Әлібек Асқаров. Аюдың өті қайда?

ӘДЕБИЕТ
3338

Әлібек Асқаров


«Аңшы хикаясы» топтамасынан



Ел тәуел­сіз­­дігі­нің ал­ғашқы жылдары болатын.

Ерен ертеңгілік жұмыс бөл­месіне кіргені сол еді, үстел үстіндегі көк телефон қолды-аяққа тұрмай безектеп жатыр екен. Қоңырау қала жақтан сияқты… Ауыл арасы, дос-жарандардың телефон шырылы момақан, мүләйім болушы еді. Мынау үстемдігін сездірген, «тез ала қоймадың» дегендей өктем, ашулы, долы шалыс.

Ұмтылып барып Ерен теле­фонның құлағына жармасты.

– Әй, қайда жүрсің? – деді арғы жақтағы тарғыл дауыс. Ерен Жұмағұлов аудандық аңшылар қо­ғамының төрағасы еді. Ал, мына да­у­ыс – облыстағы өзінің тікелей бас­­­­­тығы Амангелді Қалмақбаев екен.

– Жұмыстамыз ғой…

– Жұмыста болсаң былай… шұғыл тапсырма бар. Мұқият тың­­дап ал!

– Құлағым сізде!

– Тағы бір мейман келе жатыр… Жақ­сылап қарсы алыңдар!

– Қашанда дайынбыз ғой… Тағы шетелден бе?

– Енді қалай деп едің? Жапония­дан! Өзіміз секілді қысық көз біреу екен.

– Бұйырсаңыз бопты! Қайда салу керек?

– Аюға!

– М-м-м! Тағы да аю ма? Өзіңіз білесіз, біздің жақта аю азайып кет­ті ғой. Бұл жапонға аюды қай­дан табам? – деп Ерен қоңқылдай бас­тап еді, бастығы:

– Табасың! – деп сөзін бөліп жіберді. – Ақшасын төледі, ли­цен­­зиясы қолында. Енді не керек саған? Айлатып жатса да, қала­ғанын тауып бер! Айтуына қара­ғанда, оған сенің чучелаң да, терісі де керек жоқ сияқты. Аюдың өті керек дейді.

– Өті дейсіз бе?

– Иә, аюдың өті…

– Терісі керек жоқ дедіңіз бе?

– Айтып тұрмын ғой, керегі жоқ… Патша көңілің қиып жатса, терісін маған сыйла! – Амантай бас­тығы қарқылдап күліп жіберді. – Қонақ қазір сен жаққа көлікпен шы­ғады. Біздің мекеменің шопыры апарып салады. Арғы жағы сенің құзы­ретіңде… Жапонша тіл білуші ме едің?

– Проблем жоқ, дүниежүзі аңшы­лары­ның тілі ортақ! – деп Ерен байыппен жауап қатты.

– Жарайды, жарайды, біздікі әншейін қалжың да.

– Тапсырмаңыз осы ма?

– Осы… Ұятқа қалдырмассың?

– Белгілі шаруа ғой…

Ерен телефонның құлағын жайлап ілді де, жағын таянып отырып қалды. Хатшы қызды шақырып, Өрікбай Жайсаңбековты іздетті.

Өрікбай маңайдағы ауылдың бірінде тұратын кәсіби аңшы еді. Осыдан үш күн бұрын ушәскесін аралап жүргенде әлдебір сары аюды көргенін телефонмен хабар­лағаны бар. Сол хабары рас болса, ол «апам» ұзап қайда кете қой­ды дейсің… Жүрген шығар сол ма­ңайда майпаңдап қыстық майын жинап, жидегін жеп. Мына шаруаны бас білетін сол Өрікбайға тапсырғанды жөн көрді.

✽✽✽

Жапондық «интураңшының» аты-жөні – Кацуо Мурасаки екен. Қырықтарға иек артқан орта бойлы, бұраудай тартылған таразы кісі. Қаланың көк түтінінде емес, даланың жел қаққан аптабында кө­­бірек жүргені бет-жүзінен, ши­рақ міне­зінен көрініп-ақ тұр. Келген күні ауыл­дағы ағылшын тілінің мұғалима қызы арқылы суырт­пақтап тілдескен болыс­қан. Со­дан ұққандары – Мурасаки-сан аңшы­лықты кәсіп етпепті, кәдімгі жер кезген әуесқой турист болып шық­ты.

Аю өтінен Шығыс медицинасында, әсіресе, жапон елінде аса қымбат дәрі-дәрмек жасалатынын Ерен де естіген. Ол жайында бұл өңірде алып­қашпа әңгімелер де баршылық… Осыдан бірнеше жыл бұрын аю өтін іздеп Алтайға жапондық кәсіпкерлер келсе керек. Пысық қазақтар оларға сақтап жүрген аю өтін өткізіп, шаш етектен байып қалыпты. Дәндеген жапондықтар араға жыл салып тағы да келеді ғой. Байлап қойған аюлары жоқ, қазақтар енді не істесін? Кейбір жылпың ағайын тағы да ыржалақтап олардың алдарынан шы­ғып, аюдың орнына бұқаның өтін өткізіп жіберіпті. Содан жапондықтар қайтып бұл маңайға аяқ бас­пай кетсе керек. Қазақтың да бизнесі осымен тәмам болған екен.

✽✽✽

Мейманға аудан орталығында арнайы дастар­қан жайылып, қазақы сый-сияпат пен құрмет көрсетілді. Орталықта бір түнетіп, ертесін­де Ерен керек-жарақтың бәрін маши­наға артты да, мейманды Өрікбайға ертіп тауға қарай шығарып салды.

Күн табағы тайпалып жамбасқа еңкейген шақта бұлар шетелдік аңшылар үшін арнайы дайындалған кордонға құлаған. Кордон дегені – қарағайдан қиып салған коттедж рәуішті қос бөлмелі қоналқы үй-тін. Самаладай сап түзеген қайыңды тоғайдың ықтасын жағынан орын тепкен. Қасында шағын қара моншасы бар. Моншаның іргесінде сылдырап мөлдір бұлақ ағып жатыр. Бұлақтың арғы бетінде омарташы кержақтың жұпыны мекен-жайы қараяды. Селдір сақал, сидам шаш сүлкиген Селиван шал осы кордонның күзетшісі есепті екен. Сол қоңторғай тірлігіне титімдей болса да тиын-тебен алып, кемиек кемпірі екеуі шайлығын айырып отырған сыңайда.

Бүгін осы арада аяқ жазып дем алып, аю қарауға ертең ертемен шығатындарын қонаққа ымдап ұқтырған болысты. Басқадай көңіл жазып, көсіліп сөйлесуге тіл құрғыры жетпеді. Әйтпесе, Жапо­ния жаңалықтарын естіп, ол жақ­тағы аң­шылықтың жайынан әңгіме тыңда­са артық болмас еді.

Дастарқаннан соң Мурасаки-сан фотоаппаратын арқалап төмендегі ойпатқа қарай кетті. Көшкен ауыл­дың қираған жұртынан не іздемек болғаны белгісіз.

Қалған үшеуі ертеңгі аса қауіпті сапарға дайындыққа кірісті.

✽✽✽

Өрікбай көмекшілікке екі жігітті қоса ертіп, Мурасакимен бірге таң қараңғысынан атқа қонған. Нұрсанның аңшылыққа үйретіп жүрген лайка төбеті де бұлармен бірге ере шықты. Сыңараяқ қылтамен үше­уі қаздай шұбырып Мохнатка тауын бауырлай тартты. Бұл жаққа салт ат болмаса, машинадан қайыр жоқ. Тіпті, кейбір тұста ат та жүре алмай­тын шатқалаң шатағы жетеді. Қоржындаған қара қорым, айқыш-ұйқыш жығылған ағаш, сида бұтақ, бақасы бақылдаған саз батпақ.

Әнеу күні ушәскені аралап жүр­генде алыс­тан дүрбі салып Тесная өзенінің қайнарындағы ойыстан әлдебір сары аюды көргені бар еді. Тесная, атына сай, таудың тар өңешінде қысылып, алқынған ­ асау өзен. Өзен шатқалы жан баспаған жыңғыл тоғай, тасты қорым, жар­биған жарқабақ. Сондықтан судың басына бару үшін алдағы қожыр тасты, салба самырсынды Мохнатка тауын алқымдап асып түсуге мәжбүр.

Жалпы, бұл маңайды ертеден Патриарх Никонның реформасынан қашып-пысып, жер ауып келген «раскольниктер» мекендеген. Содан да болар, жер-су аттарының бәрі тіл бұраған бөтен сөздер. Сонау жетпісінші жылдардан бастап ста­ровер-кержақтар да бұл арадан көше бастады. Қалаға кетті, далаға кетті, орыстарымен сіңісіп, жан-жаққа тарап таусылуға таяу. Қазір әр жерде бір омалып омарташы шалдың отырғаны болмаса, қара ормандай қалың кержақтан тұқым да қалмай барады. Жалғанның жарымына жайылған мынау құладүз бүгінде меңірейіп иен жатыр.

Бақса, нарыққа ендік, мал табудың жөні осы екен деп, соңғы жылдары аңшылықты асыра жарнамалап кеткен тәріздіміз. Үкімет аңшылықпен мамыр асып байып кететіндей жоспар жүктеп, міндет артып қоятыны ыңғайсыз-ақ шаруа. Соның салдары ғой, көктем мен күзде шетелдік аңшылардың бұл өңірді майлы ішектей айналдырып алғаны. Жылтыңдап әр елден келгіштер көбейіп кетті. Беттері бедірейіп, ауыздары қисайып тек қана бұғы мен аюды атайды. Елік пен күдір сияқты майда-шүйдені менсінбейді. Сөйтіп бөтен жұрт атып азайтты ма, әлде майдан ашқандай мылтық даусынан үркіп жер ауып кетті ме, соңғы кезде Алтайда аю мен бұғы сирексіді. Жалпы, баяғыдай емес, аңшылықтың өзі әрекеті көп, берекеті жоқ тышқаншылаған тір­лікке айнала бастады. Әлгі аю да Ойман асып кетпесе жүрген шығар қыстық қорын талмап жинап, сол маңайды төңіректеп. Ылайым, солай болғай… Әйтпесе, босқа сандалып, құр қайтар болса – атасы бөтен мына азамат қазынаға құйған қаражатын санап тұрып қайтарып алады. Ондай жағдайда Еренге сөз тиеді, аңшылар қоғамы жұмысты ұйымдастыра алмай отыр деп, жігіттер де азын-аулақ сый-ақыдан қағылады.

Тау баурайында боз тұман ша­ңытады. Қарсыдағы қаптал да қы­лаңыта бусанып жатыр. Арғыдағы Шыбындының шыңырау шатқалы мүлдем көрінбей қалыпты. Қою тұман терең сайды тығындап, мақау бітеп тастаған. Бейнебір шатқал ернеуі жердің біткен тұсы, жеткен шегі, одан әрі түпсіз тұңғиық дерсің.

Бүлкілдеп сыңар соқпақпен келе жатқан Нұрсанның төбеті бір мезетте бұлт етіп ағаш арасына кіріп кеткен. Байқаса, қос құлағы ербиіп, тарғыл жон баршатышқанды шиқылдатып қуып жүр екен. Қап, мына иттің жаман әдетке басуын қарашы! Бүйте берсе ертеңгі күні тиінге салғанда ақылынан алжасып, тиіннің орнына тышқанға үріп жүруі кәдік.

– Әй, Нұрса-ан-н, итті бұзасың, қай­тар кейін! – деп Өрікбай серігіне барқ етті.

Қос қанаттағы орман ішін де көз қиығымен болжап келеді. Ай­гөлектенген самырсын басы баяу тербеліп, жүрекке жылы қоңыр саз шығарғандай. Бұл аймақта би­ыл долантопшы қалың екен. Көз қызықтырған қып-қызыл жемісін бұтағы көтере алмай тағзым ете иіліп тұр. Соған қарағанда, алдағы қыста бұлғын аулау қиынға соғатын түрі бар. Бұлғын аса сақ, шақылдаған шақар аң, әккі жыртқыш қой. Адамнан оншалықты сескене қоймайтын зәлімнің бірі де осы бұлғын. Ол пәле долантопшы жеп те жанын сақтап, қытымыр қыстан былқ етпей шыға алады. Әдетте, аңшылар бұлғынды жүні жетілген қыста аулау үшін, жаз бойы оның жүрер жолына кормушка-үйшіктер іліп, ол үйшіктердің ішіне ет салып, тамақ беріп бой үйретеді. Ал долантопшы қалың шыққан жылдары ол үйшігіңе қарамайды, етіңді де жемейді. Мұндай жағдайда бұлғынды тек қақпанмен ғана аулай ала­сың. Ал қақпан құру – аңшының жүй­кесін жұқартар қиын амалдың бірі.

Шырша басында түгіршік аз шыққан екен. Жыл аралатып ағаштың да өстіп дем алатыны бар. Түгіршік аз шықса тиін де азаяды. Тиіннің мүлдем жер ауып кететін жылдары да болады. Шыдайсың, оған да амалсыз көнесің. Өйткені, табиғаттың заңына қарсы тұрар адамда қауқар жоқ.

Бобровка аңғарының арғы төрі бұлтың жонды кең қолат. Қолаттың қалың теріске сұғынған соқыр өзегін, оның оң жағындағы дөңкиген доғал таудың жайылмасын дүрбі салып ұзақ сүзді. Бұлың-бұлың мұнартқан адыр-қырқаларды да көзі талғанша тінткіледі. Соңынан Проходная асуын атпен асып, теріскей тараптың күншілікке созылған қоянжон бұйраттарын да шолып шықты. Бірер тұстан тастақ топыраққа түскен бұғы-маралдың көмескі із болмаса, іздеген аю жер жұтқандай көрінбеді.

Түс әлетінде секиген әлдебір қара жартастың түбін паналап, ықтасын тұсқа от жағып тамақ жылытты. Сораптап шай ішіп, бойға қан жүгіртіп, жан шақырысты.

Сағат жарымдай уақыт бел суытып дем алғаннан кейін, Өрікбай аттарды бұйыға арқандатты да, өзі үш жігітті қасына жаяу ертіп, мінбелеген қалың қорымның арасымен таудың күн түскен күреңселі иығына қарай өрмеледі.

✽✽✽

Бұлар алдымен аюдың құм то­пыраққа баттия түскен ізіне кезікті. Із жосадай жаңа… Жайдақ жотаның саргідір бөктерін біраз шиырлапты. Әр тұстан «черемша» дейтін жабайы пияз қазып жепті… қыстық жатаққа ішін тазалап жүрген жайы бар. Қазған жердің топырағы бусанып бұрқырап жатыр. Өрікбай аюдың жақын маң­да екенін сездіріп, Мурасакиге түсін­дірген болды. Қағылез, ұғымы бар кісі ғой, «ұқтым» дегендей басын шыбындаған атша шұлғыды. Енді бұлар бұта-бұтаны сағалап, аңдап басып, асқан сақтықпен ылдилады. Көңіл шіркін күпті, жүрек мазасыз… Жиі-жиі тоқтайды, алақтап маңайды шолады, елеңдеп тың тыңдаған болады. Сыбырлап сөйлеседі, жыбырлап жылжиды.

Жақын жерде аю жүр деген ойдың өзі аяздай қалтыратады екен.

Ауада сылбыраң желкім бар еді, оның соңы қар ұшқынына ұласты. Өр Алтайдың бұл маңы ат тұяғы түсетін алыс қиыр. Табиғаты шамшыл өңір, желтең күннің қарлы боранға айнала салуы ғажап емес.

Аңшылар қыбырлап қозғалып сағат жарымдай уақытты ұтқызды. Қиыстағы әлдебір шұбар тұмсықты айнала бере сарсыла іздегендерін ақыры алыстан көрді… Қара орман­ның терістік жиегіндегі жөргектей жазаңда бір көрініп, бір жоғалып, түртінектеп жер қазып жатыр екен. Сырттан қарағанда жон арқасы бұлтыңдаған алып көртышқанға ұқсағандай. Жер арасының балын тапты ма, әлде құмырсқаның илеуін қопарып жатыр ма, белгісіз.

Өрікбай дүрбі салып ұзақ тесілді. Өз көзіне өзі сенбей тұр, тоңқаңдаған мына аю ана жолғыдан өзгешелеу секілді… Ол көргені сарыала еді, атан өгіздей арбиған алпауыт еді. Мынасының түсі қарақоңыр, тұрпаты да кішілеу ме, қалай? Байқауынша, үш қыстаған маймақ табан… Мейлі ғой, сарысы не, қарасы не – айырма жоқ, жапон іздеген өт аю атаулының бәрінде бар.

Аю байпаңдап ұйысқан шоқ бұтаны айналып кетіп, көп күттір­мей шыр айна­лып бүйір тұстан қайта шықты. Сәтін салғанда жел алмас жақта екен, әзірге ештеңе сезер емес. Тоңқаңдап жер қопарып, тамыр қазып тамағымен әуре.

Қар ұшқыны қоюланып барады. Өрікбай көз қиығымен жоғарыны болжаған – таудың таз басы аппақ кепеш киіп үлге­ріпті. Қарсыдағы қара жон да алашұбар кейіп­ке енген. Уағы да таяды, ұшқындап жау­ған осы қар енді қайтып ери қоймас тегі.

Бұлар төмендегі мүк басқан қо­жыр тасты сырттан айналып, орман жиегіне ылдилап еді, аюдан жүз елу метрдей жерден шыға келісті. Нұрсан мен Мерхатты Өрікбай осы арада қалдырды да, Мурасаки екеуі жамбастай жылжып, төмендегі қызыл тобылғының түбін барып паналады.

Енді аюмен екі ара әрі кетсе жүз метрдей ғана жер еді. Көздемей атсаң да қапы қалмас жақын аралық. Азулы жыртқышқа бұлайша тым жақындаудың өзі де зор қауіп. Содан ба, құрғырдың сұсы мысын басып, жон арқасы мұздағанын сезді. Өзін өзі сабырға шақырса да, демалысы жиілеп, жүрегі кеудесін жарып шығардай-ақ дүрсілдейді. Жапон жігітінің де жіпсік көзі жыпылықтап, үкідей үрпиеді. Мойнын ішке тартып, басын бұға береді. «Қорқатын дәнеңе жоқ» дегендей, Өрікбай оған бұрылып ыржиған болды, жігерін жанып арқасынан қақты. Ымдап, ыңғайлана жатқызды да, атуға дайындады. Аңшылық өнерден хабары бар ғой, үн шығармай, винчестердің затворын шықылдатпай жайымен тартты да, асықпай көздей бастады. Сәтін салса, азаматтың жолы болады, егерде оғы қапы кетіп, «осечка» беріп қалса – сақадай-сай Өрікбай жатыр қасында.

Аю басын көтеріп, тұмсығымен жел алды да, көлденеңдей бұрылып құлағын тікшитті. Бірдеңені сезген сыңайда. Енді кідіруге болмас… Өрікбай жапондыққа белгі бе­ріп, жайлап иығынан түртті. Мура­саки де осы оңтайлы сәтті пайдаланып, татыр қолтықты нысанаға ала атып жіберген. Аю озандай ақырып, айғұлақтана атып тұрды. Мылтық даусының қай жақтан шыққанын біле алмай аталақтады. Екі аяқпен тұра келген мезетте, тілеуің бергір Мурасаки, тағы бір атып жіберсін… Бұл жолғы оқ қылаң төске дөп тиіп, бұрқ етіп шапшыған қап-қара қан көрінді. Тау іші мылтық даусымен жаңғырығып, оған аюдың құлақ тұндыра бақырғаны қосылып, төңірек азан-қазан болды да кетті. Іле Өрікбай да аюдың жүрек тұсын қарауылға алып, бесатардың шүріппесін басып үлгерді. Екеуі де жанды жер, талма тұстан тигізген сияқты. Өйткені, аю өгіздей өкіріп барып омақаса құлады да, қорқырай сұлап сылқ түсті. Сол бойда тырп етпей қимылсыз қалды.

Бұлар бірден тұрып кетуге жүрек­тері дауаламай, орындарынан тапжылмай біршама уақыт бақылап жатты. Аю қимыл­сыз, ешқандай қозға­лыс байқалмады. Жа­ңа­ғы үш оқ батырыңды сеспей қатырған тәрізді.

Өрікбай жайлап орнынан тұрып, үсті-басына жабысқан қар мен шөп-шаламды қақты да, қошемет білдіріп Мурасакидің қолын қысты.

– Маладес-с-с! – деді жылы жымиып.

Жапондық та балаша мәз, қос қолын қусырып, иіліп тағзым етіп жатыр. Өз тілінде шүлдірлеп бірдеңе дейді. Жоға­рыдан ыржаң қағып арсалаңдап Нұрсан мен Мерхат жетті. Олар бәрін сырттан бақылап тұрған екен, бас бармақтарын қай­қайтып, қонақты мақтап кезек-кезек құшақтаумен болды.

Аңшылық өнердің барша бақы­ты да, мағынасы мен маңызы да осындай қуанышты сәттер ғой!

Дабырлай сөйлесіп төртеуі де өлген аюға қарай жылжыды. Нұр­сан өз алдына бірдеңені айтып, қарқылдап мәз болып келеді. Мурасаки мылтығын иығына асып алған, екі жігіттің алды-артына шығып, сыртылдатып суретке түсі­ріп жүр. Қолын оңды-солды сілтеп қойып, ол да өзінше сөзге араласқан болады.

Өрікбай маңайдан таяқтық ағаш іздеп еді, көзіне ештеңе шалынбады. Бұл төңіректе тас та жоқ екен, ұйысқан көк шалғын, шымдауыт ұлтан. Оның үстіне еріне жауған көбелек қар да құйқалы шиырды шұбарлап тастапты. «Е, жарайды, өлер аю өлді ғой» деген оймен айналып, төрт аяғы төрт жақта жарбиып жатқан аюдың алдына шықты. Алтайдың алыбы етпетінен түсіп, бақаша жерге жабысып қалыпты. Өзі жұнттай болып семірген екен, күдіс жоны күдірейіп, қылшық жүні жауған қармен шағылысып жылт-жылт етеді. Шүкіршілік, ат арытып алыстан келген азаматтың жолы болды, мына қоңыр аю мақтауға да, мақтануға да лайық олжа!

Өрікбай аюға тақай түсіп, еті­гінің басымен тұмсықтан түртіп қалды. Сол-ақ екен, тарбиып өліп жатқан аю сығырайып көзін ашсын… Ашты да, басын әнтек көтеріп күркірей гүр-р ете түсті. Өрікбай шошына ыршып, шегіне бергенде, шалқасынан шалына құлады. Қолындағы мылтығы ұшып былай кетті. Жаралы аю сүйретіле ұмтылып барып, Өрікбайды аяқтан бас салды. Тырнағы қызыл асықтан ілініп, етігінің өкшесін жаншып қалды. Сояудай тырнақ шеңгелдеп жіберер емес. Тілі құрғыр байла­нып, айғайлауға да мұршасын келтірмеді. Әйтеуір, аю азуын ақси­тып, ақыра ұмтылған сәтте аузына тобылғы сапты дойыр қамшысын бойлата тығып жіберді.

– Ойбай, өлдім! – деді қарлығып. Аузы құрғап, үні өзінен аспай қалды.

– Атыңдар, ойбай! – деп артын­ша бар даусымен шыңғырып жіберді.

Ана үшеуі көздері атыздай айналып, ауыздарын ашып анадайда бақшиып қапты. Қас пен көздің арасында апай-топай не болғанын ұқпай тұрған секілді. Мурасаки мылтығы иығында, фотоаппаратын құшақтап шегіншектеп барады. Осы мезетте жоғарыда қалған төбет арсылдап шауып келіп, аюды айналып абалай жөнелді. Төбеттің келгені Өрікбайға күш бергендей болып, жан дауысы шыға ойбайға басты:

– Атыңдар, сыболыштар, неғып тұр­сыңдар!

Нұрсан мен Мерхат енді ғана ұйқыла­рынан оянғандай серпіліп, жалма-жан мылтықтарына жармас­ты… Құлақты тұн­дыра тарсылдатып атқылап жатыр. Аю Өрікбайды босата бере, өгіздей өкіріп аунап түсті де, сол қалпы қимылсыз қал­ды. Өрікбай төрт аяқтап жер бауырлай қашып, анадайдан ақсаңдай тұрып кетті.

Қараса – аю етігінің өкшесін жұлып, ұлтанын айырып жіберіпті. Қонышы да сүйем қарыс жыртылып, белтірі ырсиып қапты. Бір ажалдан құдай сақтаған сияқты. Алмас тұяқ балтырдан ілінгенде қара санды жұлып алғандай екен.

Аңқасы кеуіп, шөлдегенін сез­ді. Тілі таңдайына жабысып қал­ғандай… Буын-буыны босап, тірсегі дірілдейді, денесі қалты­райды. Басы мәңгіріп, былайырақ барып сарғайған шалғын үстіне жантая кетті. Құрғырдың айбары осыншалық зәрлі болар ма, көзі жортақтап тоқтамай, аю жаққа бет бұрудан да жасқана берді.

Мурасаки Өрікбайдың пәрше-пәршесі шыққан етігіне үңіліп, сипалап көрді де, қайран қалып бірдеңе деп сөйлеп тастады. Нұрсан оны қолынан жетелеп теңкиіп жатқан аюдың қасына апарды. Тізе бүктіре отырғызып, мылтығын қолына ұстатты да, жан-жағынан суретке түсірді. Ескерткіш үшін деп, шеттен келген аңшылардың бәрі өстиді.

Өрікбай аяғының қақсап ауыр­ғанын енді сезе бастады.

– Аюды сойыңдар! – деді Нұр­сан­ға. – Терісін сыпыр, өтіне абай болыңдар, бөлек кесіп алыңдар… Көтергенше ет­­ті екі атқа өңгеріп, Селиван шалға апарып беріңдер!

Нұрсан жарым сағаттай жоға­лып, төмен­дегі аттарды жетелеп алып келді. Аюды Мерхат екеуі шалқасынан жатқызды да, білек сыбанып екі жақтап союға кірісті. Мурасаки де шыр айналып, аюдың аяқ-қо­лын ұстап, көмектескен болып жүр. Оқта-текте Өрікбай жаққа қабақ астынан қаймыға қарап қояды. Өлім аузынан қалған жаңағы жанталасқа өзін кінәлі сезі­нетіндей.

Арада сағатқа жуық уақыт өткенде жігіттер буын бұрқыратып аюдың терісін іреп сыпырып-ақ тастаған. Кеудесін жарып, ішек-қарнын ақтарып жатқанда, Нұрсан әлденеге таңданған кейіпте сілейіп тұрып қалды.

– Өті жоқ! – деді дауыстап, сөйтті де бозарған жүзбен Өрікбайға одырая қарады.

Бұл кезде етектегі қойнау-қолатты көлеңке жауып, аспан да жер де аппақ мұнар астында көміліп бара жатқан еді.

✽✽✽

Өрікбайды екі жігіт сүйе­мелдеп, қолтығынан демеп атқа мінгізді. Содан ілбіп басып қас қарая етектегі кордонға жеткен. Осы арада тағы бір түнеді де, ертеңінде таңсәріден бәрі артынып-тартынып ауылға қарай жылжыды.

Жол бойы Өрікбай Ерен бастығына қай бетімен көрінерін білмей, нендей уәж, қандай сылтау айтарын ойлап басы қатты. Аяғының ақсап, шойнаңдап қалғаны мынау… Тырнағы тиген жоқ сияқты еді, бәрібір қызыл асықты мытып жіберіпті, қақсап қинап келеді. Тәжірибесі молынан жететін кәсіби аңшының осыншалық білместік жасағаны, жаңсақтық жібергені естіген жаннан ұят екен!

Жалпы аюды атып өлтірдім дегеннің өзінде аңшылар оны алыс­та тұрып, оның өзінде шошаңдап алдына шықпай, арт жағынан ұзын шыбықпен арқасынан түртіп байқайды. Немесе жасырын тұстан кесек тас лақтырады. Сол кезде аюдың желке жүні қыбырлап, шүйдесі жыбырлап, жымиған құлағы тікшие қалса – аю әлі тірі, бойында әлі жаны бар деген белгі. Жаралы аю қашанда кекшіл, жынын шашқан ашулы, сондықтан өрескел қауіпті. Ал ашулы аю бойынан жаны шығып өліп бара жатқан сәтте де қайыра атып тұруға қуат табады. Атып тұрып аңшыны пәршелеп тастауға қайраты да, күші де жетеді.

Баяғыда енесін браконьерлер атып кеткен жетім қонжықты үйге әкеліп асырағаны есінде. Маусымның басы еді, қонжық кішкентай, әрі кетсе үш айлық болар. Соның өзінде қызықтап құшақтаған кезде құшағыңды жазып жіберетін. Қаршадай қон­жықтың өзіне ересек адамның күші жетпей қалатын. Оған қарағанда мынау тарлан тайынша ғой. Бұлардың бұлшықтары еттен емес, құйған құрыштан дерсің.

Өрікбай соның бәрін біледі. Біле тұра жаза басқаны масқара болды. Сол үшін де іштей күйзеліп, қабағы түсіп, тілін тістеп келе жатты.

✽✽✽

Керзі етігін тарпылдатып есіктен шойнаң­дай кірген Өрік­байды Ерен бастығы жадырай қарсы алды. Ақсақ аяғына бір қарады да:

– Аттан жығылдың ба, тастан құладың ба, аяққа не болған? – деп емен-жарқын амандасып жатыр. Өрікбай орындыққа жайлап жайғасып, әңгімені неден бастарын білмей тұтықты.

– Иә, сонымен… аю алдыңдар ма? – деді Ерен.

– Алдық… Бірақ өті жоқ! – деді Өрікбай төмен тұқырайып.

– Өті жоқ дейді… Өті жоқ аю болушы ма еді? – Ерен Өрікбайдың бет-жүзіне күдік­тене көз жүгіртіп өтті. – Сендер өзі жылқы атып жүрген жоқсыңдар ма?

Өрікбай көзін жерден алып, басын көтерді.

– Олай емес… Өті бар, бірақ өті­не оқ тиіп, ағызып жіберіпті! – деді.

– Қалайша? Байқамадыңдар ма!

– Аюды үш оқпен жыққан сияқты едік… Өлді екен деп жетіп барсам – мені сирағымнан бас салғаны… Етігімді жұлып алды, жазым ете жаздады. Біздің екі жігіт сасқан жерде бүкіл обоймаларын атып жіберіпті.

– «Бүкіл обойманы» дедің бе?

– Иә, бүкілін…

– Сонда қанша?

– Нұрсанның кавалериялық карабині – бес оқ, Мерхаттың СКС карабині – он оқ. Алдында атылған үш оқты қосқанда – он сегіз оқ атылып кетіпті.

– Мәссаған… Майдан ашқан екенсіңдер ғой? Өйткенше пулемет ала шықпадыңдар ма! – Ерен мырс ете түсті, Өрікбайдың жүзі нарттай қызарды.

– Басеке, солай болды… Ұят… Терісі шұрық-тесік, түкке жарамай қалды… кешірім сұраймыз?

Ереннің түсі суыңқырап, ойға батып, орындықтың арқасына шалқалай серпілді.

– Сонымен, жапондық азамат бос кететін болды ма?

– Жағдайды өз көзімен көрді ғой. Аюды бірінші боп атқан өзі… Реніші бола қоймас! – деп Өрікбай ернін тыржитып, иығын көтерді.

✽✽✽

Ерен әр ауылдағы аңшы әріп­тестерімен хабарласып, аюдың өтіне сұрау салған.

Коробиха поселкесінде Назар Панкратов деген қорбаңдаған кержақ шал тұрушы еді. Жасы жетпістің бесінен асса да тау мен тайганы кезіп, түз тентіреуін қоймаған сұңғыла аңшының бірі-тін. Сәтін салғанда, кептіріліп, салқын жерде сақталған аю өті сол кісіден табыла кетті.

Назар шалды Коробихаға Ереннің өзі арнайы іздеп барып, аюдың өтін аттай қалап алып келді. Соңынан оны құндақтап орап, жапондық азаматты риза етіп, жолына салып берген еді.


author

Әлібек Асқаров

ЖАЗУШЫ

Медицина

Шығыс Қазақстан облысында дәрігерлер салмағы небәрі 700 грамм болып туған нәрестенің өмірін сақтап қ...

Жаңалықтар

Бұл мереке 1997 жылғы 24 қарашада Қорғаныс министрінің Қарулы күштердің қажеттіліктері үшін педагоги...