Сәкен Сейфуллин «Өткен күндер»

Жеке мұрағатынан

XX ҒАСЫР ӘДЕБИЕТІ
469

Қазіргі қазақ әдебиетінің негізін құраушы, ақын және жазушы, қоғам, мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллинге биыл 130 жыл. Сол себепті, дәл осы мерейтой аясында  Сәкеннің ең алғаш 1914 жылы басылып шыққан кітабы «Өткен күндер» жайлы мәлімет беріп, оқырмандардың назарына ұсынғымыз келеді. 

Сәкеннің ақындыққа алғаш бой ұруының негізі – қазақ халқының теңіздей мол поэзясын тыңдап өсуі еді. Себебі Сәкен өзінің естеліктерінде ақындық қырының дамуына өзі өскен ортаның ақын-жыршылары, әншілері әсер еткенің былай түсіндіреді: «Біздің өзіміздің ауылда да, отбасында да әңгіме, ертек, өлең сабақтары үзілмей айтылатын еді. Әсіресе, күздің, қыстың ұзақ кештерінде тау араларынан ұйытқи соққан ызыңдаған желді түнді жамылған ауылдың отбасы әңгімесіз, ертексіз, домбырасыз болмайды, өлең де айтылады. Біздің әкей аңшы еді. Ал аңшы адам кешке отбасында отырғанда әңгімеші, ертекші болады. Кейде елде ойындар жасалып, айтыстар болады». Кейбір деректер бойынша Сәкен Сейфуллиннің өлең жаза бастауы 1910 жылдардан басталады. Себебі 1913 жылы Омбыдағы мұғалімдер семинариясына оқуға түскенде дейін, Сәкен бірқатар өлеңдер жазғаны белгілі. Семинарияда оқып жүргенде де өлең жазуын тастамады. 1913 жылы Омбыдағы Сәкен бастаған қазақ жастары «Бірлік» атты мәдени-ағарту ұйым құрады. Оның басқару жұмысына Сәкен және Ш.Әлжанов белсене қатысады. Сәкен бұл ұйымның мақсатын былай түсіндіреді: «Біздің программамыз және көздеген мақсатымыз қазақ арасына мәдени-ағарту жұмысын жүргізіп, қазақ әдебиеті арқылы патша үкіметінің қысымшылдығына қарсы идея тарату еді». Осы мақсатты іске асыру үшін небәрі 20 жасында 1914 жылы Қазан қаласында ағайынды Каримовтардың баспаханасынан «Өткен күндер» атты өлеңдер жинағын бастырып шығарды. Кітаптың мұқабасында бастырушы «Қазақ жастары» екендігі көрсетілген. Бұл кітаптың алғы сөзінде былай делінген: «Әдебиет деген тілге қанша жеңіл болса, оның тууы, өсуі һәм өнуі сонша қиын. Қай білімді халықты алсаңыз да бәрінің әдебиеті жүре – жүре түзелген. Жалғыз-ақ парқы (айырмасы) сол – қайсыбіреулерінде шапшаңырақ түзелген, қайсыбіреулерінде – шабанырақ. Ол себеп, әрине, әдебиеттен емес, халықтың өзінен. Халық арасында әдебиет қолдаған неғұрлым көп болса, солғұрлым әдебиет аяғын шапшаңырақ баспақ, қолдамақ (көтермек). Екі түрлі жазу һәм бастыру – бұл екеуі бір жерден табыла бермейді. Жазушы болса да, болмай, жазылған кітаптар отқа да жағылатын уақыттары болады. Жалғыз онымен тұрмай, жазушы екпіні қайтып, өнері өліп қала береді. Міне, осындай істі есімізге алып, - біз қазақ жастары жолдасымыз С.С. мырзаның бұл кітабын бастырып отырмыз. Мақсатымыз оны сатып баю емес, осындай талапкерлердің өнері жерде қалмауы үшін, өсуі үшін һәм қазақ әдебиетінің ұлғаюы үшін. Бірақ бұл кітаппен ұлғаяды деген сөз деп түсіну жарамайды. «Көп түкірсе, көл», «Тесік моншақ жерде қалмас» дегенді алдыңызға ұсынамыз». Сонымен бұл кітапты шығарудағы ең маңызды мақсаты қазақ әдебиеті арқылы патша үкіметнің қысымшылығына қарсы идея тарату болса, екіншіден ұлттық әдебиетімізді өркендету болаты. «Өткен күндер» жинағына енген өлеңдері сол кездегі қазақ өмірінен сөз етеді. Бұл жинақта ақын өлеңдері жастық, шәкірттік өмірін, туған жерге деген сағынышын сипаттаумен қатар, патша үкіметінің отаршылық қысымына, қазақ байларынының кертартпа мінез-құлықтарына қарсы шығады. Сәкеннің төңкеріске дейінгі жазған өлеңдері С.Торайғыров, С.Дөнентаев, С.Көбеев, М.Сералин сияқты демократ ақын-жазушылардың шығармашылығымен үндеседі. Бұл жинаққа барлығы 17 өлең кірген. Жинақтағы өлеңдерді тақырыбы бойынша осылай бөлуге болады:

1. Қазақ халқының тағдыры туралы сипаттаған өлеңдері: «Түс», «Кім басшы аға халыққа?».

Ақынның бұл өлеңдерінен халықтың жағдайы қынжылтқаны көрінеді. Ол надандық пен ескі әдет-ғұрып заңдарына налиды. Ел қамын ойламайтын билеушілердің  орнына халықты болашаққа сүйрейтін жастар келгенің қалайды:

«Көк шыбықтар көбейсе тал боп жетіп,

Көркейер сонда бақша, қайғы кетіп.

Я, Алла! Жеткіз сорлы жастарды!» — деп

Тіледім, шыбықтардан үміт етіп. (Түс өлеңі)

Жастарды оқу-білімге, мәдениет үйренуге шақырған өлеңдері: «Надан бай», «Оқымаған қазақ», «Қазақ сабағы», «Інішегіме».

Сәкеннің ағартушылық бағыттағы өлеңдері жастарды оқуға, білімге шақырады. Өлеңдерінде қазақтардың қазіргі жайы оны алаңдататының және де халықтың келешегі жастардың қолында екенің үгіт арқылы жеткізеді:

Ойынды қой, оқы, інішегім, алға бас!

Жарқыратып ақ нұрменен көңілді аш.

Балалыққа жас миыңды алдатпа,

Ғылым үйрен, нұрға толсын кеудең жас. (Інішегіме өлеңі)

3. Туған елдің, жердің, табиғатын суреттеген өлеңдері: «Туған ел», «Нұра», «Жайлауға көшу», «Жайлауда қымыз ішу», «Айт күні».

Бұл өлеңдерінде ескі қазақ ауылының тұрмысын суреттейді. Көшпелі тіршілік кезіңдегі ауылдың тұрмысын, адамдардың қимыл-әрекеттерін, елдің көшуін, табиғатты бейнелейді:

Кәрі жастар жүген алып жүгірер,

Жылқы келіп, ат ұстауға шуласып.

Аттарын ерттеп жүк артқанша ел арты,

Алды кетер шұбатылып бел асып.

Өз өзімен әлек болар кей жастар (Жайлауға көшу өлеңі).

4. Абайдың ақындық стилімен махаббат тақырыбында жазылған өлеңдері: «Кетпейтін естен ғашық жар», «...ға», «Сағыну», «Қоштасқан жер».

Бұл өлеңдерінде ғашығына деген адал махаббатын, шын сезімдердін суреттейді. «Кетпейтін естен ғашық жар» өлеңін оқыған кезде Абайдың «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас» өлеңімен бір сарында жазылғаны көрінеді. Ал Сәкеннің «Ақын» өлеңінде берілген шумақтар арқылы Абайға арналғаның көре аламыз (Абайдың аты аталмаған):

Сөзіңнің қарап тұрсам мағынасы мол,

Бастаушы адасқанды болғандай жол.

Өзге сөздің патшасы — сенің сөзің,

Я бар бол бұл дүниеде, яки жоқ бол.

Өлсең де мың жыл бұрын сенің өзің,

Тозбайтын алтын үлгі қалған сөзін.

Сыңар жақ пікір қисық тоң мойынды

Түзеуге үміт етіп құрған тезің. (Ақын өлеңі)

Осылайша Сәкен Сейфуллин ең алғашқы жинағы «Өткен күндер» арқылы өзінің қазақ халқының тағдыр үшін жаны ашитын, халықты, әсіресе жастарды оқу-білімге шақырған ағартушы, демократ ақын ретінде танытты. «Өткен күндер» жинағы Сәкен Сейфуллиннің шығармашылық жолының бастамасы болып табылады. Бұл жинақ қазақ әдебиетінде жаңа үрдістер мен стильдердің қалыптасуына ықпал етіп, кейінгі шығармаларына негіз салды. Сейфуллиннің поэзиясы қазақ тілінің көркемдігін, оның мүмкіндіктерін көрсетті, әрі ұлттық мәдениеттің дамуына өз үлесін қосты.

Сәкен Сейфуллин музейінің қызметкері

Алуа Бөкенбайқызы

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...