«Тонап кеткен»: Қайрат Нұртасты елге танытқан «Арман» әнінің авторы құпияның бетін ашты

Қайрат Нұртастың инстаграм парақшасынан

Жаңалықтар
980

Отандық эстраданың жарық жұлдызы Қайрат Нұртасты қалың тыңдарманына танытқан алғашқы хит – "Арман" әні еді. Кезінде талай ғашықтың гимніне айналған туынды әлі күнге дейін елдің есінде. Ал аталмыш әннің шығу тарихы туралы автор қандай құпияның бетін ашты? Бұрын ел естімеген ақпаратты композитор Бауыржан Есебаев KAZ.NUR.KZ тілшісіне айтып берді.

"Жалған, құшағыңды маған жая тұр...", - деген өлең жолдарына өрілген әуен кезінде талай хит шерулердің көшін бастаған еді. Мәтініне зер салсақ, ғашықтықтан құса болған жігіттің мұңы сезіледі. Ал Қайрат Нұртастың атын әйгілі қылған дәл осы "Арман" әнінің сөзі мен сазын жазған композитор – Бауыржан Есебаев. Автор бұл туындыны жазған кездегі ауыр күйзелісті бастан өткеріп жүрген сәтін есіне алды.

"Арман" әнін 2004 жылы ҚазҰУ-да аспирантурада оқып жүрген кезде жазған едім. Ол кезде бойдақпын. Сол 2004 жылдары мен өте қатты қиналып, өмірден бір орнымды таппай, рухани күйзелісте жүрген кезім. Алматыға алғаш келген жылдар, баспана жоқ, жұмыс істейін десем, тұрақты жұмыс жоқ. Бұл ән сол ішкі жан-дүниемдегі күйзелістің көрінісі десем болатын шығар", – дейді Бауыржан Есебаев.

Автордың айтуынша, алғашқыда бұл әнді Қайрат Нұртас орындайды деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Өйткені ол кезде хитмен әлі танылмаған жас әнші еді.

"Осы әнді жазып шықтым да, Нұржасар деген әнші ініме бердім. Ол гитарамен ойнап жүрді. Күндердің күнінде Оралхан Сәдуақасов деген ән өңдеушіге апарған, ол кісі бұл әнді түсінбеген, басқа ән әкелуді өтінген. Бірақ бұл "Арман" әнінде бір сыр жатқанын сезіп тұрмын. Сонымен "Арман" әнін Ұлықпан Жолдасовқа бердім. "Ағатай, осы әнді сіз орындайсыз ба?" дедім. Ол кезде Ұлықпан аға әншілікпен танылып жатқан кезі еді. Ол кісі риза болып, өзі орындайтынын айтты. Бір күні Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира әпке маған хабарласты. "Бауыржан, сізде "Арман" деген ән бар екен, соны бізге берсеңіз. Нұржасар деген әнші ініңіз біздің Қайратпен бірге оқиды" деді. Нұржасар деген інім Қайратқа гитарамен орындап берген, ол ұнатып қалған. Эстрада-цирк колледжінде студенттер де айтып жүреді екен. Мен ол әнді Ұлықпан Жолдасов ағамызға бергенімді айттым. Кейін Гүлзира Айдарбекова Ұлықпан Жолдасовтан сол әнді сұрап алыпты", – дейді автор.

Өзінің авторлық әнін жас әнші Қайрат Нұртас емес, танымал эстрада жұлдызы Ұлықпан Жолдасовтың орындағанын қалаған композитор бірден Ұлықпан ағасына хабарласады. Алайда ол кісі студиясын өзге біреулер тонап кеткенін айтып, "Арман" әнін орындауға қатты құлқы жоқ екенін жеткізіпті. Осылайша бұл туынды Қайрат Нұртасқа бұйырған көрінеді. Дәл осы сәттен бастап Бауыржан Есебаев пен Қайрат Нұртас арасында нағыз шығармашылық байланыс басталады...

"Сол "Арман" әнін орындағаннан кейін мен Қайрат Нұртасты Нұрлан Өнербаев ағамызға алып бардым. "Аға, осындай бір әніміз бар, "Ән мен әнші" бағдарламасына шығайық деп едік. Сіз сол "Ән мен әншінің" концертіне бізді кіргізіп беріңізші" дедім. Нұрлан аға әнді тыңдап, ұнатты да "Ән мен әнші" жобасының продюсеріне жіберді, олар рұқсат берді. Сол өңкей қазақ өнерінің мықты әншілері қатысқан концертте жалғыз 16 жастағы Қайрат Нұртас ән шырқады. Сол сәттен бастап "Арман" әні хит болды. Қайраттың алғашқы қадамдарының бәріне ат салыстым ғой", – дейді композитор.

Айта кетейік, кезінде бозбала Қайрат Нұртастың атағын аспандатқан клипке әншінің жұбайы Жұлдыз Әбдікәрімова басты кейіпкер ретінде түскен еді.

Жаңалықтар

Павлодар облысының полиция департаменті белгісіз адамдардың банк қабырғасын бұзып кіргенін мәлімдеді...

Жаңалықтар

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының мәліметінше, ауыр салдарға алып келге...