Нұршат ӘзінбекқызыТаза, мөлдір өлең жазатын Нұршат көркем сөзді тізіп, көпшілікті таңғалтуға талпынб...
Жақсы жырды Жарасқан жазып кеткен жүрекке
Қатар жүрген қаламдасың, замандасың бақилық болғанда «Апырай, ажал да біздің тұстастарымызға келіп, арамызды сетінете бастаған ба?» деп ойлайды екенсің.
Қайғы! Қабырғаңа аяздай батады. Амал не! Алла тағала адам баласына ауруды бергенде оның емін де қосып береді дейді ғой. Рас! Алайда, ажалдың ғана емі жоқ. Ал, енді күні кеше ғана тай-құлындай тебісіп жүрген ардақты досың туралы еске алып эссе жазу, Құдай-ау, қандай қиямет!
Әңгіме – жарықтық Жарасқан туралы. Иә, жарықтық. Аталарымыз бала кезімізде «Жарықтық жақсы адам еді!» деп әлдекімдерді еске альш отыратын. Талай естігенбіз. Жарасқан «Жарықтық» дейтіндей жаста ма еді? Аз ба, көп пе – жарты ғасыр ғұмыр кешті. Шығыс даналығы «адамның бақыты оның жасаған жасына емес, оның көрген қызығына байланысты» дейді. Бәлкім, солай да шығар. Ендеше, Жарасқан Әбдірашұлы – аса бақытты қаламгер. Екі жиырма бесінде елдің ілтифатына бөленіп, ыстық ықыласына ие болғаннан артық не бар?
Қазір жоқтайтын заман емес, қадір-қасиетіне тоқтайтын заман. «Бұтақты әдебиетіміздің Бұқар жырауына айналады» деп жүрген сыншымыз Сағат Әшімбаев көз жұмғанда Жарасқан жоқтау өлең жазған еді.
– Әй, Сағат-ай, қадіріме жетпедің,
Дәл өзіңдей досым көп қой деп пе едің?
Мақтау өлең жазайын деп жүргенде
Жоқтау өлең жаздырғаның не еткенің?!.
Сөйткен Жарасқан туралы да енді біздер жазып жатырмыз. Өмір ғой…
Жарасқан көзі тірісінде-ақ өзін-өзі жоқтап, өзіне-өзі құлпытас қойып кеткен ақын. Әйтпесе, «Арыстар аманатын» оқыңызшы. Көзіңіз жетеді. Әбіш Кекілбайұлы жазғандай: «… Жарасқан бәріміздің басымыздан секіре сырғып өтіп жатқан уақыт ағынының қай-қайсымыздың да жан-жүрегімізді еріксіз қобалжытар бір тұңғиығынан бәрімізді де қаймықтырар бір ақиқатты дөп басып, дәл тауып айтып кеткен…»
Сонда да болса сол жырдың үзінділеріне көз жүгіртіп, сусындайықшы. Кім едік?
Кім болдық біз? –
Халық таныр!
Әйтеуір, ұмтылғанбыз жарыққа бір!
Марқұмбыз – бәріміз де болашаққа,
Жер деген – Адамзатқа Алып қабір.
Еттік пе екі келмес тірлікті мәз?
Сағымдай басымыздан сырғыпты жаз!
Алданып алғы күнге алаңдаумен,
Үстінде сол қабірдің жүрдік біраз!..
…Жазар ма «Еңіреген ер!» – деп бізді,
Жазар ма «Көкірегі көр!» – деп бізді?..
Жоқ әлде отырар ма ойға шомып,
Жанары терезедей терлеп күзгі?
…Көргенде сол бір күнді көзін ілер,
Даланың, бәлкім, иттей төзімі дер.
Құлпытас қояр-қоймас басымызға,
Ол жағын уақыттың өзі білер!..
Біздің де кетеріміз мұра қылып –
Сол арман, сол баяғы бір-ақ үміт.
Жапанда жараланып жалғыз қалған
Бөрідей… басымызда тұрады ұлып!..
Жанына маза бермей жырақ тылсым,
Жас ұрпақ мына бізге жылап-күлсін…
Жапанда жалғыз… жалғыз… ұлып тұрған
Бөріге… жиі-жиі құлақ түрсін!..
Ширек ғасырдай бұрын балалар ақыны Әнуарбек Дүйсенбиев дүниеден озып, Кеңсайдағы жерлеу рәсіміне қатыстық. Сонда Жарасқан қаптаған қабірдің басындағы құлпытастарға қарап тұрды да, тау беткейіндегі бос жерді иегімен нұсқап: «Менің құлпытасым сол жерде бөрідей ұлып тұратын шығар?» деп еді.
Айтқаны айнымай келді. Жарасқан дәл өзі нұсқаған жерге жерленгенде «О, тоба! Бұ не құдірет?!» деп ойландым.
– Түсін, балам,
мені де түсін, балам,
Сыртым шуақ болғанмен,
Ішім боран…
Көктем өтті, жаз да өтті,
Күзім келді,
Қарсы алам ба,
білмеймін, қысымды аман? – деп өз «диагнозын» өзі қойған Жарасқан досым телефон шалды. Ақпан айының басы болатын. Төсек тартып жатқан.
– Қолың тисе машинамен мені қаланың сыртына алып шықшы. Таза ауамен тыныстап қайтайық, – деді.
«Ат айналып қазығын табады,
Жарасқан айналып Нәзігін табады» – деп өзі әзілдейтіндей, жан-жары Нәзікүл бұл ұсынысты қуана қарсы алды.
Күнұзақ сырластық.«Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты, мен өлемін өзімнің биігімде» деп Төлеген Айбергенов жырлағандай, менің биігім әлі алда сияқты болады да тұрады! – деді. Бірақ, өмірде өкініші бар екенін байқатты.
– Соның ең бастысы: «Жастықтың қызуымен, кызығымен өткізіп алған алтын уақыттарым! – деді. – Достармен дос болам деп, оның түбінде қас болатынын білмеппін. Әдеби ортаны түзеймін, сын жазамын деп, одан түзелмейтінін білмеппін. Бастық боламын, партияға өтемін деп арпалыспен өткен күндерім өзекті өртейді. Өзекті өртемейтіні – өлең жазған күндерім. Жұбанышым – үш балам, төрт немерем, жалғыз әйелім, үш келінім»…
Сол күнгі сырласу – соңғы сырласу екен ғой. Соңғы рет бой жазғанын қайдан білейін…
Бір сөзін ел білмейтін «ерекше құрметті» ақындардың дәрежесі мен шен-шекпені уақытша екенін енді аңғарғаңдаймыз.
Ақ бұлақтар,
Алқынған ақ бұлақтар!
Қазір – көктем,
алдың – жаз, шапқылап қал! – деп өлеңді өзендей ағызған Жарасқанның әрлі шумақтары әр оқырманның жүрегіне жол тауып жатты. Сын мақалалары сынадай қағылып, елдің бәрін елең еткізді. Бір ауық, тартыс тудырған сын, рецензияны доғарып, «Дала, сенің ұлыңмын!» деп тұтас циклға көшкенде оқырмандар атынан «Жарасқан жайлы жаңа күй» деген эпиграмма жазған едім.
Діңгіл,
Діңгіл,
Діңгілдің.
Діңгіл,
Діңгіл,
Дырың-ң-ң.
Дәмді, мәнді жырың.
Діңгіл,
Діңгіл,
Діңгілдің.
Діңгіл,
Діңгіл,
ырың-ң-ң.
Сын жазушы ең бұрын-н-н.
«Даланы» алдың ыңғайға,
Турабидегі сын қайда?..
Қай жанрда қалам тербесе де, қой бастаған қоңыраулы қошқардай оқшау көрінетін. Әр сөзінің астарында әдебиетке деген адалдық, жанашырлық айқын аңғарылып, анадайдан менмұндалап тұратын. Сондықтан да Жарасқанды өз оқырмандары шам алып іздейтін. Бұл – ақынның бақыты.
«Жалын» альманағында істеген жылдарында «Тураби трибунасы» деген айдармен әдебиеттің тұралап қалған қаншама мәселесі тілге тиек етіліп, көкейде жүрген көп ойлар көтерілді. Ащы болса да ашық айтылған мақалалардың соңындағы «Әділсын Жұлдызұлы» да осы өзіміздің Жарасқан еді…
Эпиграмма – ерекше жанр. Өзбектер айтқандай «Көтеріп, көтеріп кеп ташлап жіберетін» жанр. Бірақ, біздің казақтардың еті эпиграммаға үйренбеген. Көбіміз көпшік қойғанға мәзбіз. Көлгірсіген сөзге көзіміз жетіп тұрса да арқаңды қасығандай рахаттанып қалатынымыз қалай? «Сіз мықтысыз!» дегенге шынында да мықты екенмін деп талтаңдаған талайларға Жарасқан эпиграмма жазып, дүниені дүрліктіргендей болды. Мұның өзі әдебиет үшін тосын оқиғадай көрінді. Қазақ үшін «итің жаман» деген де ауыр сөз. Көршісінің «Марин» деген итіне арнаған өлеңінің соңын:
«Мен өзіңдей Иттерді ұнатамын, –
Мен өзіңдей достарды жек көремін!» – деп аяқтамаушы ма еді? Әр эпиграммасында нені ұнататынын, нені жек көретінін бұқпантайламай ашық айтты. Ол сонысымен де құнды еді. Ақын Ибрагам Исаевқа:
«Ибрагим болғанға –
Абаймын деп жүрсің бе?» – деді.
Сыншы, ақын Асқар Егеубаевқа:
«Сызды жерді баспайды,
Сырын әсте ашпайды.
Өзің берген тізімнен
Өзіңді алып тастайды» – деді. Сол тұста ақындықтың биігіндей санаған Әбділда Тәжібаев ағасына да арналған эпиграммасы ел ішіне қозғау туғызды. Мұқағали Мақатаевтың өзі «Әбділдаға» атты өлеңіңде:
– Тұрғанда ұйқы-тұйқы ақ самайың,
Мен қалай,
Әбе, сені жат санайын.
Абыржып асаңды ұстап отырғаның
Ашулы Грозный патшадайын! – деп сескенгендік байқататыны бәріміздің есімізде. Жарасқан өзіне ғана тән тас-түйін пікірінен қайтқан жоқ.
– Жүрген біреу емеспін мен беталды!
Әбеке,
Қолыңды жай,
Бер батаңды!
Ел қатарлы азамат болғаныммен,
Ақын болғым келмейді ел қатарлы! – деп бастады эпиграммасын. Сипақтамады. Сипаттады. Болатынға да, болмайтынға да, толатынға да, толмайтынға да бата беріп, тарыдай шашқанын айта келіп:
«Бағасы жырыңыздың белгілі ғой, –
Бағасын батаңыздың түсірмеңіз», – деді. Ол пікірін оқырмандар жақсы қабылдады. Әсіресе, Қалдарбек Найманбаевқа арналған эпиграммасы айналасын улыған-шулыған қылғанын білесіз. Қалдарбек ағам қатты ашуланса керек. Құдай-ау, сондай әзілге де адам ашулана ма? Майдан қыл суырғандай әдемі де әдепті әзіл ғой.
– Қаршадайдан Қалекең атқа мініп,
Алды жұрттың мінезін жатқа біліп.
Сын айтпайды ешкімге солайсың деп,
Сыр айтпайды ешкімге ақтарылып.
Сері құсап күлгенмен сылқымданып,
Бермейді ішін, билерше сыртын бағып.
Құлыптаулы кеудеңе кіреді еркін,
Тығып қойған түбіне кілтіңді алып.
Көрген емес жолынан бір жаңылып,
Алмай-бермей атанды «Мырза жігіт»
Сатуы жоқ,
Әдемі сөзімен-ақ
Жібереді, әйтеуір, ырза қылып…
Жарасқан алған бетінен қайтқан жоқ. Тура биде туған жоқ екенін дәлелдеді. Бүкіл эпиграммасын қойдай иіріп қораға қамағандай әрекет жасады да, «Әзілің жарасса…» атты әп-әдемі кітапты оқырмаңдарға тарту етті. Поэзиясы – найзағайлы жаздай жарқ-жұрқ, сын мақаласы – оқ, әзіл-сықағы –шоқ, журналистикасы ше? Ол салада да сәйгүлік мінген шабандоздай дара шапты.
Күндердің күнінде «Жарасқан Аграрлық партияға мүше болады» деген сыбыс шықты. Сыбыс емес, шындық. Себебін сұрағандарға «Аграрлық партияның жарғысындағы «Ауыл» тұрғындарының азаматтық, экономикалық, әлеуметгік, мәдени кұқықтары мен мүдделерін қорғау» секілді мақсаты мен міндеті ақын емес, азамат ретінде өзіме ұнады, – деді. –Осы уақытқа дейін даланы, ауылды, ондағы қаһарман еңбеккерлерді жырлап келгенім көпшілікке аян. Барлық білімім мен күш-қайратымды, жалпы интелектілік күш-қуатымды туған халқыма, Қазақстандағы мекендейтін өзге де ұлыстарға арнадым. Сөйтіп, халықтан күш-қуат алып келемін. Өкінішке орай, халық құрғақ уәдеге тойып болды, ал ақындардың жылай-жылай көз жасы таусылды…»
Аграрлық партияның төрағасы Ромин Мәдинов, орынбасарлары Владимир Чалышев, Еркін Рамазановтармен тізе қосқан Жарасқан кәдімгідей қоғам кайраткеріне айнала бастады. Амал нешік? Қамшының сабындай қысқа ғұмыр дегеніне жеткізбеді.
Қазақстан Аграрлық партиясы ақын Жарасқан Әбдірашев атындағы әдебиет және журналистика саласына бәйге жариялады. Көзі тірісінде талай бәйге бұйырмаған ақынға енді, өзінің атында бәйге тағайындалды.
Негізі, қашан да таланттарға тар жол бұйырған. Қазақ даласын жарты ғасырдай әнге бөлеген Шәмшіге қандай атақ берілді? Ол қай сыйлықтың лауреаты еді? Көзі жұмылғасын ғана Шәмші Қалдаяқов атындағы сыйлықтың лауреаттары көбейді. Сол сияқгы Мұқағали ше? Абыройы асқақ болғанмен атақ алған жоқ. Қазір көп ақын Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықгың лауреаты. Жарасқан да сол жолдың торабына түсті.
Жалпы, атақ-даңқ, шен-шекпен өнер адамдарына қажет пе? Халықтың сүйіспеншілігінен артық атақ бар ма? Әркімнің өз биігі, өз шыңы атақтан асқақ емес пе? Мен үшін атақ жыртықтың жамауы сияқты. Мысалы, әл-Фарабиді Қорқыт атындағы сыйлықтың лауреаты десек жараса ма? Әй, қайдам? Өйткені Қорқыт – Қорқыт, әл-Фараби – әл-Фараби, Құрманғазы –Құрманғазы… Ендеше, әркімнің өз аты өзінше атақ, өз дәрежесінде – даңқ!
Соны сезгендей Жарасқан «Мәңгілік майдан» деген өлең жазды.
Қақ төрінен орын алар тарихтың,
Есімдерін Ерендер мен Алыптың
Жазбау керек қағазға да, басқаға,
Жазбау керек, тіпті қара тасқа да,
Жазу керек Жүрегіне халықтың!
Санасында бас көтеріп сан күдік,
Мұны бәлкім, мойындамас әңгүдік…
Тұғырына табан тіреп даңқтың,
Жазылған сөз Жүрегіне халықтың –
Қара тасқа қашалғаннан Мәңгілік!
Сөз жоқ, Әбдіраштың Жарасқаны – өз өлеңдерін халықтың жүрегіне жазып кеткен біртуар каламгер.
Осындайда еске түседі. Жарасқан 50 жылдық мүшелтойын Республика сарайында дүрілдетіп өткізді. Сонда оқыған пародиямды оқырмандарға ұсынсам деймін.
– Жарасқан-ау,
Саған нені қимайын?
Үй сыйлар ем, өз басыңда үй дайын.
Жарты әлемге жария сап одан да
Арғымақтай ақ «Волганы» сыйлайын.
«Волга» бірақ бензиніңе тоймайды,
Бензин бітсе саласың ғой ойбайды.
Мен одан да бір «Жигули» сыйлайын,
Сай-салада сайтан қуып ойнайды.
«Жигулиің» бас білмеген асаудай,
Соғысарсың тормозын да баса алмай.
Мен одан да бір «Москвич» сыйлайын,
«Москвичті» тоқтатып ед қашан ГАИ?
«Москвичің» көп сынады пырт етіп,
Бір тетіктен кете берер бір тетік.
Мен одан да «Запорожец» сыйлайын,
Алсаң болды өз атыңа тіркетіп.
Әй, бірақ та, пошымы оның пошым ба,
Қу моторы артқа біткен сосын да.
Мен одан да велосипед сыйлайын,
Иномарка, «крутойға» қосылма!
Өміріңе серік еттің ән-күйді,
Әзіліңді айтып жүрсің әрқилы.
Велосипед мұз үстінде жүре алмас,
Мен одан да сыйлайыншы конькиді.
Жарасқан-ау, сен ертерек шошынба,
Мұндай сыйлық сыйлай алмас досың да.
Темір деген тез тозады,
Тозбайтын
Қаламыңды әкеп тұрмын осында!
Сынаптай сырғыған пәтуасыз дүние-ай! Содан бері де талай жылдың бедері болыпты.
Топырағың торқа болғыр, досым-ай… Тозбайтын каламыммен өзіңе бағышталған жүректегі жазуларды ауруханада жатып жазып шықтым.
Көпен Әмір-бек,
жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты