Сол жылы шіліңгір шілденің аптап күндерін Сарыағаш шипажайында өткізіп жүр едім. Түске дейін ем-домы...
Гүлмира АҚҮРПЕКОВА, әнші: Қазіргі әншілер дайын фонограммаға әбден үйреніп алған
– Бала кезден әнші болуды армандаған Гүлмира қалай биология факультетінің студенті атанды?
– Үйдегілер мені Алматыға жібергісі келмеді. Содан ата-анам «Жамбыл пединститутының орыс тілі мұғалімі бөліміне барасың немесе бухгалтер боласың» деп екі жыл қатарынан «сүйреді». Емтиханнан құлап қалдым, жұрт жылап жүрсе, мен қуанып жүрмін. Өйткені арманым – ару Алматы! Содан ауылдас бір қыздың Абай атындағы ҚазПИ-де оқитынын естіп, үйдегілерге «ҚазПИ-ге барам» деп әлек салдым. Ойым – қайткенде Алматыға жету. Содан «биофакқа студент аз тапсырып жатыр» дегенді естіп, құжатымды сол бөлімге тапсырдым. Емтиханнан өте жақсы баға алдым. Жарықтық әкем мен емтихан тапсырып жатқанда аудитория есігінің саңылауынан әлсін-әлсін сығалап, қатты қобалжып тұрыпты. Мұны кейін курстас қыздар айтқан-ды. Студенттік өмір басталып, университет қабырғасында алғаш рет «Студент көктемі» фестиваліне қатыстым. Курстас қыздар куратор апайымызға «Гүлмира ән айтады» деп айтқан екен де, апайым фестивальге қатысуға қолқа салды. Содан ұялып, әрең шыққаным әлі есімде. Сөйтіп, жылда жетінші орынды иеленетін біздің биофак бұл жолы екінші орынды жеңіп алды. Осылай факультетте әнші ретінде есімім айтыла бастап, сахнадағы жолымды ҚазПИ-ден бастадым десем болады.
– Бүгінде өнердегі серігіңiзге айналған гитараңыз қай уақыттан өзіңiзбен бірге?
– Гитарада ойнауды 7-сыныпта үйрендім. Алдымен туған ағам інім Нұрланға (Баркер кубогының иегері, боксшы Бақтияр Артаевтың жаттықтырушысы) гитара үйретті. Сол ініме қарап жүріп мен де үйреніп алдым. Бастапқыда қиналғаным соншалық, гитараның сым ішектерінен саусақтарым қанап кетеді. Ағам саусақтарымды дәкемен орап беріп: «Гүлмира, енді бір-екі күн гитара тартпай қоя тұр» дейді. Бірақ оған шыдай алам ба? Дыбыс қабылдау қасиетімнің күштілігінен болса керек, гитараның даусын келтіруді өзім үйреніп алдым. Кейде қолым ұйып қалады, қақсайды. Гитараға деген қызығушылығым, құштарлығым осылай басталды.
– Сахнада жүрген жылдарыңызда өзіңiздi арқаңыздан қағып, қанатыңыздың қатаюына ықпал еткен алдыңғы буын аға-апаларыңыз болды ма? Болса, кімдер?
– Үлкен өнерде жастарға ақыл-кеңесін айтудан жалықпайтын марқұм Лұқпан ағаның бірде маған: «Сен жас әншісің ғой, халық сенен екінші ән сұрауы мүмкін. Оған да дайын болуың керек» деген ағалық ескертуі әлі есімде. Бірде маған Қазақ радиосындағы журналистер Әсет аға Бейсеуовтың телефон нөмерін беріп, осы кісіге жолық деді. Сөйтіп, хабарласып, ағаның үйіне бардым. Әсет аға «Қане, даусың қандай, бір ән орындашы» деген соң, әйгілі «Сырласу вальсін» орындап бердім. Сонда Әсет ағаның қуанғанын көрсеңіз! «Замзура, бері кел! Менің әнімді орындап жүрген мына қыз екен. Радиодан тыңдап, кім деп таппай жүр едім» деп балаша қуанып, алып ұшты. Содан ноталарын шашып тастап, әндерін көрсетті. Сол жолы мен композитор ағаның «Сені іздеймін» деген әнін алып қайттым. «Сол жылдары еңбегім еш кетпей, жұлдызды шағым болды» десем артық айтқаным емес. Әсет ағамыздан бастап, Исраил Сапарбай, Марат Омаров, Ибрагим Исаев, Мұхтар Шаханов ағаларымыз өз әндерін ұсынды. Сөйтіп, әнші-композиторлардың шығармашылық концерттеріне жиі шақырылып, өнер көрсетіп жүрдім. Осылай үлкен сахнаға, өнерге жолым ашылды. Әлі есімде, мен бірде ақын әрі композитор Гүлнәр Шәмшиева арқылы Фариза Оңғарсынова апайдан ол кісінің сөзіне жазылған «Әйел монологы» өлеңін «Қыз монологы» деп шығарайыншы» деп арнайы рұқсат сұрадым. Менің орындауымдағы «Қыз монологы» әнін ақын Фариза апамыз өте жылы қабылдады. Гүлнәр бір күні ол кісінің мені шақырғанын айтты. Мен ұялып, бір жағынан қорқып бармадым. Бір күні редакцияның алдында Тұманбай, Қадір ағалар үшеуі тұр екен. Мен «апай мені көрмей қалса екен» деген оймен байқамаған сыңай танытып өтіп бара жатыр едім. Апай: «Гүлмирамысың?.. Неге мен шақырғанда келмедің? Мен «өлеңдерім айдалада өскен тікен сияқты, әнге илікпейді ғой» деп ойлаушы едім. Соны сен жайқалған гүлдей әдемі орындап шықтың. Мен кез келген адамды үйге шақыра бермеймін. Келіп тұр» деп бата бергендей болды. Содан кейін Фариза апай мені өзінің кездесулеріне, шығармашылық кештеріне үнемі қалдырмай ертіп жүрді. Жалпы, мен Фариза апайды өнердегі анам деп қабылдағам. 2004 жылы Астанада шығармашылық концерт бердім. Фариза апай ол кезде Мәжіліс депутаты. Билет апарсам, «тағы кімге жаздың?» дейді. «Сізден басқа ешкімге жазған жоқпын» десем, «қазір мыналарға жаз» деді. Содан не керек, менің концертіме көрнекті жазушы Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев және Қуаныш Айтаханов сынды ағаларымызды ертіп келді.
– Гүлмира, ең алғаш рет сахнаға қашан және қай әнмен шықтыңыз?
– Тұңғыш үлкен сахнаға 1984 жылы шықтым. Ал 1991 жылдары халыққа «әнші Гүлмира Ақүрпекова» болып танылдым. Сонда мен жеті жыл тек қана атымды таныту үшін еңбектеніппін. Мына сұрақ сол жылдары болған бір оқиғаны есіме түсіріп отыр. Даусымды университеттегі бір кездесуде естіген болуы керек, бірде мені ақын әрі композитор Гүлнәр Шәмшиева жатақханама іздеп келді. «Осындай ән бар, орындасаң қайтеді, даусың маған ұнап қалды» дейді. Гитарама салсам, ән тіпті керемет екен. Бірақ әннің сөзін жеткізе алмай қалам ба деп қорықтым. Қараңызшы, «Сенің от құшағыңда дүниені ұмытып талықсыдым, Дүниені өртеді жан ыстығың, Мынау байтақ әлемде тек екеуміз, тек екеуміз, жүргендейміз айналып ғарышты мың» деген әйелдің басынан өткерген алапат сезімі бар бұл өлеңде. Ал мен болсам, әлі «қайдасың нұрлы арман?» деп жүрген кезім. Солай болса да әлгі әнді алдым. Бір күні мені «Қымызхана» хабарына ән айтуға шақырды. Сонда продюсерлерге «Қыз монологын» орындап отырғанымды Лұқпан Есенов ағамыз естіп қойыпты. «Мынауың өте жақсы ән ғой. Сен қыз «Тамашаның» 8 наурыздағы концертінде ән айтасың» деді. Ол кезде «Тамашаға» шығу әншілерге ғарышқа ұшып келгенмен пара-пар еді. Сондықтан Лұқпан ағаның өтінішін қуанышпен қабылдадым. Содан «Тамашаға» шығып, халыққа атым таныла бастады. Менің әлі күнге дейін есімде ұмытылмастай болып қалған концертім де осы болды.
– Сіз атаққа қалай қарайсыз, қандай атағыңыз бар?
– Менің өмірден түйгенім, атақ оңай келмейді. «Өнерін халық бағалай білген әншілердің еңбегі неліктен ресми түрде бағаланбайды?» деп кейде ойланамын. Сөйтсем, оның құйтұрқылығы көп екен. Әдетте әншілер «осындай атақты ала алмадым, құжаттарымды өткізбепті» деп көңіл күйсіз жүргенде «оның не керегі бар?» деп ойлайтынмын. Мысалы, Жастар сыйлығының лауреаты атағын алуға қатарынан екі рет құжат тапсырғанымда, сонда біреулердің «басқа саланың адамы ғой» деп құжатымды ысырып тастағанын да естідім. Содан орта жасқа келгенде «жығылсаң нардан жығыл» дегендей тағы бір рет құжатымды өткіздім. Сонда Тұңғышбай ағамның: «Саған ұялғанымыздан бердік. Мына қыздың еңбегі баяғыда сіңген, алсын деп шештік» деп күлгені бар. Басында сенбедім, бірақ «Мәдениет қайраткері» деген атақ берілді. Шынымды айтсам, ол атақты маған алып берген Фариза апай Оңғарсынованың сөзіне жазылған Гүлнар Шәмшиеваның «Қыз монологы» әні еді.
– Әлі есімізде, бір жылдары гитаралы арулар қосылып үлкен концерт ұйымдастырып едіңіздер. Сол игі іс-шара неліктен жалғасын таппай, аяқсыз қалды?
– Ол концертті ұйымдастырған әнші Нұрлан Албан болатын. Сол жолы маған «көшбасшы сіз болсаңыз» дегесін келісімімді бердім. Ол сол жолы маған «сіз көп ақша сұрайтын шығар деп қорқып келіп едім» деп қуанып кетті. Концерт өте жақсы, сәтті болды. Бірақ Нұрланның басқа жобалары қолбайлау болды ма, содан кейін гитарашы әнші-арулардың концерті жалғаспай қалды. Бүгінде әркім өз шығармашылығымен айналысып, өнер жолындағы ізденістерін жалғастыруда.
– Шәкірт тәрбиелеу ойыңызда бар ма?
– Жалпы, шәкірт тәрбиелеу жауапкершілігі көп жұмыс. Негізі, шәкіртті ән өнерінде тәжірибесі мол мұғалім тәрбиелеуі керек. Ол нота үйретеді, вокалға қатыстырады, яғни музыкалық сауатын ашады. Сондықтан қазіргі әншілердің шәкірт тәрбиелеуін дайын жас әншіге жол ашып, бағыт-бағдар беріп, үлкен сахналарда өнер көрсетуіне көмектесу деп ойлаймын. Әсілінде, әншілер шәкірт тәрбиелейтін мұғалім, яғни ұстаз бола алмағанымен, жақсы продюсер бола алады. Қазір шыны керек, өздігінен қалыптасқан әншіні ұстап алып, «мынау менің шәкіртім» деп жетектеп жүргендер көп. Өкініштісі, әлгі адамдар мұны бизнес көзіне айналдырып алған. Менің ойымша, әркім өзіне тиісті жұмыспен айналысуы керек.
– Өзіңіздің де «апай қасыңызға ертіп жүріңізші» дейтін іні-сіңлілеріңіз бар ма?
– Бар. Мен ондай таланттарды бетінен қақпаймын. Облыс орталықтарында өтетін концерттеріме алып жүріп, сахнаға шығарамын. Мұндағы мақсатым – оларды сахнаға үйрету. «Қарлығаштың қанатымен су сепкендей» көмегім қажет болса, қолымнан келгенді аямаймын. Әйтпесе «мынау менің шәкіртім» деп айтпаймын.
– Өзіңіздің жеке продюсеріңіз бар ма, болса, ол кім?
– Бәлендей продюсерім жоқ. Өйткені 2009 жылдан бастап мен өзіме-өзім продюсер болдым. Сол жылдан бастап «барлық өңірлерге концерт қоямын» дедім де, белді бекем буып, кірісіп кеттім. Кассаға билетті өзім өткізем, облыс орталықтарындағы концерт залдарына өзім барып, жалға алам. Бұлай етуімнің себебі бұған дейін продюсерлік орталықтардың менің атымды пайдаланып ақша жинап алып, мені де, тыңдарманды да алдап кеткен сәттері болды. Сөйтсем, бұл жұмыс өзімнің де қолымнан келеді екен. Әлде ол кезде жас болдым ба (күліп), білмеймін?!. Бұған қоса, қайсыбіреулер сияқты «концерттен түскен қаламақыны кім қолыма ұстатады екен?» деп бас қатыру, «менің ставкамды беріңдер» деп қиғылық салу менің табиғатыма жат дүние. Одан да өзің би, өзің қожа болғаның жақсы емес пе?!.
– Менің білетінім, сіздің анау-мынау жерге бармайтын, кез келген бағдарламаға түсе бермейтін талғампаздығыңыз бар. Мұндай мінез өзіңізді тыңдармандарыңыздан алыстатып жібермей ме?
– Шынымды айтайын, мен есікті жауып қойса, терезеден кіретін әншілердің қатарынан емеспін. Әдетте өзімді мәні мен мазмұны жоқ, тек жастарға арналған дүрмек-шоулардан алыс ұстаймын. Бірақ сүйікті тыңдармандарым мені жазбай таниды, әндерімді тыңдайды. Осы жерде айта кететін бір жайт, жақында бір сұхбатымда «қазіргі буын мені тани ма, жоқ па?» деп айтып едім. Кейін әлеуметтік желілерде іні-сіңлілерім «Гүлмира апай, сіз неге олай деп айтасыз? Біз сіздің әндеріңізді сүйіп тыңдаймыз, жақсы көреміз. Сіздің ана әніңіз, мына әніңізді сүйіп тыңдаймыз» деп жазып жіберіпті. Мұндай жылы пікірді естіп, қуанып қалдым. Өйткені жылы сөз бен ыстық ықылас өнер адамдарын марқайтады.
– Қалай ойлайсыз, бүгінгі күні біздің әншілеріміз күнделікті күнкөріс қамымен өнерді құнсыздандырып жіберген жоқ па?
– Бұл сөздің жаны бар. Анығын айтсам, бұған әншілерді кіналаудың қажеті жоқ. Себебі бұл бүгінгі заманның талабы. Бұрын біз әншілікті жаңа бастағанда тойға бару деген ұят болатын. Ал қазір тойға бармасаң наныңды тауып жей алмайсың. Сондықтан қазір той бизнеске айналды. Солай екен деп, тойға ән жаздырып, той үшін жүгіріп жүргенім жоқ. Сондықтан тойға барғаннан өнер құнсызданады деу дұрыс емес. Керісінше, ұлттық ән өнерімізді құнсыздандырып жатқан – қазіргі қаптап кеткен жалған әншілер. Тіпті солардың арасында кім шынайы әнші, кім жалған әнші екенін жұрт ажырата алмай да қалды. Сондай жалған әншілердің кесірінен нағыз таланттар көрінбей, тасада қала ма деп қорқамын. Ол жастарға біз ақыл айта алмаймыз. Тыңдамайды да. Біз жас кезімізде сахнаға шығар алдында әннің сөзін қайталап, даусымыз шықпай қала ма деп қорқып тұрушы едік. Қазіргі әншілерде ондай үрей жоқ, тым еркін, қорқыныш көрмейсің. Дайын фонограммаға әбден үйреніп алған. Селфиге түсіп, әзілдесіп тұрып сахнаға шыға береді.
– Бәлкім, бұған тыңдарманның талғампазсыздығы кінәлі шығар?
– Жоқ, тыңдарман қашанда талғампаз. Қазір жұрт концертке аз барады деп жатамыз. Неге? Себебі ешкім алтын уақытын ұттырып, фонограммалы әншіні тыңдағысы келмейді. Әлі есімде, тоқсаныншы жылдары Атырауға концертпен бардық. Өзіміз кешігіп түнгі он бірлер шамасында барсақ, халық әлі күтіп отыр. Жарық өшіп қалған, зал суық. Залдың әр жерінен сығырайған майшам көрінеді. Көліктен түсісімен боянбай-ақ, сол киімімізбен концерт қойғанымыз бар.
– Қызыңызды да өнер жолына қосасыз ба?
– Қызым Фаризаны бастауыш сыныпта оқып жүргенде домбыра үйірмесіне берген болатынмын. Сонда мұғалімдері «қызыңыздың таланты бар, тар шеңберде қалып қоймасын, дамыту қажет» деді. Ол қазір Чайковский атындағы өнер колледжінің соңғы курсында оқиды. Өзім өнердің ауыртпашылығын бір адамдай көрдім ғой, қызым да қиналып қала ма деп қорқамын. Дегенмен, пианино, гитара мен домбырада өте сауатты әрі еркін ойнайды. Бәлкім, қосымша екінші мамандық оқитын болар. Қалай десем де Алланың қалауы бола жатар деген ойдамын.
Сұхбаттасқандар:
Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ,
Әзиза ТӨЛЕНБИ