Джек Лондон. Ерте келген күз

ӘДЕБИЕТ
2225

Бильдің әлі ақүрпік балаң кезінде олар махаббат қызығына ортақ мастанған болатын. Әр кеш сайын бірге жүріп, бірлікте әңгіме-дүкен құратын. Кейін әлдебір болмашы істен араларына салқындық түсті де, содан қайтып бір-біріне сөйлемес болып қалды. Кешікпей, бір жолғы сезім сапырылысында қыз өзім ұнатам деп ойлаған бір жігітке тұрмысқа шықты да, ал, әйел затынан әбден көңілі қалған Биль жайына кетті. 

Содан, осыншама уақыт ішінде, кеше ғана тұңғыш рет Вашингтон алаңынан өтіп бара жатқан келіншек оны кездейсоқ ұшыратып қалды. 

– Биль Уокер! – деді ол дауыстап.

Кілт тоқтаған жігіт алғашында бұны танымай қалды. Тым егде болып көрініп еді көзіне. 

– Сен мұнда қайдан жүрсің, Мәруй? 

Әйел әлдеқалай жүзінен өптірмекке дәмелі болып, алдыға қарай ұмсына беріп еді, жігіт қолын ұсынды да, амалсыз іркіліп, соны ғана қанағат тұтуына тура келді.

– Мен Нью-Йоркте тұрамын, – деді сонан соң. 

– А... – жігіт әдеп үшін жымиғанда, екі көзінің арасынан ұсақ әжімдер жыбырлады. 

– Қанша ынтызар болсам да сенен еш хабар ала алмадым, Биль. 

– Мен әзір адвокатпын. Жұмыс орным жаман емес. Қаланың орталығына орналасқан. 

– Үйленген боларсың?

– Иә, екі балам бар.

– А... – деді әйел.

Саябақпен жүрген адамдар олардың маңын жанап ары-бері өтіп жатты. Барлығы бейтаныс кісілер. Мезгіл әлдеқашан түс ауған екінті мезгілі болатын. Күн батуға таяп, суық үдей түскен-ді.

– Ал, өзіңнің күйеуің-ші? – деп сұрады Биль одан. 

– Біздің үш баламыз бар. Мен Колумбиядағы бір мекемеде есепші болып істеймін.

– Сен былай қарағанда... (егде көрінеді екенсің демекші болатын) тәуір көріндің, – деді Биль. 

Әйел түсінді. Вашингтон алаңындағы ағаштар астында тұрып ол өзінің өткен шақтар өтіне қайта оралуға соншама ынтызар екенін анық сезді. Ол Ухаюдағы кезінің өзінде жігіттен үлкен болатын. Ал, әзір тіпті де жас емес еді. Биль болса әлі уылжып тұр.

– Біз орталық саябақтың батысында тұрамыз, – деді әйел, – келіңдер, үйді көріңдер.

– Иә, – деді жігіт іле жауап қатып, – қайсыбір күні кешке күйеуің екеуің келіп, біздің үйде қонақ болыңдар. Кез келген күні. Лусиль екеуміз сендерді қызу қарсы аламыз. 

Алаңдағы ағаш жапырақтары баяу қалқып түсіп жатыр. Үп еткен леп болмаса да, күзгі іңірді жамылып үнсіз тұрған әйел өзін сәл жайсыз сезінді.

– Біз де пейілдіміз, – деді жауап орнына.

– Сен менің балаларымды көруің керек, – деді жігіт тістерін ақситып.

Кенет ұзын созылған бесінші саяжолдағы шырақтар жарқ етті де, көгілдір ауаға күңгірт жақұт моншақтар тізбегі тартыла қалды. 

– Менің көлігім келді, – деді әйел.

– Сау бол! – деді жігіт қолын ұсынып. 

– Қашан... – әйел тағы бірдеңе айтуға оқтала беріп еді, болмады, қоғамдық көлік қозғалуға ыңғайланды. Саяжолдағы шырақтар күңгірттеніп барып, жыпық-жыпық етті де, қайта өлеусірей қалды. Әйел көлікке кіргеннен кейін жақ кірісін ашудан қорықты. Аузынан ешбір үн шықпайтындай сезіліп, үрейі ұшқан еді.

Кенет ол дауысын көтеріп:

– Қош! – деп айғайлап жіберді. Бірақ, бұл кезде автобустың есігі әлдеқашан жабылып қалған еді. 

Көлік жылжи жөнелді. Сыртта екеуінің арасына көшеден өткен жүргіншілер келіп түсіп, қайшалысып жатты. Барлығы бейтаныс кісілер. Орта – аңыраған бостық пен адамдар легі. Бильдің қарасы әлдеқашан өшіпті. 

Дәл осы кезде барып әйел өзінің оған мекен-жайын бермегенін, ал онікін сұрап алмағанын, соған қоса, оған өзінің ең кіші ұлының есімінің Биль екенін айтуды ұмытқанын есіне алды.


Ағылшын тілінен аударған Серік Нұғыман

Жаңалықтар

Журналист Гүлмира Әбіқай «Елге көмек» қайырымдылық қоры туралы тың мәлімет жариялады, де...

Жаңалықтар

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың қаңтарындағы демалыс күнін ауыстыруд...