Елорда әкімдігі Астананың 20 жылдығына орай қала тұрғындары мен қонақтарына тағы да бір тарту жасама...
«Ұлымды ертіп шығып барамын»: Қарақат Әбілдина Малайзияға жол жүреді
Сурет: әлеуметтік желіден
Әнші Қарақат Әбілдина желі қолданушыларына алдағы жоспарын бөлісті, деп хабарлады madeniportal.kz.
Қарақат Әбілдина үлкен ұлымен Малайзияның Куала-Лумпур қаласынан жол жүрмекші. Әншінің айтуынша, Сыртқы істер министрлігінің шақыртуымен Куала-Лумпурда баяндама жасайды. Бұл әнші үшін алғашқы тәжірибе болады. Қарақат Әбілдина іс-шара алдында аздап қобалжығанын да жасырмады.
«Малайзияның Куала-Лумпур қаласына ұлымды ертіп жолға шығып барамын. Бұл сапардың мен үшін маңызы ерек, жөні бөлек. Еліміздің Сыртқы істер министрлігінен Азия елдері қазақтарының кіші құрылтайына қатысу туралы шақырту алған сәтте алдымен таңырқағаным рас. Өйткені бұл жерде мемлекеттік маңызы бар шарада ұлттық құндылықтарымыз жайында баяндама жасауға ұсыныс түсті. Ұлтымыздың дәстүрлі өнерін дәріптеп, халық әндерін эстрадамен ұштастырып, қазақ қызының қос бұрымындай болған өнерім мен өмірім арқылы ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, салт-дәстүрімізді дәріптеп жүрген өнер адамы ретінде таңдау маған түскен екен. Осылай, Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Елшілігінің қолдауымен сол елдегі қазақ қауымдастығы және Отандастар Қоры ұйымдастырған шараға шақыртуды қабыл алып, үлкен жауапкершілік алып отырған жайымыз бар. Азия елдеріндегі отандастарымыздың басын қосатын бизнес-форумда мен қазақтың салт-дәстүрін сақтанып жүрген және қазіргі заманға сай атқарып жүрген адам ретінде, ұлттық құндылықтарымыз туралы білгенімізді баяндаймын. Бұл мен үшін тың бастама, жаңа қадам болмақ», - деді Қарақат Әбілдина әлеуметтік желідегі парақшасында.