Жабал Шойынбет. Ер есімі жаңғырсын

ӘДЕБИЕТ
1335

Жабал Шойынбет Абай атындағы ҚазҰПУ «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры

Түрік халқының рухани астанасы Түркістаннан әлеуметтік желіде қаланың зиялы қауымының пікірі желідей есуде. Олардың айтуынша облыс орталығы аталып, құрылысы дамып өсіп өркендеу үстіндегі киелі қаланың жаңадан салынып жатқан театр ғимаратына Р.Сейтіметов атындағы сазды-драма театрын көшіреміз деген уәдесінен әкімшілік айнып, Алматыдан артистер шақырып, басқа театр құруды көздегенін есітіп сенер-сенбесімді білмедім. Апыр-ай, әсем қала Алматыдан ат арылтып келіп, туған жеріне театрдың қазығын қаққан, ыстық-суығына төзіп арша еті борша болып, еңбегінің рәтін көріп демалатын есейген шағында жанкештілік танытқан ардақты азаматымыздың театрын қалайша шет қақпай етеміз?!? Әзірет Сұлтанның киесін сыйлап өскен қазақ баласы, әруақтан аттап өтуге қалай барады деп қатты қапаландым. Мүмкін бұл әлдебіреулердің түсінбеушілігінен туындаған мәселе шығар. Ылайым солай болғай..? 

1994-2008 жылдар аралығында қазақтың рухани астанасы Түркістанда Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде студенттерге қазақ әдебиеті пәнінен дәріс бердім. Сол кездегі көрген-білген, ойға түйгендерімді жинақтап бір кітап жазып шыққан едім. «Әттең тонның келтесі» дегендей әлі күнге жарыққа шықпай сарғайған кітаптан университеттен алғаш рет өнер бөлімін ашқан, болашақ театрдың негізін қалаған өнер тарланы Райымбек Сейтіметов туралы естелігімді көпшілікке ұсынып отырмын. Мұндағы ойым киелі Түркістанның қайта түлеп өркендеуіне үлес қосқан Райымбек ағаның өзім көрген өнегесін үлгі ету, ізгілікті ісін Абайша айтқанда: 

«Білімдіден аяман сөздің майын,
Алты өлеңмен білдірдім әннің жайын.
Ездің басы қаңғырсын, ердің көңілі
Жаңғырсын деп ойладым айтқан сайын.
Көкірегінде оты бар ойлы адамға
Бұл сезімнің суреті тұрар дайын» деп сөз аямай, сезім арқылы дәлелдеу.

Қаратаудан қанат қаққан қырандар

Жақында жас қала, әсем қала Кентаудан түлеп ұшқан талантты композитор Сейдолла Бәйтерековті еске алуға арналған «Әлия» халықаралық ән фестивалі болып өтті. Мынандай қиын заманда бір ауыз жылы сөзге зар болған халық әнге сусындап желпініп қалғандай. Қиналған шағында Қаратаудың қасиетті қара тастарында секіріп ойнап, нәрін бойына торлап өскен қара домалақ баласының өзі өмірден кетсе де, өнерінің аспанда қалықтап, әрбір жанның көкірегін күмбірлетіп, күйкі тірліктен күйзеліп, үміті өше бастағанда күңгірт дүниенің бұлтын сырып тастап, жарық дүниенің жарқылын танытып, қайта құлшынысқа бастайтын әннің құдіреті-ай!

Енді міне, тағы да Кентау қаласының кең сарайы бірнеше күн бойы халыққа лық толған. Қалада төрт жыл білім алған Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық университетінің өнер бөлімінің анығырақ айтсақ, іргесін көтермекші Райымбек Сейтіметов театр студиясының алғашқы түлектері өнер өрісіне ұшып шықпақшы.

Сахна төрінде өнерлі жастар сынақ тапсыру үстінде. Дипломдық жұмыстары – Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясы мен түрік жазушысы Бахтияр Вахалзаденің «Елді арандатқан қылыш (көктүріктер)» драмасы.

Таңданарлығы өрімдей балғындарды баулыған ұстаздар ұжымының ұйымдастырушысы, бас бапкері мен олардың оқу мен еңбектерінің нәтижесін бағалайтын бас төреші де, осы қала мектебінің түлектері, қазақ өнерінің тарландары, Қаратау қырандары – Райымбек Сейтіметов пен Асанәлі Әшімов. Иә, мұрттары тебіндегенше тел қозыдай қатар өскен бұлар мектеп сахнасында талай-талай ойын қойған кезде, осы жерде үлкен киелі өнерге өздеріндей жастарды өнерге баулимыз, бата беріп шығарып саламыз деп он ұйықтаса да ойларына келмеген болар.

Өнерлерін көрсетіп, жүректері алып ұшып тұрған түлектері мен олардың ұстазы Р.Сейтіметов сахнаға А.Әшімовті шақырғанда, орнынан өре түрегелген көрерменнің ду қол шапалағы, ысқырығы, шаттануын көрсеңіз толқымаған жан қалмағандай. Қорытынды сөз айтқан Асанәлі Әшімов те толқып тұрып: «Райымбектің қолын алғаным, оны күнде көріп жүрмін ғой, бүкіл халқымның қолын алғаным, сәлем бергенім. Бұл өзі бір тарихи күн болды ғой. Бүгін бе, бір жылдан кейін бе, әлде он жылдан кейін бе, әйтеуір осындай өнерлі жастар тұрғанда театр ашылатынына еш күмәнім жоқ», – деді.

Қазақ елі тәуелсіздігін алғаннан кейінгі тұңғыш халықаралық статус алған жоғарғы оқу орны – Қожа Ахмет Яссауи атындағы Қазақ-Түрік Университеті. Өзі тұңғыш отау болғандықтан мұнда келушілер, көкейінде тұңғыш бастамашы болып тұрары анық, әрі бұл орынды талпыныс. Дегенмен, Түркістанның аптап ыстығына күйіп, тынымсыз соққан желіне шашын желпілдетіп, университет президенті Мұрат Жұрыновтың қабылдауына қайта-қайта Р.Сейтіметовтің кіріп-шығып жүргенін, үлкен әңгіменің басталғанын сезгенімізбен, университеттен өнер бөлімі ашылады дегенге тосырқай қарап, «Әй, бір қайнауы ішінде қалар» дегенбіз.

Алғашқының қиыны шахтасы мен өндірісі тұралаған қалада жарық болмай, жылу берілмей қысылған қыс айында өнер бөлімі босап қалған балабақшаның жайына орналасты. Көзімен көріп, көкірегіне түю бақытына ие болу маған тиіп, Түркістаннан оларға қазақ әдебиетінен дәріс беруге жіберілдім.

Кентауға дәріс беру үшін аптасына бір рет келіп, таңертеңнен кещке дейін боламын. Сондықтан бір күн бұрын келіп бөлем Рахияның үйіне келіп қонамын. Кеңестік кезеңде салынған бес қабатты үйдің үшінші қабатында төрт бөлмелі үйде тұрады. Рахия мен жолдасы Сұлтанхан күліп қарсы алып, барлық жағдайымды жасағысы келеді-ақ, бірақ не электр, не ыстық су, не жылуы жоқ. Түннің бір уақытына дейін электр жарығын күтеді. Әйтеуір газ баллоны бар, тамаққа тоқпыз. Рахия тыныш жатпайды, әзілқой, сөзге жүйрік, көкірегі ояу, сауатты Сұлтанхан екеуі сөзімен де,көңілімен бала – шағасын да, мені де жылытады. Ең қызығы жатарда асты – үстіме түсіп, қабат – қабат көрпе төсейді, көрпе жабады. Тас бүркеніп жатпасаң, суық қарып өтеді. Адам көңілінің жылылығы қандай суықты болмасың жеңеді екен.

Рекеңнің кабинетінен бастап, зал, бөлменің бәрінде де дәріс жүріп жатады. Арнайы соғылмаған соң көретінің сол, мына жағыңнан күтпеген жерден дауыс салады, денең шымырлайды, мына жағынан көңілді ән шырқалады, шабыттанасың, одан қалса еденді тепкілеген бидің дүрсілі, тыпырлайсың. Бәріне шыдайсың, себебі, тынымсыз еңбекқорлардың жүрек дүрсілі деп ұғасың. Отыратын парта да жетіспейді, терезе ернеуі мен жылу батереясын қаптаған сыртына отыра салады. Ол отырыс онсыз да тынымсыз шәкірттердің өздеріне ыңғайлы-ақ, сыбырласады, сықылықтайды, бірін-бірі түртеді, оларға да, саған да тыным жоқ, көнесің, көнбеске шараң жоқ, дәріс беру міндетің, беріп қана қоймай, ертең оның қарымтасы боларына көзіңді жеткізесің. Осындай да, Рекеңе (Райымбек Сейтіметовке) ренжисің, әрі таңырқайсың, жасы келгенде жылы орнын суытып Алматыдай ару қаладан келгеніне, құмырсқадай еңбекқорлығына, терлеп-тепшіп дәріс береді, қолы қалт етсе, Кентау мен Түркістан арасын шаңғытып жүргеніне қызығасың. Жетіспейді, бәрі керек-ақ, ойындағың қайдан болсын неткен шыдамдылық!

Үлкен сенім бар жерде, тау қопарар күш-қайрат пайда болатын сияқты. Енді бәрі артта қалды, алғашқы түлектер ойдағыдай бітірейін деп тұр, көк күмбезі көкпен таласқан Әзірет Сұлтан кесенесі бар қасиетті Түркістаннан бұрынғы «Достық» кинотеатрын қайта жөндеп, бейімдеген мәдениет сарайы қол бұлғап шақырып тұрған еді.

Біздіңше, Р.Сейтіметовтің алғашқы дипломдық жұмысқа классик Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясын қоюы шәкірттеріне өнердің тұнық, мөлдір туындысының дәмін таттыру, олардың өмір бойы жалтылдақ жасандыдан аулақ болып, нағыз табиғи таза дүниені ажырата біліп жүрсін деген ойдан туған ба деп қаласың.

Ал, екіншісіне Бахтияр Вахапзаденің «Елді арандатқан қылыш (көктүріктері)» драмасын қоюы, ата-бабаларымыздан бастап Мұстафа Шоқай мен Ататүріктер аңсаған түрік бірлігіне қол жеткізу идеясын бүгінгі өнер тілімен жеткізу болса керек. Қойылымда елді арандатқан қылыш – көктүріктер – заманымыздың 630 жылы, Қытайды жеңіліске ұшыратқан Көк түрік қағанатының ұлт-азаттық күресін суреттейді.

Біз, түрік қағанатын қалай да ыдыратуға күш салған қытай империясының зымиян саясатын Ичкен хатын (Қарлыға Сейтіметова) бейнесінен толық көреміз. Тікелей соғысып ала алмайтынын білген әккі қытай императоры жауының қойнына қызын салып, оның жауының күні-түні іс-әрекетін қалт етпей бағып, кемшілік-жетістігін бүге-шігесін қалдырмай жеткізіп тұруға айлакер де қатігез етіп тәрбиеленген қызының бейнесін көргенде тісіңді шықырлатып кіжінесің, алдырмайтын әккілігіне қайран қаласың. Императордың арам ойын іске асыру үшін әпкесіне көмекке келген Ян-Чун (Нұржан Төлендиев) сатқын міз бақпайтын алдамшы арамза бейнесінде есте қалды.

Таққұмар Қара қаған (Марат Оразымбетов), алдауға түскен ағайындылар күресі Күр-Шад (Мұрат Құрманбеков) пен Толы Хан (Айдар Наурызбаев), батырлардың жары да, жанашыры да бола білетін әйелдер бейнесі – Селжан (Айсұлу Лесова), Бану Шешек (Жанар Жүнісова) арадағы арамза жеңгетай Сиан-Шы (Салтанат Жүнісова) байлыққа сатылмайтын, айбарлы батыр, дүние қуған, болбыр батыр, ақылшы серік айбынды батырлар тобын – Баға-Тархан (Қанат Садықбеков), Салырхан (Нұржан Әбдіқұлов), Арслан (Ержан Исатаев), Еркін (Ерлан Қалдарбеков) және қытай офицерін (Ержан Нұрымбетов) жас өрендер өз деңгейінде ойнап шықты.

Қарт Қаратаудың қойнауынан тағы да бір өнерлілер легі қанат қаққанына осылайша куә болдық, соларға тамшыдай болса нәр беріп, дәріс бергенімізге іштей масаттандық. Ұстаздың алатын ең басты сыйлығы – шәкіртінің сүрінбей қадам басқаны шыңдарға көз тіккені.

Р. Сейтіметов баптаған өнерлі жастар дипломдық жұмысқа дейін С. Балғабаевтың «Ең әдемі келіншегін» сахнаға шығарып, Түркістан, Кентау халқының ыстық ықыласына ие болып, одан әрі Түркиядан қоғам қайраткері, қазақ елінің жанашыры Кемел Зейбек пен университет әкімшілігі көмегімен қандас Түркия елінде де өнер көрсетті. Қойылымды қазақша да, түрікше де түбірі бір қос тілде сөйлету-туысқандықты мәдени байланысты дамытудың бірден-бір тиімді жолы. Өрісін кеңейтер құлшыныс!

Өздерін сүйсінткен олардың өнеріне Түрік елінің басшылары тікелей көмек көрсетеміз, сондықтан басқа да түркі тектес халықтар мекендейтін елдерде, мысалы, Алманияға барыңдар деп шынайы ниеттерін білдіріп отыр. Сондықтан қалған қойылымдарды да түрік тілінде де дайындап Р.Сейтіметов пен оның өнерлі шәкірттері өздерінің өнер салаларының көкжиегін кеңейтуге әзір екендерін байқатты.

Қанаттарың талмай, алысқа самғаңдар.

Жабал Шойынбет,

Абай атындағы ҚазҰПУ «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры

Түркістан-Кентау, маусым 1999 жыл

Жаңалықтар

Cиноптиктер ертең, 25 қарашада еліміздің он екі облысында ауа райына байланысты ескерту жасады, деп...

Жаңалықтар

Нұрбек Оралбай неге үйленбей жүргенін айтты, деп хабарлайды madeniportal.kz nur.kz сайтына сілтеме ж...