Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының және Қазақ КСР министрлер кеңесінің төрағасы қатарлы үлкен ла...
“Ол Кеңес үкіметінің тапсырмасын орындады”. Журналист Дархан Әбдік Қонаев туралы пікір білдірді
Фото: видеодан скриншот
Белгілі журналист Дархан Әбдік Dope soz подкастына берген сұхбатында Дінмұхамед Қонаев туралы пікір білдірді, деп хабарлайды madeniportal.kz ulysmedia.kz тілшісіне сілтеме жасап.
«Қонаев - Совет дәуірінің өкілі. Бізде қазір көп жағдайда Қонаевты Назарбаевқа қарсы қойып, ерекше эталон секілді көрсетуге тырысады. Мен қабылдамаймын. Адам ретінде жақсы адам болуы керек, бірақ саяси тұлға ретінде ол Совет үкіметінің тапсырмасын орындады», - деді Дархан Әбдік.
Журналист Дархан Әбдік сұхбатта Желтоқсан көтерілісіне куә болғанын да айтып берген.
1986 жылы Желтоқсан көтерілісі кезінде алаңда болды. Орталық стадионда күреспен айналыстым. Жатығудан шығып, үйге бара жатқанымда троллейбустар тоқтады. Адамдарды өткізбей жатты. Адамдарды түсірді. Таңертең сабақта болғанда бұл оқиға туралы естігенмін. Қасымда күреспен айналысатын екі жігіт болды. Алаңда жүрдік. Бірақ құдай сақтап қырғын басталатын уақытқа дейін ертерек кетіп қалдық. Қасымдағы ересек жігіттер. Мен мектепте оқимын. Жанымдағы жігіттер, алаңдағылар бір сұмдықтың болатынын сезді. «Дархан, қазір жағдай қиындап кетуі мүмкін, сен қайт» деді. Сөйтіп үйге кетіп қалдым. Мен болған кезде алаңдағыларға тиіскен жоқ. Бірақ Фурманов көшесі жағынан әскерилер халықты қоршап жатты, - дейді ол.
Журналистің сөзінше, Желтоқсан оқиғасы кезінде халық өз пікірін білдіре алатынын түсінді.
Мәселе қылмысты ашу керек. Кімнің болған-болмағаны маңызды емес. Хронологияны қалыпқа келтіру керек. Халықты ұрып-соғу туралы шешімді кім қабылдады? Соны түгендеу қажет. Айыптыларды жазалау қажет. Осындай және Қаңтар оқиғасы секілді қылмыстардың мерзімі ешқашан өтпеуі қажет. Ал бұлардың ашылмау себебі – қылмысқа қатысы бар адамдардың қолдарында билік бар деген сөз. Желтоқсанда халық өз пікірлерін білдіре алатынын түсінді. Сол кезде биліктің зәресі кетті. 1986 жылдан кейін өте қатты жазалаулар болғанының себебі сол. Тақтан таятын билік өте қатыгез болады. Қорқады. Үрей билейді. Шексіз қатыгездікке барады. Солай басамыз деп ойлайды. Бірақ олай басылмайды. Процес басталды деген сөз, – деді Дархан Әбдік.