Биыл қараша айының 12-14 күндері аралығында Шымкент қаласы аумағында республикалық денгейдегі "Анти-...
Дәрежан Өмірбаев, кинорежиссер: «Кино - өнер» деген ұстанымнан тайған емеспін
Тәуелсіздік алғаннан кейін «жыл келгендей жаңалық» қазақ киносына да жеткен еді. Ол әрине бір шоғыр кинорежиссерлердің есімін еске салады. Солардың бірі – көптеген халықаралық кинофестивальдардың жүлдегері, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, Францияның әдебиет және өнер ордендерінің иегері Дәрежан Өмірбаев. Көптеген шетел кинотанушыларының таңдайын қақтырған режиссер әр жылдары «Қайрат», «Кардиограмма», «Шілде» және «Киллер», «Жол», «О любви», «Шұға», «Студент» сынды фильмдер түсірді. Қазіргі кезде Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында дәріс оқитын режиссермен Астанаға келген бір сапарында арнайы жолығып емен-жарқын әңгімелескен едік
– Қадірлі Дәрежан аға, сізді фильмдерін жалпы халыққа емес, фестивальдарға арнап түсіретін режиссерлердің қатарына қоссақ, көңіліңізге алып қалмайсыз ба?
– Керісінше, мен оған қуанамын. Ал фильмді фестивальға арнап емес, адам үшін түсіремін. Бірақ оны олардың бәрі түсінуі, ұнатып көруі шарт емес және ол мүмкін де емес. Ол менің режиссерлік мақсатыма кірмейді десем де болады. Шынын айтсақ, қазір режиссердің берген сұхбаты, алған марапаты, соның айналасында жүрген дау-дамай алдыңғы қатарға шығып кетті де, фильм екінші орынға ығысып қалды. Режиссердің фильмі нағыз сапалы өнер туындысы болмаса, ол қанша жүлде алсын, қоғам туралы тұшымды әңгімелер айтсын, негізгі жұмысын дұрыс атқармаса одан саған не пайда?
Әдетте, қолынан жақсы іс келетін кей адамдар сөзге шорқақ, өзін өзі жақсы көрсете алмауы мүмкін. Әр адамның өзінің жарнамасы болмаса, оның жазған шығармалары, түсірген фильмдері танылмай қалады. Жақсы жарнама болса, өтімі де жақсы болады. Бірақ адам жарнамаға алдана бермеуі керек, сонда шын асылдың нарқы санамызға ақырындап жетеді. Қазіргі үрдіс те бастан өтуге, маңдайға тиюге тиісті дүние болса керек. Себебі біз көп жайттарды басқа тигеннен кейін барып түсінеміз. Мысалы, 90-жылдары көп нәрсеге алдандық қой. Сол қиындықты бастан өткізгеннен кейін, біраз жылдан соң барып көп нәрселердің дұрыс еместігін аңғардық. Айналаға қарадық, ақыл кірді. Сол сияқты көрермендер, оқырмандар жарнамалы дүниелерден жалығып, өз талғамына сүйенетін, өзінің ақыл-ой, сана-сезіміне сенетін кезеңге де келетін шығар.
– Жалпы «авторлық фильм» дегеніміз не өзі?
– Оған бір сөзбен жауап беру қиын. Жалпы, кино деген қайдан шықты? Ол 1895 жылы екі француздың ашқан жаңалығы. Олар – әдебиетке де, театрға да ешқандай қатысы жоқ, бизнесмендер. Мен кейде кино тілінің әдебиетке, театрға қандай қатысы бар деп ойлаймын. Белгілі тарихи себептермен кино театр мен әдебиеттің қолына түсіп қалды. Қазір де 90 пайызы соның айналасында жүр. Бұған көнетіндер бар, көнбейтіндер бар. Мен – көнбейтіндердің біреуімін. Бірақ мен секілді режиссерлер, кино түсіріп жүрген адамдар өте аз, 10 пайызға жетер-жетпес болуымыз мүмкін. Ал жаңағы жалпыға ұнайтын деген киноөнімдер сол баяғы 1000 жыл тарихы бар театрды экранда ары қарай жалғастырып келе жатыр. Ондай фильмдерге қарсы емеспін. Ондай фильмдер жасау менің қолымнан келмейді, себебі театрға мүлде қызықпаған адаммын. Киноның өз тілі бар. Ол дәлелді, заңды нәрсе. Мысалы, ең алдымен камера мен магнитофон пайда болды ғой. Ол екеуінің әдебиет пен театрға еш қатысы жоқ. Неге біз ол дүниелерді әдебиет пен театрды ары қарай дамытуға жұмсауымыз керек.
Киноны қазір барлық жерде түсіреді. Мысалы, Нигерия деген мемлекетте жылына 300 фильм түсіреді екен. Африканың талай елдерінде жылына 200-ге жуық фильм түсіріледі. Бірақ ол жерде кино өнері жоқ. Керек десеңіз, қазір Америкада да кино өнері жоқ. Кино бар, бірақ кино өнері жоқ. Бір қалыпқа құйып қойғандай өнім шығаратын, яғни кино өндіріп жүрген топ бар. Менің ойымша, Американың ең мықты режиссері Джон Джос деген азамат. Бірақ ол күнін көре алмай, үйсіз-күйсіз Оңтүстік Кореяда қаңғып жүр. Тарковский фильмдерінен он есе жай жүретін фильмдер түсіреді. Бірақ ол туралы менен басқа ешкім айтпайды. Ал Голливудтың фильмдерін кино өнеріне қатысы жоқ деп есептеймін. Шынымды айтайын, қырғыздарда кино өнері бар. Бұл Кеңес Одағынан қалған үрдістен шығар. Себебі ол кезде өнерге тамаша жағдай жасалды. Бір жағынан цензура, екінші жағынан мемлекеттік қаржыландыру болды. Киноны өнер биігінде түсірсең, өміршең болады. Көптің түсінігіне қолжетімді қылып түсірем десең бүгін мынаны, ертең ананы қалайтын көрерменнің жетегінде кетесің. Сол кезде өнер емес, өнім өндіре бастайсың. Өз басым «кино – өнер» деген ұстанымымнан тайған емеспін.
Бүкіл халық киноны жақсы көру керек немесе «менің фильмімді көру керек» деген өзімшілдікті қою керек. Өнер деген ғылым секілді. Мысалы, сенің сыныбыңда 30 адам оқыса, соның бір-екеуі ғана химия, физиканы жақсы көреді, екі-үшеуі ғана футболды жақсы ойнады. Шын өнерді де бір-екі ғана адам қабылдап, түсінуі заңды құбылыс.
– Фильмдеріңізге кәсіби актер емес, ылғи да қарапайым адамдарды аласыз. Оның себебі сахналық ойыннан қашу ма сонда?
– Кино өнерінде, кинематографта актерлік ойын болмау керек. Актер пайда болған кезде актерлік ойын бірге келіп, ішіндегі адам жоғалады. Яғни, иә сен кинода адамдарды түсіресің, иә актерлік ойынды түсіресің. Керемет ойын болсын, бәрібір. Ол – театр. Бұл – принцип. Кино өнерінде актерлік ойын емес, оның ең асыл заты – адамдар болуы тиіс. Сырт келбеті ғана емес, ішкі жан дүниесі бар адам. Режиссер осыны көрсете алуы керек. Негізі, адамсыз-ақ көркемсуретті фильм түсіріп шығуға болады. Осыны Тарковский армандаған. Әрине бұны ешкім түсірген жоқ әлі және оны бір адам түсірсе, нағыз көркемсуретті кино болмақ. Сосын кино өнерінде сюжет емес, композиция болуы тиіс. Кинода драматургия пайда бола бастаса, бірден театрға қарай ауысып кетеді. Мен сізге тосын жайттарды айтып отырғанымды түсінемін, дегенмен бұл менің пікірім. Және мен жалғыз емес екенімді білемін, осыны жасайтын қыз-жігіттер бар. Театрланған киноларға ешқандай қарсылығым жоқ. Бұлар 99 пайыз және оларға қарсы тұру өте қиын. Егер сенде бейнелеуге қызығушылық болса, онда кино өнеріне талантыңыз бар деген сөз. Кино нағыз бейнелеудің тілі емес пе! Кино дегеніміз не? Бұл бірінші пайда болған фотография және ол қозғала бастаған уақ. Одан сәл ілгері магнитофон жарыққа шықты. Бұл бейнелеу мен дыбыстың тілі. Солардың монтажы. Осы жерде театрдың орны қайсысы, түсінбеймін?!
– Сіз математик болып, қызметіңізді мектепте сабақ берумен бастапсыз, режиссерлікке қалай келдіңіз?
– Ол өзі қызық оқиға. Мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қолданбалы математика факультетін бітірдім. Сол мамандықпен ауылға бардым. Бір күні шай құйып отырған жеңгемнің шәйнегінің астына қойған газет шәйнек түбіне жабыса көтерілді. Сол сәтте менің көзіме киноға түсуге, түсіруге талапты жастарды іздейтін хабарландыру түсе кеткені. Жұлып алып оқыдым. Өзім жастайымнан кітапты көп оқыдым, киноға қызығушылығым бәлкім содан шығар, кім біледі. Не керек, ақыры оларға хат жазып, маған жауап келіп, Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының режиссерлік факультетінен бір-ақ шықтым. Тағдыр ғой, менің математик болғаным режиссерлігіме де өзінің оң ықпалын тигізді деп есептеймін.
– Сіз біраз әдеби туындыларды экранға шығардыңыз, жоғарыдағы «кино тілі» жайындағы сөзіңізде киноға әдебиетті қатыстырғыңыз келмейтіні байқалады. Бұл қалай?
– Экранға шығарудың да түр-түрі болады ғой. Сен қандай да бір шығарманы дәл сондай етіп, сол кездегі киіммен, сондай сөз саптауымен экранға алып келуіңе болады, яғни фотографиялық жолмен. Оны көрермендер қабылдайды. Себебі ол кітапты оқыды, ол шығармамен таныс. Дегенмен, осы кезде кино өнері қайда қалды деген сұрақ туындайды. Бұрындары әдеби кітаптардың ішінде суреттер болатын. Тура соған ұқсайтын тәсіл. Бұл бірінші жолы. Екінші жолы, шығармадан тек оның атмосферасын, кей детальдарды ғана аласың. Және оны өзіңше трансформациялайсың. Романда көп сөз болса, сен оны кино тілімен көрсетіп, сөйлетпей-ақ қоюыңа болады. Иә, мен өзім үш шығарманы әдебиет бойынша таспаладым. Экрандаған жоқпын, желісін ғана алдым. Мысалы, А.Чеховтың «Махаббат туралы» деген повесін корейлердің тапсырысымен түсірдім. Мен оны қазіргі заманға ыңғайлап түсірдім. Одан кейін Л.Толстойдың «Анна Каренина» романының желісімен «Шұға» фильмін түсірдім. Сосын Ф.Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» романының желісімен «Студент» фильмін таспаладым. Менің негізгі мақсатым жәй экрандау болған жоқ. Осы шығармалар негізінде кино тілімен кино түсіргім келді. Композиция, кейіпкерлер романнан келді. Бірақ бұл экрандау емес. Әдебиетті оқып, соны жақсы көретін адамдар, әрине ондай фильмдерді көрген кезде ренжіп шығады, 5 минуттан кейін шығып кетуі мүмкін. Өйткені ішінде әдебиет жоқ. Бірақ кешіріңіз, бұл кино өнері ғой. Ішінде әдебиет болу міндет емес. Кино өнері деген әдебиет секілді, театр өнері секілді өзіндік жолы бар өнер. Жазушы роман жазғанда, композитор симфония жазған кезде киноға қарамайды ғой. Сол секілді біз де ешкімге жалтақтамауымыз керек.
– Чехов, Толстойдың шығармасымен фильм түсіргенде сізді қызықтырған сюжет пе?
– Мені Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» романында қызықтырғаны –композициясы. Достоевскийдің барлық романдары нашар тілмен жазылған. Орыс тілінің канондарымен қарасаң, дұрыс емес. Сөздің қайталануы, салақ сөз саптаулары көп. Бірақ Достоевскийдің бір құдіреті – ойлары өте терең. Сондай-ақ онда композиция бар. Меніңше, біздің жазушылар Достоевскийдан үйренсе көп жетістікке жетер еді. Содан кейінгі нәрсе шығармадағы кейбір сахналары режиссердің «тәбетін» ашады. Мысалы, Раскольников романда кемпірді өлтіреді. Сол көрініс өте тамаша жазылған. Оқып отырып, көз алдыңа картина келеді. Сондай штрихтар мені баурап алды. Киноға сұранып-ақ тұр. Кезінде кей сыншылар Толстойды бос нәрселерді көп жазады деген. «Анна Каренина» романында Вронский Каренинаны каретаға қолынан ұстап отырғызады. Анна кеткеннен соң Вронский қолында қалған жылуды сезініп, оны сүйіп алады. Сондай детальдар әдебиеттің тіліне онша келмеуі мүмкін, бірақ киноға келеді. Сондай киноға келетін әңгіме, романдарды түсіруге болады. Бірақ кей нәрселерді принципті түрде түсіруге болмайды. Мысалы, Оралхан Бөкейдің прозасын киноға әкелу мүмкін емес. Себебі онда әдебиеттік поэзия кетіп қалады. Ол кинода мүмкін емес. «Анна Каренина» мен «Қылмыс пен жаза» менің фильміме дейін 22-23 рет түсірілген екен. Чеховтың шығармалары секілді Майлиннің әңгімелері де киноға келеді. «Қанды кек» деген әңгімесінде Ыбыраш болысты кедейлердің кеңесінде «қайсың өлтіресің» дегенде, Қайрақпай шығып, шоқпармен ұрып, семсермен қарнын жарады. Әрине өте қанды көрініс. Бірақ кино тіліне келеді. Енді жанр заңдылығы бойынша айтсақ, нағыз әдебиетшілер киноға келмеуі керек деп есептеймін. Әдебиеттің орны бөлек, оны жай ауыстыра салуға болмайды.
– Фильмдеріңізде форма, композиция бар. Бірақ кейбір сын айтушылар сіздің кейіпкерлеріңізде эмоция жоқ дегенді алға тартады?..
– Менің ойымша, кино деген нағыз эмоцияға құрылады. Эмоция болуы керек. Бірақ ол басқа жолмен көрсетілуі тиіс. Яғни, бұл киноның эмоциясы. Театрдың эмоциясы емес. Театрдың эмоциясына үйренген адам, мына фильмде эмоция жоқ деуі мүмкін. Көрдіңіз бе, театрдың эмоциясының әсері адамның тірі эмоциясын жоғалтады. Ол өте әлсіз көрініс беріп, үлкен эмоциялы ойларға жетелеуі мүмкін. Фильмде қандай да бір сезімді беру үшін сен соны үнемі ойланып, кеудеңде сақтап жүруің керек. Күні-түні ойлауың қажет, жан-жағыңа қарауың керек. Сол кезде көзіңе бірдеңелер түседі. Менің соңғы «Студент» фильмімде қылмыс жасайтын сәтті қалай түсірем деп ойланып, есіктің алдында жүрсем, машинаның ішінде қозғалмалы ойыншыққа көзім түсті. Соны қолдандым. Қылмысты жасап болғаннан кейін студент қашып бара жатып, сол қозғалмалы ойыншықты көреді. Осы ойыншық кейін оның түсіне кіріп, мазалайтын болады. Бұл жерде қалай эмоция жоқ деп айта аламыз? Ойыншық арқылы келген эмоция. Осындай қадамдар мені қызықтырады. Бірақ бұлар киноның тілін түсінетін, ұғатын адамға ғана әсер етеді. Театрдың тіліне үйренген адамға ешқандай әсер етпейді.
– Сіз «Кардиограмманы» түсірерде Ана рөліндегі әйелді оның үні арқылы танып, киноға шақырыпсыз. Сол туралы айтыңызшы.
– Сұрағыңызға орай «Кардиограмма» фильмінің қалай туғаны ойыма оралып отыр. Бірде Алматыда, Ленин көшесінің бойында бір автобусты күтіп тұрғанмын. Аялдамада менен басқа бір балалы әйел тұрды. Анық есімде емес, анау әйел кітап оқып тұрды ма, әйтеуір бірдеңе істеп тұрды. Ал 4 жас мөлшеріндегі баласы шешесінің айналасында ойнап жүрді. Шешесінен алыс та кетпейді, жабысып та алмайды. Қарап тұрғанда сезесің ғой, анау бала шешесіне жіпсіз байланған бала. Сол кезде менің есіме бала кездегі күшік түсті. Мен үйден шыққанда ылғи соңымнан ере шығады да, он метр ұзамай тоқтап қалады. Себебі ол бәрін түйсініп тұр. Яғни, үйге жіпсіз байланған. Міне, осындай бір байланыстар болады ғой, соны түсіргім келді. Оған өзімнің де шешемнің жалғыз баласы болғандығым себеп болған шығар. Шешем мені тұрмысқа шыққаннан кейін көп жылдан соң көтерген екен. Елдің бәрі «Шынтастың қызы туғанша өгіз туады» деп өсекке іліге бастаған кезде дүниеге келіппін. Содан да болса керек, анам маған өте қатты жақын болды. Тіпті өмірінің мағынасына айналдым. Міне, мен әлгі баладан өзімді көрдім. Дәл осы бала мен шешенің арасындағы байланысты анық сезіндім.
Осы фильмде Жасұланның анасын ойнайтын актрисаны ең алғаш автовокзалда жолықтырдым. Фильмді түсірудің алғашқы кезеңінде жүргем, бір күні автобус күтіп отыр едім, артқы жағымнан бір әйелдің дауысы естілді. Сондай жып-жылы. Дәл осы аналық үн баланы жіпсіз байлайтын, ұрмай-соқпай еркелетіп ыммен-ақ жұмсай білетін әжелердің болмысын елестетпесі бар ма?! Содан бұрылып қарасам кәдімгі ауыл әйелі екен. Бақанас деген жерде мұғалім болып жұмыс істейтінін айтты. Мен оған киноға түсуге ұсыныс айтқанда көзі бақырайып кетті. «Түспеймін» деп кесіп тастады. Кейіннен нақты кадрларды түсіндіре отырып, келісімін алдым. Керемет ойнап шықты. Фильм аяқтаған соң ауылына қайтып кетті. Кейін ол «Кардиограммада» ойнаған рөлі үшін Сингапурда өткен кинофестивальда «Ең үздік актерлік ойын» деген аталымды жеңіп алды. Оны алуға ол Сингапурға бармақ түгілі, Алматыдағы менің үйіме келген жоқ, әлі үйімде тұр. Көрдіңіз бе, сол дауыс, сол келбет, сол табиғи ойын қазылар алқасына да әсер еткен.
– Қарапайым адамдар камераны көргенде қысылады, қорқақтайды, бәрібір жасандылыққа салынып кетпей ме? Оларға өзін өзі қалай ұстау керек, қалай жүріп-тұру екендігін қалай түсіндіресіз?
– Негізінде фильмге кәсіби актерлерді түсіруге де болады. Ертеректе эпизодтық рөлдерге түсіргенмін. Бірақ мен оларды адам ретінде түсіретінмін. Актер адами қасиеттерге бай, қызық және сенің кейіпкеріңе келетін болса неге түсірмеске?! Мысалы, Тарковский кәсіби актерлерді түсірді, бірақ оларды адам ретінде түсірді. Тек адам ретінде түсіру керек. Актер ретінде түсірсең, кино бірден театрға айналады.
Оларды қалай шынайы ойнату керек? Меніңше, бағытты дұрыс қоя білген жөн. Егер дұрыс бағыт бере білсең, алғашында жасандылыққа ұрынған адам 7-8 дубльде шаршап өз-өзіне келеді, экранда тірі адам пайда бола бастайды. Тағы бір айтатын нәрсе, өзіңіз айтқандай кей адамдар камераны көрген кезде қорқуы мүмкін. Менде сондай жағдайлар болды. Егер дұрыс мизансценаны қоя алсаң, алғашқы дубльдарда театрдағыдай ойнауы мүмкін, бірақ кейін бәрі дұрысталады.
– Кейіпкерлеріңіз фильм ішінде әдеби шығармалардан цитата оқиды. Не үшін?
– Әр нәрсенің өзіндік орны болады. Орынды қолдансаң жеткілікті. Анекдотты айта берсең шаршатып жіберуі мүмкін, ал кейде орнымен әзілдесең, жұрт құлап түседі. Яғни, орнымен қолдану қажет. Сіз айтып отырған тәсілді ең бірінші қолданған Годар. Мен содан үйренген болуым керек. Қазір ақпараттық заманда өмір сүріп жатырмыз ғой. Сондықтан сен дайын ақпаратты алып, әдебиет арқылы берсең құдды бір заманға сай болатын секілдісің. Ол нәрсені өзің де айтқың келіп тұрады, өзің де жазуыңа болады. Бірақ Абайдың, Достоевскийдің айтқандары арқылы берсең әлдеқайда өтімді. Бір жағынан әдемі. Бірақ өзінше қолдануың керек. Барлық нәрсе көшіре берсең, плагиат болып кетеді. Бұл бір жағынан, адамның кітапты көп оқитынына байланысты. Бұл менің мінезіме де байланысты болуы мүмкін. Бірақ Өмірбаев түсірді екен деп, басқа адам мені қайталаса, ол жараспауы мүмкін. Кітап оқымайтын адамға оның керегі шамалы. Мысалы, Ақтан Абдыхалықов деген қырғыздың тамаша режиссері мүлде кітап оқымайды. Оның фильмдерінде кейіпкердің кітап оқуы мүмкін емес. Қоршаған ортасына байланысты болуы мүмкін.
– Жас режиссерлерге не айтар едіңіз?
– Нағыз өнермен айналысам деушілер қысқаметражды фильмдерден бастауы керек секілді. Шетелге қарап, «анау былай істеп жатыр», «мынау былай істеп жатыр» екен деп көшіре беру дұрыс емес. Осыдан біраз бұрын математик Асқар Жұмаділдаев жазыпты: «Қазақтар мықты халық болу үшін технологиямен айналысу керек» деп. Меніңше, ол болмайтын нәрсе, себебі ол біздің қанымызда жоқ қой. Жапон, корейлер «Самсунгты», «Тойотаны» шығарып жатыр екен деп біздің де сол нәрселермен айналысуымыз міндетті емес. Олар секілді әрбір детальға назар аударып, бір бұрандамен күні бойы айналысып отыруға біздің шыдамымыз жетпейді. Тарихымыздан белгілі көшпенді халықпыз ғой, болмысымыз көшпенді. Біздің өз жолымыз бар. Мысалы, мультфильмдегі Әмен Қайдаров тапқан жол. Сондай өзіндік ерекшеліктерді індете іздей бергеніміз абзал. Қытайлар жаңа техникамен көпсериялы мультфильм түсіріп жүр екен деп дереу соның ізімен тыраштанудың қажеті жоқ. Оларды бәрібір де қуып жете алмаймыз. Оларда маман да көп, халық та көп. Солардан қалмаймыз деп жүргенде ұлттың болмысын айшықтайтын анық өнерден айырылып қалуымыз да мүмкін. Шын өнер жалаң ұран, жалған идеологияны көтере алмайды.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
журналист
egemen.kz