Оразбек Сапархан. Уақытты үгу

ӘДЕБИЕТ
2780

Анна Краснер. Қалалық би. 2000 жыл

КОФЕ ДӘМІ ЖОҚ КОФЕ

Намысы...
Базар боп кеткен әр ісі.
Ар іші –
тойымсыз сауданың жарысы,
міскін боп.
Құсқың кеп...
...Хош иісі кеңсірік жаратын,
дәміне тұшынып, көңілің толатын,
кофені аңсайсың,
тауып-ай оратын,
қанып бір ішкің кеп...

Жетіліп алды ғой бұрыннан,
кекіріп...
секіріп,
бетіне қаратпайт жекіріп.
Көн беті.
Әулекі!
Риза болсаң сол, болмаса,
біз үшін қайғырмас ол да аса.
Кофейни, кафеде,
дүкенде, мәркетте,
бәрі де өтірік,
кофе емес...
далбаса.

Бекісіп,
дереу қайта шекісіп,
...кетісіп...
«Тұр дейсің бұл елде қай бір іс жетісіп»,
осындай көр-жерді,
жоқбарды,
көкісіп.
Құр елес, исіне алданып,
күйік татыса малданып,
елеусыз бұрышта отырмыз,
кофе дәмі жоқ кофе ішіп.


УАҚЫТТЫ ҮГУ

Бәрінен өктеп,
Бір сұлу мектеп,
Аспандап асқаралап.
Санадан көктеп,
Жүрекке жетпек,
Бәкенелерді масқаралап.
Бойында тулап тай-талас,
Бүр атпас жартас байқамас.

Жүйесін тауып,
Күйесін жауып,
Арыңның билеп өн-бойын.
Артығын шауып,
Сейілтіп қауіп,
Өзімді қалай жөндейін.
Алатын ұғып сөз емес,
Көрмесе бірақ көз емес.

Ойыма сіңіп...
Тізесін бүгіп,
Тұралап қалар тоң мойын.
Уақытты үгіп,
Қуысың тігіп,
Жараңды әкел емдейін.
Тәлімгер шықса бетпе-бет,
Сау жүрек қалай өктемек.

Құзарға барып,
Жартасты жарып,
Жайқалсаң жүрек бар ма арман.
Қанаты талып,
Бола алмай қарық,
Ғасырлар жүрсін сандалған.
Илемек болса көп келіп,
Аларсың бәрін бөктеріп.


ТҮТІН

Әуес қып білмек,
Білген соң күйлеп,
Еліттің.
Тоқтауын білмей,
Кеңесті ілмей,
Желіктің.
Не ұттың?

Дөкейсіп сыртың,
Етесің тыртың,
Еш нәрсе шешпедің.
Шіріп тұр ішің,
Шығады түтін,
Өшпедің.
Не істедің?

Жел соқса болды,
Ел жұртың көрді,
Көтіңді.
Түтінің шалқып,
Жалыны артып,
Шарпиды қайта бетіңді.
Не тынды?

Ысқырсаң – аттың,
Ызыт қылсаң – жаптың,
Қоймадың.
Мініңді білдің,
Өзіңе күлдің,
Жоймадың.
Не ойладың?


ЖАҺАНҚҰНДАҚ

Оқи алсаң дүниені
Ол – Құдайдың мәтіні.
Әділет – оның тақырыбы,
Бар мәтіннің мәні сонда жатыр, ірі.
Ал, өтірік…
жеңіл жүрісті әділеттің қатыны.

Сол мәтінді басқарар,
Қатынқұмар қасқалар.

ОЮЛЫ ШАПАН

Көз жұмылған
Сақал-мұрты қырылған,
Сөзі күзелген,
…шексіз түзелген…
Ал, содан кейін тұщыныңыз…
Дүниені тітіретіп,
Қара жерді қақыратып
Оң қолына жұмақ ұстап,
Сол қолына тозақ ұстап
Оюлы шапан келеді
Мөрәл аңқып…
…Іші қуыс.

Оразбек САПАРХАН

Жаңалықтар

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі алтын, күміс, қорғасын, мырыш және басқа да қатты пайдалы қазба қ...

Спорт

Қазақстандық Шавкат Рахмонов пен ирландиялық Иан Гэрри арасындағы айқасқа екі аптадан сәл-ақ астам у...