Омандық жазушы әрі мұғалім Джоха Альхартхи (Jokha Alharthi) әдебиет саласы бойынша 2019 жылғы халықа...
Нұршат Әзінбекқызы. Тез тарайтын той сияқты бұл өмір...
5567
Таза, мөлдір өлең жазатын Нұршат көркем сөзді тізіп, көпшілікті таңғалтуға талпынбайды. Жан дүниесіндегі құбылыстарды, кеудесіне сыймаған ойды қиналмай қағазға түсіреді. Оның нәзік жүрегі өзі сезімге балаған гүлді қорғағысы, сақтағысы келеді. Тірліктің жан баласына қажеті жоқ қағидаларға адамды бағындыратынын, кеше ғана алаңсыз сәттерден ләззат алғандардың ертең-ақ бір-біріне жалғанған уайыммен арпалысатынын терезесіз үйге, ерте біткен тойға теңеу арқылы жеткізген ол әрбір шақты Тәңір жолдайды деп түсінеді. Секундтың да пендені өзгерте алатынын біледі. Жанды ауыртқан мұңның аспандағы бұлт секілді сейілетінін сезеді. Қателесу керек. Өз-өзіңді жеңу үшін. Өз-өзіңді жеңуді үйрену үшін... Естеліктерден, сұрақтардан, сағыныштан, соңыңнан қалмайтын көлеңкеден құтылу үшін де қателесу керек! Жеті қат жерді мекен еткен жандарды қайғыға құл болудан сақтайтын - Жүрек қана! Марлен Ғилымхан
*** Ағыл-тегіл жауып тұрған нұр көктен, Қарашы өзің, қандай ыстық бұл көктем! Байқайсың ба, алдап-сулап жарықтық, Өмір өтіп бара жатыр дүрмекпен. Сенің әнің ـــ ән біткеннің мақамы, Сенің жаның ـــ сағыныштың шапаны. Сенің жолың түзу болмай қойғаны, Менің қисық қабырғама батады. Қойдым бәрін, біз айтпаған қалды не? Аяғына жетпей жатып қалғып ең. Ол қыз жайлы ертегімді доғарам, Ол гүл жайлы айтылады әңгімем: Базынасыз бағыдарын жасаған, Табиғатын ұмытқан жоқ жат оған. Сұлулықты қорғау үшін туғандай, Жаңбыр жауса тығылған жоқ тасаға. Қойдым бәрін, біз айтпаған қалды не? Аяғына жетпей жатып қалғып ең. Ол қыз жайлы тыңдамасаң өзің біл, Ол гүл жайлы түгемейді әңгімем. Қанатыңды талдырғанда талай шөл, Сағатыңнан кешігерсің сан айтеу. Бірақ тасты жарып шыққан өмірді, Құмыраға көшіресің қалай сен?! *** Шырын түстің шырқын алған, Соның тілі күй біткен. Сезім тәтті құлпынайдан, Төзім бірақ жетпей қалды біз күткен. Күмбірــкүмбір күй сияқты, Күн сияқты жылы едің, Терезесіз үй сияқты, Тез тарайтын той сияқты бұл өмір... Көкала үйрек ұшты көлден, Қандай мекен жар болар? Қандай көлде құсты мерген Қорғайды екен оқтан, оттан... бар ма олар?! Сонда да әлсіз жаулайды арман, Жаулайды арман өзегін. Мен қалқамның тауға айналған, Таудай болған кезін көрсем деп едім! О, сабырым, сан құбылма, Мейлі бәрі қалады. Жерден ауыр қайғының да, Түбі келер бір қайыры болады!.. *** Сонша сүйген туған жерден түбі мен Сен де бір күн кетеріңді біліп ем... Қоштаспаған тырналардың қиқуы, Жүрегімді тырнап шықты түнімен. Баһадүрім, мая мініп маң басқан, Салқын кешке көз қырыңды салмастан. Қара жер де көтермейтін қайғыңды, Қара нарға қалай арттың, алдаспан?! Шым батырып шырмауына керегім, Мені қойшы, ашымай ма өзегің?! Бір сен емес симай жүрген өзіне, Бір мен емес қимай жүрген өзенін. Әппақ дүние! Сенің атың былайғы ер, Тез біткеннің тергеуіне шыдай көр! Ер жігітке қайда да өлім бұйырған, Бірақ қайда туғандығын сұрайды ел! Еске түсіп сол баяғы, сол аңыз Әлі сонда бар ма екен деп дала, қыз... Түбінде бір іздейсің ғой, тек ол кез Басқа-басқа сөйлесетін боламыз! *** Жарығыңның дәмі бардай жұтпаған, Сабырыңның сағы бардай мықтаған. Жан ұшырып маған жеткен кезіңде, Жаның ғана қалыпты ғой шықпаған!.. Мұзды айтасың ерітпеген жазы мың, Кімді айтасың бақ таппаған әлі күн?! Менің жауым - бағынады жүрекке, Менің жаным ауырады, жазығым?! Менің жаным сыздайды әлі, себебі Сабыр суып сағынатын кезі еді. Мен қаншама таңның шығын жинадым, Енді өлеңді қойып кетем дегелі. Менің жаным сыздамайды, себебі, Жалғыз шындық жалған - дүние дегені! Сен қаншама таңда күліп ояндың, Енді өмірді қойып кетем дегелі... Жарық күнді сонша сүйіп үйренген, Бейбақтармыз... Құмар тағы билеуге ел. Кешіре ғой, жер бетінде барлығы Тұңғыш рет өмір сүріп жүргендер! *** Тыныштық бермейтін кез келсем, Бұл өзі не сиқыр ең көркем. Тағы да жеңілдім өзімнен, Сен жайлы айтылған сөзден соң... Қалғысы келмейтін бір елі, Құстардай арманшыл жүрегі. Басыма күн түссе көрінер, Көлеңкем сияқты, сүйеуім! Күрсіндің, тоңдырды кім неден? Үріккен сөз үшін білген ем. Біз бүгін ұйықтамай тұрайық, Құс үшін ұясын іздеген... Жол кешіп, сүйетін жар салмай, Тозатын жүрегі жаутаңдай. Тағы да... өз туған жеріне, Қалғандар үшін де қайта алмай. Өзімнен жеңілдім аздай тым, Бұл өзі не сиқыр, қандай түн? Жазмышын өлең қып жазбайтын, Сағынышы өзімнен аумайтын. *** Қаргүлімен белгі беріп, Қыс сияқты келмей қалған. Төзім содан тозды да еріп, Күте-күте күзге айналған. Көлеңкесіз қай күніңді, Көремін деп жолы болған. Содан жауһар жан күйімді, Ақтарам деп төгіп алғам. Сөздің бәрін қайтып алып, Көздің жауын тілсіз бағам. Айтпаймын деп айтып алып, Айтар кезде үнсіз қалам... Теңдей-теңдей назым бітпей, Қалғып кеттің білем, күнім. Селдей-селдей ағын күтпей Жаумай кетсең бір ерлігің. Маған сенің шың нұрындай Биіктігің еткен арман. Сүмбіленің жұлдызындай Сөнсе дағы көкте қалған. Нұршат Әзінбекқызының дербес парақшасына өтіңіз