Фермерлер қауымдастығы Мемлекет басшысына үндеу жолдады, деп хабарлайды madeniportal.kz sfk.kz-ке сі...
Жетісу облысының тұрғыны әкімді “зорламақ болды” деген айыппен сотқа берді
Фото: Мадина Қанатқызы
«Ауыл әкімі түн жарымында терезеден үйге кіріп, зорламақ болды». Осылай деп әділдік іздеген Жетісу облысының тұрғыны әкіммен соттасып жатыр, деп хабарлайды madeniportal.kz Алматы арнасына сілтеме жасап.
Әсем Бөкенова «сол күнді есіме алсам қорқыныштан әлі күнге дейін қол-аяғым дірілдейді» дейді. Күйеуі үйде болмаған. Әйелдің айтуынша, балаларының жанында қаперсіз ұйықтап жатқанда түн ортасында ауыл әкімі терезеден ішке кірген. Шырт ұйқыдан шошып оянған ол жарықты жағып үлгергенін айтты. Ал арам ойы іске аспаған әкім түк болмағандай, есіктен сыртқа шығып кеткен.
«Халықтың алдына шыққаным маған да оңай болып тұрған жоқ. Төрт бала асырап отырмын. Үйде әпкемнің 17 жастағы қызы бар. Егер мен болмасам қызға тиісер ме еді? Қандай жағдай болса да намысымды қорғап шығуға тырысамын. Түн ішінде тереземнен кіретіндей олар кім еді? Әкіммін деп қол астындағы адамды басыну керек пе?», – деді жәбірленуші Әсем Бөкенова.
Ал әйелдің бұл шағымымен Ақсу ауылдық округінің әкімі мүлде келіспейді. «Айтылғанның бәрі жала» деген ол аталған әңгімені өзін қызметтен кетіру үшін әлдекімдердің жасап отырған қитұрқы әрекетіне балады.
«Мемлекеттік қызметкер үйінде дүкені бар. Түнімен істейді. Жанымда әйелім және досым бар, дүкенге барғанымыз рас. Есігін ашпады, дүкен жабық болғандықтан қайтып кеттік. Егер сұмдық жағдай болса, не себепті сол кезде полицияға хабарласпайды? Ертеңінде түстен кейін шағым айтқан», – деді Ақсу ауылдық округінің әкімі Ілияс Райымқұлов.
Түнде дүкеннен сусын мен шемішке алуға бардым деп ақталған әкімнің ісі аудандық сотта қаралып жатыр. Ол үйге заңсыз кірді деп айыпталуда. Ал жәбірленуші тарап фактінің мұндай баппен қаралып жатқанына келіспейді, сондықтан құзырлы орган әділетті шешім шығаратынына күмәнмен қарайды.
Айта кетейік, алғашқы сот отырысы 24 қыркүйекке белгіленген.