағытында ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесілімсіздікті жою, инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайларды жасау, еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану, инфрақұрлымға қатысты өзекті мәселелерді шешу, еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп жақсарту, ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алу, экологиялық ахуалды жақсарту, мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыру, қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру секілді ел тағдыры үшін маңызды мәселелер айтылды.

- Десе де сіздер үшін тағы бір маңызды мәселе бар. Ол – Мемлекет басшысы айтқандай, әскердегі тәртіп жайы...

- Әлбетте! Мен үшін осы жылғы Жолдау – ел дамуындағы негізгі бағыттарды айқындап бергендей. Әрине, Жолдауда саяси, экономикалық, әлеуметтік тараппен қатар әскер қатарындағы заң мен тәртіптің сақталуына да көңіл бөлді. Мемлкет басшысы өз сөзінде: «Әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы айрықша маңызды міндет. Жастар әскерге Оан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуы тиіс. Қарулы күштер, басқа да күштік құрылымдар осы  талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылығы жауапты» деді. Бәрі де тайға таңба басқандай анық айтылды. Бұл сөздер біздегі жауапкершілікті одан сайын күшейте түседі.

- Президент тапсырмасы бойынша нақты қандай шаралар қолданылады?

- Осы орайда біздің  Қазақстан Республикасының Ұлттық ұлан әскерлерінің алдында зор міндеттер тұр. Ең бастысы мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың конституциялық құқығын қорғау, қала көшелеріндегі заң мен тәртіпті сақтау жолында жауынгерлік әзірлікті одан әрі күшейте түсуіміз қажет. Ол үшін Ұлттық ұлан әскерлерінің әр әскери қызметшісі өзінің жеке жауапкершілігін арттырып, кәсіби шеберлігін пысықтап, әскери  өмірде заң мен тәртіпті қатаң сақтауды естен шығармағаны жөн.

Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ

Жаңалықтар

Алматы – Өскемен тас жолының 42-шақырымында патрульдік полиция қызметкері жол-көлік оқиғасы са...

Жаңалықтар

Қазақстанда кибералаяқтықтың жаңа түрі пайда болды, деп хабарлайды madeniportal.kz Еуразия...