Серік Сағынтай. Гүлмира

ӘДЕБИЕТ
7346


Когда уже очень далеко уйдешь по жизненному пути,

то замечаешь, что попал не на ту дорогу.

П. Буаст

Отыз үш жыл өтіпті. Өрге шығамыз деп едік, ылдида секілдіміз. Бел асамыз деп едік, беткейлеп келе жатқандаймыз әлі.

Он бесте едім. Аңғал едім. Пәк едім.

Иә, құм қамаған бұйығы ауылдың момақан баласы, он бесте едің сен. «Ақын бала» деген атағың аудан алабына аян. «Сен де он бесте, құралай, мен де он бесте...» немесе «Ол кезде сен де он бесте, мен де он бесте...» деп келетін өлеңдер бар біздің жақта. Екеуін де сенікі деуге болады. Бірақ, он бес жасың өзіңдікі емес екен...

Тырау-тырау тырналар бұлтты ойғанда ауылға келді Гүлмира. Қазір соны еске алғанда, әңгімелегенде «Ауылға цивилизация келгендей боп еді» деп қоясың кейде. Айтқандай, біздің бала бастан кешкен кеп туралы ел жақтағы жазушы көкем де тәмсіл тартқан. Бірақ, нақты болған жайды кейіпкердің өзінен тыңдаған абзал болар.

Ауыл-үй арасында көрікті қыз аз емес. Гүлмира солардың бәрінен бөлек. Үлбір жүзіне қарақат жанары, бүлдірген еріні, жайбарақат аңтарылған кірпіктері шақтап тартылған. Ауыл-үйдің түбіт мұрттарына қырдан қашқан түлкідей болды Гүлмира. Қыран қайда шүйетін? Ауыл жігіттері қыздарымен араздасып қала берді-ау жиі. Момақан ақын бала оншақты үйлі ортаның «бас ақынына» айналған сол жылы. Гүлмира үшін, Гүлмира деп. Әуелі өз қатары қолқалаған: «Гүлмираға хат жазып бер. Өлеңмен». Ақын атаулы саудаға шорқақ – қиылған досты көп қинамай жазады. Тегін. Рахметін алады. Ертеңіне келесі ғашық. Ақын бала да бір жазған өлеңді қайталай алмайтын дертке шалдыққан екен. Жүрегін қос қолына ұстап, шығыршығын жұлып алған жарылғыш гранат ұстағандай боп, сәл босатса, атылып кететіндей, бозара, сол жүрекпен бірге дір қаққан Мәжнүнге - жаңа жыр. Мәжнүн – мәз. Гүлмираны ұмытып, өлеңге, хатқа, соны апаратын өзіне ғашық боп мәз. Ақын баланың жүрегіне түскен қара бас өлең құрты ауылдың алпыс ғашығының құснихатынан нәр алып, өсіп келеді. Ақыры аямай шаққан. Мәжнүндердің тапсырысынан босап, оңаша ойға қалған күні шаққан. Тап қолқадан. Күретамыр буылып қалып, жүрек байғұс атқақтайды. Жүздеген ғасыр жасырынып келген жанартау дерлік. Тау қыртысын жамылған қатпар-қатпар қалың қоз лықсып шықпаққа әуре.

Сол күні бұл да көрген Гүлмираны. Бұрын да көрді ғой. Бір сынып төмен оқиды. Іштей ынтық. Сезімін өзге Мәжнүндердің атынан тізген хатқа мөрлеген. Бір күні әскерден сол күзде оралған Ноқай (шын есімі жадыдан өшкен) өтінішпен келді. Ноқаң да Мәжнүндер әскеріне қосылыпты. «Сен маған Гүлмираға арнап хат жазып бересің. Ауылдың күллі боқмұрынына жазыпсың ғой. Маған жазатының олардың бәрінікінен артық болуы керек. «Авиа» конверт сатып алғанмын. Қазір отыр да жаз. Әйтпесе...» Өтініші - өктем, сезімі – озбыр шығар. Атылайын деп жатқан жанартаудан ауыр бір ыңыраныс лықсыған. Әбден пісіп-жетілген тау жарасы сыздап сыр берерде, етегіндегі бұлақ-қайнарлардың көзінен бұрқақтар суы улы сілтіге айналып, қайнап кететін. Мұның да жанарына жас кептелді. Ыза мен шарасыздық. «Махаббат ғадауатпен майдандасқан, қайран менің жүрегім мұз болмай ма...» деген ақынды түсіне кеткен. Мұз басып жатқан жанартаулар да болады. Ол атылса, сел басар болар маңайды. Бұл да селдетсін өлеңді. Жо-жоқ, жанартауы атылмаған – алғашқы зілді күрсінісінің өзі көркем жырға айналған.

Әр жолының соңы «Гүлмира» деп аяқталатын, сиқырлы нәзік ноталармен ойнақшыған музыка еді ол өлең. Ноқайдан мұндай сезімді Гүлмира күтпесі анық. Тасын қаншама ғасыр қына жеп, мүжіп, морып кеткен тау да бір, Ноқайдың жүрегі, сезімі де бір. Ондай таудың басына қылтанақ та тұрақтамас болар. Ақыры, хат тұйықталған. «Үздіге хабар күтуші Ноқай. М.С.С.» деген аббревиатурамен. «Мен сізді, жо-жоқ, Ноқайдың атынан болса, сені ...сүйемін» деген. Әңгіменің көкесі хат жазылып біткен соң басталды. «Енді осы хатты мына конвертке сал. Сілекейіңді шұбыртпай, байқап желімде. Тұра-тұр» Ноқай қалтасынан кішкене құты алып шығып, конверттің ішіне қарата «пыш» еткізді. Одеколон. «Қу қыздың танауын қытықтасын. Ал енді іске кіріс». Конверт желімденгесін, Ноқаң сезім арқалаған жұп-жұқа хатты алақанына салып, салмақтап байқады. Жүзінде абыржу бар. Тілініп кеткен ерінін жалап, мұрнына тақады. «Мұны енді өзің апарасың. «Сый қылсаң сыпыра қыл, жазғышбек! Ағасымен доссың ғой. Сенен еш күмән тумайды. Менің үлкен басыммен шүйкедей шиборбайға барып тұрғаным ыңғайсыз емес пе, а?!» Атыларман жанартаудың бір бүйірінен ақ бұлт түстес бу сыздықтап шыға бастайтыны бар ғой. Сол іспетті, дем жиілеп, алқына бастаған ақын бала. «Жүр, кеттік». Көнбеске, шара кәне? Гүлмираның үйі ауылдағы жалғыз прожектордың түбінде еді. Ноқай сүт жарық ақтарылған бағанның түбінде қалды. «Кешікпей шық. Мылжып, отырып алма. Мен күтем. Жауабын дереу айтсын!» Әлгінде Ноқай салмақтайтындай-ақ екен, конверт зіл батпан. Төсқалтаға тыққан ақын баланың жүрегінің сыздаған жаралы ауызына, қолқа тамырына батып барады. Еңкіш тартып үйге кірген. Жер асты дүмпуі болар қарсаңда қатпардағы қалың қоздың қызуы тау бауырының топырағын дулатып, қыздырып, ерекше күйге бөлер еді. Мұның алақаны дуылдап, от шалып, күймегендей қалыпта. Ыстық өтіп, тер құрсап, булыққан тәрізді. Аузын ашса, жалын құсарман, шоқ шашып, демімен қаритындай. Қыз ағасы – досымен әңгіме құрған боп отырып, қағаберісте бұған жұғысып, аз-кем сұхбаттасуға ықтияр Гүлмираға хатты ұсынды. «Сенің өзіңнен бе?» деді жанары жалт ойнатқан «өзге цивилизация өкілі». «Ноқай беріп жіберді. Жауабын күтіп, есік алдында тұр». Жалқын нұр шашқан жанар оты өшкендей болды қыздың. «Ондай болса, алмаймын. Өзіне апарып бер, поштабай!» Жалт-жұлт еткен жанарының гауһар тастары мың құбылып, өкпешіл қыз өз бөлмесіне кетті. Бұған да аял жоқ енді. Әп-сәтте бар салмағынан айырылып, қауырсындай боп қалған «Авианы» жан қалтасына жытыра сап, үйден шыққан. Ноқай шам түбіндегі түннің бір уыс жыртығында жарбиып, шылым шегіп отыр. «Иә, поштабай, не болды?» Ноқайдың аузына ауысқан қыздың сөзі намысын шабақтаған бұл одан әрмен түнерді. «Керегі жоқ хатыңның. Әуре болмасын!» деді». «Сен дұрыс бермегенсің ғой. Қызбен сөйлесу білмейтін боқмұрын неме!» «Мықты болсаң өзің бармадың ба?» «Не дейсің, ей? Менің сендей «духтармен» кісіше сөйлескеніме семірген екенсің!» Өмірден соққы жемейтін ақын жоқ. Әсіресе, Ноқай сынды дүлей дүмбілездер дарын атаулыға өш келеді ғой. Оны ақын бала білмейді, әрине. Бөктерін ауыл-үй күресін қылатын қотыр төбешіктердің желді күні кенет шаңытып, ығындағы жазираны сасытатыны бар. Ноқайдыкі сол еді.

Үш күн үйден шықпады тағдырдың алғаш соққысы Ноқай боп тиген ақын. Бір жағынан, қыз алдында бетімен жер сүзген намысы, Ноқайдың күрзі жұдырығы домбыққан бітеу жараға айналдырған жүзі, екінші жағынан, ауылда ешкім тік келе алмайтын дөкірді сөзден жыққандығы, әм қыздың «Хат сенен бе?» деп қуанып келіп, бұдан емес екендігін сезгенде жабырқағаны мұның асау, делі жүрегін сап-сап сабырға келтіріп, сабасына түсіріп, саябыр таптырған. «Махаббат ғадауатпен майдандасқан...» дейді ыңылдап.

Үш күн Гүлмираны ойлады. Мәжнүндер тайпасының атынан жолданған хаттарын ойша тізіп, бүкіл өлеңді қайыра жазып шықты. Ең жобалысы, Ноқайдың қолы қойылғаны екен. «Күллі ел қозғалып жатқанда, менің тіршілік жасамағаным әбестік екен» деген ішінен. Ақыры Ноқайдың хатын, қайыра жазып, өңдеп, басқа конвертке салып, қыз үйіне қадам туралады. «Өзімнен! Шын ниетіммен» деген. Өзге айтқаны есінде жоқ. Сірә, жарытып, сөйлем құрастыра алмаған. Жанартаудың зіл күрсіністері жиілеп, ауа шытынап, аттас зарядтар тебісе бастаған. Мұндайда тау қойнауын аралар жаңғырықтар да тыйылып, әуе ауыр ырғақта лықсып, жерге жабысарман болар еді.

«Жауабын ертең айтамын. Кешке. Биге барғанда». Бір жарым тәулік - «Ғасырдан да ұзақ күн». Бәлкім, дауыл алдындағы тылсым тыныштық. Үміт пен күдік кезек сүйген жаралы жүрек қағаз жайылған дастарқан басына қарай тарта берген. Жүрек түбіндегі қара бас құрт қолқасын солқылдата сорып, жұдырықтай ет сазып, беймәлім саздар сыңси береді құлағында. «Ай алқалы, Күн сырғалы Гүлмира!» Бір тәулік – жиырма төрт сағатта қыздың сиқырлы әуез есімін мың қайталады. Ертеңінде математикадан «екі» алды.

Әлқисса, би кеші. Гүлмира жоқ. Соңғы класта оқитын бұларға есігі айқара ашық совхоз клубына төмен класс балаларын кіргізбеген. Топты Мәжнүн мұны аңдып әуре. Бірі – тілектес, бірі – бәсекелес. Ақыры, қыз үйінің маңына барып, әуезді ысқырығын салған. Жарты сағаттан астам уақыттан соң, кіреберістің терезесінен шам сәулесі білініп, сыртқы есік сәл ашылып, қыздың басы көрінді. «Е-һей, Есенин! Қайдасың?» деді қыз. «Басқа біреуі бар екен ғой?! Залым қыз!» Ашуға булыққан бұл кетіп бара жатқанда, тағы да «Ей, қияли ақын! Қайда қашып барасың?» деген қыз дауысы жетсін құлағына. Құстай ұшып жеткенін біледі. «Есен» дедің ғой өзің» деген. «Есенин» дедім. Сондай ақын болған орыста. Қыздарға өлең жазудың мастері – сен секілді. Мә, барлық шығармашылығың» деп, Мәжнүндердің атынан келіп, сол күйі ашылмаған хаттарды қолына ұстата салды. Сергей Есенин деген ақынды оқымапты бұл. Шалғайдағы ауылда орыс тілі, әдебиетінің мұғалімі жоқ еді. «Менің жауабым – осы. Ал сенің хатыңды альбомыма фломастермен көшіріп жазып қойдым. Есенинді оқыған соң келесің» деген.

Есенин шынында мықты екен. Сұлу жырдың серісі екен. Ал, Гүлмира екеуі сол кештен соң жұптарын жазбаған. Он жылдық бітірген ақын бала жылқышы боп кетті.

«Бозкөлдің жылқы жайдым жазығына,

Байландым бір сезімнің қазығына...» деп, даланы жаңғырта ән салатынды шығарған. Гүлмира мектеп бітірген соң, яғни, келер жылы оқуға бірге аттанбақ.Алматыға. Алматыда ақындар ортасына барып, Арқадан кеп, ақ шатырын аспанға тікпек арманы бар баланың.

Тағы да көктем келіп, тырау-тырау тырналар көкке сына қаққан. Гүлмира мектеп бітірер кеш те таяу. Жалпақ жазиралы даланы еркін кезген қиялшыл бозбаланың кеудесі де солығы басылып, қайыра ұйқыға кеткен жанартаудай болады. «Жүрегім менің -жанартау» деген атайы ақынды жаттаған жылдар еді. Жайсаң жаз жадыратқан күндердің бірінде мектеп бітірушілер кешіне дайындалып жатты бұйығы ауыл. Қырсық қылғандай, сол күні аласапыран дауыл, ағыл-тегіл нөсер ойнаған дала сахнасында. Ыққан жылқы, ыдыраған үйір. Дауылсүйгіш ақын бала кетті Бозкөл айналып. Екі күн, екі түн алалы үйірдің соңында аттан түспеген жылқышылар дүйсенбі күні кең қақты көктей өтіп, ауылға кеп жығылды. Жылқы жайлауға оралған. Тұяқ серіппей ұйықтапты. Екі кештің арасында екі кластасы келді. Жүрістері суыт, жүздері суық еді. «Гүлмираны Ноқай алып қашып, қаладағы апайының үйіне түсіріпті. Сол күні өзің келмей қалдың. Кештен кейін жалғыз үйіне кетіп бара жатқанда «Москвичіне» салып ап, қалаға тартып отырыпты. Көнбеген соң жолда қол жұмсапты. Кеше аға-жеңгесі қуып барып келді. Шымылдық ішінде жылап отыр екен. Бекем бол!»

Қаншама ғасыр самарқау тартып, ұйықтап жататын жанартау атылғанда...

Қол ұстасып, арманға аттанбақ сапар кенет үзілгенде...

Аспанды қара бұлт қаптар еді. Қап-қара бұлттар шеке түйістіргенде аспан тітіреп, қара жер аунай кетіп, түпсіз түнекке құлап бара жатқандай алапат болар еді. Нөсер селдетіп, Нұқ пайғамбар кеме соғып тірі қалған топанның елесі келер еді қайыра жер бетіне. Жүрек кенет тоқтап, кіді кідірісі келер сәт толассыз дүмпуге айналып, төсті жарарман боп атылар еді.

«Гүлмира жоқ! Болған, енді жоқ!» Ақын атаулы тағдырдан таяқ жеуге жаралған халық. Әсіресе, Ноқай сынды нойыстардан Нұқ пайғамбар заманынан бері, жер бетінде алғаш Өлең деген махаббат кемесі жасалғаннан бері таяқ жеп келеді. Ақын баланың жүрегі алғашқы дүмпуде-ақ атылып, айнала бұлақ басы тең алапты көмкеріп кеткен. Зарлы, зәрлі жырымен. Кейін жанартау дамыл табар, жүрек те беріш жамар. Уақыт бәріне емші...

Содан бері отыз үш жыл өтіпті...

Сол Гүлмира кеше телефон соқты. Алматының төріндегі аймағына танымал ақынның қызмет кеңсесіне. Күнделікті қарбалас, қым-қуыт жұмыс, сабылыс, кірген-шыққан қағаздар, шылдырлаған телефондар. Бірақ, осы телефон ерекше шырылдаған тәрізді. Жайлаудағы құлыншақтың даусындай шыңғыр-шылдыр кісіней шықты. «Алло!» деді бұл қоңыр дауысына ауыр ырғақты маңыз бере. «Алло! Сәлеметсіз бе? Маған Бәленше Түгенбаевич керек еді.» «Сәлеметпіз. Мен сізді тыңдап тұрмын». «...» «Алло! Айта беріңіз. Тыңдап тұрмын...» Дауысын сәл жұмсартқан. Желінің арғы басындағы дауыстың ырғағы дірілге ұласқандай болды: «А-а. Сәлеметсіз бе? Мен... Мені Сіз танымассыз... Жо-жоқ, ұмытып қалған шығарсыз. Мен Сізді ылғи көріп, то есть, өлеңдеріңізді ылғи газеттерден оқып, теледидардан...» «Рахмет. Кім боласыз?» «Мен... Мүмкін Сіздің ойыңызда бар шығармын. Мен – Гүлмирамын ғой...» «Гүлмира?!. ...» «Иә, Гүлмира. Баяғыдағы, ауылдағы...» Қайдан ұмытсын! Отыз үш жыл түсіне кіріп, ойынан кетпеген. Әредік, жылысқан жылдардың жалында кеткен жастығын еске алғанда, Гүлмира мінген құла тайдың тастаққа түскен тұяқ ізін де аңғарып отырар еді ғой. Бірер секундта күллі өмірі көз алдынан зу-у етіп өтіп, миына шаншылған. Кейде, Тәңірдің беймәлім әмірімен ұйқыдағы жанартау бір бүлк етіп, қатпар-қатпар жынысты жақпар арасындағы болмашы сызаттардан бозамық бұлт түсті бу ататын. Оянайын дегені ме? Зертханалардағы сейсмоқұрылғылардың шкаласы секіріп-секіріп кететін. Мұның қолы дірілдеп, телефонды оң құлағына ауыстырды. «Алло! Ой, Гүлмира! Халыңыз қалай? Қайдан телефон шалып тұрсыз?» деген сөз болды алғаш ауызына түскені. «Осында келгем. Бір шаруалармен. Кіші қыз ауруханаға түсіп қалып, соның жайымен...» «Ауылда дәрігер болмады ма?» деді де тілін тістеп алды. «Жо-жоқ...» желінің арғы жағындағы үн де абыржыңқы шықты. «Просто... ауылдағы дәрігерлердің шамасы келмей тұр» «Нендей көмек керек? Қай жерде жатыр?» Жасынан елгезек басы жарты ғасырға жуық жырлап келе жатқан арманы алдына кеп тұрғанда өз жаны таразыға тартылғандай тызақтап кеткен. Ақыры, Гүлмираның бар шаруасын орайластырған. Телефон арқылы. Енді өзі бүгін пойызға мінбекші. «Барсам ба, бармасам ба? Көрсем бе, көрмесем бе?» Осы сауалды мың қайталады. Осындағы ақындардың алғашқы махаббаттарын араға жылдар салып кезіктіргені есіне түседі. Ауылдағы әріптес ағасының «Идеалы өлген күн» туралы әңгімесі ойына оралады. «Он бестегі құлыншақ едік. Қазір қырық сегіздемізАдам қызығатын көрік қалды ма бізде?» Көріктей кеудесі көтеріліп-басылып, кең сабадай толысқан тұлғасына айнадан көз тастады. Бұғақ салбыраңқы. Жүзіне шалбар әжім түсіпті. Қас-қабағы бұйрат құмға біткен бұйығы баялыштай – ойқы-тойқы. «Жоқ. Болмас! Он бестегі қалпымызда қалайық...» Жылдар бойы тыншыған жанартау бір заманда тау төбесіне көтерілген әлдебір геолог немесе альпинистің жақпарға қаққан шапқы темірінен де оянып кетер еді. Әуелі жердің тінін тітіретіп гуіл жүгіретін. Мұның кеудесі де кешегі телефон шылдырынан кейін өзгеше күрсініске толған. Түн баласы дөңбекшіп шықты. Таңнан бері жұмысы жүрмеді. Ақыры жүргізушісін шақырып алып, жұмсаған. «Жылдам бар. Міне, телефоны. Бар керегін әпер. Орталық дүкеннен сый-сияпат ал. Пойызға мінгізіп салған соң бірден осында кел. Хабарын айт. Алыс ауылдан келген туыс еді». Енді сол шопырын күтіп, тағат таппай отыр. Ақыры келді-ау. Өзі секілді ауылда туған момын, тындырымды, жауапты жігіт. Оны-мұны сұрағыштап отыр. Ол есеп беріп, бұл сауал тастап біраз отырған. Хатшы қыз есіктен сығалағыштап қояды, қабылдау бөлмесіне біраз ел жиылып қалған сыңайлы. «Мынау дүкеннен қалған ақша еді». Жүргізушісі 100 долларлық жасыл қағаздарды үстелге қоя берген. Бұл шыдамады ақыры «Өңі қалай екен? Жүдемеп пе?» деді. «Ой, аға! Мұндай келбетті, келісті әйел баласын әлі көрмеппін. Сізді қайта-қайта сұрады: «Неге келмеді?» деп» деді шопыр жігіт. «Апырай, ә! Ана ақшаны өзің ала бер. Бір кәдеңе жаратарсың...» деген толқып кеткен бұл. «О, Гүлмира! Сол қалпыңда болмасаң да, әлі керім екенсің-ау! Менің келмегенімді неге жорыды екен? «Менсінбеді» деді ме екен?»

Отыз үш жыл. Арқаның жазығында жаныма ерген құралайдың лағындай жаным еді, Гүлмира!

Аңғал едік. Пәк едік. Ал, өмір... Өмір - ноқай екен, нойыс екен. Әу баста бағыт алып шыққан жолыңның ортасынан асқан соң кері қайырылып қарасаң...

Жер жаралып, су аққан алғашқы дәуірді, мұқым жалғанның жаратылысын түсіндіргісі келетін ғалымдар Жер шарының жазиралы жұмақтары қайнарында мәңгі лаулап жататын қызуы бар жанартаулардың демімен жасанып-жаранып тұра береді дейді. Ал бір күні атылса...

Біздің жастық шағымыз да сол жазиралы жұмақ екен. Тек, өз дегенін жасайтын мәжнүн өмір болмаса...

Сол кездегі бала ақынның жазған өлеңі қалай еді? Ол тәмсілдің ендігі нұсқасы жазылса былай болуы тиіс:

«Көктем көздің жасындай боп сырғи ма?

Сырғи-сырғи бет түзедік ылдиға.

Сары белден сағым ұшып жатқанда,

Жаныма ерген жаным едің, Гүлмира.. 

Күндей күлген көгімдегі Гүлмира,

Ұсынады өмір нені Гүлмира.

Он бесінде толған айдай толысқан,

Отыз үш жыл көрінбеді Гүлмира.

Жақұттайсың,

Лағылдайсың, Гүлмира,

Түнгі ұйқымды тағы ұрлайсың, Гүлмира.

Сағынасың...

Сағынбайсың, Гүлмира.

Жаңарқаның жазығынан жоғалған –

Ақбөкеннің лағындайсың, Гүлмира.

Ісім өнбей,

Ішім өлген, Гүлмира,

Түсінбесті түсінер ме ең, Гүлмира.

Дертің меңдеп...

Ішіп өлгем, Гүлмира,

Отыз үш жыр арнасам да ұмтылмай,

Отыз үш жыл түсіме енген Гүлмира.

Көктем көздің жасындай боп сырғи ма,

Сырғи-сырғи бет түзедік ылдиға.

Өткен-өтті...

Құрысын бәрі, Гүлмира,

Есіңе алып жүресің бе әлі, Гүлмира,

Ай алқалы, Күн сырғалы Гүлмира».

Ақын мен ару келіншек әлі кездеспеген деседі. Кездесуі керек пе, әлде?..

author

Серік Сағынтай

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...