Бүгін қазақ өлеңіне ерекше нақыш өрнек әкелген жауһар жырлар иесі, ақын Жұматай Жақыпбаевтың дүние е...
«КЕННІҢ» КЕЛБЕТІ ҚАНДАЙ?
Құрметті оқырмандар! Қазақтың көрнекті жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Әкім Таразидың 85 жасқа толуына орай, «Мәдениет порталы» қаламгердің шығармашылығына арналған әдеби апталығын бастаған болатын. Бүгін сіздердің назарларыңызға «Жұлдыз» журналының "Ашық әңгіме отауы" айдарында 1987 жарық көрген, «Кеннің келбеті қандай?» атты әдеби сынды дайындап, ұсынып отырмыз.
Бүгінгі күннің бетбұрысты талабы – өміріміздегі көкейкесті құбылыстарды ашық айтып, көпшілік талқысына салып, дұрыс шешім қабылдау болып табылады. Сынның жариялылығына ерекше мән беріліп отыр. Бұл талап – әдеби өмірге де өз әсерін тигізуде. Бұл ретте журнал редакциясының сын және библиография бөлімі «Ашық әңгіме отауы» атты жаңа рубрика ашты. Онда әдеби өміріміздің проблемалық мәселелері, және шығармалар талқыланады. Дос ниетті адал сын — қашанда игі істің ұйтқысы болатыны анық. Осыған орай жазушы Әкім Таразидың «Кен» атты романы туралы редакцияда өткен пікір алысуды оқырмандар назарына ұсынып отырмыз. Оған әдебиет сыншысы, филология ғылымының докторы, профессор Хасен Әдібаев, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Қадыр Мырзалиев, журналдың бөлім меңгерушілері Ұзақбай Доспанбетов пен Тұрсын Жұртбаев қатысты.
Т.Жұртбаев: — Бүгінгі «Ашық әңгіме отауында» бас қосуымыздың негізгі мақсаты – әдебиет туралы ашық пікір қозғайтын дос ниетті, адал пікірлі көркем шығарманың күнгейі мен көлеңкесі тең тізгіндей отырып талдайтын сыни атмосфераны қалыптастыру. Жасыратыны жоқ, творчество иелері өздеріне айтылған сынды үнемі дұрыс қабылдай бермейді. Оның астарынан әлдеқандай түсініксіз себептер іздеп, емеуріндер танытады. Арты әдеби ашық айтысқа әкелмей, сыңар езу мінезді қиқарлыққа жетелеп кететіні де бар. Кез-келген мөселені нақты проблема ретінде талқыға салу, сол арқылы шындықтың бетін ашып, дұрыс пікір қорытуды қазіргі бетбұрыс заманымыз да талап етіп отыр. Бұл – дәл осы отырыстағы басты нысана болуға тиісті. Біз жаңа рубрикамызды сондықтан да «Ашық әңгіме отауы» деп атадық. Бұл айдармен тек жекелеген шығармалар ғана талданып қоймайды, әдеби өмірдің барлық құбылыстары қамтылады. Көңілдегі ойды көлеңкесіз жеткізіп, күнгей ниетпен қабыл алып, адал да әділ тұжырымға жол ашса – журнал мақсатының орындалғаны деп есептейміз.
«Ашық әңгіме отауының» алғашқы тілашары ретінде белгілі қазақ жазушысы Әкім Таразидің «Жазушы» баспасынан өткен жылы жарық көрген «Кен» атты романын обьекті етіп алып, талқыға ұсынып отырмыз. Оның үш түрлі себебі бар. Біріншіден: осы уақытқа дейін туған әдебиетімізде жиырма бес жылдай еңбек сіңіріп келе жатқан жазушының бұл романы - ең көлемді және мол ауқымды туындысы. Қаламгер «Кен» шығармасын жазуға кейінгі бес-алты жылғы өмірін арнады. Оған кезінде «Мейірім», «Әулет» деген атпен «Жұлдыз» журналында жарияланған үзінділері дәлел болады. Екіншіден: күні бүгінге дейін өзіндік жазу машығымен, мәнерімен ізденіп келе жатқан жазушының творчествосы арнайы әңгіменің өзегі бола қойған жоқ. Өмірлік шындықты көркем шығарманың бойына арқау еткендегі жетістігі қайсы, қандай жаңалық әкелді, несімен құнды, тақырып аясын еркін меңгерді ме, жалпы шығармашылық деңгейі қандай деген сұрақтар төңірегінде әңгіме желісі тартылса дейміз.
Айта кететін бір жай: біз әдеттегі таптаурын болған үйреншікті жайдан, «Кен» романы туралы арнайы бір адамға баяндама немесе хабарлама жасатудан бас тарттық. Әр адам өзінің пікірін еркін айтсын. Ерік берейік. Талас арқылы шындықтың беті ашылсын деген мақсатты көздедік. Оған автор да қатысып, ойын білдіруге қақылы. Түпкі нысананың, өзі де жазушыға оның шығармасы туралы адал пікірді жеткізу ғой. Үшінші себеп: «Кен» романында бұрынғы қазақ прозасында кездесе бермейтін тың нышандардың көрініс беруі. Бұл арада, әдебиет теориясында шартты түрде болса да алынып жүрген тарихи, тұрмыстық, әлеуметтік, аңыздық, философиялық шығармалар деп бөлінетін жіктер сияқты «Кен» детективті жанрға жата ма, жоқ әлеуметтік мәселе көтере ме, соны аша кету қажет. Екіншіден, бүкіл шығарманың композициялық құрылымы мен ондағы кейіпкерлер бейнесінің тосын бір тоғысулары екі ұшты, яғни бұрынғы қалыптасқан романдық шарттарға үйлесе бермейтін авторлық тәсілі назар аудартып отыр. Аталған жайлардың өзі-ақ біраз әңгіменің басын қайыруға мүмкіндік береді деп ойлаймыз.
Ә.Тарази:— Неге жиналғанымыз түсінікті сияқты. Авторды қатыстыра отырып, пікір алысу бізде бұрын болмаған тәжірибе. Сібірдің моншасына түскендер денсаулығымыз мықты болады деп, буы бұрқыраған күйде қалың қарға қойып кетеді екен ғой. Сол сықылды жазушының өз буына пісіп жүретін тұсы –жұмысын тындырған кезі. Мен де моншадан шығып алып, қарға қойып кеткен сықылды бір сезімде тұрмын. Сондай сәттерде адамды қамшылайтын ойлар туса құба-құп. Ал сынаудың жөні осы екен деп жазушының қажырын мұқалтатын ожарлық болмаса екен. Ашық сынның да әділ болғаны жөн. Себебі мен қазір екінші кітабымды жазып жүрген адаммын. Сіздердің айтқан пікірлеріңіз сол кітап үшін пайдалы да болар. Қазір өзімді өзім суытып жүрген жайым бар. Қайталауға ұрынам ба деп те сескенемін. Жазушы жаза берсе, жаза берсе, өзін-өзі қайталауы әбден мүмкін нәрсе ғой. Осындай оймен жазып жатқан жұмысымды тоқтатын, кеңсе қызметіне араласып кеттім. Маған кішкене уақыт керек. Ыстық-суықты сезіну керек. Ашық әңгімеге қатысуымның өзі — сол еңбегімді көлденең көздің пікірі арқылы сынап көргім келді.
X.Әдібаев:— Флобер, Бальзак, Байрон, немесе Пушкин заманындағы сөрсенбілік, жұмалықтар, Сәкен тұсындағы жора-жолдас, ақыл қосар азаматтарды жинап кеңесу — игі де ізгі дәстүр еді. Осындай ұзақ тарихы бар тамаша дәстүрді қайта жаңғырту, «Жұлдыз» журналы арқылы ел-жұрт төрелігіне жүйелі пікір ұсыну — қолдау табар игілікті бастама. Тек сыр сандық атына сай бүкпесіз, қара қылды қақ жарған әділ таразышы болсын!
Қ.Мырзалиев:— Бұл дөңгелек столдың мақсат-мүддесін алдын ала анықтап беретін белгілі бір сілтеме — нұсқау, қағазға түскен тезис-жоба, тіптен баяндаманың өзі жоқ. Неден бастап, неден аяқтарын ешкім әлі анық білмейді. Әңгімеге түрткі болатын бір старт керек-ақ еді... Роман деген үлкен нәрсе өзінше о да бір әлем, көркем өмір. Бірер сағат қана емес, бірнеше күн қатарынан талқылауға болады. Демек, сөйлеушілердің жан-жаққа өз беттерімен шашырап кетпеулері үшін, бәріміздің сыншылық назарымызды белгілі бір келелі мәселелердің төңірегіне топтастыратын, шоғырландыратын жетекші линиялар керек-ақ. Келешекте біз осы жағын қаттырақ ескергеніміз жөн.
X.Әдібаев: — Қазіргі проза туралы бір ауыз сөз. Жақында өткен жазушылардың съездері әлеуметтік, қоғамдық, эстетикалық тірлігіміздің келелі мәселелерін ашық, бүкпесіз таразылап шықты. Әсіресе қатты айтылған жағдай — көптеген шығармалардың оқылмайтыны, өресіздігі, талғамсыздығы. Қосылмасқа, қынжылмасқа болмайтын шындық!
Биыл Алматы, Талдықорған, Семей облыстарының біраз аудандарын аралап қайттым. Шопан бар дихан бар, ауыл интеллигенциясы бар, бір ауыздан арзанқол, оқылмайтын, қызықтырмайтын шығармасымақтардың көбейіп кеткенін көп айтты. Көркем сөздің «арзандап» кеткені — бүкіл қауымды бейтарап қалдырмайтын аса маңызды проблема. Бұл жағдайдың жазушыны да, оқушыны да көптен мазасыздандырып жүргені бәрімізге аян сыр. Дегенмен осы келеңсіздік пен желеңсіздіктің түбірлі себебі ашылмаған сияқты.
Көркем шығармада автордың жеке-дара пікірі, өз түйгені, өзінің өзегін өртеген ой-сезімі болмаса, ондай шығарма, оқиға желісі қанша соны болса да, ешкімді қызықтырмайды. Көркем өнер негізі — парасатты ой, терең толғам, жан сезімің. Өзінің шөл болсаң, өзгеге қалай көл боласың?!
Жаңа кітап — жаңа сыр, жаңа эстетика әлемі. Хемингуэй: «Шын жазушы болу үшін, не абақтыға ақиқат қамалып шығуың керек, не басыңнан ауыр азап өтсін!» дегенде сылдырмақтың сылдырын емес, екі аяқты пенденің жан азабын, мұңын түсіну қажеттігіне меңзейді. Ал, біздің қаламдас достарымыздың айтар «сыры», көңіл хошы газет мақаласының шеңберінен аса қоймаған соң, ондай «байлық» кімге қат? Роман ба, повесть не, әлде шағын әңгіме ме – автордың терең толғамы, өмір-ғұмыр туралы пәлсапасы — ешкім айтпаған пікірі, ешкім шертпеген сыры оқушысын да өзіне тәуелді етсін; күйініші мен сүйінішін – ет жүрегін жайып салсын, атойлап ақиқатқа ара түссін. Замананың көркем бейнесін жасап, көпті көрген азаматтың образын сомдасын. Шыңғыс Айтматов көркем әлемінің көркі, міне, осында! Айтулы қаламгер әрбір жаңа шығармасында — жаңа эстетикалық көркемдік әлемді алдымызға тартады. Сондықтан да ол ел ықыласы мен сүйіспеншілігіне бөленген азамат- қаламгер.
Менің түсінігімде, Әкімнің «Кені» суреткерлік ауқымымен, қоғамдық психологияны бейнелеу жағынан жазушының бүгінгі өрісі мен өресін танытқан шығарма. Романда бір атадан тараған үш буын — үш ұрпақтың әлеуметтік-азаматтық хал-ахуалы кеңінен суреттеледі. Ата буын — Пірәли ақсақал мен оның замандастары; ортабуын — Пірәлидің балалары мен олардың замандастары; үшінші буын — Пірәли ақсақалдың немерелері, қазіргі жастар — осы үш ұрпақтың тағдыры біздің заманымыздың келбетін көрсетеді. Жеке-жеке мінез, оқиға-ситуация арқылы автор дәуірдің тартыс-күресін алдымызға тартады. Кейіпкерлер мен оқиғалар жүйесі идеалға, келешекке шексіз сенімді дәлелдейді.
Үш ұрпақтың тағдырын шегендей, астастыра суреттеу — әдебиеттегі дәстүрлі тәсіл. Максим Горькийдің әйгілі «Артамоновтар ісінде» капитализмнің қалыптасуынан, шыңына жетіп, күйрей бастауына дейін суреттелгені белгілі. Гарсия Маркестің «Жүз жыл жалғыздық» романында Буэндиенің үш буыны — үш ұрпағы бейнеленген.
«Кен» романы үш ұрпақтың уақытпен іштей астасқан өмірге көзқарасы, тіршілігі белгілі бір әлеуметтік кезеңнің айнасы десе де болғандай. Пірәли ақсакал 1970 жылдардың төңірегіндегі өмір көрінісін жинақтаған адам. Ол кісінің бойында ескі сананың қалдығы мен жаңаның өткір де өктем сипаты бар — аға ұрпақ тағдыры мен мінезін көргендейміз. Осы тақылеттес пікірді басқа ұрпақ өкілдері туралы айтуға болады.
Байқап отырсыздар, жазушы мақсаты кең: әр ұрпақты өз тағдыр-талайы, психологиясымен бейнелеп шығу. Жазушының бас тәсілі терең толғаныс, ой-сезім дүниесін тарам-тарам аршып жату емес, негізінен нақтылы оқиғалар арқылы кейіпкерлердің мінез-құлқын ашу екен. Әрине, тәсіл таңдау — жазушы еркі қой, ол жағы талас тудырмайды. Бірақ, оқиға тізбегі көп болса, тереңдікке кесірін тигізбей қоймайды.
Казіргі қазақ әдебиетінде бейнелеп айтсақ, көлденеңі мен ұзындығын суреттеу бар да «үшінші өлшем» жоқтың қасы. «Үшінші өлшем» деп біз тереңде шымырлаған ой-сезім дүниесін, адам жүрегінің түкпірінде жатқан қатпар-қатпар сырларды айтып отырмыз.
«Кен» романының айрықша әсерлі беттері — Мәрзия, Берген мен Роберт арнасы. Абұйырын айрандай төккен асыранды шата бала мен өгей әкенің оттай шарпысқан сезім әлемін жазушы қандай көркемдік құдыретпен бейнелеген десеңізші! Бірде сүйсініп, бірде тіксінген өгей әкенің от боп жанған алай-дүлей көңіл күйі соншалықты ақиқат, соншалықты нанымды. Қолындағы сәбиді бірде құшырлана сүйіп, іле жиіркене шымшып, қытықтап зар жылатып өлтіре жаздауы — көңілде ұзақ қалатын жанды сурет. Осы сезім арпалысынан кейін бір кезде жанындай жақсы көрген Мәрзияны Бергеннің өлімге басын байлап жіберуі нанымды-ақ! Мотивировка да, суреттеу құралы да осы тұста бесаспап.
«Кен» романында бірнеше өлім, бірнеше төбелес, ұқсас, немесе жеріне жете ашылмаған кейіпкерлер бар. Өлтіруге, төбелесуге дейін жеткізген әрекет, жағдай бар, бірақ көңілің осыларға көншімейді. Бір кісіні өлтіру үшін Бальзак пен Толстойлар том-том кітап арнаса, демек, одан, бұл шешімнің психологиялық-әлеуметтік тамырын толық ашу қажет деген қорытынды шығады. Орманшы Ботабай өлім аузынан қалады, Кәкіштің әйелін машина басып кетеді (кездейсоқ!)— осы тақылеттес тағы бірнеше көрініс бар. Жалпы қайталау өнерде жақсы құбылыс емес.
Қ.Мырзалиев: — Мәселе кімнің және қалай өлуінде емес. Мәселе сол өлімнің романда қаншалықты көркем қызмет атқаруында. Шынында да «Кен» романында өлім жиі ұшырайды. Оның себебі бар, әрине. Шығармада екінші, үшінші кезекте қосымша міндет атқарып жүрген кейіпкерлердің өзі аз емес. Олардың бәрі аздаған еңбекақымен романның штатында тұр. Штаттағы адамға жұмыс тауып беру керек. Жұмыс тауып бере алмасаң — көздерін құртқан ләзім. Бұл — бір. Екіншіден, көркем туындыдағы өлімнің көбі — авторлық идеяға қызмет етуге тиіс. Басқаша айтқанда бұл өлімдердің барлығы дерлік — шиеленістің, коллизияның басы. Демек, тегін өлімдер емес. Ендеше шығармада неге өлім көп деп кінә тағу дұрыс болмас еді. Қанша адам өлсе де, қалай өлсе де — сол өлімдердің ар жағында аса сенімді дәлелдер жатуға тиіс. Ажал өз алдына, күн сайын болып жататын апаттардың, мезгілсіз қазалардың саны да жетіп жатыр. Бірақ солардың көбі кездейсоқ құбылыс. Ал көркем шығарма кездейсоқ құбылыстарды кешірмейді. Өйткені ол — өмірдің түзетілген, жүйеге түсірілген жаңа моделі...
X.Әдібаев:— Жаңағыдай өлімнің бәрі керек-ақ шығар. Әйтседе психология дейміз, қоғамдық орта дейміз, тағдыр деген тағы бар — осылардың барлығы ескеріліп, кесек бір түйінге жетелесе, әрине талас жоқ. Көркем әдебиетте барлық сезім-ойды, барша құбылыс-тартысты құлағынан ұстап тізіп шығу шарт емес, ірі мотивировка, ірі қорытынды қажет.
Т.Жұртбаев: — Ботабай әскерде жүргенде әкесін Кәкіштің інісі өлтіреді. Жиырма жыл десантшы болып, балалар үйінен бір қыз асырап алады. Көршісі шындықты қызға айтуға айналғанда еліне көшеді. Кәкіш оның алдынан көлденеңдеп, баяғы кекті қууға келді деп қауіптеніп, қарсы әрекет жасайды. Ботабайдың неге көшіп келгенін білу үшін Стасикті Қиыр Шығысқа жібереді. Бар шындықты білген соң, оны қызыңа айтамын деп қорқытып, қайта келген жеріңе көш дейді. Гүлсім күйеуінің әрекетінен жиіркеніп, үйінен қашып шыққанда, оны машина қағып кетеді. Гүлсімнің топырағы кеппей тұрып, Кәкіш аң аулап жүргенде Ботабай оның ұрлығының үстінен түседі. Оны да Кәкіш ұрып жығады. Бұл арада Сәния мен Сағаттың, Гүлсім мен Нұрәлінің, Бәкен шофердің оқиғалары қамтылады. Осының барлығы шығарманың бойына детективті сыпат береді. Және екпіндете баяндау арқылы қызықты да оқылады. Бұл жазушының композиция құрудағы шеберлігін танытады. Бұрын қазақ прозасында кездеспеген көрініс. Ал енді осы арада, жоғарыдағы ағалардың айтып өткен сұрағы еріксіз алдымыздан көлденеңдейді. Осы Кәкіштің бірнеше адамның өліміне себепші болуындағы «себебі» қандай көркемдік түйінделген? Оған мәжбүр еткен не? Мұның барлығы кездейсоқтық па? Кәкіш Ботабайдың әкесін жазым еткен інісі үшін арпалысқа түседі. Ондай ойға не мәжбүр етіп отыр, неден қауіптенді? Қаншама қаскүнемдікке кезіксе де, Ботабай оған қарсы күреспейді. Үнемі басқа біреудің көмегі арқылы қиындықтан құтылып шығады. Осындағы өлімнің себепкері Мәкіш артық бейне іспетті. Ол Кәкіштің өзі неге болмасқа? Кәкіш қосымша қандай жүк атқарады? Сол мінез Кәкішке де «құйып қойғандай» келеді ғой. Ботабай түрмеге жаламен түседі. Қызы қорланады. Көптеген қырсыққа ұшырайды. Жиырма жыл әскер қызметінде болған адамның сырттан істеліп отырған қастандықты сезбеуі қалай? Бір бүтін оқиғаны қамтитын желідегі осы екі өлімнің мотивировкасы шынында сенімсіздік тудырады. Тіпті, өмірде солай-ақ болсын. Бірақ, көркемдік шындықтың өз шындығы бар емес пе. Қиыннан қиысатын қиял жүйесінде ақау мен әттегене-ай деген өкініш болмаса керек деп ойлаймыз.
Әкім аға, пікір айтушылардың барлығы да осы жайды алға тартып отыр. Сізге бар кейіпкердің іс-әрекеті етене жақын. Әрі олардың істемеген, тек ойында ғана жүрген сезім-түйсіктері Сізге ғана белгілі. Сондықтан осы кездейсоқ оқиғалардың мотивировкасын қандай жазушылық түйсікпен түсіндіре аласыз?
X.Әдібаев:— Әдебиетте, жалпы бір көркем шығармада бір-ақ рет кездейсоқтық болады. Ол әдебиетке қажет. Мысалы: Дездемонаның орамалы сияқты. Ал, ол көбейіп кетсе қалай да түсініксіздікке апарады.
Ә.Тарази: — Бұл кездейсоқтық емес. Егер Кәкіш әйеліне иттік жасамаса онда әйелі үйінде қалған болар еді де, еріксіз өзін-өзі өлтіруге мәжбүр болады. Оған әйелдің, салпы етек әйелдің махаббатының машақатын қосыңыз. Сондықтан да бұл оқиға кездейсоқтық әсері деп ойламаймын. Екіншіден және шофердің психологиясын ашу үшін сол кездейсоқ оқиға керек болды. Өмірдің өзінде ондай жайлар жиі кездеседі. Қолдан жасанды мотивировка жасағым келмеді.
Қ.Мырзалиев: — Кейіпкер өлімі туралы таласты одан әрі жалғастыруға болады. Бірақ мен өзімнің негізгі пікіріме қайтып оралғым келеді. Ол: шығармадағы әр кейіпкердің әрбір іс-әрекеті. Әңгіме сол іс-әрекеттердің жай ғана іс-әрекет болып қана қоймай, көркемдік-идеялық жүк көтеруінде. Романның жалпы жүйесіне, немесе кейіпкер мінезінің тереңірек айтылуына, оның басқа бір қырынан көрінуіне қажет болмаса, ең қызықты деген оқиғаның өзі көзге шыққан сүйелдей шығарманың сиқын бұзады. Сиқын бұзбағанмен, оқырман көңілін босқа алаң қылатын басы артық әрекет романда әр жерлерде бір қылт етіп көрініп қалып отырады. Мысалы, өз басым «Замандасым Гүлзипа-ай» тарауының неге керек екенін тіптен түсіне алмадым. Ал енді бесінші дәптерге кіретін бірнеше тарау — көптен бері көзге түспей кеткен көркем кейіпкерлердің есебін алу үшін, романның етек-жеңін уақытша бір жинақтап алу үшін керек болған тәрізді. Бұған дәлел ретінде «Берген» тарауын мысалға келтірер едім.
X.Әдібаев: — Социалистік реализм әдебиетке «халықтық роман» жанрын әкелгені белгілі. Олардың бас қаһарманы — халық, халық өкілдері. Мәселен, Серафимовичтің атақты. «Темір тасқынында» халықтың алып тұлғасы, кедергі дегеннің бәрін тас-талқан етер құдыреті суреткерлік қуатпен бейнеленген. «Кен» романында да үш ұрпақтың өкілін, совет халқы азаматтарының образын көреміз. «Ал, осы көптеген кейіпкерлердің қайсысы бас қаһарман?» деген сұраққа жауап беру оңай емес.
Әкім Тарази кемеліне келген жазушы. Сондықтан да одан заман талабына сай көркем шығарма күтеміз. Байқап отырсам, Қадыр екеуміздің көп пікіріміз бір арнадан шығып жатыр. Шынында да, жеке ситуация, жеке оқиғаларды суреттегенде шебер, оларға жан бітіріп, жандандыра біледі. Әйтседе ағым-толқыны мол роман жанрының композициясының басын қосып, ой-пікірді тереңдей жүйелеу үшін, сюжет пен кейіпкерлерді бір арнада топтастырып тұратын бас қаһарман байқалмайды.
Т.Жұртбаев: — Шынында да, қосымша кейіпкерлердің саны және оларға қатысты жанама оқиғалар баршылық Хасен ағаның басты кейіпкер кім деп сұрақ қою да орынды сияқты. Менің байқауымша, негізгі оқиға өз бетімен шарықтап барып, әйтеуір, Кәкішті, Ботабайды, Сағатты қайта іздеп табады. Дегенмен де бұлдыр, ұмыт қалған тұстар еріксіз алаңдатады. Нұрәлінің ойда-жоқта аулына гастрольге келуі, оны туған ағайындары білмеуі, сол күндерде той өткізіп жатуы сендіре ме? Шағын қала. Туған інісінің тойы. Бұл сенімсіздеу көрінеді. Сондай-ақ тәп-тәуір басталған Құралай қыздың тағдыры да ұмыт қалады. Бар қатыгездіктің басы болған Кәкіш неге жазасыз жүр деген ой да маза бермейді. Жалпы оқиғаны жинақтай білу де — көркем шығармаға қойылатын талаптың бірі болса керек. Ендеше әуел баста Кәкіштен өрбіген оқиға Кәкіштің іс-әрекетін түбінде бір әшкерелеументынуы тиіс. Ол қандай шешіммен бітеді, жазушының еркіндегі нәрсе. Дегенмен де әйтеуір оқиғаларды бір рет те болса арнасын тоғыстырып, кейіпкерлердің басын қосу керек сияқты. Әзірше олар бір ауылда жүрсе де өзара шешіліп тіл қатысқан жоқ. Кейбір қосымша кейіпкерлер бір тарауда жылт етіп көрінеді де жоқ болады. Мұның өзі оқиғаны шашыраны беруге себепші болатындай. Толубеевке қатысты Москваның ішіндегі оқиғалар дербес әңгіме іспетті әсер қалдырады.
Ә.Тарази: — Москвадағы Толубеев — профессор, Соловьев министрдің орынбасары. Оларға қатысты тарау байқасаңыздар «Қарлығаш» деген атпен аталады. Өлейін деп жатқан айдаладағы біреуге Москвадан Толубеев ұшып келді. Тұрсын, сен тек бір соған бола ұшып келе қойды ма дегендей емеурін білдірдің. Ұшып келейін деп жатқанда, министрдің өз үйінде трагедия болып жатыр. Осы бөлімді «Қарлығаш» атауымның бір себебі бар. Өрт шыға қалса қарлығаш соған аузымен су тасып құяды екен. Бір тамшы болса да сеп. Сол сияқты қазақ даласында ауызға алуға тұрар-тұрмас бір кісінің өліміне самолетпен әйгілі профессорды жіберу — мұндай жақсылық жасау қай дәуірде, қай қоғамда болды? Ол біздің қоғамда болуға тиісті нәрсе. Біздің қоғамның ұлылығы осында деп білемін. Бұл өзі болған жағдай, оны да ескеріңіздер. Толубеев бармаған жағдайда операция жасайтын дәрігердің қолы дірілдеп, операция жасауға батылы жетпес еді. Осы адамдардың әрбірінің өз трагедияларына қарамастан, әйтеуір, ана адамның аман қалуына себепші болуы — үлкен адамгершілік сезімнен туындап жатқан жоқ па? Адамдардың бір-біріне мейірімі дегеніміз осы емес пе?
Қ.Мырзалиев:— Романның ақырында «бірінші кітаптың соңы» деген сөз кездеспейді. Демек шығарманы басы бар, аяғы бар яки біткен дүние деп есептеуге әбден қақымыз бар сияқты. Ал шынында олай емес. Алты жүз беттік қалың кітаптың өзі бірнеше томдық аса көлемді эпиканың бар болғаны бір тарауы ғана тәрізді әсер қалдырады. Өйткені, сол алты жүз беттің ішінде әлі ешкім ешқандай шаруа тындырған жоқ, ешқандай мәселе шешілген жоқ. Керісінше, көптеген күпті, мәселелердің бастары ашылмай, жалғасын күтіп жатыр. Соны сезген автор «Кеннің» алдына «Бір ауыз сөз» жазып: «Сонымен менің де күнім қиын. Кейіпкерлерден құтылу оңай болмайтынына көз жетті. Сондықтан да онсыз да қалың бұл дүниенің астына бірінші кітаптың соңы деп жазуға мәжбүрмін» дейді. Демек, ең қиын жұмыстың бәрі алда. «Шығармамның төрттен бірі біткенше кейіпкерлеріме өзім қожамын: не істетем десем, соны істетем. Төрттен бірінен кейін олар маған қожа: не істетем десе, соны істетеді» деген еді В. Я. Шишков. Өте орынды айтылған. Осы тұрғыдан келер болсақ, Әкім Тарази енді бұл романда өзіне өзі қожа емес. Әкім Таразиға олар қожа. Ал кейіпкерлерді тындайтын болса — жақсы жазушының оларды тыңдамауы мүмкін емес — Әкім Тарази, менінше, бір кітаппен ғана шектелмейді. Романның табиғаты осы тұжырымға жетелейді. Бірақ, бұл болашақтың шаруасы...
X.Әдібаев:— Мәрзия қысылып өлгелі жатыр. Бірақ не ананың, не әкенің күйзелгенін, көзінің жасын көрмейміз. Сол сияқты романдағы ондаған адамдар тағдырын арнайы сезім-ой толқынында жинақтап отыратын бір жан керек сықылды. Қазір бәрі «бірдей», бәрі «тең праволы».
Қ.Мырзалиев:— Мен осы арада мына бір нәрсеге назар аударғанды жөн деп санаймын. Драйзер өзінің әр жаңа романын жазып бітіргеннен кейін міндетті түрде тәжірибелі редактор жалдап алып, аямай қысқартып беруін талап етеді екен. Зайыбының қалдырған естеліктеріне қарағанда, көп сөзділеу жазушының жаңа романы, өз өтініші, өз келісімі бойынша, жүз, екі жүз, кейде тіпті үш жүз параққа шейін шуиды екен. Екі жүз, үш жүз беттің өзі тәп-тәуір бір романның көлемі емес пе! Сол бірнеше жүз беттен тұратын артық дүниені жазу үшін автор қаншалық күш-қуатын жұмсайды десейші! Бірақ шығарманың тағдырын парақтың саны шешпей, сапасы шешеді. Редакторы сәл қаталдау болғанда, «Кеннің» де біраз беті оп-оңай қиылып кететін сияқты. Бірақ, өкінішіне орай, автор да, редактор да ол жағына тіптен мән бермеген. Қысқартуды былай қойғанда, сөйлемдердің ұсақ-түйек олпы-солпылықтарына да жөнді назар аудармаған.
«Қаңбақ шөптей тез тұтанып...» Қаңбақ дегеннен кейін шөпті қосудың қажетіне?
«Бозарған таңда жел үріп ашып кеткен қоздай...» Автор «үрлеп» пен «үріпті» шатыстырып отыр. Жел үрмейді, ит үреді.
«Түйетауықтың құмға басын тыққаны сияқты...» Түйетауық дегеніміз кәдімгі индюк. Ал автордың айтқысы келіп отырғаны индюк емес — страус, яки түйеқұс.
«Қыстауға апарып науа тартқызып қойды...» Науа тартпайды, қауға тартады.
«... деген лақап Қоқан мен Ташкентте кең тараған. Бұл лақаптың шындық екені мәлім». Лақап дегеннің өзі-өтірік. Ендеше өтірік қалай шындық болады? Автордің айтпағы: алып-қашты сөз, қауесет, дақпырт болуы керек. Өкінішке орай, бұл сөздер автордың аузына түсе қоймапты.
«Шілдің тезегіндей шашырап...» Тезек тастау үшін шілдің өзі ең кіші дегенде құлындай болуы керек қой. Бұл жерде автор сөзді «мәдениеттендірем» деп, ғасырлар бойы қалыптасқан тұрақты тіркестің өзін бұзуға шейін барған.
«Марқұм Ақкүміс екі баласын шұбыртып. Шұбыртатындай екі бала — он бала емес қой!
«Қиюы кеткен күбіні қалай дәнекерлеуді үйретті...» Әдетте, әдеби тілде «қиюы қашқан» дейді. Бұл бір. Екіншіден, ағаш дүниені дәнекерлемейді. Дәнекерлеу үшін ол темір болуға тиіс.
«Сүтке түскен күшіктей, құйрығын бұлғақтатып...» Қазақтар көбіне-көп «Сүтке тиген күшіктей» дейді. Сүтке түсу үшін ол күшік емес, шыбын, қоңыз, немесе бақа-шаян болуы керек.
Романдағы кейіпкерлердің көптігі соншалық, кейде тіпті автордың өзі шатыса жаздайды. Мысалы мына бір сөйлемдерге назар аударып көрелік:
«... тоғыз баласы бар екенін сол сәтте анық мойындады». «...он баласының бес-алтауы аулада жүр екен».
«... балаларының тоғыз екенін, тоғызының да ұл екенін...»
«... он баланың әкесі екенін санасымен түсінген кезде...»
Осының бәрі бір семья және сол бір семьяның балалары туралы. Автор ол балалардың санын біресе тоғыз, біресе он деп, өзін де, өзгені де қайта-қайта шатыстырады. Мұндайда әке-шешенің жаңылуы мүмкін. Оның өзі кейде көп балалы семья үшін жарасып та тұрады. Ал автордың жаңылғанына жөн болсын! Бір романның ішінде жалғыз түйенің өзін, бір емес, бірнеше мәрте соя беретін қазақ романшылары үшін мұның бәрі жаңалық емес, әрине! (Әзіл) Ондай жаңғалақтық біздерге тән қасиет. Ал редактор не бітірген?! Чехов айтыпты ғой, шығарманы жазып болғаннан кейін басқы абзацы мен концовкасын сызып таста деп. Бұл — бастапқы сөйлем жазушыға старттық қызмет атқарады, кейін оның мәні жойылып кетеді дегені ғой.
Ә.Тарази: — «Қаратаудың басынан...» атты повесті мен Ақбердінің өмірінен бастаған болатынмын. Бірақ мен бір сөйлемді емес, бүкіл бір повесті сызып тастадым. Бұл ретте, Чеховтың өсиетін тым асыра орындап жібердім ғой деймін.
Қ.Мырзалиев: — Менің түсінігімде, реалистік шығарма реализм қоятын талаптардың бәріне бірдей жауап беруге тиіс. Әр жанрдың, әр шығарманың өзіне ғана тән белгілі бір мінезі болады. Жанр да, шығарма да сол өз мінезіне лайық басталып, өз мінезіне лайық дамуға міндетті. Ондағы ақылға сыймайтын оқшау қимыл, оқыс әрекет бірден көзге түсіп, бірден секем алдырады. «Кеннің» авторы ет қызумен кейде сілтеңкіреп жіберетін тәрізді, Мысалы:
«Балбаланың мінезі күн сайын, кейде сағат сайын өзгеріп тұратын, бір күні ол шахматшы екі жігітті быт-шыт қылып ұтты, қала сыртына, орман арасына серуенге шыққанда өзінен тұлғалы да ересек екі жігітті де күресіп жығып кетті,»— дейді автор романның бір тұсында. Ойдың, пікірдің күн сайын, сағат сайын өзгеруі ақылға сиыңқырмайды... Романның еш жерінде Балбаланың спортпен, әсіресе күреспен, шахматпен шұғылданатыны жөнінде бір де бір әңгіме жоқ. Соған қарамастан, бір күні ол жай ғана жігіттер емес, шахматшы жігіттерді ұтып кетеді. Жай ғана ұтып қоймайды. Быт-шыт қылып ұтады! Өзінен әлдеқайда тұлғалы, әлдеқайда ересек екі жігітті қалай-солай жығып кетеді. Осының бәрі реалистік шығармаға жарасып тұрған жоқ дер едім.
Ә.Тарази: — Бұл роман туралы сын мақала әлі жарық көрген жоқ. Таяуда Күршім аудандық газетінде жарияланған бір жас сыншының рецензиясын оқыдым. Ол әңгімені осы Балбаланың төңірегіне құрыпты. Мұндай бағаны өзім де күтпеген едім. «Әкімнің мінезін, сезімін, шығармасының өрісін нақ осы жерінен танып отырмын» депті. Демек, Қадыр, сен байқамаған мінезді жас адам көрген. Балбаламен заманы бір. Демек, сезімдері, көзқарастары жақын ғой.
Т.Жұртбаев: — «Кен» романындағы кейіпкерлердің барлығы халық арасынан шыққан. Демек — өмірдің өз құбылысы сияқты неше түрлі оқиғалардың қамтылуы заңды. Дегенмен де, кейбір кейіпкерлердің іс-әрекетіне ой сала қарап, сұрақ қоюымыз да орынды сияқты. Мысалы: шығарманы оқып отырғанда байқалмағанмен де, кейіпкерлердің мінездемесінде олардың көркем өмірбаянында ұқсастықтар байқалып қалады. Кей сөздерді, емеуріндерді, кейде тікелей мінездемелерді салыстырып отырсақ мынадай жай аңғарылады. Ботабай әуелі де тентек болған. Ішімдікке де кетәрі мінез көрсетпеген. Бірақ өмір түзейді. Кәкіш — боса-болмасын белді алаяқ. Ол да әр нәрсеге әуес. Мәкіш те ішімдікке есесі кетіп жүрген жоқ. Милиционер Әскер де сондай күйді кешеді. Көрші әйел — кәніккеннің өзі. Дәрігер Сабыр да өткенін араққа берген. Енді түзелген. Оның әйелі зинақор. Мәкіштің әйелі де шайқап жүреді, ұялшақ Саша да... Әрине, жазушы осы арқылы кешегі күнгі көрініс берген келеңсіз жайларды сынапта отыр, одан жиіркендіріп те отыр. Бірақ осылардың мінездері мен іс-әрекетінен ұқсастық байқалатындай. Сондай-ақ Сағат нен Сәния оныншы класта үйлену проблемасын шешіп қояды. Сол Сәния, менің ойымша, Сағат бітірген ПТУ-дың түлегі болса, бәрі де өзгеріп сала беретіндей болады да тұрады. Үйінің қасында жүріп Балбаланың «саяхат құруы», Нұрәлі ағасының гастролі, бір-бірін білмеуі, Сананың... оқиғаға араласуы бәрі қабаттасып келеді. Солардың жік арасын осы тарауларда анықтап, байыпты арнаға түсірсе құба-құп болғандай. Реалистік шығарманың бойындағы байсалды қасиеттердің бірі де кейіпкер тағдырындағы, мінезіндегі даралық болса керек. Осы ретте, Әкім аға, өзіңіздің жалпы «Кен» романын жазу барысындағы негізгі творчестволық мақсатыңыз бен қолданған әдеби тәсілдеріңізді, әдістеріңізді айта кетсеңіз. Себебі, романның ішкі композициялық құрылымындағы осыншама тосын жайлардың кездейсоқ болуы мүмкін емес. Оған сіз белгілі бір дәрежеде көркемдік жүк арттыңыз ғой.
Ә.Тарази: — Осы романды жазуға көп дайындалдым. Алғашында «Ақбердінің ауласы» деп атап едім. Әуелде «Әулет» аталуының себебі де сол болатын. Бұл кітаптың орысша аты — «Жасыл бесік». — «Асыл бесік» қойса да орынды ғой. Романның өзегі — Қараспановтардың әулеті. Ойлаңыздаршы, келесі романымда Сағатты асылып өледі десем сенесіздер ме? Соған сендіре алар ма едім? Сөйлегендеріңіз осыған көңіл бөліп тоқтала кетіңіздерші! Айға қарап отырып, оны анасының төңірегінде шауып жүрген құлынға ұқсатуы арқылы Сағаттың көзқарасын жазып отырмын ғой. Сағат өлең жазбайды. Бірақ, ақжанды адам, оның асылып өлуі мүмкін бе? Мен романды осындай оқиғалар жүйесіне құрдым. Мұны өзім тапқан әдеби тәсілім деп түсінемін. Адамның ішкі ойын іс-әрекетінен байқатқым келді. Оқырман да ойлансын. Тапсын ойымды. Білсін, кімнің кім екенін. Оның бәріне жазушының жауап беруі міндетті емес.
X.Әдібаев: — Осы шығармадағы басты кейіпкер кім өзі? Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекетіндегі» Едігені алып тастаса, роман да жоқ болар еді. Оқиғалары көкте де, жерде де болып жатады, бірақ бәрінің құяр арнасы — Едіге тірлігі. Ал, Әкімнің талай кейіпкерін алып тастаса жоқтай қояр ма екенбіз?
Гарсия Маркестің атақты «Жүз жыл жалғыздығындағы» полковник Буэндие жаңағы Боранды Едіге тәрізді бейне.
Әрине, біз Әкімге анауша, немесе мынауша жаз деп отырғамыз жоқ, тек ойымыздың арнасын анықтап жатырмыз.
Қ.Мырзалиев: — Бас кейіпкер деген әдеби атаудың мағынасы бүгін таңда сәл-пәл болса да өзгеріске ұшыраған тәрізді. Бұрын ол Чапаев, Корчагин, Маресьев, Бауыржан іспетті аса ірі тұлғалар болса, қазір ондай тұлғалар жоққа тән. Меніңше, ондай кейіпкерлердің прототиптерін революция, азамат соғысы, Ұлы Отан соғысы тәрізді тарихи күрделі кезеңдер тудырады. Қазір бейбіт кез. Қала мен ауылдың, басшы мен қатардағы қызметкердің өзара теңесіңкіреп қалған шағы. Ендеше ендігі бас кейіпкер көбіне-көп диспетчердің рөлін атқаратын секілді ме, қалай?! Бұл, әрине, даулы пікір. Бірақ ойланғанды керек ететін жаны бар пікір. Осы тұрғыдан келгенде, «Кен» романы өз заманына сай шығарма. Бұл туындының бас кейіпкері — анау, немесе мынау деп кесіп айта алмайсың. Болса да біреу емес — көп. Дәлірек айтар болсақ, көпшілік, халық. Және заманның өзі...
Ұ.Доспанбетов: — ӘкімТаразидың творчествосын бұрыннан жақсы білетін едім. Арнайы пікір жазбағанмен, көптеген шығармаларын мұқияттап оқып, олар туралы әртүрлі ойлар көкірегімде жүретін. Байқауымша, «Кен» романы Ә.Таразидың бұрынғы бір де бір шығармасына ұқсамайды. Мүмкін бұрынғы кітаптарынан көлемі әлдеқайда ауқымды, әрі кейіпкерлер санының шамадан тыс көптігінен де шығар. Бұл жазушының эпикалық жанрда құлаш сермегендігінің айқын нышаны дер едім.
Алайда, өзімнен бұрын сөйлеген аға әріптестердің Ә.Тарази романында кейіпкерлер саны тым көп дегеніңе қосыламын. Тіпті автор эпикалық жанрда жұмыс істеп отыр ғой деген желеумен де мұны ақтауға болмайды. Бұл жерде мынаны ескерген жөн. Кей шығармада сол қаптаған көп кейіпкердің өзі мөлшердегідей ғана алып көрінуі мүмкін. Ал керісінше, кейде аз кейіпкердің өзі құмырысқаның илеуіндей құжынаған бірдеме болып шығуы да ғажап емес. Мұның бәрі жазушы өз шығармасының бүкіл композициялық құрылымын, негізгі сүйегін қалай жасай алды, міне соған байланысты.
Осы тұрғыдан алсақ, «Кен» романындағы кейіпкерлер санының көптігін авторға аздап болса да мін қылып тағуға болатын сияқты. ІІІығарманың жалпы нобайында тарамыстай тартылған ширақ сюжет көзге шалына бермейді. Бұл кейіпкерлердің бастары қосылмауына, шашыраңқылығына, жақсы есте қаларлықтай дәрежеге көтеріле алмауына әкеп соққан.
Жаңа ғана «Кен» романы автордың бұрынғы шығармаларына ұқсамайды дегенді айттым ғой. Мұны дәлелдеу үшін жазушының бүкіл творчествосын ақтарып жатудың қажеті жоқ. Өткен жылы «Жұлдыз» журналында жарияланған Совет Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов туралы «Тұңғиық аспан» атты романын алыңызшы. Одан осы «Кен» романымен қандай да бір ұқсастық таба аласыз ба? Әрине, таба алмайсыз.
Талғат та соғыс жылдарында жалғыз-жарым жүріп, ерлік жасаған жоқ. Мүмкін, жау объектілерін бомбалау кезінде ғана өзі басқарған самолетте жалғыз болған шығар. Ал былай қаптаған кісілердің арасында жүрді.
Бірақ, солай екен деп, автор бұл шығармасында кейіпкер санын көбейтпеген. Тіпті аздау ма деп қаласың.
Осыдан туатын бір ой, оқушыны зеріктірмеудің жалғыз әдісі оқиғаның қою, сюжеттің ширақ болуы ғана емес-ау деймін. Әңгіме ондағы әрбір детальдың жазылу сипатында болса керек.
Бірақ, Әкім шығармасының құндылығы сонда, әрі қарапайым, таныс сюжетке құрылғанмен, оқушыны бейтарап қалдырмайды. Кейіпкер басындағы психологиялық иірімдердің тұңғиығына тартып әкетеді. Міне, тап осындай халді аталмыш «Кен» романын оқып отырғанда, бастан көп кеше бермейміз. Бұл да сюжеттік жинақылықтың аздығынан шамасы. Ал, осындағы кейіпкерлердің көпшілігі жеріне жеткізіле ашылмаған деген, Қадыр Мырзалиев пікіріне қосыламын.
Қ. Мырзалиев: — «Кен» романы үлкен бір шығарманың босағасы деп жаңа айттым ғой.
Ұ. Доспанбетов: — Қадеке, ал осы пікіріңізге қосылмаймын. Мынадай көлемді кітап тұтас бір шығарманың босағасы ғана болса, онда бүкіл шығарманың өзі қандай болмақ. Меніңше, бұл шығарманың алғашқы кітабы болғанмен де, өзінің басталуы, аяқталуы бар тұтас туынды ретінде де өмір сүре алуы керек. Мысалы, М. Шолохов, А.Толстой, М.Әуезов жазған көп томды шығармаларды есіңізге алып көріңізші. Олардағы әрбір том басқалармен тығыз байланыста тұрғанмен де, өзінің басталуы, аяқталуы бар дербес дүниедей әсер етеді.
Осы пікір алысу үстінде «Кен» романында бас кейіпкер жоқтығы айтылды. М.Горькийдің «Артамоновтар ісі» романын мысалға келтіру арқылы «Кен» романының авторын бұл жөнінде ақтау пиғылы да байқалды. Рас, «Артамоновтар ісі» романында үш ұрпақтың өмірі бейнеленген. Алайда, мұнда бас кейіпкер жоқ емес. Бас кейіпкер — әке (Илья Артамонов). Әкенің өмірі шығарманың орта белінде үзілгенмен де солай. Себебі, әке өлімінен кейін бүкіл Артамоновтар шаруашылығындағы тізгін оның үлкен ұлы Петр Ильич Артамоновқа тигенмен де, Петр Ильич сол әке бейнесінің жалғасы, оны толықтырушы ғана болып тұр. «Кен» романында бұлайша бірін-бірі толықтырушы кейіпкерлер бар ма?
Ә.Тарази: — Ұзақбай, сен айтшы, Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романындағы бас кейіпкер кім?
Ұ.Доспанбетов: — «Соғыс және бейбітшілік» романының бас кейіпкері — халық деген ұғым санамызға сіңгелі қашан. Сондай-ақ былтыр ғана 800 жылдығы атап өтілген, орыс халқы әдебиетінің ұлы ескерткіші «Игорь полкы туралы жырдың» бас кейіпкері орыс жері деп аталады. Бұл үлкен әдеби теория тұрғысынан алғанда солай. Бірақ, солай екен деп, «Соғыс және бейбітшіліктегі» Пьер Безухов пен Андрей Болконскийді, «Игорь полкы туралы жырдағы» Игорьді бас кейіпкерлер емес деп айта алмаймыз.
Ә.Тарази: — «Соғыс және бейбітшілікте» бас кейіпкер — халық, бұл романда — әулет. Осы шығармадағы оқиғаға басынан бастап араласып келе жатқан адам — Сағат. Кейін сол Сағат бас кейіпкер болып шыға ма, шықпай ма кім білсін. Бұл роман осы қалпында оқыла ма? Оқылады. Оқып та жатыр. Өздерің сықылды қырағы оқырмандар кітаптың бітпегенін біліп отыр. Алда аяғы жазылады деп қарағандарыңа ырзамын.
X.Әдібаев: — Толстойдың есімі аталды екен деп қорықпай-ақ қояйық! Бальзак, Достоевский, Чехов кейіпкерлері заманының келелі қыры мен сырын көрсетті — сол заманның айнасы. Уақыттың өрісі мен өресін танытты. XIX ғасырды кейінгі ұрпақ ұлы классиктер арқылы көз алдына елестетеді. «Соғыс пен бейбітшіліктегі» әскери бастық пен солдат, халық өкілі мен алпауыттар, ақсүйек пен чиновниктер, әйел қауымынан дәуірдің тынысын сеземіз. Ұлы қаламгердің дәуір туралы ойына ортақтасамыз.
Көркем өнер туындысына, кім жазса да, талап біреу — жасықты мансұқ ету, асылды жарқырата бағалау.
Елу жылдан кейін «Кен» романынан кейінгі ұрпақ алар тағлым бар ма? Отыз баспа табақтан астам (576 бет, жалғасы тағы бар) романда осы заманның тұлғасы мен тұрлаулы тағдыры жасалды ма? Замандасымыздың күйініші мен сүйініші, мына отырған сенің, Қадыр, мына менің, мына жігіттердің ішкі сыры жазушы зердесінен өтіп, алдымызға қайта келіп, көңіліміздің пернесін басып отыр ма? Әлде бұл қарны қампиған көп өлі дүниесымақтың бірі ме? Әңгіме — осында.
Өнер иесі алдына биік мақсат қоймаса, қалам алудың қажеттігі шамалы.
Ә. Тарази: — Шығарма да музыка нотасы сияқты. Осы кітап туралы мың түрлі пікір болуы мүмкін. Ол оқырманның «слухына», көкірек күйіне байланысты. Тіпті түсінбейтіндер де табылуы мүмкін. Ал кейбір оқушым менің ойланбаған ньюансымды тауып, маған әсер беруі, ой салуы да ғажап емес. Оқырмандар да түрлі-түрлі ғой. Олардың ішінде жаны маған жақындары шығарманы түсініп жатса — үлкен қуаныш. Кітаптың табысы — оқырмандарына да байланысты екенін ескерген жөн. Бірде біреу Әуезовке: «Абай жолы» атты романыңызға сын жазайын деп жүрмін» депті. Сонда жазушы ойланып қалып: «Кітапты сыншы сынайды, бірақ кітап та сыншысын талғайды ғой» деп жауап беріпті. Ал Толстойды сынағысы келген біреу «патшаның аяқ киіміне түскен күн сәулесін қалай көре қойыпты» деген екен. Демек, талап қанша көп болса — талғам да соншама көп. Оқырман маған сынап қараса, мен де оларды өзімше сүзгіден өткіземін. Қайсымыздың пікіріміздің дұрыс екенін уақыт өзі екшеп алады. Қазіргі заманның суретін жалғыз Тарази, болмаса Жұртбаевтар жасап кетуі мүмкін емес. Бүгінгі заман оқырмандарының оқуына жарап жатса — сол да қанағат.
Т. Жұртбаев: — Басты кейіпкердің әдебиеттегі орыны бүгінгі таңда сәл де болса назардан тыс қалғандай боп көрінуі мүмкін. Оған Қадыр аға айтқандай, заманның деңгейлес адамдарды өмірге әкелуі де себепші шығар. Алайда, көркем шығарманың аты — көркем шығарма. Оған автор жай ғана уақыт таңбасын көрсету үшін бармайды. Оқиға бір арнаға топтасуы тиіс. Басты кейіпкер дегенде, дәл осы «Кен» романындағы көріністі сәл басқаша қарау керек сияқты. Бұнда қалыптасқан шартты басты кейіпкерді талап ету әбестік тәрізді. Әкім ағаның өзі айтқандай, творчестволық мақсаттың арнасы барлық жайды ақтап ала алады. Жағымды, жағымсыз кейіпкер проблемасы бір жазушы ғана емес, бүгінгі таңда бүкіл совет әдебиетінің даму бағдарын алаңдатып отырған жай. Әкім аға бұл шығармада сол көкейкесті мәселені өзінше шешкен. Және кей тұстарда өте сәтті пайдаланған. Осы ретте, бір ойланатын мәселе — барлық оқиғалар түбінде тоғысып барып, тарқатылуы керек. Оқиғаның дамуы соған келе жатыр. Мұндағы басты кейіпкердің міндетін тікелей оқиғаның өзі атқарғандықтан солай шешілуі заңды да. Әзірше әр кейіпкер өз жолымен жүріп келеді. Сол жағы назардан тыс қалмаса деп ойлаймыз. Онсыз шығарманың түпкі идеялық мақсатының ашылмай қалу қаупі де бар. Шынында да, Наташа, Безухов, Болконский, тіпті, Қаратаевтің өзі болмаса, «Соғыс және бейбітшіліктің» басты кейіпкері қанша халық дегенмен, мұндай биік дәрежеге көтерілмес еді. Онда әрбір кейіпкер белгілі бір дәрежеде өзара үндесіп жатады. Әр кейіпкердің көз алдында Наташаның жүруінің өзі олардың басын біріктіргендей емес пе. Әңгіме арнасынан ауытқып та бара жатқандаймыз. Бірақ, әдебиет туралы әр қилы сөзге «Кен» романының себепші болып отырғаны анық. Ашық әңгіменің негізгі мақсатының өзі нақты шығарма арқылы жалпы әдебиет туралы пікір алысу ғой.
Қ.Мырзалиев: — Менің басында айтқаным дұрыс болуға айналды: ешқандай жоспар, ешқандай тезиссіз сөйлегеннен кейін, әңгімеміз сәл жүйесіздеу шығып жатқан сияқты. Дегенмен, соның өзінде романның бойына көлеңке түсіретін кейбір кемшіліктер жайында біраз пікір белгілі болып қалды. Менің өз түсінігімде соның бәрі жібермеуге болатын, жіберіліп қалған екен, түзетілуі жеңіл, ұсақ селкеулер. Еқ бастысы — роман дұрыс бағытта. Адам бейнелері шебер сомдалған. Қаптаған көп кейіпкерді мінездері жағынан бір-бірімен шатыстырмайсыз. Жалт етіп бір көрініп, көзден таса болатын ағымдағы кейіпкерлердің өзі оқырман есінде ұзақ қаларлықтай әдемі пішілген.
Романның тіліндегі кейбір ақауларды мен жаңа атап-атап көрсеттім. Бір ғажабы — соның бәрін алғашқы жүз беттен тізіп алдым. Романның қалған бес жүз бетінде ондай олқылық анда-санда бір кездеседі. Негізінен таза.
«Кен» романында үлкен өзеннің көзге көрінбейтін, бірақ бүкіл болмысыңмен сезілетін тегеурінді ағысындай бір құдірет бар. Ол — автордың ақындығы.
«...тұруын тұрады, үлкен басы оң иығына қарай салбырап, ұзын жағы кеудесіне түсіп, жас бұзауға қараған бұқадай көздері мәнсіз аларып, талдырмаш қана келіншегіне қарайды».
«...тақырлап алдырған басы әлі отқа түспеген жаңа қазандай көгере жалтырап, мұрты мен қасы салбырап тік-тік болып, сәл сылти басып көшеге шығады».
«...Қара көк аспан тозыңқы, шаңытып тұр, анасының ескі барқыт бешпеті еске түсті, сол ескі барқыт бешпеттің өңіріне ақ жібі шұбатылған күміс ине қадалыпты, аспан төсіне қадалған реактив самолеттің кейпі сондай».
«...қап-қара түнек ортасында шіріп кеткен жұмыртқаның көгеріп кеткен сарысындай тотығып тұрған күні бар...»
«...жылы суға түсіп кеткен табақтай мұз сияқты енді осылай байқаусыз кеми береді».
Байқап отырған боларсыздар, мұның бәрі жазып отырған объектісін, бүкіл кейіпкерлерін түймесіне шейін түгел көре білуден және үлкен суреткерліктен, ақындықтан туған көріністер. Қара сөз бе, қара сөзбен жазылған өлең бе? — ажырату қиын. Жалпы Әкім Тарази өзіне шейін әбден сыннан өткен әдемі әдеби тәсілдерді өте орынды пайдалана біледі.
«Жетпістен асса да сақал-мұртын айнадай ғып қырып жүретін, жетпістен асса да екі бетінің ұшы қызара жылтырап майы шығып тұратын, жетпістен асса да ертелі-кеш «ақаңнан» айырылып айығып көрмеген осы кісіні Сағат онша жақсы көре бермейтін».
«Люсаның көзі ғажап — кісіні аймалап, еркелетіп тұрады; Люсаның тілі ғажап — іші-бауырыңа кіріп, достық я туысқандық сезіміңді оятады; Люсаның үні ғажап — жалынып тұрған нәрестенің үніндей, іші-бауырыңды елжіретіп жібереді».
«Таң атар емес, таң атса, күн шығар емес. Күн шықса, дүкен ашылар емес, дүкен ашылса, сағат он бірге шейін бәрібір уақыт өтпейді, табандап жатып алады, жылжымайды-ау жарықтық, жылжымайды».
«Содан кетті-ай дейсін, бір, кетті-ай дейсің, анау екеуінің әке-шешесінің ай қарап жүргенін, мектептің, мұғалімдердің ай қарап жүргенін, қоғамдық орындардың ай қарап жүргенін аямай бетке бассын!..»
Әдетте қара сөздегі сөз қайталау көбіне-көп дәрменсіздікті көрсетеді. Ал мына қайталаулар мүлдем олай емес. Керісінше, оқырманды еліктіріп жетелей түседі. Сөйлемдерге үстеме жігер береді.
«Кен» — детективті туындыға жатпайды. Ендеше, алты жүз беттік жалпақ романды жалықпай оқып шығудың өзі оңай шаруа болмаса керек. Оны автор да жақсы түсінеді. Сондықтан ол өзіне тән драматургиялық тәсілдерді, түрлі-түрлі әдеби айла-шарғыларды барынша молырақ пайдаланып отырған. Дамып келе жатқан қызғылықты оқиғаларды бітіп тұрған жерінде аяқтай салмай, белгілі бір ұтымды сәттерге шейін бүгіп ұстап, келесі бір оқыс оқиғаларды күтпеген жерден бастап кету, бастамай жатып оқырманды еріксіз еліктіріп қою — Әкім Таразидың «Кендегі» негізгі тәсілі.
«...жолда келе жатып ішіне сыймаған дертін — өзінің бүгін істеген иттігін, белгісіз Даразов деген әлдекімге хат жібергенін келіншекке ақтарып салды. Мүлт жіберген сәті сол еді, сол қателіктің мол салдары боларын ол қайдан білсін».
«Осындай, кішкене ғана, болар-болмас жағдайға душар болғандықтан Сағат пен Коля «Комсомол» кенішінде қала алмады. Бұл жағдай да алдағы күткен оқиғаның шиеленісе түсуіне себепші боларын кім білген».
«Солайша, Асабай балаларының ішінен әдейі шақырылмай қалған Кәкіш-Мәкіш семьясынан бір адам тойға білмей қатысатын болды, ол жаңсақ қадамның сұмдық салдары боларын кім ойлаған».
«...сөйтіп келе жатқанда не болғанын өзі білмей қалды, оқыс дыбыстан артына бұрыла берген сияқты еді, албастыдай әлдене бұған төне берген сияқты еді, оң жақ миығына әлдене жұмсақ қана тиген сияқты еді, «ар жағы» мәңгілік қараңғы, «ар жағы» мәңгілік қапас».
Мұның бәрі көркем қақпан, көркем қармақ, көркем тұзақ. Бәрінің жабылып ұстары — бір оқырман әйтеуір. Ұстайды да. Ұстағанда қандай! Алты жүз парақты түгел оқып шыққанша, жұлқынбайсың, шошымайсың, қанатыңды босқа қағып қапа болмайсың. Оқырман психологиясын осынша жақсы білетін Әкім Тарази өз кейіпкерлерінің де рухани өмірін, сана-сезімін барынша терең біледі. Терең біліп қана қоймайды, тебірене суреттейді, Онсыз да көп мысал келтіріп сөйлеп отырмын. Әйтпесе, бұл сөзімді дәлелдей түсу үшін де талай-талай психологиялық үңгулерді сіздерге біраз оқып беруге болар еді... Оның үстіне сіздерді амалсыз тоқтатып қойып, бір өзім сөйлеп кеттім ғой деймін. Кешірерсіздер, ойдың тұтас шыққанын қаладым...
X.Әдібаев: — Пікірдің ақ қарасы, тереңі мен таязы бар. Біздің ортаға салып отырғанымыз тілектестік, дос пікірі, жазушыға ой салып, барын басып айту — бір мысқал болса да, жақсылыққа ұмтылу, жазираны аңсау. Ал, ендігі ең басты сұрақ, — екінші кітапқа қай кейіпкер қандай жүк алып өтеді. Мәселе сонда. Оған Әкімнің өзінен басқа ешкім де жауап бере алмайды. Солай ғой, Әкім?..
Ә.Тарази: — Вокзалдың алдында ешбір кінәсіз кісінің өлімі болды ғой, кітапты мен сонымен аяқтадым емес пе! Міне осы келесі романға негіз болады, жаңа кітапқа жаңа оқиға болып кіреді. Бергеннің баласы Роберт 80-ші, 90-ші жылдардың азаматы болып өседі. Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтарын» да оқырмандар елей қоймайтын, поездың астына түсіп өлетін бір бала бар. Менің ойымша, Достоевский ғұмыры жетсе, осы баланың образын әрі қарай дамытқан болар еді. Мен Достоевскийдің осы бір жерін өзімше «ұрладым». Бергенге ешкім әйелді өлтірдің деген жоқ. Бірақ түбінде «әйелді өлтірген мен» деп заң орнына хабарлайды. Алайда оның сөзіне ешкім сенбейді де, елең де қылмайды.
Қадыр мен Хасеннің айтып отырғандарының жаны бар. Кейіпкерлер қалыптасып қалғаннан кейін олар өз мінездеріне қарай іс-әрекеттерін жасайды ғой. Бергеннің өмірі өле-өлгенше өзін-өзі азаптап өтетін өмір. Мұның астарынан да талай мәселе аңғарылады.
Қ.Мырзалиев: — «Ойнасақ та біраз жерге шаптық қой» деген екен баяғыда бір қазақ. Әр нәрсенің басын бір шалып отырып, біздер де әжептәуір пікір айтып тастаған тәріздіміз. Әрине, әрқайсымыз өз талабымыздың биігінен қарап, өз талғамымыздың өресінен сөйлеп баққан болуымыз керек. Көптің пікірі де, түптеп келгенде, жеке адамдардың пікірінен тұрады ғой. Әжетіне асатыны болса, Әкім-аға ойланар, пайдаланар. Аспайтыны болса, артық ойлар қайта айналып өзімізді табар. Әйтеуір бір нәрсенің басы ашық — ол біздің шын көңілден бүкпесіз сөйлегеніміз. Оған ешқандай күдік келтірудің қажеті жоқ секілді. Сонымен әңгіме аяқталып қалды-ау деймін. Автор не ойлайды екен, енді соны тыңдап көрсек...
Ә.Тарази: — Романда Әскер деген кейіпкер бар. «Адам жанына бөлгенде миллион тонна болат қорыттық. Пәлен миллион пұт астық жинадық дейміз. Ол дүние жүзіндегі ең мейірімді ел екенімізді неге ұмытамыз» деген пікірді сол Әскердің аузына әдейі салдым. Өзім айтсам деп жүрген ойымды Әскерге телідім. Ең үлкен кен — сол мейірім емес пе. Автордың жақсы шығармасын оқырманы түсінетінін енді білдім. Дегенмен, сынды аз айттыңыздар. Сіздердің сындарыңыз менің алдыңғы жазбағыма сәуле болады деп ойлаймын. Шығарма туралы, кейіпкерлердің іс-әрекеті туралы өз сенімім күшті болуы мүмкін. Маған енді сіздерді соған сендіру тағы бір проблема болып қосылды ғой. Оны алдағы уақыттың еншісіне қалдырайық. Ендігі әңгімені сол кезде жалғастырайық.
X.Әдібаев: — Кітапқа әлі пікір айтыла жатар. Дегенмен «Кен» романында қазіргі өміріміздің біраз қыры бейнеленгені даусыз ақиқат. Жазушы кейіпкері өмірдің өзінен келген, тіпті прототиптері болуы да ықтимал. Кейіпкерлер жүйесінен, олардың мінез-құлқынан жазушы Әкімнің өзін көріп отырғандаймыз. Ой-өрісін. қиялын, елгезектігін.
Қ.Мырзалиев: — Осымен бүгінгі «Ашық әңгіме отауының» дастарханын жинақтайық. Жаңа дәстүрлеріңіз жалғаса берсін деп тәмәмдалық...
Т. Жұртбаев: — Бұл пікір алысуда ұтылған, есесі кеткен адам жоқ қой деп ойлаймын. «Кен» романын негізге ала отырып, жалпы әдебиет туралы да сөздер қозғалды. Оның барлығы тың ой болып көрінбегенімен, осылай бетпе-бет отырып, ашық-жарқын күйде қаламдас дос туралы адам да әділ пікірдің айтылуының өзі қуанышты жай. Сын десе үрке қарайтын үлкенді-кішілі ағайындардың біразына ой салады және жақсы ниеттегі пікірді күнделікті айтылуға тиісті жай ретінде қабылдап, соған әр қаламгер белсене атсалысады деген ойдамыз. «Кен» романын әңгімемізге арқау еткендегі себеп шығарманың көркемдік сапасының төмендігінен, не автордың ізденісінің бұрынғыдан кем түсіп жатқандығынан емес. «Кен» — Хасен аға айтып өткендей, бүгінгі қазақ әдебиетінің даму бағдарын танытатын, жазушыны жаңа бір қырынан көрсеткен елеулі шығармасы болғандықтан да, әдейі көп талқысына ұсынып отырмыз. Жасық дүниені қанша қайрағанмен, асыл болмайды. Мұны оқырман қауым жақсы түсінеді деп сенеміз. Және айтылған пікірдің барлығын да дау туғызбайтын шындық деп қабылдауға болмайды. Пікір білдіруші автормен, автор пікір білдірушімен келіспеуі мүмкін. Бірақ екі жақта өз сұрағының жауабын ерте ме, кеш пе дұрыс табуға септігін тигізері сөзсіз. Авторға, «Кеннің» екінші кітабының табысты аяқталуына тілектестік білдіре отырып, осы шығарма туралы, және өзге де көркем дүниелер хақында ой саларлықтай оқырман пікірін күтеміз.
Сіздерге көп-көп рахмет.