«Ана тілі» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай Президент Жолдауына қатысты пікір білд...
ПОЭЗИЯ «ПЫРАҚТАРЫ»
Әлем-жәлем киінген жас ақын әлдеқандай болып, редакцияның әдебиет бөліміне келіп түскен хаттарға шұқшиып отырған-тын. Кенеттен шаян шаққандай орнынан шапшаң атып тұрып, қарандашының басын қарш еткізіп тістеп алды да, «тфю» деп қабырғаға қарап түкіріп жіберді.
- Қарағым-ау, қара басты ма? Қараптан қарап, жараған бурадай жыныңды шашқаның не? – Үндемей газет оқып отырған сақа тілші, көзілдірігін шекесіне көтеріп, үрейлі көзбен көршісіне үңілді.
- Не мынау?
Жас ақын өшін әріптесінен алғысы келгендей өршеленіп, бір бума қағазды қобыратып әкеліп, үстел үстіне шаша салды.
- Не мынау?
-Еее, - деп есінеген егде газетші еденге түскен парақты еппен көтерді де, ежелеп оқи бастады:
- Кең байтақ Қазақстан жайнаған жер, Төрінде сандуғаштар сайраған жер. Әлемдік отыздықтан ойып тұрып Орын алып бүгінде тойлаған ел». Мәледесс! Төрт аяғын тең басқан әп-әдемі-ақ өлең! По-э-зия!
- Қайдағы өлең, мынаның қай жерінен поэзия көріп тұрсыз, көке-ау, - деді көзі боталаған жас ақын қып-қызыл болып дауысы қылғына шығып.
- Е, несі бар, ең бастысы ұйқасып тұр емес пе?!
- Бүйткен ұйқасының ұртын ұрайын. Әрі қарай тыңдаңыз. - Сақа тілшінің қолындағы қағазды жұлып алған жас ақын жұлқына жөнелді:
- Төсімде қызу еңбек жайнап жатыр,
Қазаным жер ошақта қайнап жатыр.
Мәңгілік ел боламыз асқақ мұрат,
Кемеңгеріме сенген елім тойлап жатыр. Мынаған не айтасыз ал?
- Несі бар, құйылып тұр!
- Құйылып тұрған жоқ, сұйылып тұр, - деді күйініп тұрған жас ақын одан әрі жаны ышқынып:
-Қайнайды халқым десе менің қаным,
Атағым алты құрлыққа болды мәлім.
Дамыған отыз елден де озып кетіп,
Тойлай бер, Қазақстан, нұрлы таңым!
Бар тілегім гүлдей болып жайнай бер,
Биік-биік мінберлерден сайрай бер.
Тоқшылықпен қайнап елдің қазаны,
Әр жылдарды жетістікпен тойлай бер.
«Қайнау, жайнау, сайрау, тойлау». Құрығанда «ойлау» деген де ойына кірмеген екен, ә?! Тіл байлығында төрт-ақ ұйқасы бар неғылған «ақын» бұл?
- Бұл төрт сөзде бүгінгі қоғамның айқын келбеті жатыр. Әйтеуір ырғағынан жаңылмаған екен. Соған да тәуба десеңші, - деп ыңыранды кәрі тілші ырқ-ырқ күліп,
- басың жас қой, мұндай «шайырдың» мыңын көресің. Тәк што, шырт ете бермей, шыдамды бол!
- Мәселе ырғақта ма, - деп қызынып кеткен жас ақын екі көзін тарс жұмып, екілене сөйледі. - Мына туындыда құрғақ мақтан, жалаң ұраннан басқа «бірдеңе» көрсем көзім шықсын. Көркемдіктен жұрдай. Мұншама күшенгенде к. теншегі айналып кетпегеніне таңмын. Өлеңге қойылуға тиіс талаптарға толық жауап беріп тұрған жоқ. Төрт буынды ұйқаспен келе жатып, екі буынды болып кетеді. Бұл дегенің төрт аяқпен шауып келе жатқан аттың, кенеттен екі аяқпен шоқырақтап кеткені сияқты емес пе?! Соңында «өлең» құрылымы тіпті өзгеріп...
- Пах, - деп сөзін бөлген сақа тілші санын соғып қалды да, қарқылдап күліп жіберді. - Кезінде кеңес үкіметінің «шалқұйрықтары» партияның шешімдерін «жырлағанда» «бір аяқпен-ақ» «шаба беретін». Ал, «аяғы талғанда» «қанат бітіп», «самғап» кететін. Ал, мына «поэзия пырақтары» әйтеуір екі аяқпен болса да, жер басып жүр ғой. Бұл «ұрпақтар жалғастығының үзілмегенін», әрі өңір әдебиетінде «ілгерілеу» бар екенін көрсетеді. Сондықтан, шүкір, шүкір, - деген аға буынның ақылын естіген жас ақын, жынын алған бақсыдай сылқ етіп, көзі аларған күйі орындыққа құлай кетті.
-«Поэзия пырақтары...» - осы сөзді қырылдаған үнмен ызалана қайталаған жас ақын атып тұрып, «пырақтар» шимайлаған парақтарды қоқысқа лақтырды.
Абылай Мауданов,
Қостанай.