Парижде қазақ әдебиетінің қос антологиясын француз тіліне аудару, басып шығару мен тарату жұмыс...
ҰРПАҚТАР ЖАЛҒАСТЫҒЫ немесе ӘДЕБИЕТТЕГІ АҢЫЗДАР
Біз білетін арғы-бергі әлем әдебиетінде түрлі-түрлі тәмсілдер, алтын арқау аңыздар бар. Қаламгерлер жайында, қайталанбас туындылар хақында. Соның бірі – орыс әдебиетінде мақтанышпен айтылып келе жатқан әуезе аңыз. Онда былай деп, тыңдаған жанды тәнті етер сыр шертіледі. Төңкеріске дейінгі дәуірде «Пушкиннің сақинасы» деген аңыз болыпты...
Пушкиннің сақинасы «Пушкиннен – Гогольге, Гогольден – Тургеневке, Тургеневтен – Толстойға ауысыпты...». Осыған дәлел ретінде Гогольдің Пушкин туралы: «Оның ақыл-кеңесі болмағанда түк те жазбаған болар едім!» дегенін келтіреді. Бұл орыстың көрнекті жазушысы, өмірінің көп жылдарын төңкеріске дейінгі кезеңде өткерген С.Сергеев-Ценскийдің жазып қалдырған шындығы. Осы бір жазбаға өзіңді-өзің сендіруге мәжбүрсің. Өйткені, оның өзегінде өнегелік арқау жатыр. Орыстың көркем әдебиеті осылайша Пушкиннің сақинасы деген символдық аңызды шындыққа айналдыра білген. Мұның астарында орыстың ұлы жазушылары осылай ұрпақтар жалғастығын ұлылар жалғастығына ұластыра білген деген ұлттық мақтаныш еседі. Шынында да қисыны қандай әсем, шындығы қандай керемет деп бергі кезеңге көз жіберсең, әлгі қасиетті сақинаның тағы да ұлы тұлғаларға ауысқаны сөзсіз-ау деп түйесің. Ф.Достоевский, Салтыков-Щедрин, А.Чехов, М.Булгаков, М.Бунин, М.Горький, М.Шолохов, Твардовский... болып жалғаса беретін сабақтастық өз дәстүрін әлемге әйгілі шығармаларымен таныта да, мойындата алды.
Ал біздің әдебиетімізде осы сыпаттас жақсы әфсана, жарқын үлгі бар ма. Әрине, бар деуге болады деп есептеймін. Әп дегеннен алыптар тобының асыл үлгісін елемеуге қақымыз жоқ. Соның бір аңызы Мұхаңнан бастау алады. Оның ауызына ілігіп, ақ тілеу батасына іліккендер жайлы әңгімелердің бәрі өнегедей оқылып, жылдармен жасасып, аңыздай айтылып келеді емес пе. Оның хаттарындағы болашағынан көп үміт күтетінін айтып Т.Ахтановты, С.Шаймерденовті, Ә.Нұрпейісовті, З.Қабдоловты, Т.Әлімқұловты атауы қасиетті сәт сапардай болды емес пе?! Алыптардың жалғастығы болған осы аталған дарынды буынның әдебиетімізді абыроймен ілгері көтеріп әкеткеніне бәріміз куәміз. Ал Мұхаңның «Жыл келгендей жаңалықты сезіп», жас поэзияның жас керуеніне көз салып тұрып Қ.Мырзалиевті, Т.Молдағалиевті, С.Жиенбаевты, І.Мәмбетовтерді атауын қазір аңыз ғып айтып жүргеніміз шындық емес пе?! Осы ретте, сөзінің ләмін лирика – адам рухы, адам сымбаты деп бастайтын Әбділда Тәжібаев ақсақалымыздың пайымдауларына қаралықшы: «Поэзиямыздың ұлттық қасиетін әлемдік поэзияның биік мәдениетімен біте қайнастыра дамытқан Абай салған жаңа дәстүр ұрпақтан-ұрпаққа эстафета болып ауысып, сол дәстүр күні бүгін біздің ең соңғы буын балауса жастарымызға өтті, бұл үлкен қуаныш... Сонау Сұлтанмахмұт Торайғыровтың созған қолы Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Сәбиттерге жалғасса, олардың қолынан Қалижан, Әбу, Асқар, Тайыр, Өтебай, Ғали, Қасым, Дихан, Жұмағалиларға өтті. Бұл буынға қосылған Сырбай, Хамит, Жұбан, Мұзафар, Тәкен, Қуандықтар өздеріне жедел ілестіре әдебиет майданына – Ғафу, Ізтай, Тоқаш, Еркеш, Сағи, Тұманбай, Қадыр, Аманжол, Әділбек, Шәміл, Жұмекен, Зейнолла, Өтежандарды ерте келді. Мен тұңғыш кітаптарында жақсы бастама көрсеткен жастарымызға сол үшін қуанамын. Сапар оң болсын, жас достар!» деп ақ батасын беруі – бұл да бір өнегелі дәстүр, өмірлік аңыздай емес пе? Ал қаламгерлігіне қанат бітіріп, қамқор болған талайлардың аға толқыннан көргені, белгілі қаламгерлердің ақылының жылуын сезініп әдебиет әлеміне аяқ басқаны, кітабының жолын ашқаны жайлы аңыз-әңгімелер қаншама. Соның бірі – қазіргі Қалекең – Қалихан Ысқақ ағамыздың әңгімесі:
– «...Ғабеке, біраз уақытыңызды жеп қойдық, оған кінәлі мен едім, соның өтеуі болсын, мына бір баланың қолжазбасын оқып көрсеңіз қайтеді? – деп Сафуан ағамыз мені төбемнен түрткендей болды, – бес жүз бет емес, бар болғаны бес-ақ баспа табақ.
Жүрегім зырқ ете қалды.
Жазбай кетсем де Жазушылар одағына неге келдім деп отырғанымда есікке барып қалған Ғабекең қайырылып маған қарады да: – Ертең сағат он бірде үйге кел, өзің оқып бересің, – деді де шығып кетті.
Бес баспа табақ салған боқшамды сүйретіп Ғабекеңнің үйіне бес күн бардым. Бес күнде тіс жарып, бес сөз айтқан жоқ еді, тек соңғы күні ғана: – Көркем шығармаға публицистика көлік бола алмайды. Жеткізе алмай жатқан жеріңді публицистикамен жамама, оның төркіні қызыл сөз, онан да жетпей жатқаныңның өзі жақсы...
Алтыншы күні Ғабекең менің бес баспа табағыма бола Жазушылар одағына бес минутқа кіріп шықты да:
– Бұл баланы маған несіне жібердіңдер, – деді.
«Құрыған жерім осы шығар», – дедім ішімнен.
– Сөз төркінін білетін бала екен, кітап болуға әбден жарайды, – деді Ғабекең, – ары-бері сандалтпай, мұндай даяр нәрсені жолдамасын беріп, баспаға жөнелте салмайсыңдар ма.
Бес баспа табақ жетім кітапшама әдебиетіміздің ақсақалының берген бағасы осы еді. Бес табақ жетім кітапшамен-ақ 1963 жылы қос Ғабең мені Жазушылар одағының мүшелігіне қабылдаған...».
Әдебиетіміздің біртуар білгірі әрі жанашыры Ілияс Омаровтың жас дарындарға деген ілтипатын қайда қоямыз? Оның талантты танығыштығы, жалт еткен жақсыны көзі шалғыштығы жайындағы аңыз әңгімелері қаншама. «Ақындық анкета» деген тақырыппен Жұбан Молдағалиевке, Қайнекей Жармағамбетовке, Мұзафар Әлімбаевқа, Ғафу Қайырбековке жолдаған хаттары қамқорлықтың қас үлгісіндей емес пе? Ілияс Омаров секілді ақылманның көкірек көзі қырандай болған деуімізге оның Олжас поэзиясының болмысын бірден танып түстеуі дәлел. «Олжас өлеңдерінде менің назарымды аударған – ұлттық әдебиетіміздің өзегінен үзілмей келе жатқан өмір мен бір ұлы сарынның сырын ұқтым» деу болашағынан үлкен қуаныш күтетінін аңғартқан аталы сөз іспетті.
Демек, әдебиеттегі аңыз шындықтан жаралады, шындық сыр болып шертіліп аңызға айналады. Осы айтқан дәйек-мысалдарымызды мәйек етіп ойымызға орап, өреміздің бары мен безбеніне салып көрсек, оған көзіміз жете түскендей болады. Бұл әдебиетіміздің өсу кезеңдері үзілмеу үшін, жалғаса өркендеуі үшін қажет әдеби дәстүрдің қасиетті үлгісі екен.
– Ал қазір ол жалғастық неге үнсіз, турасын айтсақ неге жоқ? – дейді әдебиет жайлы әңгімені ықыласпен тыңдап отырған жас ақын інім ары қарай шыдамы таусылған кейіппен.
Шыдамсыздануың орынды, – деймін мен, – мұның жауабын бәріміз боп іздейік. Ал менің айтпағым, сендер өздерің білетіннің о жақ бұ жағы. Өзің білесің, қаламгерлер арасында ұрпақтар жалғастығы қайда дегенді айтушылар көп, бірақ жаңғырығы әлсіз. Оның да шынайы сырын білгісі келеді. Бәрі де әділетті, шынайы жауап күтеді. Меніңше, мұның жыры болғанымен түк те сыры жоқ, тек бәріміз көріп-біліп отырғандай шыны бар. Ол шындық – ұрпақтар сабақтастығының шын мәнінде сексенінші жылдардан бастап үзіліп қалғаны. Мұны мойындау керек. Біздің алыптардан кейінгі аға жазушыларымыз, одан кейін алтын ғасыр буыны аталған бұл бағытта ауыз ашпастан алыстап барады. Олардың бірде-біреуі артынан қалам ұстап келе жатқан жас қанаттарға қайырылып тоқтап, дара сөзін де, дана сөзін де арнағандары көрінбейді. Бұрын салт бар еді, дәстүр бар еді. Белгілі қалам иелері болашағынан үміт күткен жас дарынға жылы сөзін арнап, газет бетіне шығарып салып жататын. Соның өзі жас ақынға, жазушыға керемет қолдау, рухани старт беретін. Оның алдынан – айдыны ашылатын, танымалдықтың баспалдақтары басталатын. Қазір ондайды мүлде көрмейміз. Таңғаларлығы, бүгінде белгілі тұлғаларымыз адам білмейтін кітап авторларын мадақтау одасынан тұратын сөз жазып беретінді шығарған. Кітапты ашасың да алғысөзін жазған белгілі қаламгердің өтірік мақтауына өзің ұяласың. Бүгінгінің кейбір кітап шығарғыштары өзі жайлы деректі фильмдер түсіртіп, онда әлгі елге сыйлы ағаларын сөйлетіп қоятынды шығарды. Олар ел білмейтін әлгіні таланттың тұйғыны етіп мақтап отырғанын көргенде... Артығын айтпай-ақ қоялық... Үлкен әдебиеттің жас буынға деген үлкен ұлағаты мен үлгісі қайда? Дарынды тани білу, тілеуқорлық сөзін айта білу дәстүрінен өзін аулақ ұстаудың салқыны ызғарға, өз күніңді өзің көруге ұласып бара жатқандай. Мұның түп-төркіні ешкімді оқымаудан, кейінгіні танымаудан туып жатқаны сөзсіз. Кітаптың оқылмауы оқырманды ғана алыстатып отырған жоқ, тіпті қаламгерлердің өзін жатбауыр болып бара жатуына себепкер.
Көзге ілінбеуден көңілі пәсейген жас қаламгердің қалған тірлігі үміттен гөрі күдікке толы. Жазады, шығады, айнала үн қатпайды. Еңсе езіледі, ой омырылады, сезім шерленеді, сөз суалады...
Алыптар тобы кетті. Аңызы қалды. Тегеурінді топ толысты, болысты. Әңгімесі қалды. Алпысыншы жылдардың адуынды буыны арындады. Танылды, танымал болды. Бүгінде жетпісінші жылдар толқыны теңізін тапты. Теңіздей оқырманы толқытты. Олардың көзі тірілері ақсақал жасына жетті. Бірақ олардың артқы буынға қайырылып қарап сөз қатқаны байқалмайды.
Осылай үндемеу арқылы өзімізді-өзіміз жоғалта бастайтынымызды, әдебиетіміздің қалыптасқан дәстүрлерін ұмытуға айналу процесінің прогрессивті қарқынмен үдей түсеріне селт етпейтініміз қалай? Мұны да уақыттың, заманның кінәсіндей көреміз-дағы.
Әр ұрпақтың парызы болады. Тіпті, тіршілік иелерінің бәрі оның үзіліп қалмауы үшін өмір кешеді. Әдебиеттің де ұрпақпен бірге жасайтыны, оның тағдыры өзіміздің қолымызда екені қарапайым ғана түсінік әрі талас тудырмайтын түйсік.
Қазіргі қалам ұстаған жас буын бұрынғы газет-журнал, жинақтарға басылуы қиямет заманды білмейді. Жол ашық, басылым көп, жариялану оңай. Бұрқырап шығады да жатады. Тіпті, ай сайын бір мүшәйра өтіп жатады. Одан бәйге алып, ат мініп жатқандары да жетерлік. Түрлі атаулы сыйлықтар да жетеді. Бірақ олар: «Мені неге бағаламайды, неге мені танымайды? Біздің жасымызда Қадыр, Тұманбайлар, Олжас, Мұхтарларды ел білген, өлеңдерін тыңдауға келгендер аудиторияға сыймаған?» – деп назаланады. «Біз ұмытылған ұрпақпыз», – деп күйінеді. Олардың көбі сол баяғы дуалы ауыздан сөз естуден, бағасын алудан, үкісін тағынудан үмітті. Бірақ уақыт өтіп барады, өзін қалың оқырманның білмейтініне, оқылмайтынына, неге танымайтынына налиды.
Біз әлбетте, айтқышпыз. Ақылымыз асып тұрады, білігіміз жетіп тұрады, ойымыз сайрап тұрады. Бірақ бетке айтуға жоқпыз. Басқа біреу айту керек сияқты, басқа біреу дәлелдеу керек тәрізді. Ұрпақтар жалғастығының үзіліңкір-е-е-еп бара жатқаны да осындай кеп.
Теңіз толқындарымен жаңарып жатады.
Әдебиет те теңіз секілді. Алдыңғы толқын ағалар – кейінгі толқын інілер болып толығып жатады.
Жасарып жатады, жаңарып жатады.
Осыны ұмытпайық!
Жақау ДӘУРЕНБЕКОВ,
жазушы