ХІХ ғасырдың екінші жартысында тарих саханасына «жадит» ұғымы шықты. Жәдитшілдік бағытта...
Мұстафа Кемал Ататүрк: Ер жете келе әрқашан дербес өмірге ұмтылдым...
МҰСТАФА КЕМАЛ АТАТҮРІК – Түркия Республикасының бірінші президенті
Анасы – ЗҮБЕЙДЕ ХАНЫМ
«Мәдениет порталы» Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану докторы, профессор Арыстанбек Мұхамедиұлының жақында тұсауы кесілген «Кемеңгер тұлғалардың ұлы аналары» кітабынан жарияланымдар топтамасын ұсынады.
Кітап аналарға арналған...және адамзат тарихында әлемдік оқиғалар мен миллиондаған адамдардың тағдырына әсер еткен ұлы, көрнекті данышпандарды тәрбиелеген аналардың ерекше өмірлік тарихына негізделген.
Кітап беттеріндегі мемуарларда өз балаларының таланттарын ашып, тұлға ретінде қалыптасуына ерекше үлесін қосқан даңқты аналар туралы сыр шертілген.
ЖЕР БЕТІНДЕГІ ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ БӘРІ – ӘЙЕЛДІҢ ҚОЛЫМЕН ЖАСАЛҒАН
Мұстафа былай деп еске алады: «Мен туғанда әкемнің саған қандай сыйлық бергені есіңде ме?» , – деп әскери мектепке түскен кезде анамнан сұрадым.
Ол біраз ойланып барып жауап берді:
– Қылыш сыйлаған.
– Сол қылышты қайда қойдыңыз?
– Бесігіңнің басына.
– Демек, бұл менің әскери адам болу үшін туылғанымды білдіретін белгі болар»...
Анасы Зүбейде ханым нағыз мұсылман әйелдеріне тән қасиеттердің барлығын бойына сіңіріп, кез келген құрбандыққа бара алатын ана сүйіспеншілігінің үлгісі іспеттес болатын. Ол бір жағынан адамгершілігімен, балаларға және басқаларға деген нәзіктігімен, момындығымен, ал екінші жағынан мықты табандылығымен, өз жоспарларын жүзеге асыруға деген ұмтылысымен ерекшеленді. Зүбейде ана сол бағасыз қасиеттерді баласы Мұстафаның бойына да сіңіре білді. Кішкентай нәрестенің бесігінін басына ырымдап қылыш іліп қойған Ана жүрегі бірдеңені сезген болар... Жас әйел кішкене Мұстафаның бойынан ерекше қасиеттерді аңғарып, ұлының келешегі – ерекше тағдырға айналарын білген сияқты.
ЗҮБЕЙДЕ ХАНЫМ ӨТЕ ДІНДАР АДАМ ЕДІ. ҚҰРАНДЫ ЖАТҚА БІЛЕТІНДІКТЕН ЕЛ АУЗЫНДА ЗҮБЕЙДЕ МОЛЛА АТАНҒАН (теология ұстазы). Исламды терең меңгеріп, оның бүкіл дүниетанымдық философиясын, яғни ғылымды, философияны және дінді бірдей түсінуге апаратын жолын ұққан Зүбейда ханым Мұстафаның діни тұрғыдан сауат ашуын талап етеді.
Мұстафа Кемал өзінің балалық шағы туралы былай деп еске алған: «Менің алғаш есте қалған сәттерім мектеп табалдырығын бірінші рет аттағалы отырған уақыттан басталады. Ол кезде анам мен әкемнің араларында бір тартыс болғаны бар. Анам менің діни мектепке барғанымды қалады: оның бірі біздің көшеміздің бойында болатын. Ал әкем, кеден бөлімінің қызметкері болғандықтан, жақында ашылған Шемси Эфенди мектебінде оқығанымды құп көрді. Ол мектепте сабақтар заманауи оқу бағдарламасы бойынша оқытылатын».
Зүбейде ханым ұлының ислами сауат ашуын жалғастырғысы келіп еді, алайда жас бала өзінің өмірімен бірге бүкіл елдің тағдырын алдын ала анықтайтын маңызды таңдауды өзі жасайды. Сөйтіп, жас Мұстафаның таңдауы әскери қызметке түсу еді. Көкірегі ояу ана он екі жасар баласының шешімін дұрыс қабылдап, оның қағидалары мен тілектеріне құрмет көрсетіп, барынша қолдап, әскери мансап жолында аналық батасын береді. Кішкентайынан өзін-өзі басқарып, өз дегенінде тұратын перзентінің бойындағы айқын мінездің оңай дүние емес екенін байқаған соң баласының бетін қайтармады. Өзінің ерекше болуға деген ұмтылысын баса көрсеткісі келген ұлын Зүбейде ана дұрыс киім үлгісіне дағдыландырып, әр нәрсеге ұқыптылықпен қарауды, күнделікті және кеңсе керек-жарақтарын дүкеннен жаңа ғана алғандай су жаңа қалпында ұстауды ақырын ғана жұмсақ түрде үйрете бастайды. Анасынан көрген өмір сүру стилін бала Мұстафа ерекше ризашылықпен ғұмыр бойы орындап өтеді. Нәтижесінде қанша уақыт өтсе де, халық үшін тек идеологиялық көшбасшы ғана емес, сондай-ақ мемлекет қызметкерінің ең үздік үлгілі тұлғасы ретінде қалыптасады.
ЖАРАТҚАН ИЕ МҰСТАФАҒА ЕРЕКШЕ ҚЫЗМЕТ БҰЙЫРТЫП, ОНЫ ТАЛАЙ СЫНАҚТАРДАН ӨТКІЗІП, МАҢЫЗДЫ ІСТЕР АТҚАРАТЫН ҒҰМЫР СЫЙЛАҒАНДЫҚТАН, ОДАН КЕМЕЛДІ БОЛАШАҚҚА ДЕГЕН ҰМТЫЛЫСТЫ ЗҮБЕЙДЕ ХАНЫМ ІШТЕЙ ЖАҚСЫ ТҮЙСІНІП, СЕЗЕТІН.
1902 жылы ол Әскери академияны өте жақсы нәтижемен бітірді (459 курсанттар арасында оқу үлгерімі бойынша 8-ші). Сол кездері математика мұғалімі оны қазақша баламасы «КЕМЕЛДІК» деген сөздің мағынасына келетін түрікше «Кемал» деп атаған екен. Кейін ол осы бүркеншек атауды өзінің тегі ретінде қабылдайды. 1905 жылы Осман әскери колледжін бітіргеннен кейін, әскер қатарына алынады. Оның рухани дамуы жаңа деңгейге көтеріліп, бойында патриотизм мен ұлттық тәуелсіздік идеялары ояна бастайды.
Мұстафа Кемал естеліктерінде: «Ер жете келе әрқашан дербес өмірге ұмтылдым... Отбасымен бірге тұратындар үнемі жақындарының бақылауында болатынын жақсы біледі... Сіз өзіңізді ондай жағдайда екіұдай күйге душар етесіз: не бағыну керек, не болмаса олардың пікірлері мен кеңестеріне қарсы шығу керек. Менің ойымша, мұның екеуі де дұрыс емес».
Түрік ағартушысы және саяси қайраткер Хасан Али Юджел Түркияның көрнекті реформаторы, Түркия Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүрік туралы: «Ол соғыс алаңдарында ұлы қолбасшы және қаһарман жауынгер болса, келіссөздер залында – ең сыпайы және мәдениетті азамат болатын. Бүкіл елді мектеп қылды. Өзі үлгілі мұғалім ретінде сол елдің тұрғындарына сабақ үйретіп, халқының президенті ретінде маңызды оқиғаларды болжай алуымен ерекшеленді. Саясаткер ретінде адамдарды өзіне сендіріп, өз жағына тарту қабілетімен айшықталып, жеке қарым-қатынаста тамаша дос болып, мемлекет пен халық арасында – патриотизммен және өз мемлекетін дамытуға деген ұмтылысымен биіктен көрінді. Ол барлық жағынан да кемелдікке жетуге тырысқан азамат болатын».
Ататүріктің тарихи мұрасы – тек түрік ғалымдарының ғана емес, сонымен бірге, барлық алдынғы қатарлы ауқымды ғылыми зерттеулердің нысаны болып табылады. Оның өмірі мен мемлекеттік қызметі реформаторлық жүйелілігімен, жоспарларын аяқтауға деген адуынды шешімділігімен, елді және қоғамды жаңартуға деген құштарлығымен ерекшеленді. Ғази Мұстафа Кемал-пашаның ойынша, ХХ ғасырдың басында даму жағынан артта қалып бара жатқан Түркия қайтадан сілкініп, өз дәстүрі мен ұлттық рухына адал миллиондаған мықты тұлғалардың ұлтшылдықтан ада, қуатты мемлекетіне айналуы керек еді.
Зүбейде ана ұлының осындай екпіндері мен ойларының болашақта оны өзгеше тағдыр мен келешекке жетелейтінін, баласының адамдардың игілігі үшін ХАЛЫҚ АТЫНДАҒЫ ҰЛЫ ИДЕЯЛАРДЫ жүзеге асыруда аянбай еңбек ететінін жақсы түсінді. Оның айналасындағы адамдар келешектегі бейнесін сол кезден-ақ сезініп, батыл тұлғаны Кемал деп тегіннен атамаса керек. Анасы газеттердің басты мақалаларында баласының жарияланған фотосуреттерін назарынан тыс қалдырмай бақылап, ол туралы мақалаларды оқи отырып, оның даралығына талай көз жеткізді. Ұлының сыртқы келбеті, басының иілмеуі, тұрысы, мінсіз шаш үлгісі және талғампаздықпен таңдалған аксессуарлары – фотосуреттерден көрінген барлық сыр-сипатын түртіп отырған ана – өзінің берген тәрбиесі зая кетпегеніне қуанып отыратын. Әртүрлі деңгейдегі адамдар құрметтеп қарайтын және сөзіне халық құлақ асатын қоғамдық тұлға болу үшін оның Мұстафасы сыртқы әлпетімен де, ішкі дүниесімен де дайын еді. Мұстафамен халықтың болашағы, оның саяси жеңісінен кейін болатын өзгерістер туралы өзара әңгімелерінен-ақ келешекке деген дайындығының жылдан жылға жүйелі түрде орындалғанын аңғаруға болатын.
Кемалдың атақ-даңқы Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде аса талантты қолбасшы ретінде таныла бастады. Сол кезде Мұстафа Дарданелл бұғазында өткен ағылшын-француз десантымен шайқаста абыройлы болып, паша атағын алды (генералға тең). Ататүріктің өмірбаянынан 1915 жылғы Киречтепе, Анафарталардағы әскери жеңістер, ағылшын және итальян әскерлеріне мықты төтеп беруі, армия қолбасшылығы және қорғаныс министрлігінде қызмет ету сияқты айшықты оқиғаларды байқауға болады.
ЗҮБЕЙДЕ ХАНЫМНЫҢ АНА ЖҮРЕГІ ҰЛЫНЫҢ ӘСКЕРИ ТАБЫСТАРЫНА ҚАШАНДА ҚУАНАТЫН. Алайда біршама дағдарыс пен құлдырауды бастан өткере отыра, 1918 жылы тізе бүгуге мәжбүр болған елдегі жағдай түрік әскеріне де ауыр соққылармен әсер етеді.
1920 жылы елдің бөлінуіне әкелетін Севр келісіміне қол қойылған кезде Мұстафа Кемал ол құжатты заңсыз деп мойындамады. Кешегі одақтас болып отырған елдер түріктердің отанын бөлшектей бастағанын өз көзімен көрді. Әсіресе әлемдік қарсылас ең ірі державалар – Ұлыбритания мен АҚШ басқыншылықтарының арасында Ыстамбұл аса қиын жағдайда қалған еді.
Ыстамбұл ол кезде құмар ойындарға толы, есірткі, қару-жарақ сату індеттері қызып тұрған, қомақты қаржының ошағы болатын... Мұстафа Кемал «атадан қалған жерде жаудың таңбалары алынып тасталмай, жау әскерлері мен сатқындар Ыстамбұлды босатпағанша» күресін жалғастыратынын жария етеді.
Сол кездердің өзінде уақыт тауып, кездесулер үстінде ең асыл ойларын анасына сыр шертіп айтатын. Ол үшін жаңа Түркияның астанасын Анкараға көшіру туралы шешімін анасы қалай қабылдайтынын білу маңызды болды. Зүбейде ханым болса, елдегі барлық қарапайым азаматтар сынды елдің тағдырына ерекше алаңдаушылық білдіріп, ойындағы тарихи шешімдердің себептерін түсіндірген ұлының әрбір сөзін мұқият тыңдап, оның арқасынан қағып қана отыратын.
1920 жылы Кемал Анкараны мемлекеттің астанасы деп жариялап, жаңа парламент – Түркия Ұлы ұлттық жиналысын құрып, сол парламенттің төрағасы және үкімет басшысы болып сайланды. Екі жылдан кейін Измирдегі шайқаста түрік әскерлерінің жеңісі Батыс елдерін келіссөздер жүргізуге мәжбүрлеген еді.
Мұстафа Кемалдың қарбаласқа толы жұмыс кестесінде қашанда анасымен кездесулерге уақыт табылатын. Олар тек отбасылық жаңалықтармен бөлісіп қана қоймай, оның саясаттағы өзекті мәселелерін де бірге талқылайтын. Зүбейде ханым ауырып жүрген кездегі әлсіздігін ұлына көрсетпейтін-ді: жасы ұлғайған сайын жақындайтын күннің шарасыздығымен баласының көңіліне қаяу түсірмеуге тырысты. Жаратқан маңдайға жазған ғұмырдың соңын сабырмен күтті...
Жалғыз Аллаға арқа сүйеген кейуана Мұстафа Кемалдың жақтастары оның күшейе түскен билігін қашанда қолдайды деп үміттенді. Баласының қасиетті тағдыр жолына деген сенімі өмірінің соңына дейін дем беретін. Өзінің бар күшін жинап, болаттай ерік-жігерінің арқасында хәлінің нашарлығын білдіртпестен, ұзақ уақыт бойы науқастанып жүрген Зүбейде ханым азат етілген Измир қаласына аттанып, соған еңбегі сіңген баласын Ұлы Ұлттық Жиналысының Гази («Жеңімпаз») атағымен марапаттауын көзбен көруге асықты.
Бірақ сапарға аттануының негізгі мақсаты ұлының қалыңдығымен танысу болатын. Соңғы күндерінің жақындап келе жатқанынын сезген ол баласының болашақ жары оған дәл өзіндей қамқор болып, қорғайтынын көріп барып, армансыз кеткісі келген шығар. Болашақ келініне ақылын айтып, оның пенделік әлсіздіктеріне бой алдырмай, Отанға деген жоғары қызметінде қолдау керектігін аманат еткісі келді ме екен... Өкінішке қарай, 67 жастағы ана денсаулығы әбден нашарлап, жолды көтере алмай, 1923 жылдың қаңтарында баласының қалыңдығымен кездеспестен жарық жалғанмен қош айтысады.
Жарық дүниеге келген сәттен бастап бала мен ана арасында ажырамас, ерекше байланыс орнап, оларға бір-бірін қашықтықтан сезінуге мүмкіндік берілетіні рас. Баланың жан-дүниесі ананың қандай болу керектігін, онымен не болып жатқанын, қайда екенін сезіп отырады. Осындай ерекше байланыс Мұстафа Кемалды анасының қайтыс болуы туралы қаралы хабарды қабылдауға алдын ала дайындағандай да болды. Сол күндері Мұстафа белгілерге толы түс көреді: «далада анасымен бірге серуендеп жүргенде, кенеттен дауыл тұрып, шешесін алып кетеді». Мұстафа Кемал өзінің туған жеріндегі саяси оқиғалардың дәл орталығында, әлсіреп бара жатқан елдің тамырының басында тұрғанын сезініп, онсыз саяси үдерістердің тоқтап қалу мүмкіндіктерін түсінген соң, анасының жерлеу рәсімін ұйымдастыруға бұйрық бере сала, өзі Анадолы сапарына аттанып кетеді.
Алайда шешесі туралы ойлар оны ешқашан жалғыз қалдырған емес. Естеліктері бойынша, өміріндегі ең қиын күндерді ол былай сипаттаған: «Үш жарым жыл бойы менің анам күндіз-түні жылап, дүниеден көз жасына тұншығып өтті. Мен оны Ыстамбұлдан құтқара алмадым... Біз тек осылай кездестік: мәйіті алдымда жатса да, оның рухы мәңгілік тірі болмақ... Әрине, анамның өліміне қатты қайғырамын. Бірақ, бәрібір, бір ғана нәрсе менің азабымды жеңілдетіп, жанымды тыныштандырады: анам мен Отанымның жанына батқан режимді мәңгілікке жеңдік. Анама осы жерден топырақ бұйырған екен. Ал ұлттық азаттығымыз ешқашан жойылмайды».
Анасынан айрылған жылы Мұстафа Кемал жақтастарының күш-жігері мен күресінің арқасында Түркия Республикасы жарияланып, мемлекеттік биліктің жоғарғы мекемесі – Мәжіліс (түрік парламенті) тағайындалып, Ататүрік бірінші президент болып сайланады.
Елді азат етуге қол жеткізген Кемал экономика мен қоғамдық өмірді, саяси режим мен басқару нысанын жаңарту міндеттерін шешуге кірісті. 1923-1938 ж. Мұстафа Кемалдың реформашыл билігінің қол астындағы он бес жыл ішінде Түркияда орасан зор өзгерістер орын алады.
Ұлына берілген ең маңызды атақтардың бірі – Ататүрік, яғни «Түріктердің Әкесі» немесе «Ұлы Түрік» есімін анасы білмей өтті. Оның ел алдындағы қызметтерін мойындай отырып, 1934 жылы Түркияның Мәжілісі Мұстафа Кемалдың атына Ататүрік атағын қосуды ұсынған еді. Халық болса, өзінің реформатор қолбасшысын одан сайын қолдай түсті.
Мұстафа Кемал Ататүрік бұл есімді халық пен мәжілістің атынан ризашылықпен және абыроймен қабылдай отырып, кезінде өзінің сүйікті анасы ЗҮБЕЙДЕ ХАНЫМНЫҢ БЕСІКТІҢ БАСЫНА ҚАНЖАР ҚЫЛЫШТЫ ырым етіп іліп қойғанын еске алды... БАЛАСЫНЫҢ ТАҒДЫРЫ АРҚЫЛЫ ЖАРАТУШЫНЫҢ АМАНАТЫ МЕН ӨЗІНІҢ АЯУЛЫ АРМАНЫ ОРЫНДАЛҒАНЫН БІР КӨРСЕ МАРҚАЙЫП ҚУАНЫП ҚАЛАР ЕДІ... ОНЫҢ ҰЛЫ ӨЗІНЕ ҚОЙЫЛҒАН МІНДЕТТЕРДІ АБЫРОЙМЕН АТҚАРЫП, ОТАНҒА АДАЛ ҚЫЗМЕТ ЕТІП, МИЛЛИОНДАҒАН АДАМДАР ҮШІН ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ АТАСЫ – АТАТҮРІК АТАҒЫНА ЛАЙЫҚ АЗАМАТ БОЛЫП ӨСКЕНІ ХАҚ.