Көркем прозаның алғашқы сөйлемінен-ақ шығарманың ішкі күш-қуат лебін сезуге болады деген ұғым бар. М...
Тайшықовты танимыз ба?
Қадыр Тайшықов – ақын, жазушы, журналист, сықақшы, аудармашы, әнші, композитор, музыкант. Ол 1900 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданының Қызылтау өңірінде туған. Қадырдың әкесі – Баспақ, атасы – Тайшық, ұлы атасы – Ноғай – өз замандарында Күлік, Қызылтау, Атағозы болыстарын басқарған белгілі тұлғалар. Негізі, Қадыр Тайшықов қазақтың көрнекті жазушысы Жүсіпбек Аймауытовпен аталас туыс боп келеді. Зерделі зерттеуші Бейсенбай Кенжебаевтың айтуынша, Баспақ ақсақал заманында әрі дәулеттi, әрі әйгiлi би, саятшы, домбыра жасайтын ұста болған ұқсайды. Қазақтың арғы-бергi шежiресiне, әдебиетiне, әдет-заңына, тұрмыс-салтына жетiк екен. Аң, құс жайын, саятшылықты, қол өнерiн жақсы бiлетiн, өте сөзшең, шешен кiсi болыпты.
Қадыр ата-бабалары дәулетінің арқасында Баянаула мен Керекудің, Қарқаралының оқу ордаларында білім алады. Ол бала кезінен орыс тілі мен әдебиетін жетік меңгереді. Оған осы алған білімінің мол пайдасы тиеді. 1920 жылдары Қаныш Сәтбаев Баянауылда судья болған кезінде, Қадыр сол жерде хатшылық қызмет атқарады. Семей қаласы сол кезеңде ұлт зиялылары бас қосатын рухани орталық болатын. Сондықтан 1925 жылы Қадыр да Семейге қоныс аударып, губревкомда аудармашы болады. Осы жерде тәжірибе жинақтап, әбден ысылған Қадыр, 1926 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетіне түседі. Бірақ, өкінішке қарай оны «бай баласы» деген желеумен оқудан шығарып жібереді. Білімге деген құштарлығының арқасында ол Алматыға келіп, жазу-сызумен барынша айналысады. Оның сатиралық әңгімелері мен өлеңдері «Еңбекші қазақ», «Лениншіл жас», сондай-ақ Семейде шығатын «Қазақ тілі» газеттері мен «Жаршы», «Жаңа әдебиет», «Балға» журналдарында дүркін-дүркін жарияланып тұрады. Бірсыпыра шығармалары «Мәлтең», «Бұйрас», «Қабсыңқа», «Малкелді» деген бүркеншік атпен шығады. Бейсенбай Кенжебаев бұл лақап аттардың мәнісін былайша түсіндіреді: «Қадыр жасында нәзiк, шая болған. Жұрт оны «Мәлтең» деп мазақтаған екен. Тегi, Қадыр аласа бойлы, шағын денелi, дәу басты едi. Бойы мен денесiне қарағанда, басы үлкен, оны «Қазанбас» деп айтуға болатын. Ал «Бұйрас» дейтiнi, Қадырдың шашы сәл ширатылып, болар-болмас бұйраланып тұратын. «Қабсыңқа» – өз аты, бас әрпiнiң ескiше оқылуы».
1927 жылы «Еңбекші қазақ» газеті сатиралық шығармаларға арнайы байқау жариялайды. Бұл сындарлы сайысқа 103 фельетон түсіп, соның он екісіне ғана жүлде берілген екен. Осы дүбірлі додада Қадыр Тайшықов «Мұсылман ұлының қамшысы», «Үш тарау», «Меруерттің сыры» атты шығармалары үшін бас жүлдені жеңіп алады. Екінші орынды Аманғали Сегізбаев иеленсе, үшінші орын Бейімбет Майлинге бұйырған көрінеді.
Қадыр Баспақұлы 1928 жылы «Еңбекші қазақ», 1932 жылы «Оңтүстік Қазақстан» газеттерінде әдеби қызметкер, 1933–1937 жылдары Қазақ мемлекеттік баспасында және Қазақстан Жазушылар одағында абыройлы қызмет атқарады. Осы редакцияларда ғұлама ғалым Бейсенбай Кенжебаевпен бірге жұмыс істейді. 1935 жылы «Күлмесек не?» атты сатиралық жинағы, 1936 жылы «Октябрь ұшқыны» атты әңгімелер жинағы, ал 1937 жылы «Аңшы Қалжан» атты повестер кітабы жарық көреді. 2015 жылы «Октябрь ұшқыны» атты жинақ жазушы Сайлау Байбосынның мұрындық болуымен «Аманат» деген атпен қайта өңделіп, тасқа басылды.
Қадыр Тайшықов – қазақ жазба әдебиетінде сатира, фельетон жанрын қалыптастырушылардың бірі. Ол – шағын әңгiме мен фельетон жазуға шебер қаламгер. Сатира сардары. Оның туындылары көркем де өткір тілді, келісті де күлкілі, әрлі де әжуалы, сын-сықақты болып келеді. Оқуға – тартымды, түсінуге – жеңіл. Оқырманды оқуға шақырып тұрады. Сондықтан да оның шығармалары көп сахналанды. Тіпті Совет Одағының Халық артисі Қалыбек Қуанышбаевқа «Табылған хаттар» атты әңгімесін арнайы жазыпты. Қалекең бұл туындыны сахнада жиі орындаған.
«Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деп хәкім Абай айтпақшы, сатира жазуда Қадыр Баспақұлы қазақтың көрнекті ақын-жазушылары Бейімбет Майлин мен Ілияс Жансүгіровтен көп үлгі-өнеге алған, үйренген, соларға ұқсап жазуға тырысқан. Өйткені олардың сөз ойнату әдіс-тәсілдері, сын-сықақ жазу шеберлігі Қадырдың біраз шығармаларынан байқалады. Тіпті кейіпкерлерінің кей іс-әрекеттері де қайталанады. Бұл – заңдылық. Сол сияқты Қадырдан үйренушілер де болған. Мәселен, Дүйсенбек Еркінбеков пен Сейділә Төлешов Қадырға қатты еліктеген. Олардың шығармаларын оқыған кез келген оқырман осы ұқсастықтарды тез аңғара қояды. Мұндай ұқсастықтарды әдебиеттің барлық жанрынан кездестіруге болады. Бұл – әдебиеттің өсіп-өркендеу жолындағы қалыпты үрдіс. Біздің бұл пікірімізді белгілі ғалым Қырықбай Аллабергенов өзінің «Біртуар дара тұлғалар» атты ғылыми еңбегінде қолдап-қуаттай түседі:
– Мысалы, Қадырдың Қалпақбайы мен Бейімбеттің Құрымбайы, Зәкіржан молдасының қызға баруы мүлде ұқсас. Бұлардың еңбектеп, сүйретіліп қызға жетуі, онымен тілдесу сиқы, қыз бетін оң қарата алмай пұшайман болуы, ақыры қасиеттен айырылып, масқарасы шығуы – бәрі бірдей. Ілиястың Қасымбаевы сияқты, Қадырдың өкілі де елге барғанда өзін былай таныстырады: «Мен жоғарыдан келген өкілмін, профсоюздың өкілімін, қысқасы осы дәуірде ашылып бар болуға тиісті барлық союздің өкілімін. Ілиястың «Жайлаубайдың жауыры», Қадырдың «Шиқан», «Демалыс» фельетондары арасында да ұқсастық, үндестік бар, әсіресе кейіпкерлердің дәрігерге баруын, көрінуін суреттеген тұста бірінің-біріне еткен әсер-ықпалы сайрап жатыр.
Қадырдан үйренушілер де болған. Ол, әсіресе Еркінбековтың сын-сықақтарынан анық байқалады. Дүйсенбекте негізінен сол Қадырдың назарын аударған кемшілік-дерттерді, елге шыққан кейбір өкілдердің ақымақкершілігін («Төремін»), дінбасылардың күлкілі халін («Молданың зары»), кейбір келіншектердің боямпаздығын («Әнәпия»), мәнсіз жалғыздықты («Өзіміздей жазушы»), сөйлей білмес былжырақ бастықтарды («Баяндамашы») сынап-мінеді. Тіпті олардың кейбірі Қадыр сықақтарымен ұқсас, пішіндес. Мысалы, Д.Еркінбековтің «Бір ауру, екі дәрігері», «Баяндамашы», Қ.Тайшықовтың «Демалыс», «Мақамбайдың баяндамасы» деген шығармаларымен мүлде үлгілес, кейіпкерлердің жүріс-жорық, хикаясы, сөз саптауы да бірдей.
...Қадыр С.Төлешов фельетондарында да айқын із қалдырды. Сейділдә өзінің «Ассалаумағалейкум, Нұрманов жолдас» деген фельетонын Қадырдың «Шым-шытырық» атты сықағының мазмұнына құрды. Күшеншек ақын, жортақы жазушыларды Сейділдә да Қадырша ажуалады. Қадырша сыдырта, төпеді.
Міне, кез келген қаламгер өз стилін тауып, қолтаңбасын қалыптастырғанша, өзінің алдындағы аға буын өкілдеріне немесе өзі қызығатын тұстастарының жазу мәнеріне еліктейтіні хақ.
Қадыр Тайшықов көркем аударма саласының дамуына да ерен еңбек сіңірді. Ол Н. Гогольдің «Өлі жандар», «Шинель», Д. Фурмановтың «Чапаев», «Мятеж», М. Шолоховтың «Көтерілген тың» романының бірінші кітабын (Хасен Өзденбаевпен бірге), М.Кольцовтың «Иван Вадимович өз дәрежесіндегі кісі» атты роман, повестерін, А.Чехов, М.Зощенконың, тағы да басқа белгілі қаламгерлердің туындыларын қазақ тіліне аударған.
Қадыр Тайшықовтың композиторлық қабілеті де зор болған. Оның «Тасқын» атты күй, «Партизан жыры», «Полк әні», «Комсомол әні», тағы басқа әндері кезінде ел арасында кеңінен шырқалған. Тіпті Жүсіпбек Елебеков пен Қуан Лекеровтің репертуарларына да еніпті. Соңғы әннің сөзін Өтебай Тұрманжанов жазған. Бұл шығармалар Қазақ радиосынан жиі берілген көрінеді.
Негізі, Қадыр Тайшықов әрі әнші, әрі музыкант болғанға ұқсайды. Бейсенбай Кенжебаев өз естелігенде былай дейді: «Қадыр ән-күйдi, музыканы өте жақсы көретiн, жақсы түсiнетiн, тыңдағанда балқып отыратын. Оның даусы тамаша едi. Домбыра, мандолина тарта бiлетiн. Қадыр қазақ әндерiн тамылжытып тұрып домбыраға қосып айтатын». Ал Жайық Бектұров өзінің «Сәкеннің соңғы сәттерінде» атты жазбасында Қадырдың етік тігіп, домбыра жасап, сурет те салғандығын айтады. Қысқасы, Қадыр Тайшықов – сегіз қырлы, бір сырлы болған азамат.
1937 жылдың зұлматы қазақтың арда азаматтарын жазықсыз қырғаны белгілі. Қадыр Тайшықов та сол зұлматтың құрбанына айналады. Сол сұрапыл жылдары көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллинмен бірге ұсталып, Сібірге айдалып, сол жақта ажал құшады.
Ермахан Шайхыұлы
Байқау қазақ сатирасының негізін салушылардың бірі, жазушы Қадыр Тайшықовтың 120 жылдығына арналған. Байқауға сатира жанрында жазылған шағын әңгімелер, әзіл-сықақ өлеңдер, шағын скетчтер, очерктер қабылданады. Байқауды Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, «Мәдениет порталы», облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы және мәдени-сауық қызметі орталығы мен «Ақбеттау» журналы ұйымдастырып отыр. Байқау туралы толығырақ мына жерден таныса аласыз.