Ұларбек ДӘЛЕЙҰЛЫ: ...Елесі құшқан молалар ғана

ӘДЕБИЕТ
1537

Ұларбек ДӘЛЕЙҰЛЫ — бауырымның баспасөз беттерінен көзіме түскен өлеңдерін қалт жібермей оқып, үнемі ойша саралап отырамын. Кейде олардан бала кезімдегі көне сыбызғының көркем үні қайыра талмаусырап естілгендей де болады. Ол құбылысты мен ақынның жан-дүниесіндегі лиризмнің басымдылығынан болар деп топшылаймын. Алайда… Жақында қолыма түскен өлеңдерінің ішіндегі «Көк түріктердің жорық жыры» атты шығармасы мені алабөтен әсерге бөледі.

Жалпы, Ұларбек поэзиясынан эпикалық сананың әлемет жарқылдары мен өте нәзік лиризмдік түйсіктің  балауса тіндерінің өзара тамаша үйлесімі байқалады. Таңырқарлық-ақ  жағдай. Әйтсе де, біздегі таным солай дейді. Әрине, қай-қай ақын да өз бойына ондайлық қасиетті қандай да бір машықтар арқылы еш қондыра алмақ емес. Оны тағы да сол, табиғат пен қоғам және заман қалыптастырады.

Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМҰЛЫ



СТАМБУЛ КҮЗІ

Стамбулда ырғақты күз әуені,

Ырғақты күз-сағыныштар әлемі.
Бұл маңда да жүр екен ғой жалғыздық,
Жалғыздықтар маған ғана тән еді.

Сол ескі үміт түске айналып түндегі,
Мені құрсап сағыныштың тұр лебі.
Қандай сазды еді мешіт азаны ,
Ыстамбулдың күзі қандай мұңлы еді.

Қимасым-ай, қимайды екен дегізіп,
Жағалауда қалды сірә, көп ізім.
Кешіп өтіп саған жетсем деп едім,
Мұнар жапқан түпсіз Мәрмар теңізін.

Кемелерде кешкі жалау қылаңдар,
Жалауларда жауабы жоқ сұраулар.
Мен секілді...
Батыс Кипр жерінен,
Адастырып алып келген тұмандар.

Ең бір ізгі үмітімдей ардақтап,
Соғады жел, жел соғады жан-жақтан.
Жіберер ем қанатына хат жазып,
Шағалалар бармайды әттең ол жаққа.

Құжырамда қалды ақынның шер-мұңы,
Өткінші деп айта көрме сен мұны.
Тереземде тұнған жасын көктемнің,
Жаңбыр шайып кеткен шығар ендігі.

Кетсін деп ем, сол Алматы кешімен,
Ұмыта алмадым, ұмытуға бекіп ем.
Саған ұқсас көрдім Айдың елесін,
Күзгі жаңбыр жауған жолдар бетінен.


БАЛҚАШТА АҚШАМ


Балқашта ақшам,су беті жарық,
Үрейді меңзеп шоршиды балық.
Мұңлы бір жырды оқимын ұзақ,
Көзімнің жасы жиекке тамып.

Балқашта ақшам, су беті айғыз,
Айдыннан алыс ұшады байғыз.
Жалғыз қайықта сыңсиды сырнай,
Кімді аңсап әнге салды екен қай қыз.

Ақ мұнар әне, шемен боп шөккен,
Қамыстар әне, өлең боп кеткен.
Кешірші мені, Алтайдың белі,
Келе алмадым ғой, келем деп кеткем.

Есімнен кетпес есіл құрақ күн,
Дәриға-ай, сені несін жылаттым.
Басымнан күнде құлан су ішіп,
Балқашқа жеткен жетім бұлақпын.

Олда мезгілге тоналар, Аға,
Құм кебіндерге оранар, Аға!
Түсінер мені анау түнгі айдың,
Елесі құшқан молалар ғана...

Ай өзі айтып мүрдеге датын,
Балқашта ақшам, түн және ақын.
Теңіздегі ойға тұтқын боп тынар,
Бостандық жырын іздеген ақын.

Бостандық, сенің алдыңа құлап,
Ізіңді құшып сүйемін бірақ.
Жағаға жақын жаралы қоныстан,
Жаралы көздей жанады шырақ.

Балқашта ақшам, су беті жарық,
Сыңсиды біреу аралда налып.
Мұңлы бір жырды оқимын менде,
Көзімнің жасы жиекке тамып.



Сүрлеу

Бұл сүрлеу тым ескі…

Жүрмеші, Жан — Гүлім,

Күтпе одан сәуірдің самалын, жаңбырын.

Бұл сүрлеу тым ескі, есінде ешкім жоқ,

Адасар онсызда көмескі тағдырың.


Қуансам мұңайтып,

Мұңайсам жұбатып,

Өзгерген мен емес, өзгерткен уақыт.

Мен бар деп осында күтпеген боларсың,

Күтпеген боларсың…

Кешіккен жолаушым.

Мың раушан гүл алып, мың бір түп жыр егіп,

Көктем де келеді өзімдей түнеріп.

Маңдайға сызбаған,

Жазбаған бесіктен,

Мен үшін өмірсің!

Тағдырсың кешіккен.


Мұздатып не өртеп кетпеді жанымды,

Өткерген өмірім – өткінші жауын-ды.

Кешірген кешірмем – боранды, дауылды,

Сағыныш жебесі – һәм өткір һәм улы.

Бәрі де ескірген…

Ескілік аңыздар,

Жолыма көктеген қырмызы ең тамызда…

Тағатын ғасырдың там-тұмдап мүжіген,

Сен жайлы жыр жазып шықтым ғой түнімен.


Кездірген үміт пен күдіктің арасын,

Шер басып, шемендер улаған санасын.

Қанша ақын сандалып,

шалдыққан,

жүдеген,

Жай еске алу мен сағыныш арасын.


Қатты бір ұйқыда жатқан да шығарсың,

Тәтті бір ойларға батқан да шығарсың.

Қатты бір сағыныш езгілеп жаныңды,

Ащы бір жасыңды татқан да шығарсың…


Ұзақ бір ойлардың түбі боп мекенің,

Қайтарып сонау-у-у бір уайымның өтеуін.

Біреуді сағынып, бәлкім, бір жыладың,

Ұмытылып шалғайда менің бар екенім.


Бұл сүрлеу тым ескі…

Жүрмеші өтінем,

(Бұл жақта жел тұрды құбыла өтінен!)

Боздала кеудесін бейуақта боздатқан,

Мен де бір ішегі үзілген жетіген…


Бұл сүрлеу тым ескі…

Жүрмеші өтінем!…

Көк Түріктердің жорық жыры


Жалаңаш барып жауға ти,

  Тәңірі өзі біледі, ажалымыз қайдан-дүр!

                                                               Шалкиіз жырау


…Баста бізді, бөрі-Ене!

Теріскей белден тер ақсын,

Күнгей белден ақсын қан!

Шаһитсіз кеткен талайдың

Сүйегін Жер де жатсынған…


Отыздағы мылжыңдар көлденеңдеп жолыма,

Қырықтағы қылжыңдар ербелеңдеп сорыма,

Он жасымда сауал ұрттап, сегіз перен Ой ұштап,

Он үшімде он екі тұтам жай ұстап,

Он бесімде құрама ер салдым тоқпақ жалды торыма!..


Дулығасы бұлтқа жетіп шарт сынған

Бұлан да бұлан, бұлан Ер!..

Бұландыкөлде айқаста Тәңіріге өзін тапсырған,

Уай, біздің Ерлердің күні батқан жоқ!

Қызыл жібек шымқай жамылып,

Қыз-қыз керуен тірлікте

Ар-ұяты ала жіпке таңылып,

Алтын тақ үшін Ата салтын сатқан жоқ!

Жатпасы үшін қарт шежіре

Қайтара бізге тас атып,

Тобылғы түбі тосатып,

Қорамсақ қорын босатып,

Арсылан жауға тимемсе,

Отына кектің күймемсе,

Ел үшін жанымыз құрбандық, жамбасымыз жерге тигенше!


Ұлдарымызды үзеңгілеріне құл ғып байламақ,

Қыздарымызды қызыл жайламақ…

Атаңа нәлет көп дұшпан тағы да келер жақындап!

Уай, қабылан Ерлер,

Қапылда,

Тәңір отындай лапылдап,

Сайын даладағы сансыз мақұлық

Қызыл у желді олай да бұлай сапырып,

Соңымыздан бірге жосыла,

Тиейік жауға ақырып!

Кесілген басы төбе боп тауымның шетін толтырсын,

Шашылған қаны өзен боп көлімнің бетін толтырсын!


Шаһитсіз кеткен талайдың

Сүйегін Жер де жатсынған.

Теріскей белден тер ақсын,

Күнгей белден ақсын қан!

Біз әзірміз!

Баста бізді, бөрі-Ене!..


Ей, кесір жау, кесір жау,

Тұманды тауда ет қақтап,

Күмәнді Түзде дәт қақтап,

Шынжырлы сауыт киісіп,

Бөрітектес Оғландар астана жұртыңа қырғын тиісіп!..

Арғымақтар белін талдырып,

Асқынған арам қаныңа адырдың шөлін қандырып,

Адыра қалған тәніңді Ай сәулесіне қыңсытып,

Көрерміз сенің жүзіңді,

Кесілген басыңды ер қасына алдырып!..


 Бір елес торыған жолымды


Бір елес торыған жолымды,

Ендігі құтылу жоқ одан.

Билеген тәнімді, қанымды,

Қыраулы терезем сыртында сол адам.


Гулеген боранның өтінде ­– сол адам,

Сүреңсіз жолдардың бетінде – сол адам,

Бораған ақ қардың ішінде – сол адам,

Сарғайған жапырақ түсінде – сол адам!


Қараша қанатын қаққанда жасырын,

Мөлт етіп үзілген сағыныш жасымын!

Тым ауыр ойлардың мекені –

Мен және

Шырағдан түтіні ыстаған лашығым.


Жел кеулеп етегі,

Ол маған бір күні жетеді, жетеді.

Бақытқа мастанып, қайғыға қайысып,

Мұнардан келеді, мұнарға кетеді.


Дәл біздей кім тыңдар,

Күн жырын, түн зарын,

Жарасын кім таңар ынтызар жыр жазып?..

Кеземіз қолдасып һәм үнсіз арбасып,

Шираздың шаң басқан ескілеу гүлзарын.


Талықсам оятар ертеңгі шығар күн,

(Шығар күн мойынында алқынған тұмармын).

…Мен оны сүйемін,

Сол сүю арқылы,

Тағдырды мазақтап алуға құмармын…


Елестер кезетін іңірде жер бетін,

Бір ұлы сағыныш басады меңдетіп.

Шырағдан түбінде жыр жазып отырмын,

Түнгі Айдың көз жасын тағы да көлдетіп…


Бір елес торыған жолымды.


 Топырақ


Топыраққа енгенің – топырақтан туғаның,

Бағасы бір бәрінің – бізге ежелден бұл мәлім.

Әбілхасан Рудаки


Жесірлер жасынан көктеген,

Дәуірлер ғазалы бір соқпай өтпеген.

Мен сені еске алам жаралы тораңғы,

Бауырыма басамын топырақ анамды,

Күйіктер отымен қуарған санамды,

Оңаша жалаймын жарамды.


Қабағы қатулы ғасырлар,

Саған кеп мінәжат етеді.

Сұлуын табытқа жасырған,

Ханзада керуені қоңыраулап өтеді…


Шарапқа желпінген диуана,

(Шекпенін қамыстан тоқыған…)

Жүздері албырап сексеуіл отынан,

Бал ашып береді өткенің туралы,

Ойыңды көзіңнен оқыған.


– Отаның, — Топырақ, тоқымдай болса да,

Өзгесін армандап у жұттың қаншама?

Қай жерде жан шықса сол жерді мекендеп,

Қалады рухың қасиетін бекемдеп.

Жол үсті өлгенін жатпай-ақ ұрандап,

Сол жерге көмеді мекенсіз сығандар…

Жер үстін себебі: мола деп таниды,

Мысалы, інінде өледі жыландар.


Жастығын сауықпен өлтірген,

Уақыт қамшысы тәубасын келтірген.

Топырақ туралы еріні кемсеңдеп,

Мәтелдеп береді қаусаған кемпір де.


Байланған осынау киелі танымға,

Топырақ-деп қақсайды қу томар шалың да,

Бір дәлел келтіріп көне бір аңыздан,

Топырақ туралы береді уағыздап.


…Бағытым белгісіз,

Белгісіз дерегім,

Киелі топырақ!

Мен саған сенемін.

Сапарлар соңында сағына оралып,

Өзіңді құшақтап өлемін!

…Топырақ… Рух…


Гүлсары

Кеше түнде Александровкадан келе жатқан жолда жануарым, тұлпарым – Гүлсары мерт болды. Өлген аттың басында түні бойы от жағып күзетіп отырдым…

Ш. Айтматовтың «Қош бол, Гүлсары» повестінен.


Кісен қиған тілерсегім дірілдеп,

Кекіліме түн жаңбыры сібірлеп..

Қайран өмір!

Сенің жым-жырт көшеңді,

Қақ айырып шауып өттім дүрілдеп.


Ғапыл дәурен,

Ғазиз күндер жоқ мұнда,

Қарашаның өлді елесі көп қырда.

Қалжыраған рухымды маңайлап,

Кетпей ұшып жүріп алды топ тырна.


Қалған ғұмыр жетпеді әттең, созғанға,

Маңдайыма солай өлім жазды Алла.

…Енді қайтып оралма деп ескерткем,

Санташ тауын жанай ұшқан қаздарға!


Тағылым алған зұлмат жылдар тісінен,

Адамдардың аярлығын түсінем…

Қос мүйізді, қоңыр Пыраққа айналып,

Фәни жаққа тұрмын қарап кісінеп.


Аманаттап ақырғы бір мұрасын,

Өтті,

Кетті,

Не бір тәтті күн асыл,

Қайғылы ием Хан басымды құшақтап,

Отыр оқып күбір-күбір дұғасын.


Өлген үміт қоздайды әлі, өкінбе,

Жан жарасын қозғайды әлі, өкінбе!

Терім сіңген тебінгімді иіскелеп,

Талай Қырғыз боздайды әлі, өкінбе!…


Аяғы жоқ аңыз болып осы елде,

Қалар ізім…

Қыраттарды мекендеп.

…Қу ағашта басым тұрар ілініп,

Қайран өмір,

Сенің жым-жырт көшеңде…


Көктем сонатасы


Пианино тілдерінде түнеген,

Айналып кеп тапты мені бұл өлең.

Иығыма сүйеп балғын маңдайын,

Тереземде үнсіз жылап тұр емен.


Өткен күнге жетелейді кісіні,

Түнгі аспанда қиқулаған құс үні.

Жүректерді сұлулыққа тым құмар,

Жасыл-жасыл жаңбыр иісі ұрғылар.


Мас көңілге бір тыныштық орнатқан,

Оттар сөнген,

Түнгі алыс аумақтан.

Өсиетіндей сонау зұлмат ғасырдың,


Қасқыр үні талып жетер тау жақтан.

Саған мұнша ауыр азап берген кім?

Жылама қыз!

Жаныңды өзім емдермін.

Сырнайына қосылып ап жырлаймын,

Қоналқаға қонған керуендердің.


Мен өзіңді сағынумен ауырдым,

Ең алғашқы неке түні сәуірдің.

Біздің Сахи тілектерден тамған бір,

Өзіңді іздеп адасқан сол арман жүр.


Жылады үміт соңы кеткен мүрдемге,

Енді оны таба алмайсың бұл жерден!

Енді қайтып жана алмайсың бұл жерден!

Марғау уақыт қыңсылайды іргеңнен…


… Пианино тілдерінде түнеген,

Көктем,

Көктем!

Мен сағынған ұлы өлең!

Саян тауын көктей өткен құстармен,

Көктем болып келіп тұрмын міне мен.


Қарашалар,

Қайтқан қаздар,

Зарлықтар,

Қанды жылдан қарғыс алған хандықтар…

Күздің соңғы елесі жүр қорада,

Ескірген деп есіркеме оны аға.


Сол ескі мұң бізге де кеп орнықты,

(Көне әуенге біздің көңіл көндікті…)

Жаннат аңсап жапа кешкен дәруіштей,

Іздеп жүрмін жылдар көмген ерлікті…


author

Ұларбек Дәлейұлы

АҚЫН

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...