«Оқушылар «ағай, видео түсірейікші» деп жалынады». Желіде хит болған жас мұғалім ашығын айтты

Фото: Әбілқасым Есентаев

Сұхбат
619

Instagram мен TikTok-та мұғалімдер мен оқушылар жайлы қызықты видеоларымен таныла бастаған ер мұғалімді көргендеріңіз бар шығар. 24 жастағы ұстаздың есімі – Бексұлтан. Жамбыл облысы Шу ауданындағы Ермұхан Бекмаханов атындағы мектеп-гимназиясында тарих пәнінен сабақ береді. Тараз университетін тәмамдаған соң, жұбайы екеуі «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен Төле би ауылына көшіп, ауыл балаларына сабақ беруге кіріскен. Мұғалімдер күні қарсаңында Azattyq Rýhyтілшісі мектеп өмірін әзілге айналдырып, көпке күлкі сыйлап жүрген жас маманды сөзге тартты, деп хабарлайды madeniportal.kz azattyq-ruhy тілшісіне сілтеме жасап. 

Тарих мұғалімі оқушыларды тарихқа қалай қызықтырады?

Бексұлтан Бақыт мұғалім болуды бала кезінен армандаған. Оның ұстаздық жолға түсуіне мектептегі тарихшы апайы қатты әсер етіпті.

«Қазақта «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөз бар ғой. Тарих пәнінен беретін ұстазым өз пәнін керемет түсіндіретін. Жасы үлкен болса да, жаңашыл болды, балалармен жақсы тіл табысты. Оқушы кезден сол кісіге қызығып, ержеткенде мен де тура сондай тарихшы боламын деп армандайтын едім. Былайша айтқанда, тарихшы апай менің кумирім еді. Балалық арманым орындалып, қазір сол апайыммен бірге әріптес болып жүрміз», - деп әңгімесін бастады ол.

AMP

Кішкентай кезінен тарихи фильмдер мен ертегілерді жаны сүйетін Бексұлтан қазір де оқушыларға тарихты құрғақ сөзбен емес, әртүрлі ойындар мен жарыстар арқылы түсіндіруге тырысады екен. Жаңашыл мұғалім өз сабақтарында жасанды интеллектінің көмегіне де жүгінеді.

«Қазір ChatGPT, D-ID деген қосымшалар бар. Кейде сабақты солар арқылы өтеміз. Kahoot ты да пайдаланамыз. LearningApps, Quiziz-ті де қолданамын. Бұл қосымшаларда көптеген ойын әдіс-тәсілі, пазл дегені бар. Балалар сұрақтарға жауап беру арқылы бір-бірімен жарысады, қызығушылығы оянады. Сұрақтарды өзіміздің оқу мақсаттарымызға сай құрастырамыз. Балаларға сабақты ойын арқылы өткізу әдісі қатты ұнайды. Қазір енді новатор мұғалім болу керек деп жиі айтады ғой. Менің ойымша, новатор мұғалім жай ғана сабақ берумен шектелмей, әлеуметтік желілердің, заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін де пайдалана білуі керек. Себебі Альфа ұрпақтары (2010 жылдан бері қарай дүниеге келген балалар – ред.) TikTok, Instagram желілерінде көп отырады. Қазір мен желіге мектеп өмірін, мұғалімдер мен оқушылар туралы ғана видеолар саламын. Болашақта тарих пәнімен байланысты бейнероликтер түсіріп, жариялау жоспарда бар. Қазір видеоларымның астына жазылған пікірлерді оқысам, көптеген жас балалар «мен де сіз сияқты тарих мұғалімі боламын» дейді. Бұл да бір қуанышты жаңалық деп ойлаймын», - дейді Бексұлтан Бақыт.

«Оқушылар «ағай, видео түсірейікші» деп жалынады»

Жас мұғалім желіге салатын видеоларын сабақтан тыс бос уақытында түсіреді екен. Адамның ниеті, ынтасы болса, кез келген нәрсеге уақыт табуға болады деп санайды.

«Бізде сабақ үстінде мұғалімге де, оқушыға да ұялы телефон ұстауға болмайды деген заң бар. Менің бейнероликтерімнің барлығы үзіліс кезінде немесе сабақтан кейін түсірілген. Онда да балалар мен ата-аналардың рұқсатымен ғана. Оқушылардың өздері менімен видеоға түскісі келеді, «ағай, сабақтан кейін қаламыз, видео түсірейікші» деп жалынады. Сөйтіп бірге түсіреміз. Ата-аналары да келісіп отыр, тіпті қуанады. Балалар үйлерінде маған шаң жуытпай, үнемі мені жақтап отырады екен», - деп күлді Бексұлтан.

Ал мектептегі әріптестері Бексұлтанның білімі мен біліктілігіне күмән келтірмейтін көрінеді. Әлеуметтік желідегі белсенділігін де құптайды екен.

«Осы мектепке алғаш жұмысқа тұрғанда, әріптестерімнің бәрі менің сабағыма қатысқан еді. Менің сабақты қалай өткізетініме көз жеткізген. Сондықтан олар тарапынан ешқандай күмән жоқ, маған сенеді. Ал енді мені танымайтын басқа мектептердегі мұғалімдерден парақшама әртүрлі пікір түсіп жатады: «Сіз қалай үлгеріп жүрсіз? Жұмысыңызға немқұрайлы қарамайсыз ба? Тиктогын түсіріп жүр, сабағы қалып бара жатқан жоқ па? деп. Мен өзім желідегі парақшаларымды бір ай бұрын ғана аштым. Аз ғана уақыттың ішінде 1,5 млн охват болып тұр. TikTok та да, Instagram да да қаралым саны 1 миллионға жетіп қалды. Видеоларым бұлай танымал болып кететінін өзім де күткен жоқпын. Жалпы Шу ауданында тарихтан беретін мұғалімдер арасында әлеуметтік желіге шыққан мен ғана сияқтымын. Басқаларын байқамаппын. Көз үйренбеген соң, алғашында бәріне ерсі көрінеді ғой», - дейді ол.

Десе де Бексұлтаннан әлеуметтік желіні қалай жүргізуге болады деп ақыл-кеңес сұрайтын әріптестері де бар екен.

Мектеп директоры мұғалімнің блогерлығына қалай қарайды?

«Позитивті қарайды. Жақсы, жарайсың, тек шектен шықпа, ұстаз мәртебесін түсірме дейді. Ең бастысы ұятты нәрселер түсірме деп ескертті. Ешқандай қарсылық білдірген жоқ», - дейді жас мұғалім. 

Жаңалықтар

Маңғыстау облысында тек шетелдік азаматтарға арналған казино салынбақ, деп хабарлайды madenipor...

Ауа райы

Астанада қалың қар жауып, қаланы қардан тазартуға 2600-ден астам жұмысшы жұмылдырылды, деп хабарлайд...