– Жаңа бастаған жазушыларға айтар кеңесіңіз?– Ең бірінші, жазушысың ба, жоқ па – с...
Әлия БӨПЕЖАНОВА. «Басынан Қаратаудың...»
Бүгін қазақтың көрнекті жазушысы,мемлекеттік сыйлықтың иегері Әкім Үртайұлы 85 жасқа толып отыр. Осы орайда, «Мәдениет порталы» қаламгердің шығармашылығына арналған әдеби апталығын бастайды. Ендеше, сіздердің назарларыңызға белгілі сыншы Әлия Бөпежанованың 1986 жылы 31 қаңтарда «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «Басынан Қаратаудың...» атты рецензиясын дайындап, ұсынып отырмыз.
(Әкім Тарази. Басынан Қаратаудың... Повестер мен әңгімелер. «Жалын» баспасы. 1985 жыл.)
Жазушының әрбір жаңа кітабы, егер ол шынайы суреткер болса, тереңдей түскен творчествосын, суреткерлік дүниетанымын және көркемдік әлемін айқындай түседі. Оқырманын өмір атты ұлы көшағыстың әр сәтіне көңіл тоқтаттырады да, бүгінгі күн, мына дүниенің өзін толығырақ, толымдырақ танытуға белгілі бір деңгейде үлес болып қосылады. Әкім Таразидің «Басынан Қаратаудың...» атты жаңа кітабында суреттер ортасы, әдеттегідей, негізінен бүгінгі орта, әлеуметтік-адамгершілік қарым-қатынастар, бүгінгіні тек бүгінгідей суреттеумен ғана шектелу жоқ, бүгінді кешемен, кешегі уақыт тарихпен себеп-салдарлы тығыз байланыстарда беруге ден қою бар. Кітаптағы «Әулет», «Ақбердінің ауласы» повестері мен «Бураштың әңгімелері» циклы (сегіз әңгіме) оқиғалық, кейіпкерлік қалыптасу-даму жағынан бір-бірімен тығыз байланыстағы дүниелер. Егер оқиғалық тұрғыдан алар болсақ, ең алдымен «Ақбердінің ауласы» повесін, содан кейін «Бураштың әңгімелерін» және ең соңында «Әулетті» қоюға болар еді. «Ақбердінің ауласында» күйеуі соғысқа кетіп, төрт баласымен інісін сағалап барған, кіріптарлық зардабын әбден тартқан келіншек Ақлима. «Әулетте» бүгінде өсіп-өнген әулет — Қараспан әулетінің тұтқасы, Пірәли шалдың кемпірі. «Ақбердінің ауласындағы» екі жасар жылауық Нұртай, «Әулетте» облыстық театрдың дырдай артисі Нұрәлі, «жөргегінен қағынған», Хантай — кейіннен совхоз директоры, іскер басшы Ханәли, т.т.
Жазушы шығармаларын орналастыруда оқиғалық жүйеліліктен әдейі бас тартқанға ұқсайды. Өйткені «Әулет» повесінің айтар мәселесі бүгінгіліктеу, көтерер әлеуметтік жүгі қомақтылау. Кітаптың беташары болған повестің құрылымдық бітімі ондағы оқиғалардың тұтастығына нұқсан келтірмейді, керісінше Қараспан әулетінің кешегісі, ал негізінен бүгінгі тыныс-тіршілігін оқиғаларды шашыратпай жинақтап беруге септігін тигізеді. Шығармадағы негізгі оқиға — Пірәли мен Ақлиманың алтын тойы, осыған орай олардың балалары Ханәли, Нұрәли, Мәрзия, Нәрәли, Жанәли, Сәлима, сондай-ақ немерелері Балбала, Сағат, т.б. үрім-бұтақ, дос-жаран, ауыл-аймақ өмірі үзік, өз алдына өтер, бірақ бір-бірімен байланысты оқиғалар ұласа келе тұтас бір картина береді. Пірәли шал масаттанса масаттанғандай, тәлім-тәрбиелі, тату әулеттің әрбір мүшесінің өмір жолы, ой-арманы, ертеңге артқан үміті мен сенімі повестің арқауы. Әр кейіпкеріне жеке-жеке тоқталып, семьялық-адамдық қарым-қатынастар негізінде әлеуметтік мәселелерге тереңдейтін повесте қамтылатын оқиғалар ауқымы кең. Егер жазушының өзіндік стилін және содан да барып оқиғалар хабарлама қалпында қалмай, қаншама шым-шытырық болса да жандана суреттелетінін еске алсақ автор діттеген мақсатынан шыға алған дей аламыз. «Әулет» автор бастаған қомақты шығарманың алғашқы кітабы-бөлімі екені анық. Жалғасында («Жұлдыз» журналының 1984 жылғы № 11 — 12 сандарында жарық көрген «Мейірім» романына сүйеніп айтсақ) жазушының қоғамдық қарым-қатынастар, қоғамдық-әлеуметтік мәселелер аясына кеңірек құлаш ұрады. Жаңа, келесі шығармасында «Әулет» повесінің біраз кейіпкерлері өсе-толыға келе бүгінгі күн қаһармандарына айналар түрі бар.
Қай қаламгердің де кез-келген шығармасынан қаһарман-іздеу қиянат. Бұл ретте әр шығарманың жазылу жолы, өз айтары болары тағы аян. Кітапта оқиғалары өз-өзінен, еш қиналыссыз, төгіле жалғасып жататын «Ақбердінің ауласы» повесі мен әңгімелер циклына негізінен, мүмкін, автордың да басынан өткен өмірбаяндық жайлар алынғандай. Бастан кешкенді бастан кешкендей ғана әңгімелеумен шектелмей, белгілі бір өмір құбылыстарын танып-зерделеп, талдап-тануға бастайтын автордың жан-дүниесі, рухани тынысы, сезім-сенімі бар бұл туындыларда. Сондықтан да өмірбаяндық негіздің кейде жекелік сипаттары да сақтала отырып, өзгеше, идеялық-эмоциялық қуат алады да, сонау жылдар, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тыл өмірінің шынайы суретін көз алдыңызға әкеледі.
«Қоғам организмінде адам организміне ұқсас жайлар көп, қан майдан үстінде денесіне оқ тиіп жараланғанын ә дегенде жауынгердің сезе қоймайтыны секілді, бұл соғыстың әкелер қияметін тылдағы ел алғашқы айларда анық сезе қоймаған еді, күн сайын майданға аттанып жатқан азаматтар, ата-ана, дос-жарлардың жылаулары, там-тұмдап келе бастаған қара қағаз, бәлен қаланы уақытша тастадық, түген жерден уақытша шегіндік деген газет-радио хабарын естіп, оқи жүрсе де, ел зердесіне шынында да бұл бір уакытша сұрапыл, ертең-ақ өтеді де кетеді, ертең-ақ жау тас-талқан жеңіледі деген сенім күшті еді, бұл апаттың анық ауыртпалығы, төрт жылға созылатын зобалаңын ел іші мойындай қоймаған»... Ел іші толық мойындай қоймаған кесапатты Ақберді қорасы да мойындап үлгермеген. Повесте соғыстың ауылда да білінген анық ауыртпалығын, уақыттың ащы шындығын адамдардың күрделі де сан тарау тағдырлары, негізінен «Ақбердінің академиясын бітірген» бала Хантай арқылы суреттеледі. Жалпы оқырман ілтипатын тудыратын Хантай автордың тым сәтті бейнесі деу керек. Өзінін жазу мәнеріне сай Ә.Тарази бұл повесінде де уақыт шындығын нақты, жекелеген тағдырлар-Ақберді ауласының тұрғындары — бала Хантай, Ақлима, Сапар, Әлім, Бүбісара, Шура, Жәділ, т.б. — арқылы көркем бейнелейді.
Аталмыш повесте, сондай-ақ «Дүниенің шеті», «Қара таңба», «Көпесбай» әңгімелерінде кейіпкер «меніңде» авторлық «меннің» елеулі үлесі болса, «Жүрек пен штык», «Жаңбырлы түндер», «Шұнақ құлақ», «Батыр болмақ — ойдан-ды», «Сарманқұлда» автор әңгімеші рөлін қанағат тұтады. Бірақ қай шығармасында да жазушы адамның мінез-табиғатын әлеуметтік факторлармен тығыз байланыста алады. Кейіпкерлерін даралауда көркемдік тәсілдерді талғап қолданады, түрлі стилизацияға барады; образдылық, бейнелілік кілтін контекстен іздейді.
«Дүниенің шеті» әңгімесі кейінгі жылдарда белен беріп жүрген фрагментарлық проза стилін аңдатады. Сыншы А.Бочаровтың пікіріне сүйенсек, фрагментарлық стиль - көркемдік шындықты жасаудың, демек шығарманың көркемдік әлеміндегі белсенді құралдардың бірі. Автор әңгіменің композициялық тұтастығын бір қарамаққа еш себеп-салдарсыздай, бірақ негізгі ой подтексте болатын ассоциативтік байланыста беруге ұмтылады. Әңгімені автордың бүгінгі заман тынысына өз рухани әлемін барлай отырып үңілуі деп те қабылдадық. Дегенмен де әңгімеде дүниенің шеті деп кез жетер көкжиекті, бүкіл әлем деп өз ауылын білетін бес жасар бала Бураштың дүние тануы қуаттырақ, көркемірек шыққан да, есейген, дүниенің әр бұрышына сапар шеккен кейіпкердің дүниетаным әсері кем түседі. Әңгімеде жазушының белгілі бір мақсатты діттегені, содан да барып жоспарлылық (мәселен, Шыңғысханның қолбасшыларының бірі Жалайыр туралы әңгіменің басталуы мен соңындағы диалог) айқын сезіледі. Мұның өзі әңгіменің табиғилығына, тұтастығына едәуір нұқсан келтірген.
Көркемдік шыңдық дегеннен шығады, жазушы шығармаларында кездесетін оқыс оқиғалар, кездейсоқ жайлардың көңілге қонбайтыны әдеби сында айтылып келеді. Бұл кітапта да мүмкін тіпті өмірде болған оқиғалардың, шындықтардың көркемдік шындыққа айналмайтын, сондай-ақ жеке адам психологиясы, күй-жайын беруде шебер автор, сол психологиялық күйге тірек болар дәлел-дәйекке келгенде жеңілдеп қалар тұстары жоқ емес. Мысалы, «Әулет» повесіндегі Қараспан баба туралы хикая, немесе «Ақбердінің ауласындағы» қызыл келіншек — Құмардың пайда болуы және қимыл-қарекеті (әрине, қай кезде де Құмардай адамдардың болуы мүмкін десек те), сондай-ақ Шураның әскерден демалысқа Сапар ауылына келген Николайға, ал түптеп келгенде Жәділдің хал-жайына байланысты ойлары, әрекеті осындай тұстар сияқты. Біздіңше, бұл кемшіліктер бір жағынан жазушының экспрессивті стилінен, мәнерінен де туындап жататындай. Стиль — көркем шығарма демі, десек те жазушы осы мәселелер төңірегінде мықтап ойлануы қажет-ақ. Белгілі прозаик кейіпкер психологиясы, көркемдік дәлел -дәйекті шығарманың өн бойында тұтас алып шығудың өте маңызды екенін білмейді емес қой.
Ал, тұтастай алғанда, жазушының жаңа кейіпкерлерін де, олардың бастан кешкендерін де тап бір театр сахнасынан немесе киноэкраннан көріп-тамашалағандай боласыз. Ә.Тарази көркем тіліндегі ішкі ырғақ, үндестік-үйлесімді де атамай өту мүмкін емес. Жазушы шығармалары жеңіл (жақсы мағынасында) оқылады, поэзиялық тыныс тым жақсы сезіледі. Жазушы кейіпкері Бураш сияқты әр құбылыс-жайға теңеу іздейді және тым оқыс, жаңа да сәтті теңеулерді таба біледі. Осы кітаптан, айталық, «мәңгілік көзі» - Айға жазушы теңеулерінен көптеген мысалдар келтіруге болар еді.
Кітапты оқып шыққан соң, неге екені белгісіз, Б.Пастернактың «Поэзия в траве - только нужно ее поднять» деген сөзі есіме орала берген. Оның себебін көп ұзамай түсінгендеймін: жарқын бояулы шығармаларымен өмір поэзиясын көре, көрсете алған жазушы өмірсүйгіштік, адамсүйгіштік тағлымға бастаған еді.
Дайындаған Айжан Табаракқызы