Су тасқынымен күресуге ондаған мың волонтер де көмектесіп жүр. Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысы Қас...
Әлемге әйгілі француздық-канадалық «NOTRE DAME DE PARIS» мюзиклі Қазақ тілінде қойылады
Орталық Азияда тұңғыш рет! Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы Гиннестің рекордтар кітабына енген әлемге әйгілі «Notre Dame de Paris» мюзиклінің қазақша нұсқасын қою үшін вокалдық әншілерге, бишілерге және акробаттарға кастинг жариялайды. Іріктеу қыркүйек айының 9-ы мен 10-ы сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өтеді. Үміткерлерді Франциядан арнайы келген продюссерлер мен хореографтар қабылдайды. Бұған дейін мюзикл әлемнің 9 тіліне аударылған. Алдағы уақытта «Notre Dame de Paris» мюзиклінің кейіпкерлері қазақ тілінде де оныншы болып үн қатады. Бұл заманауи Қазақстанның өнер тарихындағы айтулы оқиға болары анық.
«Астана Мюзикл» театрының көркемдік жетекшісі, Phd докторы Асхат Маемиров:
«Биыл әлемге танымал "Notre Dame de Paris” мюзикліне жиырма жыл. Гиннестің рекордтар кітабына енген мюзикл әлем саxналарында тоқтаусыз жүріп жатыр. Кезек біздің елімізге де келіп жетті. "Астана Мюзикл" мемлекеттік театры үшін Мәдениет және спорт министрлігі осы мюзиклдің франшизасын алуға қолдау білдіріп, Қазақстан саxнасында желтоқсан айында көрсетіле бастайды. Әрине, мюзикл мемлекеттік тілде, өзіміздің еліміздің артистерімен саxналанады. Бұл біздің отандық артистеріміз үшін мюзикл бағытындағы кәсіби деңгейлерін шыңдауға деген керемет мүмкіндік. Ал қазір осы мюзиклдің шығармашылық және ұйымдастыру жұмыстарымен Парижде іссапарда жүрген жайымыз бар.»
«Notre dame de Paris» – әлемдік мәдениеттің жауһарына айналған ерекше туынды. Уақыт сынынан өтіп, талғампаз көрерменнің ыстық ықыласына бөленген мюзикл ешкімді бейжай қалдырмасы анық. Алғашқы қойылымынан-ақ үлкен табысқа қол жеткізген мюзикл атақты классик жазушы В.Гюгоның романында баяндалған шынайы махаббат пен сатқындық оқиғасы, француздық шансон мен сыған мотивіне құрылған әсем әуезді музыка, ғажайып пен сиқырға толы цирк және акробаттар өнерімен өрнектелген. Мюзикл желісінде орындалатын «Belle», «Danse mon esmeralda», «Le Temps des Cathedrales» секілді елуге жуық әннің әуені тыңдарманды бірден баурайды.
20 жыл бұрын алғаш рет Париж қаласында қойылған мюзиклдің қазақ сахнасының төрінен табылуы елордамыз Астананың 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. «Notre dame de Paris» мюзиклінің қойылымы көрерменнің эстетикалық талғамын арттырып, еліміздегі мюзикл бағытының дамуына, бүкіләлемдік өнер сахнасында Қазақстанның музыкалық театр қойылымдарын насихаттауға зор үлес қоспақ.
Кастинг жөнінде толық ақпаратты qazaqconcert.kz, auezov-theatre.kz сайттары мен әлеуметтік желілерден ала аласыздар.