– Көрнекті жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев ағамыздың дүниеден өткеніне де жыл толыпты&helli...
«Сарра» – драматургияның жаңа белесі
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҒЫНА ҰСЫНЫЛҒАН КІТАП
Биылғы Қазақстан Республикасының әдебиет пен өнер саласындағы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығына ұсынылған бірнеше кітап бар екен. Соның бірі – «Сарра» драматургиялық шығармалар жинағы. Авторы – есімі елге бұрыннан таныс жазушы, драматург, аудармашы, педагог, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының, «Жалын» жорналының Т.Айбергенов атындағы сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Франц Кафка атындағы Халықаралық медалінің, ТМД Халықаралық Ассамблеясы «Мәдениет пен өнердің дамуына сіңірген еңбегі үшін» медалінің, «Сахнагер – 2019 ұлттық сыйлығының» иегері, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры Роза Мұқанова.
2019 жылы «FOLIANT» баспасынан жарық көрген бұл жинаққа жоғарыда аталған «Саррадан» бөлек, «Фариза», «Сен», «Шатыр астындағы Мен», «Муза», «Мысықтар патшалығы», «Ешкім де кінәлі емес», «Мәңгілік бала бейне», «Қаралы сұлу» және «Өмір солай...» атты драмалары енген-ді. Роза Мұқанова драматургиясына тән, көзге ерекше шалынатын басты-басты артықшылықтар – қоп-қою конфликт, интрига, перипетия, жинақы сюжет, талас-тартыс үстінде ашыла түсер характер, финалдың әркез тосын түйінделуі, қаһармандардың қайталанбауы, формалық ізденіс, мазмұндылық. Автор өмірдегі қилы-қилы құбылыстарды сырттай бақылап қана қоймай, оны өз дүниетанымы арқылы да өткізеді. Кезінде жазушы Дидахмет Әшімханұлы: «Роза Мұқанованы әдебиеттегі құбылыс деп еш қысылмай айта аламын. Розаның «Дүние-кезек» деген жинағындағы әңгімелерді оқығанда мен шеберлік, шынайылық, көркемдік дегенді былай қойғанда, ойдың тереңдігіне, талғамның биіктігіне, жан-дүниенің кеңдігімен жүректің сезімталдығына тәнті болған жайым бар» деп жоғары баға берген-тұғын.
«SAMSUNG» компаниясының «Қазіргі қазақ драматургиясы» жүлдесін қанжығаға байлаған «Мысықтар патшалығы» – сюжеті шымыр, шым-шытырыққа толы, оқырманға ой салмай қоймайтын, тыңнан түрен салған толымды туынды. Мысықтар фон ретінде алынған. Миығынан мырс-мырс күлген, мысқылдаған мысекеңдер – рухани, әлеуметтік, мәдени қатпардың әдеби маскасы. Драмада 12 көркем бейне бар: Патша мысық, Уәзір мысық, Белсенді мысық, Тарғыл мысық, Құндыз мысық, Ақ мысық, Қара мысық, Сары мысық, Қоңыр мысық, Орман мысығы, Марғау (жас мысық), Үрей, бәрі тегіс иерархиялық ретпен орналасқан. Бұл – көзқарас, ұстаным, принцип, сенім, бақталастық пен күйініш иерархиясы. «Мысықтар қашан да сыпайы, мұнтаздай таза. Марғау паңдана қарап, керіле, бейқам отыр. Құндыз мысық. А... н... а... у, жаман мияу. Сен одан сақ жүр. Ал, м... ы... н... а...у мені шақырып, қолына түсірмек болған. Бұл барып тұрған антұрған, бәле. Мен оған көнбей қойғанмын. Содан жанымды қинап, не көрсетпеді дейсің маған. Көрсетпегені жоқ. Марғау. (бала мысық көзін жыпылықтатып, мұртын жалады) Сонда не қыл дейді сізге? Құндыз мысық. Қандай ақымақсың, Марғау. Не қыл деуші еді әйелге... Күйеуің болайын дейді де» деп басталады пьеса. Автор бояуларға да айрықша мән берген-ді: тарғыл, ақ, қара, сары, қоңыр, түстеріне қарай әрекеттері... Десек те, бұл драматургия, табан астындағы бұлтарыс-бұлтаң кез келген нәрсені демде-ақ 360°-ға шыркөбелек айналдырып жіберуі мүмкін. Шығармашылығымен жете таныс кісі Роза Қажығалымқызының драмаларында мұндай «поворот» көп екенін байқары анық. Әр көркем туынды – аяқталған, бас-аяғы бүтін дүние. Сонымен қатар, оны байланыстырып тұратын тұтас желі болмақ. Осы оймақтай драмадағы Үрейдің орны бөлек, бұл жерде ол адастырушы қызметін атқарып тұр: «Мен – Үреймін. Мені мияулар бірін-бірі жою үшін қолдан жасап алған. Менде тән жоқ, жан жоқ. Үрей болып қонамын, үрей болып ұшамын. Маған ажалды нәсіп етпеген, мен мәңгі тірімін». Үрей – сананы билеген, айналаға сенімсіздік, қорқыныш ұрығын сепкен рухани дерт. Көркем туындының ту етіп ұстағаны, өзегі – түрлі-түрлі жағдаяттармен таласқа түскен адалдық, арлылық, адамгершілік.
Драматургия тарихи даму үстіндегі феномен екенін ескерсек, қазақтың алғашқы драмасынан бастап, Тәуелсіздікке шейінгі аралықтағы бұл жанр тұрақты белгілерін сақтай отыра, әр кезеңде түрлі трансформацияға ұшырағаны сөзсіз. М.Бахтин жанрдың жаңаруы туралы ойын былайша түйіндейді: «Жанр возрождается и обновляется на каждом новом этапе развития литературы и в каждом индивидуальном произведении данного жанра... Жанр живет настоящим, но всегда помнит свое прошлое». Бұл ретте, суреткер Роза Қажығалымқызының трагедия, драма-абсурд, трагикомедия жанрларының өріс жаюы үшін тынбай ізденгені – қалың жұрт назарында. Кеңістік – болмыстың анық ашылатын алаңы. Мұнда субъект өзді-өзін және қоршаған ортаны таниды. Кеңістікті толтырған барлық атрибут – феноменология тұғыры. Семиотик, мәдениеттанушы, структуралист Юрий Лотман осы жөнінде: «Семиотика пространства имеет исключительно важное, если не доминирующее, значение в создании картины мира той или иной культуры» деген болатын. Уақыт пен кеңістік – егіздің сыңарындай ауқымы кең ұғымдар, бірінен-бірі ажырағысыз субстанциялар. Көркем әдебиет – уақыт пен кеңістіктің шап-шағын моделі. Басқа өнер түріне қарағанда, әдебиет уақыт-кеңістік категориясымен еркін байланыста. Бір мезгілде бір кеңістіктен екінші кеңістікке ауысып кету мүмкіндігі бар, бұны драматургияда «переход» дейді, бір уақиғаны екінші уақиға, бір көріністі екінші көрініс, бір сахнаны екінші сахна алмастырады. Концептуалдық уақыт пен кеңістік – табиғат, аспан денелері, қоршаған орта турасындағы біздің заманымызда жинақталған ұғымдар. Бұл – реалды уақыт пен кеңістіктің санамыздағы үлгісі. Перцептуалдық уақыт пен кеңістік ұғымы адамдар сезім-түйсігі, психологиялық суреттерінің өзгеріп отыруымен мәндес. Уақыт-кеңістік категориясы автор дүниетанымын, стилін қалыптастыруда зор рөл атқарады, сол негіздегі жаһанның жеке авторлық суретін түзу ерекшелігін, шығарманың ішкі заңдылықтарын айқындайды, оның композициялық тірегі боп, образ ашылуының ішкі ұйымдастырушысы функциясын атқармақ. Уақыт пен кеңістікті зерттеу туынды тініне бойлай отыра, оның құрылу спецификасын, жазушының дүние турасындағы концепциясын айқындауға мүмкіндік береді. Аталған кеңістіктің ауқымы кеңейіп, уақиғадан да тыс көп дүниелерді қамтуы мүмкін. Сондай-ақ, уақиға бір бөлменің ішінде ғана немесе бір күн, бір сағат ішінде өтуі де ғажап емес. «Мысықтар патшалығындағы» кеңістік – сарай. Арғы-бергі сенделіс көп жоқ, сахналық ойын бір орында өтеді, локация – айқын, сонысымен де қыздың жүгіндей жинақы, сонысымен де тұтастығын сақтап қалған-ды. Әр қаламгер – eң әуелі өз халқының үнiн, oның тapиxындaғы eң өзекті деген мәceлeні қарақты көзге көpкeмдiк тұрғыдан өpнeктeй өрбіте oтыpып жeткiзуге асығады. Халық көкeйіндегісін тап басып тану – әрқай қалам иесінің aбыpoйлы міндеті. Тiптен, бұл – тек aбыpoйлы ғaнa eмec, сонымен қатар Алаш жұрты aлдындaғы пepзeнттiк бopышы. Тегінде, жазушы атаулысына тән басты ерекшелік – оның өзіндік тіл өрнегі мен сөз саптау шеберлігімен үндес келген қайталанбас қолтаңбасы. Ұлт тыныс-тіршілігі мен өмірдің былайғы көзге көріне бермес құбылыстың сырына қанық, ойындағысын адам қызығарлықтай, көңіл сүйсінерліктей етіп суреттейтін қабілет-қарымы мол, тіл, көңіл, сезім, рух байлығы жағынан алабөтен автордың шығармаларымен студент кезіммен таныспын. Роза Мұқанова аталған драмасында әдеби кейіпкерлер іс-әрекетін, ұмтылыс, құлшыныс, ниет-пиғылын, ішкі ой-толғанысын тереңінен толғай отыра, әлеуметтік ортаның қарама-қайшылығын, қарым-қатынасын, сан түрлі көзқарасы мен өмір заңдылықтарын тамыршыдай тап басады. Ол – жазғанын жариялауға асықпайтын жазушылардың сойынан. Автор уақиғаны асықтырмайды. Өйткені, шығарманың өз ағысы, өз тізбегі бар. Ағымдағы әдебиеттiң көп төңіректейтіні жақсы мен жаман, сұлу мен ұсқынсыз, ақ пен қара. Осы туралы ой айту, образ тудыру, әрине, ыңғайлы. Ал, имандылық, адамгершіліктен алыстау бейнені даралау – қиын шаруа. Жазушы суреттеуіндегі Марғау, Құндыз мысық, Тарғыл мысық, Қара мысық, Сары мысық пен Уәзір мысық – психологиялық талдаудың, көркем бейне жасаудың жарқын үлгiсi. Оның сомдауындағы хapaктepлep кeceк және oлapды өcipeтiн уақиғaлap лeгi дe филocoфиялық-пcиxoлoгиялық тaлдaуғa тoлы. Жалпы, көpкeм әдeбиeттeгi пcиxoлoгизм мәceлeci – ғылыми, әдeби мәнi-мазмұны күpдeлi мәceлe. Пcиxoлoгизм – әлеуметтік орта aлғышapттapы мeн жeкeлеген aдaм дүниeтaнымын cуpeттeудің жeмici. Б.Майтанов: «Қaһapмaнның pуxaни әлeмiн, жaн cыpын жeткiзу aмaл-тәciлдepiнiң жиынтығы нeмece эcтeтикaлық шығapмaшылық фeнoмeн – пcиxoлoгизм», – десе, Г.Пipәлиева: «Эмoциoнaлдық қoзғaлыc oй қoзғaлыcынa дeм бepiп oтыpaды» – дeп, iшкi әлeмдi әшкepeлeудiң бipдeн-бip әдici ocы – пcиxoлoгиялық тaлдaу eкeнiн aйтaды. Жазушы өз позициясын көркем шығармаға күштеп тықпаламайды, ол біреуді мақтамайды да, даттамайды да. Психологиялық талдау қатпары туынды барысында қалыңдай түсiп, оқырманды өзіне тарта түседі. Автор көпсөзділіктен, артық ауыз әңгімеден ада. «Мысықтар патшалығы» – терең психологиялық, философиялық, ішкі иірімі мол туынды. Бұл жерде қаһармандар қақтығысымен қатар, олардың рухани әлеміндегі ой мен сезім қайшылықтарына да басымдық берілген. Жазушы сұлу сөз қумайды, керісінше кейіпкер жанының динамикасын, құрылымын, интонациясын айқындауға күш салады. Шығарма басындағы кейіпкерлердің аяғына қарай мінез-құлқы айтарлықтай өзгеріске ұшырайды. Себебі, автор оларды өсіруді көздейді. «Мәңгілік бала бейне» – осындай тең талант, ерекше мұраттастықтан туған спектакль, әсіресе драма авторы Р.Мұқанова мен режиссер Б. Атабаевтың көркемдік тандемінен дүниеге келген туынды. Осы тандем және спектакль суретшісі Есенгелді Тұяқов пен актерлердің ұжымдық биік өнері. «Мәңгілік бала бейненің» көркемдік қалып-пішіні, жалпы атмосферасында сахналық сымбаты мен актерлік ойын сымбатының ролі зор. Спектакль финалында шынайы Ләйлә-Сұлулықтың дарға асылғанын көресіз. Адамзат, адамдар Сұлулықты өлтірді, демек, өз тамырына балта шапты. Ләйлә өлді – Қарауыл өлді... Осы бір ащы ақиқат саналарына ұрған Қарауылдықтардың финалдағы музыка, реквием-хор (Карл Орфф) атмосферасындағы жанталасы ғана үміт отын себездетеді. Бірнеше желі қатар өріле-өрби келе бүкілхалықтың қасіретке ұласатын «Мәңгілік бала-бейне» − әр көрермен жүрегіне жол салатындай қарапайымдылыққа қол жеткізген, рухани-мәдени кеңістігі кең, қуатты симфония-спектакль» деген еді сыншы Әлия Бөпежанова.
Ал, «Сарра» драмасы 2016 жылы Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында сахналанған болатын. «Сарраның» көтерген проблематикасы – әйелдің махаббаты, ұрпақ сабақтастығы, мейірімділік, сүйіспеншілік, ұлт боп ұйысу. Ол үшін ұрпақ жалғастығы, ұрпақ амандығы әлдеқайда қымбат. «Сарра» драмасы көрерменге көптеген сауал тастап, соған жауап іздеуге ұмтылады. Жинақтың алғысөзінде былай делінген: «Сарра – Ібраһим ъаллайһи-уа-сәлләмнің жұбайы. Харан қызы – Сарра, бауыры – Лұт еді. Харан отқа табынушылардан болды. Сарра ана 130 жасқа келгенде ғана Жебірейіл ғ.с Ібраһим ғ.с. қуаныш хабарын жеткізеді. Сарра анадан Ысқақ ъаллайһи-уа-сәлләм дүниеге келген. Бұл аралықта Сарра бала сүю үмітінен айырылғандықтан күтушісі Ажарды Ібраһим ъаллайһи-уа-сәлләмға өз еркімен қосады. Ажар – (шын есімі Хаджар) Садық патшаның Сарра құрметіне берген кәнизәк әйелі. Ажар – Садық пайғамбар нәсілінен, өте көркем, мінезді әйел болған. Ісмағұл ғ.с.-нің анасы. Оқиға желісі Рабғұзидың (Рабғұзи – ХІІІ ғасырдың аяғы мен ХІV басында көне түркі тілінде ірі туындылар әкелген тұлғалардың бірі) «Қисса-сүл-әнбийя-и» пайғамбарлар өмір тарихынан алынған». Демек, көркем шығармадағы көтерілген мәселе қазақ еліне де тікелей қатысты. Драманың басты арқауы – адам баласының өрістеуі, оның мына әлемдегі құндылық ретіндегі орны. Жазушы, филология ғылымдарының докторы, абайтанушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай 1999 жылы «СолДАТ»-қа берген сұқбатында: «...Тағы бір топ бар. Олар болашақта қазақ әдебиетін биік белеске алып шығатын тарландар болмақшы. Солардың бәрі болмаса да, бір-екеуінің аттарын атайын. Олар Тұрсынжан Шапай, Роза Мұқанова, Гүлнәр Салықбаева, Тыныштықбек Әбдікәрімов. Мен олардың бүгінгі қалам ұстастарына сенемін» деп үміт артқан еді. Міне, содан бері табаны күректей 21 жыл өтіпті. Үкілеген үміт ақталды, аты аталғандардың қай-қайсысы болсын қазақ әдебиетіндегі өз орнын толық айқындады, Алаштың әдеби, рухани, ғылыми қоржыны небір ғажап туындылар мен зерттеулерге толды. Роза Мұқанова да қалыс қалған жоқ, қайта драматургия, проза, аударма саласында өнімді еңбек етіп жүр. Тағы, Елордамызда орналасқан Қазақ Ұлттық өнер университетінде («Шабыт») шәкірт тәрбиелеп, жан-жақты, мықты, білімді, білікті мамандар даярлап, өмірде де, өнерде де үлгі-өнеге көрсетумен келеді. Бұған – ел куә, халық куә. Соның дәлелі – 2008 жылы «Шатыр астындағы Мен» атты пьесаның Мемлекеттік Грант жүлдесін иеленуі. Бұнымен қоса, «Фариза», «Сен», «Муза», «Ешкім де кінәлі емес», «Мәңгілік бала бейне», «Қаралы сұлу» және «Өмір солай...» атты драмалары көрермен көзайымына айналғалы қашан. Көркем шығарма ұстыны – мәтін. Ал, мәтін – автор, оқырман һәм мәдени контекс арасындағы диалогқа негізделеді. Көркем туындыны талдап-талғауда мәтінді танудың философиялық маңызы аса ерекше екенін ұмытпайық. Осы тұрғыдан келгенде, Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «Сарра» – драматургияның жаңа белесі, қазақ әдебиетінің, жалпы әдебиеттің зор табысы, орны алабөтен олжасы, шынайы бағасын алуға лайық жинақ, кейінгі ұрпақ үшін маңызы орасан ойлы кітап.
Әлібек БАЙБОЛ Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы-драматург, әдебиеттанушы, сыншы.