МерейсөзОның аты Дүкен. Дүкен... Қазақтың ең бір жақсы сөзі. Жанымызға жақын ұлағатты ұғым. Шынында...
Ескі альбом «Халық алдында жауапкерлердің бірі – мен»
(Бауыржан Момышұлының хаттарынан)
Мен офицер болдым.
Ұлы байтақ Отанымыздың мен болмаған түкпірлері аз. Мен Отанымыздың көп дұшпандарымен көзбе-көз, бетпе-бет кездескендердің бірі болдым.
Мен ержеттім. Әкем қартайды. Әкем қартайғанда тарықпасын деген оймен тапқан-таянғанымды алдымен үйге жіберіп отырдым. Әсемпаз болғаным жоқ. Оған қаражатым да жетпес еді.
Әкем өлді. Мен жалғыз қалдым.
***
Ұлы Отан соғысы басталды. Ел азаматтары майданға аттанды. Мен батальон командирі болып отыз соғысқа қатыстым. Бес рет қоршауда қалдым....
Отыз жасымда полк командирі болып тағайындалдым....
Отыз үштен отыз төртке шыққанда дивизия командирі болып тағайындалдым... Аз жылдарда көпті көрдік. Солардың бірі мен болдым.
***
Мен де адаммын. 200-ден аса мен қатынасқан ұрыстар жалыны шарпып, мені құрдастарымнан бұрын қартайтты, бетіме әжім таңбасын аямай басты, шашымды бурылдатты... Туған-туыстарым да мені аяған жоқ. Аяр да емес...
Мен қазақпын. Ол рас. Мен халқымды сүйетіндердің бірімін. Ол рас. Мен халқымның намысы үшін жанымды аямағандардың бірімін. Ол рас. Халқым мен үшін еш нәрсесін аямағандығын мен де түсінетіндердің біреуімін. Ол рас!
Бірақ!.. Тағы да «бірақ»... Ашық сөйлесейік:
Қазақ даңқың мен жаманатыңды қатар шығарады десек онша қателеспеспіз... Мақтаймын деп жамандап алғанын түсінетін қазақтар осы уақытқа дейін аз екенін екеудің бірі айтады... Легенда – аңыз, жүгенсіз ұзын-құлақ біздің заманда саяздап барады. «Жаман достан жақсы дұшпан артық» деген аталарымыздың сөзін қайта-қайта қиналып еске алушылардың бірі менмін.
***
Соғыстан кейін мен жоғарғы әскери білім медресесін бітірдім. Бес жыл соғыс жоғарғы білімнен сабақ берушілердің бірі болдым. Менің шәкірттерімнің арасында көптеген генералдар, көптеген полковниктер, тағы басқа дәрежедегі офицерлер болды. Олардың көбі қазір жоғары дәрежелі орындарда қызмет етеді.
Мен ауырдым. Саптан босадым.
Әскер қатарында істеу оңай емес. Одан босау болса одан да ауыр.
***
Мен әскер сабынан босадым. Пенсиям – 300 сом. Атағым бар. Әшекей киім үстімде – я полковник при мундире. «Жатып ішер» болуға заң бойынша маған толық право берілді.
Мен әскери адаммын. Полковник запаса болуға менің толық правом бар. Ол даусыз дейді елдің көбі. Үкімет те солай дейді. Мен олай демеймін. Олай деуге ешқандай қақым жоқ. Мен азаматпын – гражданинмін. Мен жігіт ағасы жасына жаңада ғана жеткендердің біреуімін.
Нет! Я не старик! Я профессиональный военный! Если случиться война (не дай бог) – я еще способен воевать до тех пор пока меня не убьют! Простите! Признаюсь честно – предпочитаю свой гибель на поле брани, чем смерть на руках своей жены. Ердің басы қайда қалмаған. Менің басым ешкімнен артық емес!
***
Менің саптан кеткеніме биыл үш жыл толды. Мен үш жылда не істедім?
Мен биыл елуге шықтым.
Елу жас – адам өміріндегі бір белес. Есеп беру керек. Кімге есеп беру керек? – Жаратқанға есеп беру керек.
Жаратқан кім?
Жаратқан – халық!
Халық алдында жауапкерлердің бірі – мен.
Ал, Жаратқаным, мені тыңда! Сен мені жараттың – өз обалың өзіңе!
***
Келістік қой! Мен қарыздармын. Сен мені жасаушысың! Мені аяма, мен де сені аяғым келмейді. Мен де сенің бір жұмыртқаңмын. Өз обалың өзіңе – тыңда мені, анам, атам!
***
Мен мылжың баланың біреуімін. Тыңдауға шыдамың жетсе, тыңдағын мені. Мұхтар, Сәбит, Ғабит, тағы басқалары менен де мылжың. Әсіресе, Әбділда Тәжібаевтың ақылы үш-төрт жылдан бері ғана кіріп келе жатыр. Ол балаң жақында «Поэзия мен өмір» деген еңбегін жарыққа шығарды. Мен оны оқып шықтым. Ол менің ойыма ой салды. Шынымды айтсам, я приятно завидую Абдиьлде Тажибаеву. Бұрын мен оны олай деп ойламаған едім. Абдильда Тажибаев выполнил частицу своего долга перед историей нашего народа.
Хаттар Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатынан алынды. (Қор 1432. Іс -135).
Дайындаған Құлтөлеу Мұқаш