Нәзік жүрек, нәрлі сөз

ӘДЕБИЕТ
3251

Поэзия дегеніміз – көркем сөз өнеріндегі эстетикалық биіктіктің теңдесі жоқ озық үлгісі. Сол озық үлгіге қол жеткізу қанша тыраш тансаң да, оңайшылықпен орындала қоятын шаруа емес. 

Осыдан кейін барып, «Пай-пай!» демеске шараң жоқ.

Өмірі өлеңмен өрілген ақын арулар қазақ поэзиясының әлемінде елеулі із қалдырғаны әдебиет тарихынан жақсы белгілі. Мәселен, Мария Хакімжанова, Зияш Қалауова,Тұрсынхан Әбдірахманова, Фариза Оңғарсынова, Марфуға Айтқожина, Ақұштап Бақтыгереева, Қанипа Бұғыбаева, Күләш Ахметова, Зайда Елғонды, Ханбибі Есенқараева, Гүлнәр Салықбаева, Баян Бекетова, Жанат Әскербекқызы және басқа да есімдер – ауызға іліккен ақын аруларымыздың бір парасы ғана. Бүгінгі шағын шолуымыз, міне, осы қатарды толықтырып жүрген Жаңылхан Асылбекова, Үміт Шарипова мен Алтыншаш Жақиянова шығармашылықтарына қатысты. 

Неге бұл үшеуі? Өйткені поэзия әлемінде өздерінше талпыныс жасап, еңбек етіп келе жатқандарына біраз уақыт өткендерімен, шығармашылықтары әдеби сын назарынан қағаберіс. Тіпті ұзақсонар тізімге де іліне қоймайды.

Үш ақын қыздың ұқсап кететін тұстарымен бірге өздеріне тән жекелеген нәзік үндері де жоқ емес. «Жанарымдағы жарқыл ең» атты жаңа жыр жинағында Жаңылхан Асылбекованың жүрегінен жарып шыққан жауһар жырлары мен өзін толғандырған, ойын сан-саққа бөлген өмір көріністері, сан алуан тіршілігі айшықты өрімдермен өрнектеліпті. Ақын өлеңдерін оқып отырып, әйел – әлемде теңдікті сақтап тұрушы тіршілік иесі, қасірет пен қасиет иесі екендігіне көзіңіз тағы жете түседі. 

Ақын қазақ әйелінің бейнесін, ана бейнесін тереңінен қарпып жырлауға тырыса отырып, өзіне тән нәзік өрнек тауып алғандай. Жарық дүниені сыйлаған анасы жайлы мына шумақтарға көңіл бөлейікші:

 Тәте,

 Нені ойладың отырғанда құрақ құрап?

 Көрпешеңді көрген кезде сұрақ тұрад.

 Көкірегім сені аңсап жылап тұрад,

 Жүрегімді білсең ғой құрақ-құрақ.

(«Анаммен сырласу»)

 Телефон шырылдамады, үзілді үні мәңгілік,

 Тұрушы ед сол үн күнімді менің сән қылып.

  Анамның үні үзілді, кетіп келмеске,

 Дауысы қалды құлағымда тек жаңғырып.

(«Анамды сағынғанда»).

 

Осы шумақтарды немқұрайды түрде оқып шыға салуға адами қабылдауымыз жіберер емес. Өлең рухынан сезетініміз – арқан үзе, алға ұмтылып тұрған көбіміздің басымызда бар мәңгілік сағыныш лебі, анаға деген таусылмас, үзілмес махаббат ұшқыны.

Жалпы ана жайлы жыр жазбаған ақын бар ма?! Жаңылхан тәрізді Алтыншаш та өзінің анасы мен әкесі, ағасы, әжесі жайында жыр толғауға бейім екен. Анасынан айырылған, әкесін сағынған әр оқырман ата-ана туралы төгілген мұңды толғанысы сезілмейді деп айта аламыз ба: 


Жатушы ең, келсем толғанып,

«айналайын» деп елжіреп,

Маңдайдан иіскеп емірене,

жан бар ма сүйер енді кеп.

Орның бөлек екен ғой, кеш, әке,

кештеу сезіндім,

Көңілімнің көлін толқытып,

қозғап бір кетті-ау селді леп.

(«Әкеме»)


Кез келген ақынның поэзиясынан болмыс-бітімі, рухани ұстанымы, талант деңгейі атойламаса да, сыздықтатып хабар беріп тұрады.Осыған қарап шығармашылық бітімін ақынның автопортреті десек те артықтық етпейді. Адам баласы Алланың жазғанынан, табиғаттың жаратылысынан асып, ешқайда да кете алмайды.

Солай бола тұра кейде бейтарап қалыпта бейжай ғана оқылатын өлеңдері де кездесетінін жасыра алмаймыз. 

адам жанына тереңірек үңілуге ұмтылыс жасаған ақындардың біріЖаңылханүшін бүгінгі қоғамның өзекті мәселелеріне көзжұмбайлықпен қарап, айналып өту оған жат. 

Өкпемді кімге айта алам

Жүректі жеген?

Шарқ ұрмай қалай жай табам,

Білектіменен....

Өмірді қалай өзгертем

Әлсізді басқан,

Өзімді қалай өзгертем

Мәнсізден қашқан?

(«Оңашада»)

Өзіне өзі сұрақ қоя отырып, ақын өмір философиясын поэзия тілімен әшекейлеп жеткізуге ықыласты.

Өлмеген шарана,

Бағы бар!

Аялар адамдар табылар.

Іңгәләп қоймайды, бір уақ

Тасбауыр анасын сағынар.

 («Кісінің киесі»)

 Сезімнен құрылған жыр-шумақтарынан Жаңылдың өткенге сағынышын, мөлдір сырларын, мұңы мен ренішін, жан сезімін аңдайсың. Өзгеше өрнекті ойларын түсінген жағдайда амалсыз тебіреніске түсесің. 

Енді бірде ақын қыз:

Ақынның жаны – адалдық түйіні,

Жанары жәудір ботадай.

Ақынды түсіну – қиынның қиыны,

Ақынды өлтіру – оп-оңай,

 - деп болмысы бөлек ақын жанының нәзік, қылдай жіңішке сезімі мен көңіл-күйіне сақ қарауға шақырады. Бәрімізге мәлім жағдайды философиялық түйінмен жеткізеген сәтте «рас-ау» деп бас изегеннен басқа амалың қалмайды.

 Үміт Оразамбайқызының «Жарығым» мен Алтыншаш Жақиянованың «Сүмбіле» атты жыр жинақтары тақырыптық тұрғыдан ғана емес, ой айту жағынан да кейде үндесіп кететіндей. Екеуінің де мекіреніп жырлайтыны – туған жерге деген сағыныш пен оның табиғаты, жай адам аңдай бермейтін қадір-қасиеті. Жырларының мазмұнына қарағанда, екеуі де өздері өсіп-өнген өлкенің топырағына тағзым етуден жалықпайтын, кіндіктері туған жермен байланған кәдімгі патриот ақындардың қатарынан. 

 Үміттің  жырларында басты планға шығатын адами сезімнің ең үлкені – мұң. Қыз мұңы, әйел мұңы, терең махаббат мұңы. Ол жеткізе білген сезім-күйлерді өз деңгейінде түсініп-тану үшін, өз жүрегіңнің сараптамасынан өткізу үшін, бәлкім, затың әйел болу керек шығар деп ойлайсың. Оқып болғаннан кейін келетін тұжырымың –мұң бар жердеміндетті түрде махаббат сезімінің, сағыныш шөлінің, нәзік толғаныстардың қатар жүретіндігі. 

Сағындым дейсің,

Ән салар аққу көлдегі,

Құстардың көкте әдемі болар өрнегі.

Сағынбай қалсаң, алаулап мәңгі жана алмай,

Махаббаттың да сол екен, күнім, өлмегі.

(«Сағындың»)

Іздедім сені көрінбей қалсаң, жарығым,

Сезінген едім жаныңның алау жалынын.

Таңдайға келген өлеңге жаным ашиды,

Жүректен шыққан жырымның, күнім, бәрі мұң.

(«Іздедім»)

Ақын өзі «Жүректен шыққан жырымның, күнім, бәрі мұң» деп мойындағанымен, өмірге деген құштарлығыңды арттыратын, уақыттың да, бақыттың да бағасын білдіретін жырларды «Жарығым» кітабынан еркін тауып ала аласың.

Алтыншаштың жырларының басты концептісі – бүгінгі қоғамның күрделі шындығы. Жинақты басынан аяғына дейін парақтап отырып, көзіңнің жететіндігі – шындық ұғымын шырайландырып жырлауға талпынатындығы.«Өмірім – өлең, Өлеңім менің – гүл бақшам» деген тұжырымдар сауатты оқырман үшін жаңалық болып табыла қоймас. Бірақ «жырдан тапқан бақытын әйелдердің бірімін» дегеніне қарағанда, ғұмырын поэзияға арнаған жандардың бірі екендігін шүбәсіз сенесің. Ал сол алдына қойған игі мақсатын қалай орындап жүр, ол басқа мәселе.

Өлеңім – өзің балам да, жарым, асым да,

 Кезіктің сонау балауса балғын жасымда.

Күнім боп көкте, самал жел болып аймалап,

 Тұрасың ылғи, тұрасың менің қасымда, – деуі де соны аңғартпай ма?

Сонымен қатар ақын қыз түрлі көңіл-күйді нәзік иірімдер арқылы шынайы қалпында беруге тырысады. Оны оқырман жүрегіне жеткізуді, көкірек көзі мен санасы, ойына алып баратын жолдарды қарастырады. Поэзиясынан өзінің бүкіл болмысы көрінеді. Ішінара тақпақ үлгісінде сәл құлдилап кеткенімен, басынан кешкенін, көргенін, түйгенін, түйсінгенін, қуанышын, өкінішін өлең атты өнердің нысанына айналдыруға ұмтылысы жалпы сәтсіз емес. 

Қайран күнім, босқа өтіп жатсың-ау,

 Өмір – күрес, өмір деген – бақ сынау.

 Төпештеумен күндерімді өткіздім,

 Жырларымды қалай елге жеткіздім?

(«Не қалдырам артыма»)

Біз бұл ақын қыздарымыздың нәзік жырларын тілге тиек етуіміздің басты себебі –поэзия әлемінде біраз еңбектеніп жүргендерімен, үшеуінің де әдеби сыншылардың назарынан тыс қалып келе жатқандығы ғана емес, талғампаз оқырманның талабынан шығуға жарамды өлең үлгілерін ұсына алатын қабілеттерін ескергендіктен де. 

Қазіргі таңдағы қазақ поэзиясының өзіндік бір ағыны тәрізді өлеңдер шоғырын кемшіліктен мүлде құралақан деуге батылдығымыз бармас, құлақтарына сыбырлап жеткізер назымыз да жоқ емес. Бірақ айтар ойы, үйренген мектептері бар осындай ақындарымызға самарқау қарап, шығармаларын елеусіз қалдыра бермесек дейміз. 

Бейнелі сөзбен жеткізгендердің ойларын жинақтай келгенде, поэзия дегеніміз тағы да – сәбидің күнәсіз ажары, жарқын жанары, күміс күлкісі, жанды қуанышы.– көрікті қыз жүзінің ұялшақ, албырт қызғылты, теңіздей, көгілдір аспандай тұңғиық көзінің ынтықтық сәулесі, әйтпесе оның қара көзіндегі өткір от, мәрмәр иығына төгілген бұйра шашының толқыны, торғын кеудесінің демігіп тыныстауы, тал бойы, сұңғақ сымбатының мінсіз мүшелері, сұлу қозғалыстарының ғажайып сиқыры... 

Жоғарыдағы ақындар жырларынан ең бастысы осы образдарды тануға болатындығы. 

Ақынның қаруы – жыры. Ақынның тірегі де, досы да, мұңдасыда – өлеңі. Сондықтан осы «ақын-өлең» егіз ұғымын арқалап алып, ізденіс үстінде жүрген әрі ана, әрі ару ақын қыздарымыздан алдағы уақыттарда жүректі жылытартағы да талай-талай жырлар күтеміз.


Нұрдәулет Ақыш,

Нұржамал Үсенова 


Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...