Өзбекәлі Жәнібеков. Мәдени майдан

Фото: ашық дерккөзден

ТАНЫМ
293
1970 жылы Торғай облысы ашылып, соған қатардағы хатшы болып, қызметі төмендеп, мәдени айдауға кеткен Өзбекәлі Жәнібеков қайда, қандай қызметте жүрсе де, ұлтына қызмет етуден жалықпаған әдетімен шалғай ауылдарды аралап, елдің әл-ахуалымен, әлеуметтік жағдайымен танысып, жұмысын бастап кетеді. Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтар өскен өлкеде мемлекет тарапынан қолдау көрмей, қараусыз қалған болатын.
Өзбекәлі ең бірінші қазақтар тығыз орналасқан Жангелдин, Амангелді аудандарын аралайды. Ондағы мақсат мектепте білім беру жүйесін тексеру. Себебі қараңғылық мектептегі сапасыз білімнен басталады. Орыстар тұрмайтын ауылдарда орыс сыныбын ашып тастаған. Қазақ сыныбында 40-45 баладан сыймай отырса орыс сыныбында 4-5 оқушы отырған. 
Орыс сыныбын аштырып, баласын оқытатындар совхоз директоры, парторгы, ауыл кеңесінің төрағасы, бас мамандар. Яғни, баламыз орысша оқыса жерде қалмайды деген түсінікпен ашылған. Министрге айтып жөндете алмағандықтан облыстың бірінші хатшысына кіреді. Бір тәуірі Сақан Құсайынов:
– Әй, Өзбекәлі, өзіңе не керек екенін менен жақсы білесің ғой. Маған келе берме, қалағаныңша істе,– деген бойда орыс сыныптарын жаптырып тастайды. Білім беру сапасы арта бастайды. Бұрын болмаған радиоторабын аштырады, «Торғай таңы» деген облыстық газет аштырады. 
Дәл сол кезде Қазақ ҰУ журналистика бітірген Қойшығара Салғараұлы келе қалады, бір жазғанын оқыған бойда облыстық радионы басқаруға тағайындайды. «Күн сайын түнгі сағат бір-екіге дейін ертең эфирға шығатын программаны талқылап, електен өткізеді» деп есіне алады Қойшығара. «Арқалықтан сөйлеп тұрмыз» деп басталатын Торғай радиосы тірілгенде ел қуаныштан көз жасын тыя алмапты. 
Өзбекәлі ауылдарды аралағанда үйлерін көріп шошып кетті. Үйлердің кіре берісінде тауық пен малдың қиы жата беретін. Басшылар ұмытып кеткен сияқты. Аудан басшысы Х.Нұрғалиевты ертіп жаңағы көріністі көргенде ұялғанынан жерге кіре жаздап:
– Өзеке осы ауылмен тоқтатайық. Сіз мақтамен бауыздадыңыз.  Үнсіз жүргенше, айқайлап ұрысқаныңыз жақсы еді ғой. Жағдайды реттеуге уәде беремін,– деген екен. Уәдесінде тұрып, ауыл-аймақтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға барын салды, Өзбекәлі де жәрдемін аямады. 
Өзбекәлі аудан басшыларын жинап :
– Ауылдағы үйдің саны 50-ден асатын болса, клуб, мәдениет үйі, медпункт, дүкен, монша соғасыңдар. Жерге емес, кереуетке жататын болсын, тамақ ішетін дөңгелек үстел жасап бересіңдер. Ауланы шарбақпен қоршап, ағаш егуді үйретіңдер!–деп талап қойды. 
Айтқаны іске асты. Қазақтар тығыз қоныстанған әрбір ауылды аралап, газет-журналға жазылуды үйрететін мамандарды жұмысқа аямай жеккен. Артынша қазақша газеттердің тиражы аспаннан бір-ақ шыққан. 
Жүз пайыз қазақ қоныстанған екі ауданға  жіберілетін кітаптың саны 80 пайыз орыс тілінде екен. Қазақ орыс аралас аудандарға бірде-бір қазақша кітап бармаған екен. Орталықтан басқару жүйесінің нәтижесі Өзбекәлі әрбір колхоз бен совхозда кітап дүкенін ашуға бұйрық береді. Үш жылда 79 кітап дүкені ашылады. Қай дүкенге қандай кітап жіберу керектігін Өзбекәлі өзі қадағалаған. Торғай өңірі үш жылдың ішінде кітап оқудан өзге облыстарға жетіп, басып озды. Ол келе сала «Торғай әуендері» фестивалінің жоспарын өзі жазып дайындады. Жоспар бойынша қолөнер, салт-дәстүр, спорт, ат жарысы, қазақша күрес, бокс, жеңіл атлетика бойынша жарыстар өткізілуі тиіс. 
1971 жылы 20 маусымда Арқалықта өткен фестивальға көрші облыстардан ел ағылды. Көкшетау облысының бірінші басшысы:
– Әй Өзбекәлі, Арқалықта не болып жатыр? Жұрттың бәрі Арқалыққа жөңкеле көшіп жатыр ғой,– депті. 1973 жылы Наурызды бейресми өткізген екен. 
Өзбекәлі ұлттың санасын ояту үшін «Жаңа жыл» мерекесін де шебер қолданған. Мәскеуден көрген «мұз қалашығын» Алматыда жоқ кезде 1971 жылы Арқалықта мұздан кірпіш ойдырып кішігірім қала тұрғызған. Қазақтың аңыз кейіпкерлерін мұздан мүсіндеген. 
Үш жыл ішінде Арқалықта әуежай, автовокзал, теміржол вокзалы, пошта, аурухана, қонақүй салынды.  Пединститут, екі арнаулы оқу орны, жобалау институты, филормония, драма театры, музей ашылды. Халықтың өмірге деген құлшынысы күннен күнге арта берді.
1970 жылы Көкшетаудан музей ашуға арналған бюджеттен бөлінген қаржыны Өзбекәлі шебер дипломатия арқасында Арқалыққа бөлгізді. Музей ашу оңай шаруа емес. Мәскеудегі шенеунік достарына шығып, музей ісінің майталман мамандарын Арқалыққа алдырды. Өзі тынбай ел аралап ескі жәдігерлерді жинады. Бірде Өзбекәлі ауыл аралап жүріп бір шопанның үйіне кіреді. Астан кейін:
–Есік алдында жатқан не ыдыс деп сұрайды?– Өзбекәлі.
–Итаяқ, – дейді үй егесі.
–Маған сол итаяғыңызды беріңіз, мен Арқалыққа ала кетейін, депті Өзбекәлі. Сөйтсе, әлгі итаяқ 19 ғасырда ағаштан ойып жасалған құнды астау екен. Оны ешкім білмеген, көзі түскен Өзбекәлі жәдігерді тани кеткен екен. Музейді Советтік Қазақстаннан бастаған жоқ. 
Ол өзі тарихшы болғандықтан экзпозицияның бірінші бөлімін 2700 жылдық тарихы бар Сақ дәуірінде жасалынған құрал-саймандарды жайғастырды. Екінші бөлімін жергілікті тайпалардың тастағы бейнелеу өнеріне арнады. Үшінші бөлімді Сақтан Қазаққа дейін Ежелгі Үйсін, Қаңлы, Түркі, Қыпшақ мәдениеті жәдігерлерімен жалғастырды. Төртінші бөлімді қазақтың этнографиясы мен тұрмыстық мәдениетіне арнады. 
Күн жылып, жер шираса болды Өзекең алыс ауылдарды аралап кететін. Сапардан оралғанда көлігінен келі-келсап, диірмен, ошақ сияқты заттарды түсіріп жататын,- деп еске алады музей қызметкерлері. Бәрімізге киіз үй тігіп үйрететін дейді. Музей қызметкерлерінің бәріне пәтер бергізді.  
Музей қызметкерлері:
–Өзбекәлінің дұшпаны көп еді. Әсіресе оның бітіспес жаулары Алматыда отырған кәрі қызметкерлер. Оның мәдениет пен тарихты көтеріп, қазақ рухын көтергені оларға ұнамады. Музей ашқанда экспонаттар арасына орыстың құмырасын да енгізбеді. Оны осы үшін сынап, үстінен арыз жазғандар көп болды,–деп еске алады. 
Өзбекәлі Арқалықта Пединститут ашқанда, Алматыдағылар қаржыдан қысым көрсетті. Ол комсомол кезінде жолдас болған Е.Тяжельников арқылы Пермь пединстьитутынан 100 000 рубльдің құрал-жабдығын тегін алдырды. Бірақ, сол институтта қазақ бөлімі аз ғана болды, себебі де өзімізден болар....
Студент кезінен институттағы драма үйірмесіне қатысып, танымал әртістермен аралас-құралас болған Өзбекәлі драма театрды ашуды армандаған. Құдай сәтін салып, оңтайлы оқиға туғызды. Алматыда Мәдениет министрінің орынбасарымен жүздесіп, амандық саулықтан соң, ол:
–Қиын жағдайға тап болдық. Талдықорғанда театр ашамыз ба деп, Мәскеуде бірнеше маман дайындап едік. Солар оқуын бітіріп келсе Талдықорғандағы театр дайын емес екен. Жұмысқа алмаймыз деп жатыр. Басқа театрларға таратайық десек труппаны бөлуге болмайды екен,– дейді. Сол жерде Өзбекәлі:
–Труппаны бөлмей бізге беріңдер, – дейді Өзбекәлі. 
Сонымен тез арада өкіметке ұсыныс түсіріп, сол күні Мәскеуге ұшады. Студенттермен кездесіп, жағдайларын жасауға уәде береді. Келісімен, кеншілерге арналған «Горняк» мәдениет үйін шұғыл түрде жөндеуден өткізіп, драма театрға айналдырады.  Театрға қажетті құрал-жабдықтарды Одақ бойынша Саратов қаласындағы жалғыз зауыт жасайды екен. Онда ұзын-сонар кезек пен талас-тартыс. Өзекеңнің бағына орай Саратовтың сол кездегі басшысы Виктор Дудкин комсомолда бірге істеген әріптесі болып шықты. Өзбекәлінің бір ауыз сөзін жерге тастамай театрға қажетті құрал-жабдықтың бәрін бір айда дайындап берген. Театр мен сахнаның қажетті заттарын Алматыда, актерларға қажетті киімін Мәскеудің кіші театрында тез арада дайындатады. Сахнаның дыбыстық акустикасы мінсіз болуы үшін осы саланың тарланы В.Смирновты Мәскеуден арнайы алдырады. 
1972 жылы 3 мамырда театр дайын болады. Сапа жағынан өте жоғары деңгейде болады. 24 желтоқсанда М.Әуезовтың «Айман-Шолпан» спектаклімен ашылады. 
Мәскеуден келген труппаның құрамында 17 адам. Барлығы «сен тұр, мен атайын» деген білімді жастар. Тез арада бес қабатты үй салғызып, жартысын әртістерге қалған жартысын пединститут мұғалімдеріне береді. Әртістердің костюмдеріне дейін Өзбекәлінің өзі бақылап отырған. Қойылымның басынан аяғына дейін өзі қатысады. Өзбекәлінің осындай жанқиярлық жұмысынан кейін Торғай жұртының мәдени деңгейі қалай өспейді. 
 
Ерғали ДІЛДӘБЕК  
 

Жаңалықтар

Шерзат Полаттың туыстарының құқығын қорғайтын адвокат Карина Көшербаева қанды оқиға болған түні дүке...

Жаңалықтар

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Талғардағы Нұрымовтар әулетінің басындағы ауыр жағдайды Ішкі істер...