Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қос кітаптың тұсауы кесіл...
Елімізде үш жаңа әуежай бой көтереді
Фото: ratel.kz
Шығыс Қазақстанда Катонқарағай мен Зайсан әуежайлары салынады, деп хабарлайды madeniportal.kz Halyq Uni тілшісіне сілтеме жасап.
Көлік министрі Марат Қарабаевтың Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары жалғасып жатыр. Сапар барысында ведомство басшысы еліміздің шығысында жаңа әуежайлар орналасатын алаңдармен танысты, деп мәлімдеді Көлік министрлігі.
«Мәселен, Катонқарағай ауданында жаңа әуежай Солдатово ауылының қасында бой көтереді. Бұл ауыл Катонқарағай және Үлкен Нарын ауылдарының арасында орналасқан. Катонқарағай ауылына дейінгі қашықтық 38 шақырымды құрайды. Ал Зайсанда әуежай Сәтбаев атындағы бұрынғы әскери әуеайлақтың аумағында орналасады. Бұл жерден Зайсан қаласына дейінгі қашықтық 25 шақырымды құрайды», – деп қосты ведомство.
Бастапқы кезеңде әуежайларда Q400, ATR 42/72, CRJ200 әуе кемелері үшін ұзындығы 2200 метр жасанды ұшу-қону жолағы салынады. Әуе кемелерінің бұл түрлері Астана мен Алматыдан облыстың туристік орындарына дейін әуе қатынасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Кейін бұл жолақты кеңейту жұмыстары жүргізіліп, сыйымдылығы көбірек үлкен ұшақтарды (Airbus А320, Boeing 737) қабылдауға да мүмкіндік бар.
Мемлекет басшысы Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында сапалы жол инфрақұрылымы бар аэровокзал кешендері мен әуежайларды салуды тапсырды. Қойылған міндеттерді уақтылы орындау үшін ел өңірлеріне жұмыс сапарымен шығып, нысандар салынатын учаскелермен танысудамыз. Алдағы уақытта қолға алынатын жұмыстарды пысықтадық. Үш әуежайдың да құрылысы келесі 2025 жылы басталады, – деді Қарабаев.
Министр жергілікті атқарушы орган өкілдерімен, құрылыс және авиация саласының сарапшыларымен кездесу өткізді. Онда әуежайлар салу жоспары талқыланды. Аталған учаскелер төмендегідей факторларға сәйкес таңдалды. Авиация және құрылыс саласының сарапшылары мен жобалаушылар алдын ала зерттеулер жүргізді:
- Жер бедері мен метеожағдай ескерілді;
- Әуе кемелерінің қонуына кедергі жоқ;
- Қонудың екі курсынан да әуе кемелерін қабылдау-шығару мүмкіндігі;
- Әуежай инфрақұрылымын болашақта кеңейту мүмкіндігі бар;
- Ыңғайлы локоция (Үлкен Нарын, Катонқарағай, Зайсан, Тарбағатай маңы);
- Инженерлік инфрақұрылымның болуы және қолданыстағы жолдарға жақын орналасуы.