"Қазақстан темір жолының" қарызын жабу үшін билеттердің бағасы ұшақпен теңестіріле ме?

Фото: inbusiness.kz

Жаңалықтар
1232

Соңғы 4 жылда теміржол саласын дамытуға шамамен 2 трлн теңге бөлінген. Оның ішінде бюджет қаражаты есебінен 332 млрд теңге жұмсалған.

Кеше Мәжіліске келген Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов "Қазақстан темір жолы" АҚ-ның бүгінде қаржылық жағдайы қиын компаниялардың қатарында екенін айтты, деп хабарлайды Мәдениет порталы  inbusiness сайтына сілтеме жасай отырып.

"Бүгінде ҚТЖ өз міндеттемелерін толық төлеуге қабілеті жоқ және кредиттік тәуекелдің "қызыл" аймағында тұр. Оның борышы 2024 жылдың басында 2,9 трлн теңгені құрады және әлі де өсуде. Жалпы борыштың 45%-ы немесе 1,3 трлн теңгесі бұрын алынған борыштық міндеттемелерді қайта қаржыландыруға бағытталған", – деді Әлихан Смайылов.

Палата төрағасының айтуынша, соңғы 4 жылда теміржол саласын дамытуға шамамен 2 трлн теңге бөлінген. Оның ішінде бюджет қаражаты есебінен 332 млрд теңге жұмсалған.

Ұлттық компания банкротқа кете ме?

Белгілі экономист-сарапшы Мақсат Халық: ҚТЖ бұрыннан қарызы бар компаниялардың қатарында келе жатқанын айтады. Аталған компания Смайылов айтқандай дефольтқа немесе банкротқа ұшараса оның қарызын кім төлеуі мүмкін деген сауалдарға сарапшы төмендегідей жауап берді.

"Біріншіден ҚТЖ елдегі монополист компания ретінде өз жағдайын өзі қалпына келтіруге мүмкіндігі бар еді. Дегенмен кешелі-бүгін көрсетіліп жатқан қарыз соммалары мен олардың өсу деңгейіне қарап отырып бұл компания дефольтқа немесе банкротқа ұшырауы әбден мүмкін деп айтуға болады. Ондай жағдайда ҚТЖ-ның орнына бүкіл темір жол саласын басқаратын басқа бір компания құрылуы мүмкін. Мәселе бұл жерде ҚТЖ-ның ұлттық компания болғандығында болып тұр. Яғни мемлекеттің белгілі  бір мөлшерде үлесі бар. Сол себепті де осы айтылған қыруар қарыздардың ішінде сыртқы қарыздары болса оны міндетті түрде мемлекет төлеуді мойнына алады. Жоғарыда айтқанымдай компания құрылтайшылығында мемлекет үлесі болғандықтан осындай сұрақтың көтерілетіні анық", – дейді М. Халық.

Ал, ONSALE компаниясының негізін қалаушы, экономист-сарапшы Асылбек Күздеубаев, бұл компанияны банкротқа жібермеуге Мемлекеттің өзі мүдделі болады деп санайтындығын айтады.

"Себебі, ондай жағдай орын алса елде осы салада еңбек етіп жүрген жүз мыңдаған адам жұмыссыздық қамытын киеді. Одан бөлек ҚТЖ арқылы көлеңкелі табыс тауып отырған "ықпалды" топтар бар екендігі жиі айтылып жүр. Олар да өз табыстарынан оңай айрылғылары келмейді. Қалай болғанда да Мемлекеттік стратегиялық маңызы бар кәсіпорын болғандықтан ҚТЖ-ның банкротқа ұшырауына жол берілмейді. Ол үшін тіпті Ұлттық қордан қаражат бөлуі мүмкін. Басқа да қаржы көздерін тарту арқылы шешеді деп санаймын", - дейді сарапшы.

Кеше Мәжіліске келген Әлихан Смайылов компания алдындағы қарызы соңғы он жылда 928  млрд теңгеден 2,9 трлн-ға өскенін атап өтті.

Жоғарыда пікір білдірген сарапшы  Мақсат Халық компания берешігінің мұншама өсіп кетуінің бірнеше негізгі себептері бар дейді.

"10 жыл ішінде 212,7 пайызға өсіп кетті деген масқара көрсеткіш. Бұл жерде бірінші кезекте тиімді басқарушылықтың болмағанын көріп тұрмыз. Екіншіден осы компания төңірегінде сыбайлас жемқорлық фактісіне қатысты да деректер жиі айтылады. Әртүрлі сұр схемалардың бар екендігі туралы да мәліметтер бар. Оның ішінде мемлекеттік сатып алу кезіндегі заң бұзушылықтар деген секілді. Осы жылдар ішінде қарыз көлемі неге осынша өсіп кетті деген сұраққа келер болсақ, жоғарыдағы факторларды алға тартар едім. Әрине осы уақыт ішінде компания қарызды қайтаруға ешқандай әрекет жасамаған деп айтуға ертерек шығар. Дегенмен, нақты қандай да бір тиімді шаралар уақытылы қолға алынғанда компания берешегінің көлемі осыншама көлемде өспеуші еді деп есептеймін. Меніңше компанияның барлық кіріс-шығысына қатысты толықтай аудит қайта жүргізілуі тиіс", - дейді М. Халық.

Жемқорлық демекші кешегі Смайыловтың ҚТЖ-ның қаржылық жағдайына қатысты баяндамасын тыңдау кезінде сөз сөйлеген Мәжіліс депутат Руслан Берденов аталған компания төңірегінде жайлаған жемқорлық бар екенін нақты цифрлармен келтіріп өтті.

"Соңғы бес жылда ҚТЖ-ның лауазымды тұлғалары мен оған бағынысты ведомствоның башыларына қатысты 136-дан астам қылмыстық іс тіркелген. 52 адам сотталған. Кейбір мамандардың болжамына сәйкес ҚТЖ төңірегіндегі жемқорлықтың жылдық айналымы 200 млн АҚШ долларына жеткен", - деп атап өтті мәжілісмен.

Оның айтуынша бірінші кезекте ұлттық тасымалдаушы компания төңірегінде сапасыз қызмет, жайлаған жемқорлық пен тиімсіз жобаларды жою керек.

Жолаушылар билеті үш есеге қыматтауы мүмкін бе?

Аталған компанияның қыруар қарызы туралы айтылғалы бері қоғамда, одан құтылу үшін компания қандай қадамдарға баруы мүмкін деген сұрақ алға шықты. Тіпті компания өз тарифтерін үш есеге қымбаттатқан жағдайда ғана барлық қарызын жаба алады деген де болжам айтылды. Осыған қатысты да пікір білдірген экономист Асылбек Күздеубаев ондай жағдайда елде инфляция айтарлықтай өсетіндігін алға тартты.

"Егер ҚТЖ қарыздан құтылу үшін жолаушылар билеті құнынан бөлек тасымалдау секілді қызмет түрлеріне тарифтерін көтеретін болса, бұл халықтың әлеуметтік жағдайының қиындауына әкеледі. Яғни елге сырттан немесе ел ішінен темір жол арқылы тасымлданатын тауарлардың да бағасы едәуір қымбаттайды. Бұл барып қарапайым халықтың қалтасына айтарлықтай салмақ болады",- дейді экономист.

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...

Жаңалықтар

Журналист Гүлмира Әбіқай «Елге көмек» қайырымдылық қоры туралы тың мәлімет жариялады, де...