Париж Олимпиадасында бүгін татамиге шыққан қазақстандық Елдос Сметов жарысты жеңіспен бастады, деп х...
ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ БАТЫС ҚАЗАҚСТАНҒА БАРДЫ
Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев БҚО-ға сапар жасады. Сапар аясында ол «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауларының, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы», сондай-ақ мемлекеттік және салалық бағдарламалардың бұл өңірде іске асырылу барысымен танысты.
Үкімет басшысы өңірдің ірі өнеркәсіптік нысандарын аралады. Ол ең алдымен, әлемдегі «супергиганттар» қатарында саналатын, 280 шаршы шақырымнан астам аумақты алып жатқан «Қарашығанақ» мұнай-газ кен орнына ат басын бұрды. «Қарашығанақ» Қазақстандағы барлық газ өндірудің шамамен, 45 пайызын және сұйық көмірсутектердің жалпы өндірісінің 16 пайызын бір өзі беріп отыр.
Мұнда Премьер-министрге көмірсутек өндірісінің технологиялық үдерісі паш етілді. Кен орнын игеруші «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В» компаниясының бас директоры Эдвин Блом кәсіпорынның негізгі нәтижелері туралы баяндады. «Қарашығанақтың» қоры 12 млрд баррель сұйық көмірсутек пен 57 трлн текше фут газды құрайды. Олардың шамамен 11 пайызы бүгінге дейін өндірілді. Э.Блом игерудің 21-жылында Қарашығанақ республика бойынша саладағы барлық өнеркәсіптік көрсеткіштің 42 пайызын жалғыз өзі қамтамасыз еткенін, ал бұл кенорнын одан ары игерудің үлкен келешегі барын дәлелдейтінін айтты.
– Біздің экологиялық көрсеткіштеріміз әлемдік деңгейге сай келеді. Экологиялық қауіпсіздіктің өте қатаң стандарттары тек өндірісте ғана емес, одан да кең ауқымда сақталуда. Екінші жыл қатарынан біз Оралда экологиялық форум ұйымдастырдық, экологиялық қауіпсіздікті арттыру мәселелерін талқылау үшін оған ҚПО қызметкерлерін ғана емес, мердігерлерді де шақырамыз. Өйткені бүгінде көрсеткіштер жақсы болғанымен, алда олар жеткілікті түрде жақсы болмауы мүмкін. Қоршаған орта өзгеріп жатыр, – деді Эдвин Блом.
Бұдан өзге, Бақытжан Сағынтаевқа «Қарашығанақ» кен орнын пайдалануды кеңейтуге және қолдану мерзімін ұзартуға арналған қондырғылардың жұмысы туралы толығырақ баяндалды. Қазір оның мұнайы негізінен Қара теңіздегі «Оңтүстік Озереев» портына апаратын КТК құбыр желісі арқылы экспортталады. Мұнайды сатудың тағы бір бағыты – ресейлік «Транснефть» компаниясының көлік жүйесімен байланысатын «Атырау – Самара» құбыры болып отыр, ол Приморск портына және бірқатар еуропалық бағыттарға қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Кәсіпорынды технологиялық жаңғырту және Индустрия 4.0 элементтерін енгізу туралы айта келе, ҚПО бас директоры консорциум акционерлерінің «Қарашығанақ» кен орнын игеруге 23 млрд доллардан астам инвестиция салғанын хабарлады. Кен орнын игеру кезінде ең озық технологиялар пайдаланылатын көрінеді. Бұл жоғарғы экономикалық кіріс ала отырып, жер қойнауын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Жалпы, ҚПО басшылығы технологиялық жабдықтарды ұстап тұру ісіне одан ары инвестиция салуға ниетті.
– Ел Президенті үндеген цифрландыру жоспарлары қазіргі кезде үлкен құлшыныс тудырады. Қауіпсіздік, экологиялық жауапкершілік, адам капиталы және басқа да мәселелерді қамтитын бірқатар бастамаларды көріп отырмыз. ҚПО – онсыз да жоғары технологиялық кәсіпорын. Дегенмен цифрландыру – бұл аса қарқынды дамушы инновациялар, сондықтан да жергілікті қызметкерлерді үнемі дамытып отыру керек, – деген Э.Блом жергілікті тауар өндірушілерді қолдау да ҚПО-ның негізгі басымдықтарының бірі екенін жеткізді.
Алынған шикізаттың жаһандық нарыққа сол күйде кетпей, өзімізде өңделгені маңызды. Осы орайда мұнай мен газ өңдеудің технологиялық тізбегі қалай жалғасын табатынын Бақытжан Сағынтаев «Конденсат» АҚ зауытында тамашалады. Мұнда Мемлекет басшысының қатысуымен өткен телекөпір аясында K5 экологиялық санатындағы бензин шығару жолға қойылғантын.
«Конденсат» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы В.Жүнісов зауытты жаңғырту жұмыстары, сондай-ақ өндірісті автоматтандыру және цифрландыру бойынша қабылданған шаралар туралы айтып берді. 2017 жылы зауыт қуаттылығын жылына 850 мың тоннаға дейін арттыра отырып, жаңғыртылды. Бұған қоса, 2018 жылдың маусым айында дизель отынын K5 экологиялық санатына дейін гидротазартатын қондырғы іске қосылды. Жалпы, зауытты реконструкциялауға барлығы 200 млн доллардан астам инвестициялар салынған.
Жаңғырту жұмыстары еліміздің ішкі нарығындағы мотор отындарының тапшылығын жабуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ бюджетке акциздер мен басқа да салық төлемдерінің түсімін ұлғайтыпты. Зауыт жоғары білікті жұмыс орындарын аша отырып, облыстың мыңнан астам тұрғынына, яғни кәсіпорын қызметкерлері мен олардың отбасыларына лайықты табыс әкеледі. Жаңа бензин қондырғылары қолданысқа берілген сәттен бастап, K5 жоғары экологиялық санатында 80 мың тоннадан астам бензин шығарылды. Осы кезеңде облыстық бюджетке шамамен, 1 млрд теңге акциз салығы төленді.
Зауытта өндірілетін жоғары октанды бензин мен дизель отыны БҚО-да ғана емес, жақын маңдағы облыстарда да сатылады. Бұдан өзге, шығарылған өнімнің жартысы шетелге экспортталады. Мәселен, вакуумдық газойл Беларусьқа өткізіледі, ал гудрон Ресейге тасылады.
Батыс Қазақстан облысы еліміз үшін өнеркәсіптік маңыз бен мәнге ие. Өңірде мұнай-газ өндіру, мұнай өнімдерін өңдеу, машина жасау, металлургия, қорғаныс, тау-кен өнеркәсібі, тігін және азық-түлік өнеркәсібі кәсіпорындары бар. 2018 жылдың қаңтар-маусым айларында өнеркәсіптік өндіріс көлемі мұнда 1 трлн 184,6 млрд теңгені құрады. Индустрияландыру картасы аясында 2018 жылы 7 млрд теңге тұратын, 262 жұмыс орнын құратын 7 жоба іске асырылуда.
Сондай-ақ жұмыс сапары барысында Б.Сағынтаев бірқатар өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын аралап, облыс активтерімен және бизнес өкілдерімен жобалық басқару мәселелері жөнінде кездесу өткізді. Сонымен қатар Орал – Тасқала – Ресей шекарасы Озинки және Қазталов – Жәнібек – Бөкей ордасы автожолдарының құрылыс барысын тексерді. Бұл бағыттар аудан орталықтарының облыс орталығымен қатынасын дамытады.
Премьер-министр Қазталов, Жәнібек және Бөкей орда аудандарының өкілдерімен бірге «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру барысын, сондай-ақ Елбасы Жолдауларын орындау аясында жергілікті жол желілерінің жағдайын жақсартудың, автожолдарды толыққанды жаңғыртудың өзекті мәселелерін талқылады.
Облыстағы автожолдарды жөндеу үшін 2014-2017 жылдары 24,9 млрд теңге бөлінген. Оған 453 шақырым жол жөнделген, облыс орталығы Қаратөбе, Шыңғырлау және Жаңақала аудан орталықтарымен қосылған. Өңірдегі бірқатар аудандарда ауданішілік жөндеу жұмыстары да жүргізілген, Бөрлі және Сырым аудандарының орталықтары өзара байланыстырылған.
Елбасы биыл БҚО-ға жасаған сапары аясында жергілікті жолдардың жай-күйін түбегейлі жақсарту үшін қосымша қаражат бөлуді тапсырған болатын. Нәтижесінде, 23,9 млрд теңге бөлінді, оның 11 млрд теңгесі – Тасқала ауданына, 1,7 млрд теңгесі Қазталов ауданына бағытталды. Кездесу барысында бөлінген қаражат есебінен Орал – Саратов бағытындағы жолдың қайта жөнделуі де аяқталатыны айтылды. Осының арқасында жолға жұмсалатын уақыттың 1,5 есеге қысқаруына орай, Қазақстан мен Ресейдің шекара маңындағы өңірлерінің экономикалық белсенділігі де артады деп күтілуде. Енді алдағы 3 жылда республикалық бюджеттен 36 млрд теңге көлемінде трансферттер арна тартып, оған 700 шақырымнан астам автожол жөнделмек.
Үкімет басшысы бұдан бөлек «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысының барысын тексеру және «7 – 20 – 25» бағдарламасының іске асырылу барысымен танысу үшін Зашаған (Зачаганск) кентіне аттанды. Б.Сағынтаев мамандандырылған «Халыққа қызмет көрсету орталығында» мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру процесімен және «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының өңірлік жобаларының іске асырылуымен танысты.
Премьер-министрдің жұмыс сапары облыс активімен және бизнес өкілдерінің кеңесімен аяқталды. Онда жобалық басқару мәселелері талқыланып, осы жылдың 6 айындағы жұмыстардың қорытындылары шығарылды. Сондай-ақ Президент Жолдауларында, бес әлеуметтік бастамасында берілген міндеттерді одан ары шешуге қатысты жоспарлар қаралды.
Айхан ШӘРІП