Жүсіпбек Қорғасбек. Мәртебелі сыйлық һәм киіз ұлтарақ

ӘДЕБИЕТ
8781

Белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің ҚР мемлекеттік сыйлығы туралы "Мәртебелі сыйлық һәм киіз ұлтарақ" және "АҚШ-тың бет-бейнесі Голливуд болса, қазақтың рухын көтеретін әдебиет" атты мақалаларын "Мәдениет порталы" «Egemen Qazaqstan» газетіне сілтеме беріп, жариялап отыр.

Төлтайдың таңдайы Гоби шөліндей қаң­сып, көшеден қос уысымен көсіп алған арықтың суын әкесінің бұлағына бас қойғандай аусарлана сіміріп салды. Содан соң кең маңдайынан бұрқ еткен терді қолының қырымен қырманда дән күрегендей бір күреп сыпырып тастап, көзін алайтып жан-жағына қарады. Осыдан тұп-тура отыз үш жыл бұрынғы Алматы менің де көз алдымда сурет болып тұра қалған: қала таң нұрына бөленген, ауа тап-таза, су тұп-тұнық, құс сайрап мәре-сәре.

– Анау неге бізді қара қойшының баласындай көреді? – деді Төлтай өзінен өзі шамырқанып. – Әй, сенің «Жансебілің» отыз жетінші жыл туралы емес пе? Ендеше, неге «тұрмыстық тақырыптарды жазады» деп төмен­детеді? Оның немене, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс па?

– Олардың табиғаты сондай, – дедім мен басқа бір ғаламшардың адамдарын сөз еткендей сырғақсып. – Екеумізге қарағанда, «статусы» жоғары. Оларды мұндай орынға ешкім тағайындамайды. Бірақ қой бастайтын серке деген сондай болады. Негізі ол жаман жігіт емес, жақсы жігіт!

Менің бұл пәлсапам ауданда жүріп қарайып қалған досымыздың құлағына да кір­ген жоқ. Алматыны сағынып келдім екен деп, түнімен аттың басын қоя беріп, енді көшедегі арықтан аңса­рын басып тұрған тұрысы мынау. Кей­бір дос­тарымыздың сенің жанкешті еңбегің­ді қылжаққа айналдырып, неге төбең­нен басып қойғылары келетінін ол әлі түсінбейді.

Ондай-ондайға мен де аса мән бере қой­май­мын. Бірақ уақытында тыйым көр­ме­ген тап сол әдет маған ғана емес, кейін келе үлкен әдебиетке де бір зиянын тигізерін қайдан білейін. Бақсам адам бойындағы кейбір жақсылы-жаманды мінездер оның өзі­мен бірге өседі екен. Бүгін жүрген ортасына ықпал етсе, ертең бүкіл қоғамға ықпал етуі де ғажап емес көрінеді.

Төлтай жаңа ғана өзі сіміріп салған арық­тағы судан тағы да қос қолдап көсіп алып, білегі мен бетін жуды. Тағы да «Бі­реу көріп тұрған жоқ па?» дегендей алайып, бетінен күміс тамшылар сорғалап жан-жағына қарады. Осы кезде қасымызға қо­нақ­­тардың соңын таксиге отырғызып жібе­ріп, көк жайлаудай Алматыда емес, ыстық Иеру­салимде жүргендей терлеп-тепшіп Шә­мілдің өзі де келе қалды.

– Аяғыңды суға малсаң, басыңа жақсы ойлар келеді, – деп құшырланды келе сала. – Мына Жүкаш аяғын судан шығармайды. Мұның жақсы жазып жүргені содан.Жүсіпбек Қорғасбек

Түндегі айтқан сөзін жуып-шайған түрі екенін түсіне қойдым. Бірақ оның сөзінен бұрын, өзіне күлкім келді. Әркім өзінің жанына батқан нәрсені айтады. Ол туфлиін шешіп бір жаққа лақтырды, басы башпайына жабысқан шұлығын шешіп екінші жаққа лақтырды. Сөйтті де арықтағы тастай суға аяғын шалп еткізіп малып алды.

– Ал, Төлтай, іш! Алматының ары­ғын­да­ғы су сенің ауылыңдағы колонканың суы­нан таза!

Шәміл біреуді мазақтаса, қасындағы адамдарды өзіне қосып алып мазақтайды. Оған да ерекше талант керек, әрине. Соның арқасында арамыздағы аздаған тү­сі­­ніс­пеушіліктің тігісі жазылып, үш дос арқа-жарқа күлісіп тарқастық. Тек қош­та­сар кезде Төлтайдың жанарынан бізді тосырқағандай терең бір мұңның ізін көрдім. «Зиянсыз қылжақпен оның жанына жара салғандай болған жоқпыз ба?» деген ой ішімде кетті. Ол терең мұңның ізі бас­қа­лар­дан да кездесіп, құдды бір сол адам­ның жа­нының айнасындай бір төңке­рі­летін де жоға­латын.

Ұлттың мұңы!.. Егер Ақселеу Сейдім­бек ағамыз болмағанда, бұл жайт мүл­дем есімнен шығып та кетер ме еді, кім білсін. Бір күні ол кісімен қаладағы мың қиыр көше­нің бірінде кездейсоқ кездесіп қалдым. Жол бойындағы көк теректердің түбіне біз де теректей болып сорайып тұра қалдық. Бірден көлеңкеге қарай ығысқанымызға қарағанда, ағамыздың ойында бір нәрсе келе жатқаны айтпаса да түсінікті еді. Үлкендер арасындағы әлдебір әңгімелердің басын шалып өткеннен кейін:

– Ал, айналайын, аяқ киіміңді шеше қойшы, – деді аса бір қамқор көңілмен жылы шырай танытып. – Табаныңа салып жүр­ген ұлтарағың бар ма, жоқ па, көрейін.

Ақселеу ағаның маңызды мәселе шеше­тіндей маңғаздана қалғаны одан бетер таңырқатты. Өкшесінен басып сыпыра салса да болатын туфлиімді өзімнен өзім қысы­лып, қолыммен шешіп жерге қойдым. Оның ақсары жүзімен өңдес көкшілдеу көздері көнтабанды көктей өтіп, сұрақ белгісіндей сопая қалған менің бетіме ауды. Шілденің шыжыған ыстығында ол кісі неғылған ұлтарақ туралы айтып тұрғанын түсінсем бұйырмасын.

– Бұдан былай табаныңа киіз ұлтарақ салып жүр, – деді Ақселеу аға сабырлы қалпына қайта көшіп. – Табаныңнан сыз өтсе, бойыңнан қуат кетеді. Бұрын жылқышылар саптама етікке қос-қосынан киіз ұлтарақ салып киген. Ол уақытта шарық киген шалдардың өзі күш-қайрат жағынан ешкімге дес бермеген. Себебі шарықтың табан жағына киіз ұлтарақ салып киетін болған. Қазақта Жетпісбай, Сексенбай, Тоқсанбай деген есімдер қайдан шықты деп ойлайсың.

Ақселеу аға да әңгіме айтып тұрып алысқа қарағандай болатын да, көзіне жұмбақ бір мұң ұялай қалғандай көрі­не­тін. Саған басқа әңгіме айтып тұрып, ойында басқа әңгіме тұрғандай қысылып та қалатынсың. Бірақ біз жас кезде ненің парқын біліппіз. Сондағы сан саққа жүгіртіліп айтылған әңгімеден бір-ақ нәрсеге ойым қадалды да қалды. Ол Ақаңның «Киіз ұлтарақ салып кисең, аяқ киіміңе иіс-қоңыс жоламайды», деген сөзі еді. Есіме арықтан су көрсе болды, аяғын шалпылдатып бір малып алатын Шәміл түсе кетті. Жол үсті болған соң қиынсынбай, кешке үйіне соқтым. Обалы не керек, бір бөлмесіндегі кітап сөресіне мұқабасы алтынмен апталып, күміспен күптелген кітаптардың талайын тізіп қойыпты. Бірақ онда қолдан қолға өтіп оқылатын, қалың оқырман арасында аңызға айналған жұлым-жұлым кітаптар жоқ.Ақселеу Сейдім­бек

– Бүгін Ақселеу ағадан өз құлағыммен бір әңгіме естідім, – дедім жаңалықтың бәрін екі ауыз сөзбен жеткізіп болғаннан кейін. – Мынау аяқ терлейтін ауру ата-бабамызда атымен болмапты. Себебі олар табандарына киіз ұлтарақ салып жүріпті. Бұл ауру кейін шыққан екен, негізі ақсүйектердің ауруы көрінеді. Сен де ақсүйексің ғой, бұдан былай табаныңа киіз ұлтарақ салып жүрсеңші.

– Мынандай ыстықта туфлиіңе киіз ұлт­арақ салып кисең, табаның тандыр боп кетпей ме? – деп Шәміл әдетінше өз жұды­ры­ғымен өзінің басын тоқпақтай күлді. – Біздің үйде ауылдан әкелген ескі текемет бар. Қалада бәрібір төсеп жүрген жоқпыз. Бал­конда шаң-шаң болып босқа жатыр. Содан қырық ұлтарақ шығады. Ақселеу ағаң екеуің тіліп-тіліп, табандарыңа салып алың­дар!

Қылжақ!.. Шәміл өзінің басын тоқ­пақ­та­ғанымен қоймай, менің де иы­ғым­нан сарт еткізіп бір салды. Сөйтіп досымның үйіне жақсы аттанып барып, қырық ұлтарақтық қылжақ сөз естіп қайттым. Онымен қоймай Ақ­селеу ағамыздың да қадірі бір мысқал кеміп қалғандай қоңылтақсып та қалдым. «Шарықты табанына киізден ұлтарақ салып киеді», деп жазған бір сөйлем кейін Ақселеу ағамыздың көп томдығында жүрді. Демек ол қылжаққа айналдыра қоятын сөз емес.

Бірақ мен досымның сол жолы тектентек басын тоқпақтап күлмегенін соңыра білдім. Кейбір адамдар да инстинкт ерекше жетіледі. Менің досым да сондай адам, оған заманның қалай құбылатыны инстинкт арқылы берілген. Бүгін бір тәжді тастарды желкесінен шымшып алып жылжытып отырса, ертесіне шынымен де біреулердің орын ауыстырып жатқанын көресіз.

Әлгі оқиғадан кейін арада апта айналмай жатып жұмыс телефоным шыңғыр ете қалды. Телефон соққан адам билік тарапындағы ең ықпалды идеолог екен. Қай­біреулер сияқты сасқаннан атымды ұмытып қалмасам да, орнымнан тұрып кет­кенімді білем. Қызметі қанша үлкен бол­са да, жұмсақ қоңыр дауыспен өзімсіне тіл қатты.

Шерхан Мұртазаны таба алмадым, дәу де болса мақала осы бөлімде дайындалған шығар деп қоңырау шалып тұрмын. Ана Ақселеу Сейдімбеков «Күңгір, күңгір күмбездер» деген кітап жазады, барсаң күңгірлеп тұрған күмбез көрмейсің. Ал сен­дер оны газеттеріңе тексермей баса бере­сіңдер, кішкене алды-арттарыңа қара­саң­даршы, деді.

Сол екі ауыз сөзді айтты да, телефон­ды тоқ еткізіп қоя салды. Менің өмі­рім­дегі бірінші рет биік орыннан ша­лын­ған қоңырауды қалай ұмытайын. Жо­ғар­ғы жақтан ондай қоңырау жайдан-жай соғылмайтынын да ішім сезеді. «Апыр-ай, мына кісі Ақселеу Сейдімбековті құрметтесе, жаңағындай сөз айтпауға тиіс еді ғой», деп ойладым. Есіме бірден «Балконда жатқан ескі текеметті Ақселеу ағаң екеуің тіліп-тіліп, табандарыңа салып алыңдар», деген Шәміл достың қылжағы түсті. Бірінің аузына бірі түкі­ріп қойғандай сөздерінің бір жерден шыққанына таңырқап қалдым. Адамға бұдан артық қандай инстинкт керек!

Инстинкт!.. Кейін ойлап қарасам, ақын-жазушылардың қадірін түсіріп, сөзін қылжаққа айналдыру сол кезден басталыпты. Бұл әдейі ойластырылмаған науқан болуы да мүмкін. Елдің санасын тазалап, орнына жаңа идеология енгізу де оңай шару емес. Міне, осы кезде кейінгі ұрпаққа инстинкт арқылы берілген «халық жауы» деген түсінік алға шыққан сияқты. Ал енді өтпелі қоғамда оның отын көсеп, шоғын үрлеушілер табылмай қалмасы айтпаса да түсінікті еді. Осындайда ақын-жазушылардың абыройын төгуге себеп те жеткілікті болып шықты.

Соның бірі мемлекеттік сыйлық төңірегінде туындады. Бұл өзі қай қисынға салсаңыз да мазаққа айналатындай нәрсе емес. Біріншіден, мемлекеттік сыйлық деген мәртебесі бар. Екіншіден, ол да аламан бәйге сияқты алапат жарыстан тұрады. Үшіншіден, мәрені бірінші қиып өту үшін үміткерлер мұнда да барын салады. Ендеше басқа саладағы бәсеке бәсеке де, ақын-жазушылардың арасындағы бәсеке құр атаққұмарлық емес шығар. Демек бар кілтипан қаламгерлердің мемлекеттік сыйлыққа таласуында емес, сол сыйлықтың әділ берілмеуінде болып отыр.

Шындығында, біреу мемлекеттік сый­лық­ты қайтсем де аламын деп шала шабылса, онда тұрған ештеңе жоқ. Тағы біреу бұл сыйлықты ала алмадым деп, еңірегенде етегі жасқа толып тентіреп кетсе, ол да сөкет емес. Кім де болса өзінің талай жылғы азапты еңбегінің жемісін көргісі келеді. Ондай мысалды кешегі күннен де, бүгінгі күннен де қиналмай табуға болады. Небір қас таланттардың осы бір сыйлық үшін қалай қор боп кеткені әдебиет шежіресінен де белгілі. Соның бірін Қадыр Мырза Әли өзінің атышулы «Иірім» атты кітабында:

«Қазақстан Жазушылар одағында екі жылда бір рет Мемлекеттік сыйлыққа ұсыну науқаны жүріп өтеді. Сондай айтыс-тартыстың бірінде Бекеңнің «Өлгендер қайтып келмейді» атты романы жүйріктер жарысына қосылып-ақ кетті, деп еске ала жазыпты. Алғашқы айналымда ең көп дауыс алған да сол шығарма болды. Ағамыздың көңіліндегі өшіп бара жатқан үміт оты қайта тұтанып, қайраты қайта оянғандай болды. Бірақ екінші және соңғы айналымдарда әділқазылар алқасы ойда жоқ та оқыс пікірлерін өзгертіп, бәйге Бекеңе бұйырмай, Бауыржан ағамызға бұйырды. Бір себептен бұл да дұрыс еді. Ал ең дұрысы – екеуіне де беру керек еді. Бірақ біздің ағайындарға ондай ақыл біте қоймаған, қайтесің енді! Сол-ақ екен Бекең (Бердібек Соқпақбаев) шөгіп кетті».

Басқасын айтпағанда, қазақ қалам­гер­лері үшін мемлекеттік сыйлықтың сал­­мағы қандай екенін осыдан-ақ көруге бола­ды. Бұл сыйлық жанкешті еңбектің, жемісін көрсем деген талай жазушының өмірлік мақсатына айналғаны өтірік емес. Азаптанып жазған кітабы оқырман арасында мойындалса да, мемлекеттік сыйлыққа ілікпей қалғанын тағдырдың мазағындай көретіндер бар. Ал енді көмейде бүлкілдеп тұрған: «Мемлекеттік сыйлықсыз да өмір сүруге болмай ма?» деген сұрақ шын азапкер жазушыға жүрмесе керек. Себебі онсыз да екі жылда бір айналып келетін мәртебесі де жоғары, ақшасы да қомақты сыйлықты кей жылдары құрығанда өзімен тең талант та емес, кем таланттар қанжығасына байлап кетіп жатса жанына батпағанда қайтпек?

 Ханталапай!.. Осындай әділетсіздіктер қазақ қаламгерлерінің арасында бұрын-соңды болмаған дүрбелең туғызды. Мемлекеттік сыйлықты той жасаған біреу көкпар беріп жатқандай көріп, жан-жақтан жаппай ат қойғандардың қарасы көбейді. Олар әдебиет элитасының арасында ғана жүретін бәсекеге өздерінің жабайы күрес тәсілдерін де ала келді. Әлгі көкпардың арасында біреудің тізгінінен алып, біреудің етегінен тартып, енді біреудің айыл-тартпасын қиып жіберіп жатқандар да бар. Шаң-шұң айғайласып, сарт-сұрт қамшы сілтесіп, біреу қайың сойылмен тізеден қағып, тағы біреу ата-бабасынан мұраға қалған айбалтасын да ала жүгіріп жатқан бір ел.

Дүрмек ішінде Ақселеу ағамыз үкілеп қоспаса да, үміт етіп жолына қараған екі жүйрік те бар еді. Мәселе бір тонның ішкі бауындай аралас-құраластығында, ал екіншісінің топырақтас інілігінде де емес. Екеуі де әдебиетте орны бар, шығармалары мойындалған, үлкен-кішінің бәрі санасатын адуынды ақындар болатын. Мемлекеттік сыйлықты осы екеудің қай тарпаңы алса да, «Ол неге алды?» деуге ешкімнің аузы бармайтынын да біледі. «Әй, екеуіңе бірдей олжа қайда, ендеше бірің қанжығаңды сайла, енді бірің осы аламан бәйгені қыздыру үшін қосылған бол», деп ішіне түйіп те қойған. Ақырында бәрі құлап, екі жүйрік мәреге қатар жеткенде, «А, құдайлап» белбеуін шешіп, мойнына ілді. Басқалар да: «Е, бәсе, мемлекеттік сыйлықтың салмағы енді артты», десіп қауқылдасып та қалды. Міне, сол кезде көптеген траге­дия мен комедияда күтпеген біреудің сахнаға шыға келіп, корольдер қысылған, шешендер тосылған кульминациялық сәтте шешуші рөл ойнап кететіні тәрізді бір сұмдық оқиға болды.

Сол жолы шынында да мемлекеттік сыйлықтың дабысы қатты шығып еді. Бас­қа­сын қойып, айдаладағы ауыл шаруа­шы­лығы мекемесінде бір жиын өте қалса да, мемлекеттік сыйлық тақырыбынан айналып өтпейтін дәрежеге жеткен. Сондай алқалы жиындардың бірінде өзі өмірі кітап та жазбаған, жазудың азабын да шекпеген менің баяғы Шәміл досым қаңғып басына келе қалған бір ойды көстең еткізбесі бар ма! «Мемлекеттік сыйлықты екі жыл сайын міндетті түрде беру шарт емес шығар. Лайықты шығарма болмаса, бермей қоя салу керек», деп қалды ол айтарға сөз таппай отырғандардың аузына сөз салғандай болып. Бірақ қазақтың екі бірдей талантты ақынының тағдыры шешіліп жатқанда әйтеуір бірдеңе айту керек болған соң айтыла салған бұл сөзінің қолға көсеу ұстатқандай боларын өзі де білген жоқ. Оның бойындағы оқу-тоқусыз-ақ берілген осыншалықты керемет инстинкті жеткілікті дәрежеде бағаламай жүрген біздің өзімізге де обал жоқ-ау деп қан қақсадық та қалдық, не керек? Сөйтіп сол жолы қазақ руханиятының шырақшысы атанған аяулы Ақселеу Сейдімбектің үкілеп қоспаса да, үміт етіп жолын тосқан қос бірдей жүйрігі мәреге жетпей, барша әдебиет сүйер қауым жерге қарап кетті. Аламанның серті көмбеден көріну дейтін дәстүр бұрын-соңды бұлайша бұзылмаған, сондықтан оның соққысы да оңай болған жоқ.

Сонда Ақселеу Сейдімбек журналист Өміржан Әбдіхалықұлының сұрағына: «Әдебиет саласынан іріктеудің барлық саласынан өткен екі ақын – Серік Ақсұңқарұлы мен Несіпбек Айтұлының шығармалары Мемлекеттік сыйлыққа лайық. Екі ақын да қазақ поэзиясының қос босағасы сынды қаламгерлер. Осыны тани алмаған қоғам, саясаткерлер рухани мүгедек деп есептеймін», деп шамырқана жауап берген екен. Оған қоса: «Осы салаға жауап беретін адамдардың тереңірек ойлауы қажет еді. Бұл жерде саяси қателік те бар. Қазақтың көшбасшы өнер саласы – сөз өнерінен лайықты дүние табылмады деген сөз – Қазақстандағы рухани-мәдениеттің тоқырауы деген сөз ғой. Қазақстан – рухани мәдениеті жоқ, базар қуалап, санын шапақтап, нарыққа жүгірген ел дегенді білдірмей ме?» деген наразылығын да жасырмапты. Мұның ішінде бізге ең керегі: «Комиссияның ішіндегі адамдардың жартысынан көбі қазақ тілін білмейді. Әдеби шығармаларды сараптау үшін құрылған комиссия ғана дауыс беру керек еді. Сонда біз асыл мен жасықты парықтайтын едік», деген сөзі болатын. Оны Ақселеу ағамыздан кейін де талай адам айтты, әлі де айтылып жүр, бұдан кейін де айтыла беретін сияқты. Себебі барлық саланың адамдары қосылып да­­уыс беретін президиумды алып тастау
туралы шешімнің шығатын түрі көрін­бей­ді.

Ендеше мемлекеттік сыйлықты тағы да кездойсоқ біреулердің алып кетуіне жол ашық деген сөз. Естуімізше биылғы аламанның дүбірі алысқа кететін түрі бар. Басқасы басқа, осы биылғы тізімнің ішінде Тынымбай Нұрмағамбетовтің де жүруі мүмкін екені неге тұрады? Дара шапса өзі алып, қосарлап шапса Несіпбек Дәутайұлы екеуі қатар алуы мүмкін деген де сыбыс бар. Бірақ кешегінің Бейімбеті қандай сүйкімді болса, бүгінгінің Тынымбайы сондай сүйкімді екенін тіл білмейтіндер қайдан білсін. Сондықтан жеме-жемге келгенде бұл сыйлық Тынымбайға да жоқ, Несіпбекке де жоқ болып шығуы таңғалатын нәрсе емес. Тіпті бұған дейін де сан мәрте болғаны сияқты, бұл жолы да күтпеген бір оқиға болып кетуі әбден мүмкін. Тап осы арада сіздің есіңізге не түскенін білмеймін, ал менің есіме Шәміл досымның мемлекеттік сыйлықтың тағдырын әйтеуір айта салған бір ауыз сөзбен қалай шешкені түсті.

«Сондай көлденең көк аттының бір ауыз сөзіне қарап қалған мемлекеттік сыйлықтың мәртебесі қандай болғаны сонда?» деген сұрақ туады. Демек мұндай шарасыздық аталған сыйлықты беру жүйесі мен оның сарапшылар тобының жұмысы да дағдарысқа ұшырады деген сөз. Бір кетуі кеткен шаруаның қайтып орнына келуі қиын екенін мемлекеттік сыйлыққа қатысты одан кейінгі жағдайлар да жиі-жиі еске салатын болып жүргені өтірік емес. Оған өткен жолы қазақтың тағы бір Бейімбеті атанған Мархаббат Байғұт алғашқыда ең көп дауыс алып-алып келіп, тіл білетіні де, білмейтіні де аралас дауыс берген ақтық сында әділетсіз құлатылғанда көзіміз жетті.

Аманат!.. Енді сол ереже мен тәртіптің мұрты бұзылмастан әдебиеттің аламан бәйгесіне тағы да ат қойғалы отырмыз. Мемлекеттік сыйлықтың мәртебесін түсірмейтіндей, оған ұсынылған азапты еңбек иелерінің ел алдындағы қадірін де кетірмейтіндей бір өзгеріс жасамасқа болмайтын түрі бар. Егер шын жанымыз ашыса, оған әлі де уақыт бар екенін еске салғымыз келеді. Әйтпесе бұл жолы да менің Шәміл досымның рөлін кім ойнар екен деген қауіп көлденең ат қосатындардың емес, көпшілік алқалаған шын таланттардың мазасын кетіріп бара жатқанын несіне жасырамыз?!

Негізінде халық мойындаған, керек кезінде биліктің өзі де ақылына жүгін­ген үлкен тұлғалардың аманатына адал болғаннан ешкім ұтылмаса керек. Көте­ріл­ген мәселенің тұздығы ретінде айтарым, мен өзім сол бір аяулы Ақселеу аға­мыздың айтқанын осы уақытқа дейін бұл­жытпай орындап келемін. Содан бері қанша жыл өтті, қысы-жазы аяғыма киіз ұлтарақ салмай аяқ киім киген күнім жоқ десем де болады. Оны Шәміл досыма да көрсетіп, пайдалы жақтарын талай ескерттім де. Айтқанымды істете алмай, сөзім құр босқа шығын болды. Ақын Бауыржан Қарағызұлы жазғандай: «Жа­уы­ма ақылдымын, бір қызығы, Досыма ақымақ боп көрінеміннің» кері келді.

Бірақ өткен жазда менің де ой-са­нам­да кішігірім төңкеріс жасағандай бір қызық жағдай болды. Шілденің шыжыған ысты­ғы­нда ас беріліп жатқан бір жерге Шәміл досымды іздеп бара қалсам, кіре беріс қаптаған аяқ киімнен көрінбей тұр екен. Туфлиімді қоятын орын іздеп тұрғанымда, кенет табанына киіз ұлтарақ салынған сәнді бір кебіске көзім түсе кеткені. Менің жайымды бай­қаған Шәміл досымның келін­ше­гі: «Біздің үйдегі кісінікі ғой», деп сол кебістің қасынан ығыстырып, туфлиімді қоятын орын тауып берді. Иә, мәселе киіз ұлтарақта емес қой, бірақ уақыт біз жаса­мағанмен де, бәрін өз орнына қоя­ты­нын қашан да, қандай дәрежеде де естен шығармауымыз керек екен. Мұның осын­дай детальдерді өз шығармаларында Бейім­бетше ойнататын Тынымбай, Мархаб­бат, Несіпбек сынды талантты ағала­ры­мыздың мемелекеттік сыйлықты қашан алатынына да тікелей қатысы барын да ұмытпағанымыз жөн. Бұлардан кейін ұлы теңіздей дөңбекшіп, үнсіз жатқан және бір буын бар, жоқ болып кеткен жоқ. Одан кейін де ұлы даланың дүбірі дүркін-дүркін естіліп тұрса, онда біздің рухымыз өлмеді, өшпеді деген сөз. Сіздің нені білгеніңізді білмеймін, ал менің білгенім – рухани жаңғыру деген осы. Сондықтан да жалғыз әдебиет саласында ғана емес, жалпы руханият әлеміндегі мұндай аламан бәйгелердің қақ-соққа ұшырамай, өз деңгейінде өтуіне қай-қайсымыз да бейтарап қарамауымыз керек. Бұл жөнінде Шәміл доспен пікір таластыра отырып түйген біраз ойларымыз да бар. Ол сол 2008 жылғы оқиғадан кейін аламан тасырдың қарасы көрінсе болды, құзырлы орындарға жаңа идея бергісі келіп, елеңдеп тұратын болған. Сондағы туған ортақ ой мен ұсыныстарымызды алдағы мақаладан оқырсыздар деген үміттеміз.

АҚШ-тың бет-бейнесі Голливуд болса, қазақтың рухын көтеретін әдебиет

Біреудің жұмыс іздеп кеткен жағынан бала-шағасына жүз мыңдап, екі жүз мыңдап ақша келіп жатыпты. Басқалар да артынан барайын десе, өздері тұрып жатқан ауылды бір бай сатып алмақшы екен деген сыбыс шығып тұр. Егер сатып алса, бастарына бақ орнататындай көрінеді. Бірақ ол бай бұл ауылды қашан сатып алады? Сосын қашан сиыр қора салады? Оған сиырларды айдап әкеліп, қашан қамайды?  

Ақыры шыдамдары таусылған ағайынды екеу, әлгі жігіттің артынан баруға тәуекел еткен екен. Арада ай өтпей, олардың да барған жерінен жүз мыңдап, екі жүз мыңдап ақша келе бастапты. Сөйтсе олар алғашқы кеткен жігітті хатта көрсетілген мекенжайдан таба алмапты. Бірақ сол ізбен жүріп отырып, кездойсоқ бір сылқым келіншекке тап болыпты. Сылқым келіншек оларды байының атқорасына жұмысқа алдырыпты. Одан әрі жұмысы жоқ, жағдайы төмен, бала-шағасы шүпірлеп аузына қараған адам нені армандаса, соның бәрі рет-ретімен орындала бастапты.  

Қожайын коттеджден шықпайтын, шықса джиптен түспейтін біреу екен.

Бірақ обалы не керек, сылқым келіншегі екеуі бұларды ештеңеден тарықтырмапты дейді. Алатын ақшалары ай сайын көбейеді, сондағы бар істейтін жұмыстары атқораны тазалау, жылқыларға жем-шөп беру, жал-құйрығын тарау, сауырынан сылап-сипау. Сол өздері бауыр басқан аттарға қожайынмен бірге өздері мінетіндері, қоржынға қатқан ет пен нан салып алып ұзақ жолға шығатындары, ең соңында Қызылқұмнан жыланның уын алуға баратындары өте құпия ұсталады.

Сөйтіп жүргенде ағайынды екеудің үлкеніне байдың сылқым келіншегі ғашық болып қалады. Жыланның бір тамшы уы сұмдық қымбат тұратынын содан біліп алады. Олардың арасындағы қарым-қатынасты бай білсе де білмеген сыңай танытады. Ал ана уды мына жалған дүниеден баз кешкен шетелдік байлар мен саясаткерлер көп ақша беріп әрең қолға түсіретін көрінеді. Бір тамшы уды татып, байлық та, басқа да опа бермеген мына дүниемен қош айтысып кете барады-мыс.

Осының бәрі «Мың бір түннің» ғажайып хикаяларындай төгілте әңгімеленеді. Соншама ғажайыптардан кейін не болатынына ынтыға түсесің. Одан әрі оқысаң, күннің ыстығында құм ішінде алтын көшкендей жарқырап көшкен көшті көресің. Ол көш шыжыған ыстықтан қашып, құмдағы көне құдыққа құйылады. Қожайын екі ағайындының кішісін алдап та, арбап та, қорқытып та сол құдыққа түсіреді.

«Шертайдың төбесі құдыққа енді бата бергені де сол еді, кенет оның ұзақ шыңғырған дауысы естілгені. Байшұбар өмірінде мұндай ащы, үрейлі дауысты естімеген шығар» деп суреттейді жазушы. «Жібер арқанды!» деп ақырады мылтық кезенген қожайын. Содан соң: «Тарт арқанды!» деп айқайлайды бүкіл құмды далаға әмірін жүргізіп тұрған жандай. Қожайынмен қосыла Байшұбарға мың-миллион адам айқайлағандай болып естіледі.

«Құдайым-ау, мың-миллионың не? Бүкіл дүние... Қызылқұмның самсаған атамзаманғы кәрі сексеуілдері мен жыл сайын, кейде ай сайын қоныс аударып, көшіп жүретін құм төбелері де осылай деді».

Өзінің жан-тәнімен тілегені де сол бұйрық болатын. Кендір арқанды жанталаса тартып суырып алғанда, туған бауыры тұрмақ, адам сыйқына ұқсамайтын бір құбыжықты көрді. «Шаншы!» деді қожайын қолына айырды ұстатып. «Бұлға!» деді құбыжықты қайнап тұрған қазанға салдырып.

Құдықтың ішінде он, жүз, мың жылан шаққан адам денесінен әлемнің дүниеден баз кешкен байлары ынтыға күткен асыл у осылай алынады. Бірақ көркем шығарма болғаннан кейін аяғы жеңіспен аяқталады. Байшұбар қожайынды қапысын тауып өлтіріп, бауырының кегін алады. Сонда қазандағы уды қайыра төккенде, қара жерде тағы бір құдық пайда болады.   

Мен мазмұнын баяндаған шығарманың ұзынырғасы осы. Оқығандар біледі, оқымағандарға да Тынымбай Нұрмағанбетов деген авторының есімі жақсы таныс. Өзін бүгінгі саясатқа жанашыр жазушы десең де болады, жоқ сыншыл көзқарастағы адам десең де келеді. Шығармасын қандай астарға бұрам десең де ыңғай беріп тұр. Ептеген саяси астары да бар. Бірақ жаманға бұрмасаң болды. Енді жасампаздықты жырламағаны басы ашық нәрсе. Сонда мемлекеттік сыйлықты мұндай шығармаларға беруге болмай ма?Төлен Әбдікұлы мен Тынымбай Нұрмағамбетов

Есіме еріксізден еріксіз осындай бір келеңсіздікті өзімнің де бастан кешіргенім түсіп отыр. Өткен жылы ғана мен Қазақстан Президентінің бұқаралық ақпарат саласындағы сыйлығына ұсынылдым. Сол кезде Президент әкімшілігінен жауапты адам басқарған сараптау тобының отырысы өтіп жатқанда сұрақ туындайды.

– Бұл кісі осы уақытқа дейін неге алмаған?

– Ол кісі саяси көзқарастары үшін алмаған, – депті сонда менің Шәміл досым.

Мен тау-тас сияқты бәрін ішіме сіңіре  беретін адаммын. Алайда мына сөз жаныма батып кетті. Биліктің адамдары «Онда қоя тұрайық» десе қайтпекші? Себебі біздің ең жанды жеріміз саяси көзқарас қой! Өткен тарихымызда сондай таңба салынған жылдар аз емес. Маңдайына сондай таңба басылған тұлғаларымыз да жетерлік. Етімізден өтіп, сүйегімізге жетті.

Бірақ маған сол жолы сыйлықты берді. Шәміл досым айтқан «саяси көзқарасыма» қараған жоқ. Сондықтан Тынымбай ағамыздың да «саяси көзқарасына» қарай қоймас деп ойлаймын. Бір құдықтан су орнына у алып, жерге төксе екінші құдық пайда болатынын жазған жазушы бұл жерде жазушылық міндетін ғана орындап отыр.

Бізде қанша айтсаңыз да диссиденттік әдебиет жоқ. Орыстың Лимоновы сияқты арандатушыны да көрмедік. Бар-жоғы қарапайым шындықты ғана жазатын жазушылар бар. Кейбір өмірлік деректер шығармадағы көркемдік шындықтың бояуын қанықтыру үшін қолданылуы да мүмкін. Ал мұны саяси көзқарас деп есептесек, арамызда кеуде көтеріп жүретін қаламгер қала ма, қалмай ма?Бердібек Соқпақбаев

Шындап келгенде Бердібек Соқпақбаев мемлекеттік сыйлықты Бауыржан Момышұлымен қатар түскен соң ғана ала алмай қалған жоқ. «Өлгендер қайтып келмейді» романы жазушының бүкіл протестік көңіл күйін сыртқа шығарған шығарма болды. Романның өн бойынан бас кейіпкер болмысы мен кеңес қоғамы арасындағы психологиялық сәйкессіздік ашық көрініс тапқан.

Демек мемлекеттік сыйлық көбінесе саяси тұрғыдан күмән келтірмейтін шығармаларға беріледі деген сөзде шындық бар. Мемлекеттік сыйлық алу үшін арнайы тақырыптарда кітап жазған жазушылар да болған деп естиміз. Осының бәрі туған әдебиетіміздің ғана емес, мемлекеттік сыйлықтың да мәртебесіне көлеңке түсіріп келген сияқты.

Мемлекеттік сыйлықты Бердібек Соқпақбаевтың алмағаны бір таңдандырса, Тәкен Әлімқұловтың алмағаны екі таңдандырады. Алмаған себебі жазған тақырыптарының жасампаздық сипаты жоқ. Бірақ алпысыншы, жетпісінші жылдардағы қазақ әдебиетінің ауыр жүгін атан түйедей көтеріпті.  

Абайдың жұмбағын жазса да аңыз, Қаратаудың шежіресін түзсе де аңыз, ал Махамбеттің жан тәсілімін тәпсірлеген «Қаройы» аңызға бергісіз. Ендеше мемлекеттік сыйлық Тәкен Әлімқұловқа берілмегенде, басқа кімге беріледі деген сұрақтың тууы да заңды.Тәкен Әлімқұлов

«Өздері жүгірмеді ғой» деген де уәж бар. Өзі жүгірсе, уағында КСРО Мемлекеттік сыйлығын алған Әбді-Жамил Нұрпейісов те алар еді. Меңзеп отырғанымыз қаламгердің көп еңбегі сіңген,  көркемдігі де жоғары «Соңғы парыз» романы. Сонда автор иба сақтап үндемей қалса, қоғам да ондай еңбекті марапатқа ұсынбай, үнсіз өткізіп жіберуі керек пе?

Егер тізбелеп санасақ өмірден мемлекеттік сыйлық алмай өткен мықтылар көп екен. Олардың ішінде көзі тірісінде сыйлықтың қарасын да көрмеген Мұқағали Мақатаев та болды. Оның өмірден өткеннен кейін «Ғасыр ақыны» атанарын білгенде, сыйлықты ауруханаға әкеліп беретіндер де табылар ма еді, кім білсін. Ал өзі бақилық болғаннан кейін берілген сыйлық көзі тірісінде көрген бір күндік тапшылық  пен таршылыққа да тұрмауы мүмкін екенін ол уақта кім сезініпті?

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа ҚР Мемлекеттік сыйлығы өзі қайтыс болғаннан 23 жылдан кейін берілді. 1976 жылы Кеңсай қорымынан мәңгілік орнын тапса, сыйлықмұрагерлеріне 1999 жылы табыс етілді. Өзі дүниеден озған соң мемлекеттік сыйлық берілген екінші адам Асқар Сүлейменов. Есімі алғаш Ғабит Мүсіреповтің «Кітап аты «Бесін», авторы Асқар» атты мақаласымен әйгіленген дегдар суреткер. 1992 жылы жарық дүниемен қош айтысса, сыйлықты арада төрт жыл өткеннен кейін отбасы қабыл алды. Ал әдеби ортаға өзінің тазалығымен, кірпияздығымен де сыйын жоғалтпай өткен Жұмекен Нәжімеденовке бұл сыйлықтың қашан берілгені баршаға аян. Олардың көзі тірісінде-ақ қалай аңызға айналғанын көрдік те, естідік те, шет жағалап жүрдік те.

Ізінен кішігірім аңыз ерген ақын-жазушылар арамызда қазір де бар. Солардың бірі Несіпбек Дәутайұлы көп дүниені ішіне сыйдырған «Айғыркісі» атты әңгіме жазды. Онысы қазақ топырағындағы тектілік туралы түсініктің басын жинақтап, бір бүтін образға айналдырған тұғырлы туынды болды. Ойға қона кеткен атау тебірентіп, кезекті кітабын да солай атады. Сол кітап өткен жолы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанда, Құдай қолдап сыйлық беріле қалса, «Айғыркісі» деп алақалап жатқанымыз қалай болады деген әңгіме шықты. Сыйлыққа ұсынылған кітаптың алғашқы сыннан сүрінуіне бірден бір себеп, мұқабасындағы атойлап тұрған атауы болғаны да күлкілі естілетін шығар. Десе де ұғымға орнығып  қалған сол түсінік талантты автордың ендігі орны осы деген тұжырым қалыптастырып жібере ме деген қаупіміз де бар. «Талантты адам қорғансыз келеді» деген әлімсақтан келе жатқан әңгіме тағы да алдымыздан шығып, дағдардық та қалдық. Біреулер ойнап өтіп кеткен тізімге, Несіпбек Дәутайұлы биыл да қиыншылықпен ілігетін секілді. «Қазақ әдебиетіндегі қазіргі күннің үздік он жазушысы кімдер?» деген сауалнамада оның есімі жуан ортаға орныққанын талай көрдік. Ал дауысқа салғанда дауысын біреуі берсе, екеуі бермей ит қылатыны неліктен екені мүлдем түсініксіз. Осыған қарап біздің арамызда талантты талдау мәдениеті әлі де қалыптаспаған ба деген күдік-күмәнді ойларға берілесің. Әйтпесе оқырман талғамы мен әдебиетшілер талғамы неге екеуі екі басқа нәтиже көрсетеді? Таланттың мысын құрту, сағын сындыру, сенімсіздікке ұрындыру осындайдан басталмаушы ма еді?!

Мысын ешкім баса қоймайтын, сағын да ешкім сындыра алмайтын, сеніміне де селкеу түсіру мүмкін емес бір ақынды білем. Бір ақын болғанда қандай дүрмекті де дүрілдетіп жіберетін дүр ақын екенін менен басқалар да біледі. Талантты туындылар соның қаламынан жиірек туып, ақпарат бетінде де өтімді тақырыптармен бұрқырап жарияланып жатады. Бірде өлең, бірде поэма, бірде әдеби эсселер кесек-кесегімен ортаға тасталады. Сондай адамдар туралы күмәнділеу әңгіме айтқан бір пақырға: «Олардың әлемі бөлек болады, нең бар тұмсығыңды тығып?» дегенім есімде. Ол Шымкенттегі Мархабат Байғұт, Тараздағы Несіпбек Дәутайұлы, Алматыдағы Ғалым Жайлыбай, Семейдегі Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Ақтаудағы Светқали Нұржан, Ақтөбедегі Ертай Ашықбаев сияқты Қарағандыда әдебиеттің туын жықпай жүрген дарынды қаламдасымыз Серік Ақсұңқарұлы деп білгейсіз. Бірақ осыдан он екі жыл бұрын «құда да тыныш, құдағи да тыныш» болып бітетін істі бітірмей, кіл талантты биыл да тығынға тыққалы отырмыз.

Соңғы кезде мемлекеттік сыйлықтың додасы таланттар шоғыры мен талантсыздар тобырының арасындағы бітіспес майданға айналды. Бұрынғы аңыздардан еститін тұлпар тұяғынан айырылыпты, сұңқар қанатынан қайырылыпты дегенді қазір өз көзімізбен көретін болдық. «Бәйгемді шаппай бер» дейтін небір дүлділдерге дауыс жетпей қалып, масқара болып жатыр. Мұның қасында күні кешегі «тақырыбы келмейді екен» деген желеу бұдан әлдеқайда құрметтірек естілетінін ішіміз біліп тұр. Шынында да шығармашылық адамының бойындағы наразылық анатомиясын жіліктеп шағатындар қайда кеткен өзі? Олар неге жемтігінен айырылып қалып, жаратылысы бөлек таланттарды тобырдың талауына беріп қойып қарап отыр? Мүмкін бізге солардың өздерінің қатаң тәртібі керек шығар?Несіпбек Дәутайұлы

Егер бұған тыйым болмаса тізбекті реакция заңдылығы бізді тағы біраз жерге апарып тастайтын түрі бар. Меніңше бұл жұмысты сарапшылар алқасы ең алдымен өздерінен бастағаны дұрыс сияқты. Неғылғанда да дауысыңды жоғарыдан нұсқаған адамға емес, өзің таңдаған талантқа бере алатындай намысың болуы керек шығар. Әйтпесе дауыстарын берерін беріп алып, саусақтарымен жоғарғы жақты нұсқау ақталудың ең оңай тәсіліне айналып барады. Тіпті біреу бұрмалағанның өзінде санаулы сарапшы өз дауыстарын өздері санауға шамалары жетпеді дегенге кім сенеді?

Міне, алдымда сыйлыққа ұсынылған шығарма авторларының тізімі жатыр. Мен соның ішінде біреуінің аты-жөніне ұзағырақ қарап қалған болсам керек. Сырттан көрген біреу болса, туысын тауып алған екен деп ойлауы мүмкін еді. Жо-жоқ, ол ешқандай да ет жақын туысым емес. Бірақ мен шынында да оның тізімдегі есім сойына сүрініп кетіп отырмын. Алды-артындағы басқалардың аты-жөндеріне де көз жүгіртіп қоям. Тұстарында алғашқы сараптауда алған дауыстары тайға таңба басқандай болып жазулы тұр. Өңгелерден өзгеше бір ерекшелігі бардай қадалам келіп. Әлден уақытта барып, не ойларымды білмей абдырап басымды көтердім. Мені бөгелткен «Биылғы сыйлықты осы адам алып кетуі де мүмкін-ау» деген үрей еді.

Қазір кейбір ақын-жазушылардың мемлекеттік сыйлықты әділетсіз алғаны туралы көп айтылады. Бірақ соған өздері дауыс берген. Алғашқы іріктеуде дауысын беріп өткізіп жіберген. Содан соң сарапшылар алқасының мүшелері де өздері дауысқа дауыс қосқан. Олардың дауыстарынан жер тітіреп, аспан шайқалған. Сөйтсек олар өздері сүттен ақ, судан таза екен. Бар болғаны әр саланың өкілдері ақтық дауыс беретін президиумға сеніпті. Одан да өтіп кетсе, аты-жөндерін алтын табаққа салып апарғанда біреу құлақтарына сыбырлайтын болар деп үміттеніпті. Содан кейін «Болмады, пәле екен, өтіп кетті, қол қойып жіберді» деп қара аспанды төңкеріп үйірлеріне қайтады екен. Ал сонда осы сарапшылардың өздерінің мойнында ешқандай жауапкершілік жоқ болғаны ма?

Екінші айтарымыз, мемлекеттік сыйлық мадаққа ғана берілетін марапат емес. Ондай ереже еш жерде жазылмаған. Сыйлық авторға, оның мінезіне, қоғамдағы орнына қарап берілмейді. Сыйлық көрсетілген мерзім аралығында жарық көрген, қоғамда ерекше пікір тудырған шығармаға беріледі. Тарпаң шығарманың авторы да тарпаң болуы мүмкін. Қолдағы нәрсені қиындатып жүрген бер жақтағылар. «Аты атойлап тұрған кітапты қол қоюға қалай апарамыз?» деп бет моншақтары төгіле қалады. «Осыны алтын табаққа салып апарсақ, жаман ойлап қалуы мүкін-ау» деп алдын-ала сақтық жасаған болады. «Мына ойлары қолайларына жақпай қалса қайтеміз?» деп бүгежектейді, жалтақтайды, жарамсақтанады. Бір-біріне ымдап, бастарын шұлғып, қызараңдай күбірлесіп, жау жоқ жерден жау тауып жақсыаттана қалады.  Светқали Нұржан

Осындайда билік өзгеріп, біз өзгермей қор боламыз ба деп қорқасың кейде. Әйтпесе қоғамға ненің қауіпті, ненің қауіпті емес екені заңда көрсетілген. «Артық түшкіріп қоярмын» деген әсіресақтық басқаға жүрсе де, әдебиетке жүрмесе керек. Жоғарыда айтылған Бердібек Соқпақбаев та, Тәкен Әлімқұлов та, Асқар Сүлейменов те өзгеше ойлы қаламгерлер. Жарты өмірі көрші елдің түрмесінде өткен Қажығұмар Шабданұлы да сыншыл көзқарастағы жазушы. Бірақ шығармаларына қарап отырсаңыз, ең оқылымды кітаптарды да солар жазған. Олардың «Өлгендер қайтып келмейді», «Ақбоз ат», «Қылмыс» атты романдары, «Менің атым Қожа», «Бесатар», «Қаратау» секілді повестері әдеби ортада құбылыс ретінде қабылданған. Тәкен Әлімқұловтың он бес беттік «Қарой» атты бір ғана әңгімесін Әбіш Кекілбаевтан бастап өздеріне үлгі тұтпаған қаламгер қазірге дейін кемде кем. Тіпті қоғамдық қозғаушы күші бар туындылар ретінде жоғарыда аталған шығармалардың қай-қайсы да талай ұрпақтың санасын өзгертті десек те артық емес. Бұл шығармалардан қоғамға, ұлтқа, қала берді мемлекетке де пайда келмесе, зиян келген жоқ. Ал енді осындай дүниелерге мемлекетіміздің де құндылығы ретінде қарап, мәртебелі сыйлықтармен марапаттап жатсақ несі айып?

Міне, мемлекеттік сыйлық автордың атағына қарап емес, шығармасына берілуі керек деп отырғанымыз осы. Бірақ ол ереже өз деңгейінде сақталмағандықтан, кейде талантты авторлардың сәтсіз дүниелеріне де сыйлық беріліп кетіп жатады. Бұған басты себеп, сыйлыққа ұсынылған шығармаларды сарапшылар оқымайды. Автордың бұрынғы беделіне қарап дауыс береді. «Сыйлыққа ұсынылған шығармаларды бұрын Әуезов оқыған екен, қазір мен ғана оқимын» деген Герольд Бельгердің сөзі содан шыққан. Мұндайда кітапты оқымақ түгілі, тіл білмейтіндердің дауыс беруі тіптен сорақы. Қандай кітапқа дауыс беріп жатқанын өздері де білмесе, олардың мойнында қандай жауапкершілік болуы мүмкін. Ендеше ұсынылған шығармаларды оқытуға мемлекеттік сыйлық берушілердің өздері кіріптар болуға тиіс. Үміткердің кітабын ақы төлеп оқытып, қолын қойдырып сараптама жасату жауапкершілікті  арттыра түседі демекпіз.

Менің Шәміл досым биліктің кеңселерін көп жағалайды. Кейде көпке зияны тиіп кететін қылжағы болмаса, бізден бір қадам ілгері ойлайтыны да рас. Сол досымның айтуынша, әдебиеттің бітпейтін дауына биліктегілер де тойып болған. Демек осы саладағы мемлекеттік  сыйлықтың қалай берілуі керектігі туралы сындарлы пікірге олар да мұқтаж. Өздері сыйлық беріп отырып, өздері абыройсыздыққа ұшырау ақылға қонбайтын нәрсе. Мемлекеттік сыйлықтың мәртебесін тек үздіктер ғана көтере алатынын білмейтіндей олар да ақымақ емес (Шәміл досымның лексиконынан алынды). Қалай десек те мемлекеттік сыйлық мемлекеттік құндылық дәрежесіне көтерілгенде ғана абыройы артады. Әйтпесе әркімнің аузындағы қылжақ пен түртпекке айналып кетуі де ғажап емес. Қысқасы талантсызға тақ беріп, дарынсызға бақ беріп бұған дейін ешкім опа таппаған екен, бұдан кейін де опа табуы екіталай. Бір сөзбен айтқанда әңгіме шиқ етсе, шиқаны жарылайын деп пісіп-жетіліп тұр.

Мұның бәрі Шәміл достың ғана емес, кеудесін көтергеннің бәрі айтып жүрген ортақ мәселе. Біздікі осының бәрін жинақтап, тиісті орындарға жеткізу ғана. Өз тарапымыздан қосарымыз, арамыздағы әлдебіреулер айтып жүргендей АҚШ-тың бет-бейнесі Голливуд болса, қазақтың рухын көтеретін қай заманда да әдебиет! Сонда да бұл мақаламды талантты жазушымыз Мархабат Байғұттың «Мен енді бұл сыйлыққа түспеймін» деп теріс айналғанымен аяқтағым келіп отыр. Ал нүктесін «Тынымбай сияқты жазушыны қайдан табамыз?» деген Несіпбек Дәутайұлының сөзімен қойсам ештеңе етпес. Өзіне дауыс бермегендерге өкпелемей, Тынымбай Нұрмағанбетовті осыған дейінгі аламанда екі рет сүріндіргендерге  өкпелеп отырған Несіпбек Дәутайұлы да қызық! Дегенмен, Шәміл дос, олар бізге қарағанда әлдеқайда адал, әлдеқайда биік, әлдеқайда рухты адамдар болуы керек! Ендеше  сондай таланттар туын көтеріп жүрген әдебиетті тазартайықшы, ұлттың рухын қылжаққа айналдырмайықшы, ата-бабадан мұраға қалып келе жатқан киелі сөз өнерін өз тұғырына көтерейікші дегіміз келеді.

author

Бауыржан Қарағызұлы

АҚЫН

Жаңалықтар

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың қаңтарындағы демалыс күнін ауыстыруд...

Жаңалықтар

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы энергетик сусындарға қатысты пәтуа шығарды, деп хабарлайды ma...