Ұлттық және Адамзаттық (әдебиеттің әңгімесі)

ӘДЕБИЕТ
2395

Сөз мырза маған бүйірден сауал қойды. Айтты: « Сен және сенің таланты тас жарар қаламдас әріптестеріңнің қатты адасып жүрген бір кемшілігі бар. Соны айтайын ба? Ал, тыңда ендеше. Олардың көбісі көркем әдебиет жалпы адамзатқа арналып жазылады, сосын да «адамзаттық үлкен мәселені көтеріп тұруы керек, олай болмаса ол от басы, ошақ қасының әңгімесі деңгейінен аспай қалып жатады» дейді. Былай алып қарасаң, өте дөп сөз! Қос қолыңды көтеріп қостасаң да теріс емес. Алайда, осы мәселеге тереңдеп бойлай бастасаң, азды-көпті кібіртіктерге әп-сәтте тап боларың айғақ. Неге? Оның сыры мынада. 

Алдымен адамзаттық мәселе деген не – осыны анықтап алалықшы. Рас, жер жүзіндегі барша тірі басты пендеңіз, нәсілі мен жүзіне, тілі мен дәстүріне қарамастан, жалпы адам деген атты иеленіп, ғұмыр кешіп жатқан жаратылыс. Демек, кісінің жан иірімдерін ақтарып, ішкі құпияларын қопаратын, сөйтіп оқыған жанның жансарайына тосын ойлар мен шексіз сезімдер сыйлай білетін көркем дүниеңіздің жалпыадамзаттық болмасқа еш хақысы да жоқ! Енді екінші қырынан келелік. Адамзат өмір сүріп жатқан қоғамда жалғыз ағылшын, немесе неміс, болмаса жапон, әлде қытай... ғана бар ма? Қазақ деген халық та сол адамзат деген ұлы көштің бір бөлшегі емес пе? Ендеше, бүгінгі қазақ қаламгері алдымен өз туындыларына ұлттық сипатты көбірек сіңіріп, содан соң адамзаттық асыл құндылықтарға қарай жол тартса – қателесер ме? 

Мысал дейсіз бе? Айталық, ата дініміз – Ислам жолына түскен біршама жас дінтанушыларымыз әнебір жылдары шетел асып оқып келді де, қайта оралған соң, біздің ішкі әдет-ғұрпымызбен «қайшыласып» қалып жатты, ол жайлы тереңдеп қазбаламасам да, іштеріңіз біледі. Тағы бір уақыттарда кейбір адамзаттық биік тұғырдан әңгіме қозғауға талпынған қандастарымыз « қазақ тілі неменеге керек, бәрібір түбі бір тілге ұйысамыз» десіп, өзінен соңғы жас ұрпақты қателестірді, нәтижесін тағы да «жақсылап» көре бастадық. Ал, енді әдебиет жайы... 

Өз дәуірінің аса талантты қаламгері Шыңғыс Айтматов бір уақытта әлемдік мәселені қозғаған «Тавро Кассандры» деген роман жазып еді, неге екені белгісіз, әлем де, өзіміз де қабылдай алмадық Есесіне ұлттық бояуы өте қанық «Ақ кемесі» әлемдік озық үлгілермен тайталасып тұрып алды. Енді, бауырым, сен де ойлан! Ұлттық па, адамзаттық па –білмеймін, әйтеуір бір ойдың тылсымына байланып қалмай, тереңнен толғанар күн туған сияқты осы кезде...» Ол осыны айтты. Айтты да, бұрылып жүре берді. Мен болсам... ойға батып, қиял кемесіне мінейін. Ұлттық және Адамзаттық! Қайсысы биік? 

Адамзаттық деп шірене тартып, ауыз кере сөйлейін десем, соның жуан ортасында Ұлттық мәселе де мен мұндаламас па? Асылы, осы бізге көп шаршап, тым асқақтай беруге әсте болмас. Не жазсақ та, алдымен Ұлттық деңгейде қаныңды қайнатып жіберердей өрелі ой айтып алып, сонан соң ғана оны Әлемдік биікке ұзатып отырсақ ше? Демек, сипаты ұлттық, ал айтпағы әлемдік болса – одан ұтылармыз ба! Ойланасың! Ой түбіне жете алмай шаршайсың! Анығына бас ұрсақ, Адамзат деген – ол өзіміз емес пе еді айналып келгенде! Ол – сен, мен, олар, біздер...Соны қалай, қай қырынан түсіндірсем екен дейсің! Ойдан бұрқылдап қайнап шыққан түйінді екінші ойға қалай жапсырып-жалғауға болар екен деп қиналасың! Е-е, Сөз мырза, сен-ақ мені қажытып бітетін шығарсың әлі!!!

Жолтай Әлмашұлы

author

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...