2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы, жақында ғана орта салмақта WBA белбеуін қайтарып алған Ри...
Кәсіпкер бейнесі - сапада
Жуырда Алматы қаласында «ANQ-2018» XVI Азия Сапа Конгресі өткізілмекші. Бір ғажабы өз елімізде өткелі жатқан осы жиынға отандық кәсіпкерлер өте құлықсыздық танытты. Мәнісіне тереңірек үңілсе, бұл бас қосудың жөні ерекше көрінеді. Жалпы алғанда еліміздегі қай салаға қатысы болмасын сапалық талапқа байланысты конгрестерге қатысу жағы кенжелеп жүрген сыңайлы.
Азия мемлекеттері арасынан конгреске 200 өтінім түссе, Қазақстан тарапынан бірлі-жарым ғана түсіпті. Осы орайда «Атамекен» ҚР ҰКП Сапаға байланысты республикалық конкурстарды ұйымдастыру департаментінің Басқарушы директоры Салтанат Әбдікәрімованың пікірін білген едік:
- «Атамекен» ҚР ҰКП кейінгі жылдары «Алтын сапа», «Қазақстанның үздік тауары» деген ұлттық брендті насихаттап келеді. Ел арасында біраз танымалдыққа да ие болып қалды. Әрине, бұның жарқын бастама екені даусыз. Себебі алдымен өз еліңде танылып, сосын әлемдік сапа байқауларына қатысу да үлкен абырой.
Сонымен қатар, осы сессияларда 140-қа жуық ғылыми баяндама ұсынылмақшы екен. Өкінішке қарай, сол 140 баяндаманың арасындағы өз тарапымыздан ұсынылғаны – төрт-бесеу ғана. Бұл жерде ескерте кететін бір жәйт, Азиялық сапа конгресі коммерциялық ұйым емес, бұл – еркін алаң. Кіруі де тегін. Бұл бас қосудан ешкім өз бас пайдасын шешпейді. Оның орнына сапаны көтеруге тиер көмегі орасан.
Осы Азиялық сапа конгресін өткізу – мемлекетіміз үшін үлкен жауапты шара. Неге десеңіз, Азияда да, Еуропада да бізді сапа жағынан әлі ешкім танып-біліп жатқан жоқ. Соңғы он жылдар көлемінде ғана біздің мамандар осы арнаға зейін аудара бастады.
Қазақстандық өнеркәсіп ошақтарының сапасын кім анықтайды және кәсіпкерлеріміз халықаралық аренада танымал брендтермен таласа ала ма деген сауалдарды Қазақстанның сапа және инновациялық менеджменті ұйымының президенті, Азиялық сапа ұйымының басқарма төрағасы, Халықаралық Сапа академиясының академигі, халықаралық аудитор, халықаралық асессор, профессор Азат Абдрахмановқа қойып көрдік:
- «Азиялық сапа конгресін өткізу - мемлекетіміз үшін үлкен жауапкершілік. Мысалы, сапа бойынша Азия ғана емес, күллі әлемге әйгілі Жапон елінде бір литр түгілі, бір миллилитр мұнай, бір куб газ, бір грамм метал өндірілмейді. Осыған қарамастан жаңа технологиялар, машина жасау, электроника, кеме жасау ісінде жапон еліне төтеп бере алатындар кем де кем.
Содан кейінгі сапа жағынан жақсы дамыған елдердің бірі – Оңтүстік Корея мемлекеті. Samsung пен Daewoo және тағы басқа да компаниялары әлемдік брендтің иегерлері. Қытай халық республикасына келсек, соңғы кезде «Made in China» дегеннен гөрі «Отаны Қытай» деген атау көзге жиі шалына бастады. Бұл дегеніңіз, қазірге дейінгі Apple, iPhone, iPad, Sony Ericsson т.б. әлемдік брендттердің көшірмесі ретінде шығарылған өнімдерді шектеп, өздерінің өнертапқыштары мен ғалымдары ойлап тапқан өнімге көше бастағанын айғақтайды. Соның куәсі ретінде Haier, ZTE, Huawei және тағы басқа әлемдік брендтерді атап өтуге болады. Автокөліктер мен техника және құрылыс техникасының басым көпшілігі осы Қытайда жасалады.
Сонымен қатар, Индия, Сингапур, Въетнам елдері қуатты даму кезеңін бастан кешіріп жатыр. Біздің елдің осындай жетістіктерге жетуіне айтарлықтай кедергі де жоқ сияқты. Күш-қуатымыз да, мүмкіндігіміз де ешкімнен кем емес. Тек қана, басты мәселе – сапаға мән беруіміз керек екен.
Осындай бас қосулар арқылы сапа жағынан оқ бойы озық елдердің белгілі мамандарымен жүздесу біздің отандық кәсіпкерлер үшін өте пайдалы. Сонымен қатар, Конгресс аясында өтетін симпозиумдарда сапа салалары туралы келелі мәселелер қарастырылады. Атап айтсақ, білім, инновация, қызмет көрсету, қызметкерлерді басқару сапаларына қатысты, сондай-ақ, тауар сапасы мен менеджмент сапасына қатысты тақырыптар негізгі талқылау нысанасына айналмақ.
- Біздің кәсіпкерлердің бұл конгресте көрсетері жоқ па? Әйтеуір, оларда бір селсоқтық бар екені айқын. Сонымен қатар, еліміздің той-думанға жуық тұратыны өтірік емес. Әсіресе жыл соңына таман конференция, конгресс дегендеріңіз қаптап кетеді. Осыдан барып, бұндай жиындар игерілмей қалған қаржыны «игеру», сол арқылы ішіп-жем ұйымдастыру ғана секілденеді. Үзіліс кезіндегі кофе-брейктер мен қымбат ресторандардағы ас мәзірі дарақылығымен көз тұндырады. Мүмкін осындай кері әсердің салдарынан жібі түзу азаматтар аттарын алыстатып жүретіні де сондықтан шығар?
- Іс жүзінде атаулы конгрестің көтерген жүгі өзгеше. Осы жолғы мақсат - Азия нарығына қызығушылық танытатын компанияларды тарту деп көзделген болатын. Бір ғажабы отандық компаниялар халықаралық байқауларға салғырт қарайды. Алдымен өз еліңде танылып, сосын сырт елді меңгеру керек дейтіндей. Егер халықаралық байқауларда жеңімпаз атанып жатса, өзге елдерден ұсыныстар түсуі мүмкін екенін де ұмытпаған жөн.
Сондай-ақ сапа менеджметіне немқұрайлы қараушылық кеңес кезінен сіңісіп қалған жағымсыз қасиет. Өйткені барлығына үкімет тарапынан қадағалау мен бақылау болуы керек деп түсінеді. Осы орайда қоғамдық бақылау мен ішкі өндірістік бақылау қолға алынып жатыр. Осындай жан-жақты жауапкершілік болмай, сапа жөнінде сөз қозғау да орынсыз. Осыдан туындайтын ой - бізге стандарттар жүйесін қалыптастыру аса маңызды.
Осы «Азия сапа желісі» конгресіне тегі жоғары сапаға қол жеткізген алдыңғы қатарлы компаниялар ғана келетінін ескерсек, олардан үйренетіміз көп. Ешнәрсені бас қатырып жаңадан ойлап жатудың қажеттілігі шамалы. Конгрестегі басты мүмкіндік тәжірибе алмасу арқылы, өзге дамыған компаниялардың жетістіктерімен таныса алу болып табылады.
Сонымен қатар, кейбір кәсіпкерлер жалған марапаттар тағынуға тым әуес. Егер олар расымен сол марапатқа лайық болса, аудан, облыс, республика көлемінде немесе ол таршылық етсе - халықаралық деңгейге шығып, өнерлерін неге көрсетпейді екен деген орынды сұрақ та туындайды.
Шын мәнінде бұндайлар аты бар, заты жоқ көзбояушылар ғана. Осы тектес жалған марапатты берушілер салық органдарынан компания туралы дерек алады да «Сіз «Алтын дипломға» ие болдыңыз, құттықтаймыз! Бар болғаны 1 200 000 теңгені ғана біздің есепшотымызға аударсаңыз болып тұр» деп хат жолдайды екен. Ал сондай жалған атақты алғанның орнына мамандарын сапа менеджменті бойынша оқытуға бөлсе, үлкен іс болар еді. Өкінішке қарай, сол сапа менеджерлері біздің елде әлі күнге дейін дайындалмай келеді.
Ал стандарттау мен сертификаттау мамандығына Ұлттық бірыңғай тестілеуден төмен балл алған қабілетсіздер қатарына жататын үміткерлер ғана алынады. Тіпті осы мамандықты керексінбегендіктен оған бөлінетін грант саны да сарқыла бастапты. Және осы мамандық бойынша білім алғандардың біліктілік сапасы өте төмен екені аңғарылады. Ал тікелей сапа менеджерін әзірлеп жатқан бір де бір жоғары оқу орны жоқ деуге нық болады. Ең сорақысы ол Қазақстандағы мамандықтар классификациясына да енбеген. Бұл олқылықтың орны күн өткен сайын үңірейе түсетіні даусыз.
Қазақстан қазіргі уақытта осының орнын толтыратын шара ретінде - Еуропа сапа ұйымымен серіктес ретінде лицензияланған курс қана жүргізеді. Сол 160 сағаттан тұратын курсты тәмамдап шыққандарға ИСО-17024 деген халықаралық стандартқа сәйкес Сапа менеджері деген халықаралық сертификат тапсырылады. Осы курстың өзін оқуға ниет білдіретіндердің өзі тым аз.
Осы жиынға құрметті қонақ ретінде келетін Нориаки Кано мырзаның ұстанымы өте қызықты көрінді. Бұл адам - «Айрықша сапа моделін» ойлап тапқан әлемдік дәрежедегі ғалым. Сапа бойынша қойылған талапты орындай алсаң, тұтынушы разы болып, тағы да оралады. Бұндағы ұстаным: өнім мен қызметтің ең жоғарғы талаптарына жауап бере білуің. Осы «Айрықша сапа моделі» арқылы Нориаки Кано мырза Жапон елін әлемге паш етті. Кано мырза жасының ұлғайғанына қарамастан әлі күнге дейін, әлемдің құрылыс компаниясының кеңесшісі болып келе жатыр екен.
Келесі қонақ Мухаммед Заири (Mohamed Zairi) англиялық профессор. Ол «Төртінші өнеркәсіптік революция кезеңіндегі сапа рөлі» деген кітаптың авторы. Бұл кітаптан «Осы саладағы адамның және менеджменттің рөлі қандай?», «Басқару жүйесі керек пе, жоқ па?», «Осындай жағдайларда сапа мәселесіне жауапты адамдар қандай әрекет жасауы тиіс?» деген сияқты сұрақтарға жауап табуға болады.
Осы орайда сапаны көтеру мен шикізатты үнемді пайдалану тұрғысында, тұтынушы мен өндіруші арасындағы байланыс жайында да біраз мысал келтіре кетейік. Қағаз қорапшаға салынған екі грамдық қант бұдан он жыл бұрын Жапонияда тұтынуға ұсынылса, ол кезде бізде ондай қант болмаған-ды. Ал кейінгі кезде сол екі грамдық қанттың салмағы Жапонияда 0,75 грамға азайыпты. Себебі неде десеңіз, бұл елдің халқы дұрыс тамақтану салтына көшкен екен. Қантты көп тұтынбайды. О бастағы екі грам қантты олар толық шәйға салмаған соң, ысырапшылдық пайда болды деп есептеген.
Сондай-ақ, «Швед үстеліне» орай Түркияда да жаңалықтар қолға алынып жатқан көрінеді. Айталық, сіз екі мың теңгеге мейрамханадан қалаған тамағыңызды алып ішіп-жедіңіз. Кейде соның бәрін тауыса алмайсыз да. Сондағы жаңалықтың мәні: желінбеген тамақ салмағы өлшеніп, қалдығына орай сізге айыппұл салынады. Осы тәжірибені біздің елде де енгізуге әбден болады ғой. «Үнемдеу мәдениеті» дегеннің бір түрі осы болар. Ал біздің компанияларда үнемдеу жайлы сөз көтеріле қалса, мамандарды даярлауға бөлінетін қаржыны кесуге қайшыларын ала жүгіреді.
ANQ – Азиялық сапа желісі 2002 жылы құрылған, Азиядағы 17 ұлттық сапа компаниясының басын біріктірген ірі ұйым болып саналады. Сонау 2003 жылдан бастап жыл сайын осындай конгресс өтіп келе жатыр. Біздің елде алғаш рет ұйымдастырылмақшы. Қазақстанның сапа және инновациялық менеджменті ұйымы – былтырдан бері осы Азиялық сапа ұйымына төрағалық етеді.
Қорыта келгенде, өмір сапасын арттырамыз деген ниетіміз шынайы ұмтылысқа ұштаспаса, жәй әншейін ұмытылған көп армандардың біріне айналып қала беретініне еш күмән жоқ. Ең негізгісі - біз өз кемшілігімізді білеміз және оны реттеу амалдарын да аңдап отырмыз. Сондықтан ырғалып-жырғалмай білек сыбанып, іске кірісу ғана керек сияқты.
З. Самалбекұлы